АҚШ Қытайға соққы бергісі келеді

7.jpg


АҚШ билігі сауда соғысы жағдайында Қытайға тағы да қысым көрсеткісі келеді. Және қытайлық провайдерлерге қатысты шектеу енгізбек. Бұл шаралар Бейжіңнің америкалық технологиялық компанияларға жасаған әрекетіне жауап ретінде қарастырылмақ.


Қазіргі таңда Қытай отандық нарықта жұмыс істегісі келетін Amazon, Microsoft сынды америкалық компаниялардан ҚХР компанияларымен біріккен кәсіпорындар құруды және аталған әлемдік алпауыттардың өз технологияларына деген лицензияларын қытайлықтармен бөлісуін талап етуде. Осылайша, Бейжің америкалық компанияларға ҚХР территориясында емін-еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік сыйлайтын лицензиялар бергісі келмей отыр. Әзірге АҚШ-тың сауда аппараты нақты қандай шара қабылдайтындарын ашып айтпаған. Дегенмен осындай сыбыстың өзі Қытайды қорқытып қоюдың алдын ала белгісі болуы да мүмкін. Егер Вашингтон қалай болған күнде де қатаң шараны қолға алса, онда ол шектеулер АҚШ аумағында қызмет атқарып жатқан қытайлық компаниялардың арқасын аяздай қарып өтпек деген болжам бар.


Биыл Дональд Трамп Қытайға қарсы қатаң сауда саясатын жариялағалы бері екі ел арасында салқындық пайда болған. Сәуір айының басында Америка тарапы 25 пайыздық баж салығы енгізілетін 50 миллиардтық құны бар қытайлық тауарлардың тізімін жария еткен. Алайда бірнеше күннен соң Вашингтон аталған тарифтер 100 миллиард доллар тұратын көптеген қытайлық тауарларға қатысты болуы ықтимал екенін мәлімдеді. Қытай да қарап қалмай, қосымша салық енгізілетін америкалық тауарлардың тізімін көпшілік назарына ұсынып үлгерді.


Қытай сондай-ақ АҚШ-тың дәл қазіргі сәттегі сыртқы саясатын да қолдамай отыр. Жақында ғана Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин АҚШ, Франция, Ұлыбританияның бірігіп Сирияға соққы жасауын халықаралық қағидаттарға қайшы деп бағалады.


 –Бейжің АҚШ-тың Сириядағы әрекеттеріне қарсы және тараптарды мәселені бейбіт келіссөздер жолымен шешуге шақырады, – дейді СІМ өкілі.

 

Абай Аймағамбет

 Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар