Қазаққа қымызды ұқсатуды Еуропадан үйрену керек

1.jpg

Еліміздің Қазақ тағамтану академиясы биенің саумалы мен қымызының денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдегі біраз уақыт болды. Бұл ретте аталмыш академияның президенті Төрегелді Шарманов мырза талай дәйектерді  алға тартып жүр. Ғалымның айтуынша, биенің сүтінде адам ағзасына ауыр тиетін транс май қышқылы болмайды. Осыдан барып, ол денсаулыққа пайдалы, ағзаға сіңімді. 

Жалпы, дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, біз жоғарыда атап отырған транс май қышқылы ағзада түрлі  аурудың туындауына себепкер болады. Транс май қышқылы  халық ең көп тұтынатын сүт және ет тағамдарында кездеседі. Осыған орай  қазақ ғалымдары ғана емес,  қымыздың ағзаға пайдалы екенін, Еуропалықтар да дәлелдеуде.

 Мәселен, асыл тұқымды жылқы өсіруді өзіндік жолға қойып алған канадалықтар  жуырда  жылқы етін және оның сүтін сыртқа тасымалдап, пайда табуды  артыратынын алға тартты. Бұл ретте Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы өткізген халықаралық форумда  «Тағам өнімі және өмір сапасы» атты баяндамасында  Канаданың азық-түлік инспекциясының директоры Луиза Карьер «бізде өсірілетін асыл тұқымды жылқының етін, қымызын  Азия елдеріне, оның ішінде Кеден Одағына біріккен елдерге тасымалдау ойымызда бар» дегенді айтып қалды. Сондай-ақ  Канада қазірде қымыз бен шұбаттан өнім алуды үйреніп, тіпті қымыздан ағзаға қажетті құрғақ таблеткадағы  дәрумендер шығаруға да ден қоя бастаған. 

Осылайша Еуропа елдері қымыз бен шұбаттың қасиетін ұғынып, жылқының етін де тұтына бастады. Бұған тағы бір дәлел неміс кәсіпкері Ганс Цольманның осыдан екі жыл бұрын қымыздың  дәрумендерге бай екенін ескеріп, қымыз сөзін «Кумылак» деп алмастырып патенттеп алғанын бәріміз жарыса жазғанбыз.  Қазақтың жабы тұқымды жылқыларын өсіріп, одан өнім алып  отырған Ганс Цолман саумалдың құрғақ түрін жасай алатынын да жасырмаған болатын. 

Негізінде, мамандардың пайымдауынша, денсаулыққа аса пайдалы  қымыздың қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Мамандардың айтуынша, Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыздың құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Салыстыру үшін сөз етсек, біздің елімізде қымыздың орташа бағасының бір литрі 450-500 теңге доллар болса, Израильде және Германияда  1 литр қымыздың құны 15 доллардан кем емес. Экономикалық пайдасы былай тұрсын, ұлтының денсаулығына көл-көсір ұтымды тұсы барын сезінген израильдік кәсіпкерлер тіпті биенің сүтінен балмұздақ пен иогурт жасауды меңгеріп алыпты. Бұл ретте сол елдің профессоры Рэувен Ягиль «биенің сүтінен жасалған балмұздақ пен иогурттарға қант қосылмайтындықтан бұл өнімдердің қант диабеті дертіне берер дауасы көп екенін» барынша дәлелдеуде. Ал отандық ғалымдар «сапасы жоғары қымыздың адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол» деп отыр.  

Бұған қатысты бізге пікір білдірген биология ғылымының докторы, профессор Мұрат Нығметов қаззақ алдағы уақытта қымызды ұқсатуды заманға сай  терең меңгеру қажеттігін алға тартты. 

«Қазір қымыздың пайдасын Еуропалықтар ұғына бастады. Саумалдан кондитер өнімдерін, балмұздақ, иогурттар жасауды меңгеріп алған Еуропалықтар бар. Өзіміздің Қазақ тағамтану академиясы да саумалдан торт, иогурттар жасау технологиясын жетік біледі. Бірақ оны өндіріске енгізу жағы бізде кемшін. Ал технологиясы дамыған елдер қымыздың қасиетін ұғынып келеді. Мысалы бiр литр түйенің шұбатында  528  ккал болса, бие сүтiнде 961, сиырдікі 460 калорияны құрайды. Сондықтан қымыздың адам ағзасына берер пайдасы мол. Қазірде біздің халқымыздың 99 пайызы рецептсіз дәріханалардан дәрі-дәрмек алып өзін-өзі емдеуге бейім. Тіпті түрлі биологиялық белсенді қоспаларды ішіп денсаулығын құртып алып жүрген жандар да баршылық. Сол биологиялық белсенді қоспалардың орнын осы қымыз, қымыран, саумал іспетті ағзаға пайдалы табиға қоспалар арқылы алмастырар болсақ талай дертке дауа табылар еді. Мысалы, 1 таблетка құрғақ өнімнің ішінде 1,24 грамм қымыз болады делік, бұл дегеніңіз -  сол бір түйір таблетканың ішінде В1, В12, В16, С дәрумендері бар екенін білдіреді. Ал күніне 1 грамм С дәруменін қабылдау иммун тапшылығын жойып, түрлі дерттердің алдын алады. Адамның қорғаныш қабілеті артуы үшін тағам құрамында ақуыз, көмірсутек, белок жеткілікті болуы керек. Меніңше, бізге қымыздың табиғи белсенді қоспа екенін насихаттау керек. Арнайы зертханаларда құрғақ қымыз жасау әдісін қолға алып, нарыққа сатылымға енгізген жөн. Мұндай табиғи заттардан жасалған дүниелердің насихаты артса ұлтымыздың саулығы да нығая түспек»,- дейді биология ғылымының докторы, профессор Мұрат Нығметов. 

Абзалында, қымызды өндіріске енгізу, экспортқа шығару туралы мамандардың айтары көп.  

Бұл ретте экономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, қазірде Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыздың құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде. Демек, болашақта қымызға деген сұраныс артып, бұл ұлттық сусынымызды тұтынушылардың саны арта түспек. 

«Болашақта осыбір ұлттық сусынды насихаттау түрі кеңінен қанат жайғаны абзал. Менің бір таң қалатыным, біздің елімізде құс шаруашылығы интитуты бар, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, жем-шөп институты бар. Ең қызығы,  жылқыға институт бұйырмаған. Жылқы шаруашылығын зерттеу мал шаруашылығы институтының еншісінде болғанмен, көлеңкеде қалып жатқаны рас. Сондықтан болашақта осы мәселеге де байыппен қарау керек. Бізде жылқы шаруашылығымен жекелеген кәсіпкерлер айналысып бұл салаға жан бітірген болып жүр. Бірақ бұл сала мемлекеттік бақылауды қажет етеді. Неге бізге қымызды экспортқа шығаруды үйренбеске?! Қазақтың ең асыл сусынын Еуропалықтар өздері жасап үйреніп алып тұтынып жүр. Ал біз неге замануи технологияларға жүгініп осы саланыц жандандырып алмасқа?!  Егер болашақта ұлттық сусындарымыздың мәртебесін арттырып, халықаралық нарыққа енгізіп пайда тапқымыз келсе, осы мәселелерді ескерген жөн болар еді» дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.  

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар