Усик британдық Тони Бельюді нокаутқа жіберді

7.jpg

Бірінші ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы украиналық Александр Усик британиялық Тони Бельюді нокаутқа түсіріп, айқын жеңді.

Манчестерде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Усикке тиесілі барлық белдіктер – WBC, WBA (Super), WBO, IBF және The Ring титулдары бәске тігілген болатын. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 8 раундта аяқталды.

Жекпе-жекті белсенді бастаған Усик ақыры өз дегеніне жетіп тынды. Бұл раундта Усик жойқын соққысымен Бельюді нокаутқа жіберді. Осылайша, 31 жастағы Усик 16 кездесудің 16-сында да жеңіске жетіп (12 нокаут), өз атағын қорғап қала алды.

Ал Белью болса кәсіби мансабындағы үшінші жеңілісіне ұшырады. Ол бұған дейін 30 рет жеңіске жетіп, оның жиырмасын нокаутпен аяқтаған еді. Сондай-ақ карьерасында бір рет тең түскен.

Усик осы жылдың 21 шілдесінде Мәскеуде ресейлік Мурат Гассиевті жеңгеннен кейін Бүкіл әлемдік бокс суперсериясының жеңімпазы атанып, абсолютті әлем чемпионы атағын қанжығасына бөктерген еді.

Кездесуден соң Тони Белью пікір білдірген. «Мен мүмкіндігімнің бәрін іске асырдым, қолымнан келгенін жасадым. Усик – ұлы чемпион. Ол таза жеңді. Менде өзімді ақтайтын ештеңе жоқ. Мен жекпе-жекке шыққан қарсыластар ішіндегі аса қарымдысы осы Усик. Үздік ғана үздікті қалай жеңу керек екенін біледі» депті ол. Өз жеңісіне байланысты Александр Усик былай дейді.

«Мен өзімді жақсы қырымнан көрсеттім. Бастапқыда Белью белсенді болатын шығар деген едім. Бұл кездесу – менің мансабымдағы ауыр кездесулердің бірі. Дәл қазір өз отбасыммен бірге демалғым келіп тұр. Денсаулықты қалыпқа келтірген соң ғана келесі кездесулер туралы ойлануға болады. Күшімді қатайтып, супер ауыр салмаққа кіру үшін макарон жейтін боламын. Менің мақсатым – зэвивейтте абсолютті чемпион атану. Егер алдымызға жаңа мақсаттар қоймасақ діттеген межеге жете алмаймыз» дейді Усик.


Ұқсас тақырыптар