Серж Саргсян отставкаға кетті

1.jpg


23 сәуірде Арменияның премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті. Елдегі оппозиция соңғы он бір күн бойы Ереванда толассыз шеруге шығып, оның екі мерзім президент болған соң үкімет басқаруға қайтып келуіне наразылық танытқан. Саргсян: "Мына туған ахуалға қатысты әртүрлі шешім қабылдауға болар еді. Бірақ мен ондайға бармаймын. Елдің жетекшісі, үкімет басшысы қызметінен кетем" деп мәлімдеді. Саргсян жаппай наразылық шарасын ұйымдастырушы Никол Пашинянның позициясын "жөн" деп мойындаған.

Армениядағы оппозицияның жетекшісі, парламент мүшесі, "Елк" саяси блогының басшыларының бірі Никол Пашинян 2008-2018 жылдары екі мерзім президент қызметін атқарған Серж Саргсянның премеьер-министр болуына қарсы шыққан.

Пашинян бастаған ондаған мың армениялық Ереванда он шақты күн бойы демонстрация ұйымдастырып, жолдарын бөгеген полицияны "Саргсянды емес, халықты қорғауға" шақырған.


2.jpg


Саргсян соңғы президенттік мерзімі аяқталар тұста 2015 жылы Арменияда саяси реформа жасап, конституцияға өзгеріс енгізіп, елдің саяси құрылымын квази-президенттіктен парламенттік жүйеге ауыстырған. 9 сәуірде Серж Саргсянның жақын серіктерінің бірі Армен Саркисян Арменияның жаңа президенті ретінде қызметке кіріскен. Ал Саргсянның өзі 17 сәуірде премьер-министр болып сайланып, саяси тәжірибесін жаңа буын жетекшілеріне үйретіп кететінін айтқан еді. Пашинян бастаған оппозиция Саргсянды билікті жеке дара иеленуге тырысып жатыр деп айыптап келген.

22 сәуір күні Пашинян қамауға алынып, 23 сәуірде босатылды. Дүйсенбіде Еревандағы ондаған мың демонстрант қатарына әскери киімді адамдар да қосылып жатты.

Саргсянның кезінде Армения Ресейдің жақын саяси одақтасы ретінде көрініп, Еуразия Одағына мүше болып кірген.

Сәуірдегі Ереван толқуы кезінде Ресей әуелі "заң орындалуы керек" деп ескертіп, кейін "бұл - Арменияның ішкі мәселесі" деп мәлімдеген. АҚШ екі тарапты күш қолданбауға шақырған.

Дереккөз: Азаттық радиосы


Ұқсас тақырыптар