Әлиев: Баку Таулы Қарабахты қайта бақылауға алады

9.jpg

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабах аймағын "әуелден Әзербайжан жері" деп атап, Баку оның оккупациялап алынғанын қабылдай алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Бакуде 26 маусым күні Әзербайжан қарулы күштерінің құрылғанына 100 жыл толуына орай өткізілген әскери парадта Әлиев Әзербайжан Таулы Қарабах пен оған жақын этникалық армян қарулы күштері бақылауындағы жерлерге қайта бақылау орнататынын мәлімдеді.

"Біз [Таулы Қарабах] жанжалының бейбіт түрде реттелгенін қалаймыз. Бірақ [Армения] Әзербайжан армиясының күші жетпейтін ешқандай әскери я стратегиялық нысан жоғын түсінуі тиіс" деді Әлиев. Ол "соғыстың тек бірінші кезеңі ғана аяқталғанын" айтты.

Армения мен Әзербайжан арасында 1990 жылдары даулы Таулы Қарабах аймағына қатысты қарулы жанжал шығып, 30 мың адам мерт болды. Армения мен Әзербайжан арасы осы аймаққа байланысты әлі нашар. 1994 жылы қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғанымен, шекарада екі ел әскерилері арасында әлсін-әлсін жанжал шығып тұрады.

Екі ел арасындағы дауды шешуді көздеген халықаралық дипломатиялық әрекеттер бірнеше рет сәтсіздікке ұшыраған.

Ильхам Әлиев "дәл қазір әлемдік мәселелерді шешуде әскери күш-қуат факторы басым" екенін айтып, Баку қарулы күштерін күшейтуде шетелден қару-жарақ сатып ала беретінін мәлімдеді.

"Халықаралық заңдар жұмыс істемейді. Егер ол жұмыс істегенде, біз оккупацияланған территориямызды әлдеқашан азат еткен болар едік" деді Әзрбайжан президенті.

Әскери парадқа 4 мыңға тарта әскери қызметкер қатысып, 70-тен астам әскери ұшақ және 240 әскери техника, оның ішінде Беларусь пен Израильде жасалған зымыран кешендері көрсетілді.

 


Ұқсас тақырыптар