«Қоңыр күйдің күмбірі» атты кеш өтті

2018 жылы қараша айының 15 жұлдызында Талғар ауданы балалар музыка мектебінде Астана қаласы ұлттық Өнер университетінің ұстазы, ІІІ Республикалық Тәттімбет конкурсының Гран-При иегері, күйші-өнер зерттеушісі, ғылыми мақалалар мен «Бір мысқал», «Сыр сандық» кітаптарының авторы Қайрат Хамитұлы Айтбаевпен «Қоңыр күздің күмбірі» атты кездесу әңгіме-лекция форматында – Республикалық қосымша білім берудің 100 жылдығына орай, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде өтті.

46277571_1937106176371813_7249759733127577600_n.jpg

Кеш барысында шертпе күйдің тарихы мен зерттелу барысы, қазақтың ұлы күйшілерінің өмірі мен күй өнеріндегі күрделі мәселелер сөз болды. Кешке мектеп ұстаздары мен оқушылар, ата-аналар, Талғар ауданының зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, күйшімен сұхбат құрды.


2.JPG

Мектеп директоры Г. Асқарбекова

Қайрат Айтбаев Сүгірдің «Шалқымасын», Байжігіттің «Ерке атанын», Төлеген Момбековтің «Салтанатын», Мағауия Хамзиннің «Белгісіз солдатын», Тоқаның «Саржайлауын», Тәттімбеттің «Көкейкесті» мен «Саржайлау» күйлерін орындап, күй мен күй авторлары туралы терең мағлұмат беріп отырды.

«Ілияс Жансүгіров күй өнері туралы бір жиында: «Біздің елде Тойтан деген күйші өтті. Сол кісі өзімен бірге 40 күйді ала кетті. Адам өлсе орнына адам туады ғой. Ал күй өлсе, орнынан қайтадан күй тумайды» деген екен. Қазақтың күйі – ұлттық кодымыз» деді күйші әңгіме барысында.

Талғар музыка мектебінің ұстазы, күйші Ермек Рахымбайұлы да кеште күйден шашу шашса, «Талғар» газетінің Бас редакторы, журналист Бақтияр Қабасов осындай игі шаралардың басы-қасында жүрген ұжымға алғыс білдіріп, тағылымды кештің қонағына шығармашылық табыс тіледі. Жазушы, «Алаш ұстазы» журналының Бас редакторы Дархан Бейсенбек күй өнерінің құдіреті туралы тұшымды әңгіме айтып, Қайрат Айтбаевты «Алаш ұстазы» медальімен марапаттады.

46276198_1937106209705143_675200972401672192_n.jpg

Талғар балалар музыка мектебінің диркторы Асқарбекова Гүлбағила Мұсабекқызы Астанадан Алматыға келген сапарында оқушылар мен мектеп ұжымының шақыруын қабыл алып, тағылымды да мәнді кш өткізгені үшін алғыс білдіріп, мектептің тарихы мен бүгінгі шарт-жағдайынан хабардар етті.

«Өнер ордасының мақсаты – тек оқу мен үйретумен шектелмейді. Мектебімізде арнайы кездесулер, концерттік бағдарламалар, басқосулар жиі өтеді. Біздің мектепте тәлім алып жүрген балалар өнер иелерімен, талантты тұлғалармен жиі кездессе деген ниетіміз бар. Сіздің күй туралы, күйшілер өмірі жайында өрбіткен әңгімеңізге алғысымыз шексіз. Осы балалардың ойынан кетпейтіндей мағыналы кеш болды», – деді Гүлбағила Мұсабекқызы.

 


Ұқсас тақырыптар