Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі санкциялық соғыстарға қатысты пікір білдірді

2.jpg

Әлемде мемлекеттер арасындағы интеграция бәсеңдеп келеді. Бұл туралы бүгін Қытайға мемлекеттік сапарын қорытындылап, қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жалпы үлкен саяси мәселе. Шынында да Ресей мен АҚШ-тың, Батыстың арасында бір-бірімен санкциялар орын алып, өте қиын болып тұр. Қанша айтса да бұл Ресейге оңай емес. Еуропаның өзі қазір АҚШ-пен келіспей жатыр. Шекарада тыйым салу, тауарларын алмау орын алуда. Интеграция бәсеңдеп келеді. Америка мен Тынық мұхиты елдері арасындағы кездесулер, тіпті жанындағы Канадамен, Мексикамен қарым-қатынас нашарлауда. Дүниежүзілік сауда ұйымында шешілген, қол қойылған мәселелер орындалмай жатыр. Саясатта да БҰҰ шешімі қаперге алынбай, мемлекеттер өзара қақтығысып жатқан кезде Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдер үшін үміт оты болып тұр», - деді Елбасы.

Мәселен, Президенттің айтуынша, өткен жылы «Бір белдеу, бір жол» форумын өткізіп, оған 137 елдің өкілі қатысқан.

«Бұл нені білдіреді? Барлық интеграциялық қарым-қатынастар, жалпы жаһандану  әлсіреген кезде қандай да бір жол іздеу қажет. Халықаралық барлық шарттар, саяси шешімдер орындалмаған жағдайда Қазақстанның тікелей қатысты бар Жібек жолы бастамасы адамдарға үміт сыйлады. 60 мемлекет тікелей байланысып отыр. Бұл жолғы саммит тарихи сәт болды. Өйткені, ШЫҰ-ға Пәкістан мен Үндістанның қосылуы оны әлемнің 40 пайыз халқын, әлем экономикасының 20 пайызын құрайтын ұйымға айналдырды. Барлығы да осы жерден интеграцияны, нарықты, қаржыны табамыз деп үміттенеді. Міне, ШЫҰ-ға осындай сенім бар және біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Ұқсас тақырыптар