Украина НАТО-ға біржола бет бұрды

3.jpg

Украина мен Ресей арасы барған сайын шиеленісіп  барады. 9 маусым күні Киевте Украина, Польша, Молдова, Грузия мен Литва мемлекеттерінің парламент басшыларының кездесуі өтпек.

Осы кездесуде НАТО ұйымына мүше болуға ниеттеніп отырған аталған елдер парламентаралық ассамблея құрып, өзара мызғымастығын тағы да дәлелдей түспек. Бір нәрсе айқын, қазіргі кезде Украина тарапы өзінің маңайына Ресейге қарсы позиция ұстанып отырған бұрынғы посткеңестік бірқатар елдерді жинап жатыр. Ресми Киевтің де асығып отырғанының жөні бар. 10-12 шілде күндері НАТО ұйымының саммиті өтеді. Әрине, бұл кездесуде жоғарыда аттары аталған посткеңестік елдер НАТО ұйымына мүше бола қоймас. Бірақ соның алғышартары қазірден жасалып қалуы да мүмкін. Бірақ оған ресми Мәскеу көне қояр ма екен?! Мәселе – сонда. Өйткені осыдан біраз уақыт бұрын Петербургте өткен экономикалық халықаралық форумда Ресей президенті Владимир Путин «НАТО әскери одағының шекарамызға жақын келгені былай тұрсын, ертең олар Украинаны да ұйымға мүше етуі мүмкін. Сөйтіп олардың территориясына радар орнатып, ракетаға қарсы қорғаныс жүйесін әкеліп орнатуы да кәдік. Ескертемін, қызыл сызықтан бері қарай өтуге болмайды» деп мәлімдегені белгілі.

Путиннің  бұлай деп қатаң айтуында да терең мән жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Хмельницкий облысына жасаған сапарында Украина президенті Петр Порошенко «Украина ЕуроОдақ пен НАТО әскери ұйымына толыққанды мүше болуға ұмтылады. Бұл – басты мақсатымыз», – деген. Әрине, бұл мәскеуліктерге ұнай қоймайды. Сондықтан Путиннің НАТО саммиті өтпес  бұрын  еуропалықтарға алдын ала ескерту жасап жатқанының сыры да осы. Бірақ оған илігетін Украина жоқ. Олардың қазіргі бар мақсаты – Ресейден іргесін аулақ салу. Осыдан бір ай бұрын ресми Киеев ТМД-ға қатысты құжаттың барлығын да жойды. Енді олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше емес.

Қазір Украинаның жоғары биліктегі өкілдері өзінің маңайына бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдерді жинап, Ресейге қарсы жұмылып,  бір жұдырық болуға жұмыс істеп жатыр. 25-27 мамыр күні Грузияда екі күндік сапарда болған Украина Жоғары Радасының төрағасы Андрей Парубий біраз мәселені шешіп қайтты. Дөңгелек столда Украина, Молдова және Грузия алдағы уақытта парламентаралық ассамблея құрылатынын жария етті. Үндеу қабылдаданды. Онда «біздің үш мемлекет те Ресей тарапынан қысымға ұшырап отыр, Территориямыздың бір бөлігі Ресей тарапынан оккупацияланған. Сондықтан ортақ мәселені шешу үшін біз де бірлесіп, жұмыс істеуіміз керек» делінген.

Парламентаралық ассамблеяға аталған үш елден басқа Польша мен Литва парламентінің төрағалары да қатыспақ. Соңғы екі ел Украинаның Батыстағы қорғаушы әрі қолдаушы серіктестерінің бірі болып отырғанын айта кетуіміз керек. Бұл ғана емес, Андрей Парубий «2019 жылы Украинада НАТО ұйымына мүше елдердің парламентаралық ассамблеясы өтуі мүмкін» екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, «бұл басқосу НАТО-ға өтудің алғашқы қадамы». Бірақ әскери ұйымға Украина қай жылы мүше болуы мүмкін?

4.jpg

2014 жылы Украинада мемлекеттік төңкеріс болғаннан кейін билік басына келгендер елдің сыртқы саясатын күрт өзгертті. 2015 жылы елдің әскери докторинасы қабылданып, онда Ресей  қауіп туғызатын агрессор мемлекет ретінде қарастырылды. Осыған байланысты НАТО әскери ұйымына мүше болу қажеттілігі басты орынға қойылып, ынтымақтастық күшейтілді. Қазір елде басталып жатқан реформаға сәйкес Украинаның қарулы күштері НАТО-ның әскери талабына сәйкестендірілуі тиіс. Содан кейін ғана барып, Украина НАТО-ға мүше болуға талап-арыз бере алады. Осыдан бір жыл бұрын Жоғары Радада қабылданған заңда «аталған ұйымға мүше болу – Украинаның жақын уақыттағы стратегиялық мақсаты» деп атап көрсетілді. Таяу уақытта Украина тағы да «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң қабылдамақ. Президент Петр Порошенконың айтуынша, «бұл заң елді НАТО ұйымына бұрынғыдан да  жақындата түседі».

Бірақ украин  халқы әскери ұйымға мүше болуға құлықты ма, жоқ әлде, бұл биліктегілердің әрекеті ме? Өткен жылдың соңында Петр Порошенко украиндықтардың басым көпшілігі НАТО ұйымына мүше болуға қарсы емес» деп мәлімдеме жасағаны белгілі. Ол тіпті халық арасында референдум өткізуді де көздеген. Петр Порошенконың ойынша, 2013 жылы халықтың -13 пайызы НАТО-ға кіруді жақтаса, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызға жеткен. «Бізді кім біріктірді деп ойлайсыз, әрине – Владимир Путин!» дейді Украина президенті Петр Порошенко.

Бірақ кейбір сарапшылар президенттің бұл көзқарасымен келісе бермейді. Олардың ойынша, халықтың жартысынан астамы НАТО ұйымына мүше болуды қолдап отыр деу сенімсіз. Расында елдің орталық және батыс жағындағы тұрғындар Еуропалық одақ пен НАТО-ға мүше болуға ықылас танытуы ықтимал. Бірақ оңтүстік және шығыс аумақтың тұрғындары мұндай  көзқараста емес. Олар ТМД және Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болғысы келеді.

Қалай айтқанда да, енді Украинаны ұстанған бағытынан қайтару мүмкін емес. Өйткені ең негізгі әрі маңызды нысан Қырым Республикасы Ресейге өтіп кетті. Елдің шығысындағы екі облыстың жартысы Донбасс аумағы ресми Киевке бағынуды қойды. Демек, Украинаның Ресеймен қайтадан интеграциялық жақындасуы мүмкін бола қоймайтын нәрсе. Осыны да түсінген болуы керек, Петр Порошенко  өз ұлтының қауіпсіздігі үшін біржола Еуропалық бағыт ұстанып, НАТО ұйымына мүше болуға барынша асығып отыр.

Ал Украинаның бұл қадамына әскери одақтағылар қалай қарайды? НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг те «Украина жоспарлы түрде әскери реформа жасауы тиіс. Сонда ғана олардың НАТО-ға  мүше болуға мүмкіндіктері артады» деп жауап берді.

Соған қарағанда, алдағы төрт-бес жылда Украинаның аталған әскери ұйымға мүше болу мүмкіндігі қарастырылып қалатын шығар. Бірақ бұл болжам тезірек орнауы ықтимал ма?

Біздің ойымызша, Ресей билгінің басында Владимир Путин тұрғанда Украинаның НАТО-ға мүше болуы оңайлықпен орындала қоймас. Путиннің «Қызыл сызықтан бері өтпеңдер» деп, ескерту жасап отырғанының сыры осы.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар