Ұйғыр ауданының атын өзгерткен дұрыс па?

Соңғы оншақты жылдан бері Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының атын өзгерту ұсынысы көтеріліп келеді. Екі-үш жылда бір рет Президентке, Үкіметке ашық хат жазылып, баспасөз беттерінде мақалалар  жарияланады. Бұл үрдіс қоғамда едәуір талқыға түседі. Жуырда Ұйғыр ауданының атын өзгерту туралы ақпарат беттерінде тағы да сөз болды.

Uygur_District_Kazakhstan.png

Сайтқа пікір берген сарапшылардың кейбірі Ұйғыр ауданының атауын ауыстыруды қолдаса, кейбірі асықпау керектігін жеткізді.

 1536514872845252.jpg

Әлімғазы Дәулетхан: «Самсақовтардың сақ болғаны жөн»

Жуырда жарық көрген «Шонжы атауын Әлмерек деп өзгертуге болмайды» атты мақаласында белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетхан Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыны Әлмерек деп ауыстыру ұсынысын қолдамайтынын жеткізген.  Ол өз мақаласында: «Егер «Шонжы» атауын өзгерту сонша керек болса, сол өңірдегі тарихи жер-су атауларының бірін мәселен «Шарын, Көкбекті, Алатау немесе қаптаған «нұрлардың» бірінің алды-артына (мәселен, Нұркент, Нұрқала т.б.) бір анықтама сөз тіркеп-ақ жаңа атау беруімізге болар еді ғой» деп пікір білдірген.

Тарихшы Шонжыны Әлмерек батыр атына ауыстыруды қолдаушылардың Үкіметбасына жазған Ашық хатындағы «Әлмерек батыр отыз бес жасында жоңғардың батыры Алғабастың, он сегіз жасында жоңғардың (қоңтайшысы) қолбасшысы, әрі қас батыры Шонжының басын алып, қазақтың абыройын асқақтата түседі» деген пікіріне келіспейді.

Тарихшының дерегінше Шонжы сөзі ұйғыршаға қатыссыз моңғол сөзі. 

Тарихшы Әлімғазы Дәулетхан қолдан тарих жасауға болмайтынын, Жетісудағы жер-су атауларының басым бөлігі көне түркі сөзімен, кейбірі жоңғар атауларымен сәйкес келетінін, кейбір ұйғыр ағайындардың еш негізсіз қазақтың жер атауларын ұйғыршамен байланыстырып, бұл жер ежелгі ұйғырлардың атақонысы екенін дәлелдемек болғанына күйінеді.

– Менің қолыма «Ұйғыр авази» газетінің 2018 жылдың 19 апрелінде жарияланған Абдуллажан Самсақовтың «Ұйғырчэ йер-су намлери һаққидә» деген мақаласы түсті. Оқып, өз көзіме өзім сенбеедім. Автордың топшылауынша, Шонжы, Шелек, Қаражота секілді көптеген жер атаулары ұйғырдікі екен. Мұндай негізсіз болжамдар ел арасына іріткі салады. Сондықтан Самсақовтар сақ болғаны жөн, – дейді тарихшы.

 1151fa5ca6d263939e60e1986efb3e16.jpg

Бексұлтан Нұржекеұлы:

 «Ұйғыр ауданы – Шарын, Панфилов ауданы Орбұлақ болып өзгерсін»

Танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы болса, ұйғыр ауданының атауын өзгертетін кез жетті деп ойлайды. Ол баспасөздің біріне берген пікірінде көңіліне Шарын ауданы атауы қонатынын жеткізген.

Әр ұлтқа «ұйғырдың ауданы, орыстың ауданы, кәрістің ауданы» деп ерекшелеп жер атауын беруге болмайды. Бұл -  Кеңес өкіметі кезіндегі «бөліп ал да, билей бер» саясатымен жасалған шаруа. Менің пікірімше, саяси жағынан шекаралы аумақта мұндай атау болмауы тиіс. Мұнда Ілеге құятын Шарын өзені бар. Мыңдаған жылдар бойы түзілген керемет Шарын керіші бар. Ол керіштегі үңгірлер, жарлар қазақ жерінің әдемілігін паш етіп тұр, – дейді жазущшы.  

Оның пікірінше, қазіргі Ұйғыр ауданы - бұрынғы Ақсу, Шарын болыстарының орны. Сондықтан аудан Шарын ауданы деп аталуы керек. Ал көршілес Панфилов ауданына Орбұлақ деген атау берген тиімді.

 maxresdefault.jpg

Ахметжан Ашири: «Неге өзгерту керек? Түсінбеймін»

Қазақстанға танымал этникалық ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири «Ұйғыр ауданының атауын өзгерту ұсынысы әр жылдары жиі көтерілетініне» таңданыспен қарайды.

– Неге өзгерту керек? Түсінбеймін. Бұл асығыс шешім қабылдайтын іс емес. Әбден зерттеуді қажет етеді. Орынсыз өзгертуге қарсымын. Әр жылдары осындай пікірлер көтеріледі. Бізде одан басқа проблема жоқ па? Өзбекстанда қазақ ауылы, Қытайда Іле қазақ автономиялы облысы бар. Солар осындай пікір айтып жатқан жоқ қой. Ұйғыр мен қазақ ең жақын, туысқан халық. Жеріміз, суымыз, аспанымыз бір. Тарихи тамырластығымыз терең, – дейді Ахметжан Ашири.

Жазушы Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді мұсылман түркі халықтарын қыспаққа алып жатқан тұста мұндай пікірдің көтерілуі өзгелерге күлкі болу деп түсінеді. Оның ойынша, қайта қазақ халқы ұйғырларды қолдап-демегені жөн. «Ұйғыр ауданының атауында тұрған дәнеңе жоқ, оны өзгертумен ештеңе шешілмейді. Өзгерткен жағдайда бұлжымас дәлел-факт керек. Ел сенуі керек. Ауданның атын алып тастады екен деп ондағы халық ешқайда көшіп кетпейді».

bfb31729f8fe7aa93efd2d0e07fd2415.jpg

Жарас Сәрсек: «Өзгертетін уақыт жетті»

 Осы ауданның тумасы, ақын Жарас Сәрсек Ұйғыр ауданының атын өзгертуді қолдайды. Бұл ұсыныс талай жылдан бері көтеріліп келе жатқанына қарамастан, жоғары биліктегілердің неліктен батыл шешім қабылдамай отырғанына наразы.

– Бұрын бұл өңір Қарадала деп аталған. Жергілікті халық солай атайтын. Бірнеше жыл бұрын Шарын ауданы деп өзгерту ұсынылды. Мен осы екі атауды қолдаймын. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Соның ішінде бір ұлтқа  тек қана ұйғыр ұлтына бөлектеп аудан атын беру дұрыс емес. Ертең басқа ұлттар да бізге де аудан атауын беріңдер деп талап етуі мүмкін. Сондықтан батыл шешім қабылдап, жердің тарихи атауын қайтаратын уақыт жетті, – дейді Жарас Сәрсек.

Ол Ұйғыр ауданы құрылғалы бері аудан әкімі тек ұйғыр ұлтынан сайланатынын түсінбейді. Ұйғыр ауданының атын өзгертуді аудан халқының басым бөлігі қолдайды деп біледі.  

 Дерек

Ұйғыр ауданы өзге ұлт өкілі атымен аталатын Қазақстандағы жалғыз аудан. 1934 жылы құрылған. Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан. Жер аумағы 8,73 км2. Аудандағы 26 елді мекен 14 аудандық әкімшілік округтерге біріктірілген. Аудан орталығы — Шонжы ауылы. Облыс орталығы — Талдықорған қаласынан Шонжыға дейінгі қашықтық 355 км, Алматыдан Шонжыға дейін 214 км. Соңғы деректер бойынша аудан халқының 49 пайызын – ұйғыр, 44 пайызын – қазақ, қалғанын өзге ұлттар құрайды.

 www.mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар