Израиль – Палестина: бітпейтін текетірес

5.jpg


Израиль – Жерорта теңізінің шығысында орналасқан мемлекет.

XIX ғасырда Еуропада кеңінен тарала бастаған ұлттық көңіл-күйлер толқынынан кейін, австриялық еврей журналист «Біз тарихи отанымыздан тыс жерде тіршілігімізді жалғастыра алмаймыз!» деген ұран көтеріп, қазіргі Израиль мемлекеті орналасқан аймаққа көші-қон процесін бастады.

Адольф Гитлердің тұсында Еуропадан Палестина жеріне бас сауғалап қоныс аударғандардың саны бірнеше есеге артты. Еврейлер ұстанатын сионизм идеясы ұлт өкілдерінің бірігіп, алғашқы Інжілдегі Дәуіт, Сүлеймен патшалардың тұсында болған ата-бабаның қасиетті мекенінде мемлекет құру қозғалысын көксейді.

Ұлы көші-қон

Түсіндірме бойынша қытайлар Қытайға, француздар Францияға иелік етуге құқылы бол-ғаны сияқты, еврейлер де өздерінің тарихи отандарында тұра алады. Сионизм Израильден тыс жерде өмір сүретін кез келген еврейге азаматтық алу құқығын береді. Басқа бірде-бір ұлтқа берілмеген бұл мүмкіндікті арабтар «дискриминацияға бастаушы құрал» деп бағалайды.

1896 –1948 жылдар аралығында бүкіл еврейлердің 90 пайызы тұратын Еуропадан Палестинаға ағылған халықты жергілікті арабтар «колониалистік қозғалыс» деп қабылдады. Жерорта теңізі жағалауын қанша ғасырдан бері мекен етіп келген халықтың наразылығы еврейлер мен арабтар арасындағы ұлтаралық қақтығысқа ұласты. Бұл аумаққа билік жүргізіп отырған Ұлыбритания қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстай алмай, 1947 жылы БҰҰ территорияны екі ұлтқа бөліп беру туралы шешім шығарды. Бірақ арабтар өздерінен саны екі есе аз еврейлерге бөлінген жер аумағымен келісе алмады да, қантөгіс қайта басталды. Нәтижесінде, 700 мың араб босқынға айналды. Қақтығыстың соңына қарай Израиль бүкіл территорияның  77 пайызына иелік етті. Тек Мысырдың бақылауындағы Газа секторы мен Иорданияның билігіндегі Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалим ғана шекараға кірмей қалды. Жергілікті халықты қолдап, Израильге қарсы соғыс ашқан көршілес Мысыр, Иордания мен Сирия тарихта «алтыкүндік соғыс» деген атпен қалған теке-тіресте жеңіліп, еврей халқының діни құлшылық орындары бар Батыс жағалау Израильдің қарамағына өтті.

Үлкен нәубет

Арабтар «накба» (үлкен нәубет) деп атайтын қайғылы жағдай бүгінде саны 7 миллионды құрайтын палестиналық босқындарды қамтиды. Израиль мен Палестина арасындағы қантөгіс пен әртүрлі жағдайлар әсерінен басқа мемлекеттерге қоныс аударған босқындарды туған жеріне қайтару туралы мәселе – қанша жылдан бері жауласып келе жатқан қос тарап келісе алмайтын тағы бір түйткіл. Палестиналықтар босқындардың қиын тағдырына Израильді айыптап, әділеттілік орнау үшін, оларды туған жерге қайтару туралы бағдарлама бастау керек деп есептейді. Ал Израиль арабтардың ұлы нәубетіне соғыс қалыптас-тырған жағдайды кінәлап, оларды қабылдағысы келмейді. Қазірдің өзінде 8 млн халқының 1,5 миллионын палестиналықтар құрайтын Израиль мемлекеті тағы да миллиондаған араб босқындар-ды қабылдаса, еврейлердің ұлттық құрамдағы басымдығы жойылып кетуінен сескенеді. Шындығында, палестиналықтардың бір тобы Израильдің мемлекет ретінде өмір сүруге құқығы жоқ деп санайды. Осындай пікірдегі адамдардың саны артса әрі олар еврейлерден көп болса, мемлекет болу туралы негізгі идеяның өміршеңдігіне күмән келтіруге болады.


6.jpg


Иерусалим

Иерусалим – Батыс жағалау мен Израиль шекарасы арасындағы қала. Мұнда ислам мен иудаизмның қасиетті мекендері қатар орналасқан. Сондықтан діни құлшылық үшін бұл аумақ мұсылмандар мен иудаистерге қатар қымбат. Шығыс Иерусалим Иорданияның қарамағында болған кезде, еврейлерге өздерінің қасиетті мекендерін зиярат етуге рұқсат етілмейтін. 1967 жылы Израиль Шығыс Иерусалимді бақылауына алды. БҰҰ-ның

478 резолюциясы Израильдің бұл әрекетін аннекция деп тауып, халықаралық заңдардың бұзылуына балады. Осы уақыттан бері арабтар мен еврейлерге тең дәрежеде маңызды Шығыс Иерусалим аумағын бөліске салып, оның құқықтық мәртебесін анықтайтын соңғы келісім жасалмаған. Осы аумақта Палестина деп аталатын мемлекет құрғысы келетін арабтар қаланы өз астанасы етуді қаласа, ел орталығын Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру туралы арман Израильдің көкейінде де бар. Израильдің жақын одақтасы АҚШ-тың жаңа президенті

Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялап, елшілігін кімге тиесілі екені заң тұрғысында анықталмаған қалаға көшіру туралы шешім қабылдады. Дональд Трамптың бұл бастамасын бүкіл мұсылман елдері өте ауыр қабылдады, әлем мемлекеттеріндегі АҚШ елшіліктері алдында қарсылық акциялары өтті. БҰҰ айып-таған бұл қадамды АҚШ-тан басқа бірде-бір мемлекет қолдаған жоқ.

Газа секторы

1964 жылы құрылған Палестинаны азат ету ұйымы көп жылдар бойы Израильдің мемлекет ретінде өмір сүру құқығын мойындамай келді. 1967 жылы көрші араб мемлекеттерімен бірге «үш жоқ» деген атау алған: Израильді мойындауға, онымен бейбітшілік орнатуға және келіссөздер жүргізуге түбегейлі қарсылық білдіретін келісім жасалды. 1980–1990 жылдары Израиль Мысыр және Иорданиямен бірқатар келісімдерге келіп, ортадағы мұздың көбесі сөгіле бастағанда, Палестинаны азат ету ұйымы еврей мемлекетін мойындау, оның көзін жоюға ешқандай іс-қимылдар жасамау туралы БҰҰ резолюциясын қабылдады. Қазір Палестина мемлекеті құрылғанша халықтың атынан сөйлеу құқығына ие әкімшіліктің құрамы әртүрлі. Өйткені Газа секторында әскери билікті қолына алған Хамас ұйымы да Палестинаның ұлттық әкімшілігіне мүшелікке өткен. Олар Израильмен келісімге келуді мүлде құптамайды және еврей мемлекетінің көзін біржола жоюды мақсат тұтады. Хамас ұйымы Израильге қарай осы уақытқа дейін бірнеше рет зымыран ұшырып, жанкештілердің көмегімен жарылыстар ұйымдастырған. Осы қарулы қимылдардан соң, Израиль Газа секторы аумағына блокада қойған. Газа секторында теңіз порты болмағандықтан, халықаралық көмекке мұқтаж аумаққа азық-түлік пен дәрі-дәрмекті Израиль немесе Мысыр территориясы арқылы құрлықпен жеткізуге болады. Бірақ Хамас ұйымы Израильге қарсы қолданатын қару құрастырады деген қауіптен Израиль құрылыс материалдары, жанармай сияқты тауарларды жеткізуге тыйым салған. Ел үкіметі Газа секторына тек аз мөлшерде ғана азық-түлік пен дәрі-дәрмек тасымалдауға рұқсат беріп отыр. БҰҰ есебінше, блокада жылдары аймақта күніне бір долларға ғана өмір сүретін адамдардың саны бірнеше есеге артқан. Жергілікті халыққа төніп тұрған гуманитарлық дағдарыстың бұлтын кейін серпу үшін Израиль мен Хамастың арасындағы қантөгіс тоқтатылуы керек.

Бейбітшілік

Израиль – Палестина дауының екі түрлі шешімі ұсыныла-ды. Біріншісіне сәйкес, Израиль мен Палестинаға территориялық бөліністі белгілеп, әрқайсысы өз алдына жеке мемлекет болып қалуы керек. Екіншісі – бір мемлекет идеясы. Мұнда еврейлердің солшыл көзқарастағы топтары мен палестиналықтар демократиялық принциптерге негіздел-ген мемлекет құру идеясын ұстанса, келесі топ арабтардың саны еврейлерден көп болуына байланысты, оларды дауыс беру құқығынан айыру керек дегенді ұсынады. Бірақ әлеуметтік сауалнамалар қос ұлттың да екі мемлекет идеясын көбірек мақұлдайтынын көрсеткен.

Мамандар Израиль мен Палестинаны бейбіт келісімдерге келе алмауының бірнеше себебін ұсынады. Біріншіден, Израиль Батыс жағалаудағы еврей қоныстарының аумағын жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Осыған байланысты қарама-қайшы көзқарастар келісімдердің нәтижелі аяқталуына кедергі келтіреді. Екін-шіден, Палестинаның атынан шешім қабылдайтын топтар ортақ ымыраға келе алмай отыр. Жоғарыда айтылған Хамас Израильмен мәмілені мүлде қолдамаса, Палестинаны азат ету ұйымы-ның басшысы Махмұд Аббас зорлық-зомбылық шарасына қарсылық білдіреді. 2012 жылы БҰҰ-да бақылаушы статусқа ие мемлекет мәртебесін алған Палестина әлем қауымдастығының көмегімен Израильге қысым көрсетіп, оны бейбіт келісімдерге көндіргісі келеді. Сондықтан күрделі қарым-қатынастардың күрмеуі қазірше шешілмей тұр. Екі ортада медиатор болып, келіссөздерді жандандыру миссиясын мойнына жүктеген Америка соңғы шешімі арқылы бір тарап-қа басымдық беріп, палестиналықтардың ашу-ызасын қайта қыздырды. Оған өңірде Израильге қарсы қозғалыстардың толастамауын қалайтын және ондай топтарды үздіксіз қаржылан-дырып отыратын астыртын мемлекеттерді тағы қосыңыз. Екі тараптан бөлек, мыңдаған мүдделер тоғысқан аумақта бейбітшілік орнамауынан азап шегіп отыр-ған – қатардағы халық қана.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

Айқын газеті


Ұқсас тақырыптар