КХДР мен ҚХР басшылары Бейжіңде кездесті

5.jpg


Бейжіңде КХДР басшысы Ким Чен Ын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» Қытайдың орталық телеарнасына сілтеме жасап.

КХДР көшбасшысының Қытайға бейресми сапары қытайлық тараптың шақыртуымен 25-28 наурыз аралығында өтті. Екі мемлекет басшысының келіссөздері Бүкілқытай халық өкілдері құрылтайы ғимаратында өтті. Солтүстік Корея қонағы мен оның жұбайы Ли Соль Чжудың құрметіне Дяоюйтай мемлекеттік резиденциясында банкет болды. Оған Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюань, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян, ҚХР төрағасының орынбасары Ван Цишань, басқа да шенеуніктер қатысты.

«Сапар ерекше уақытта өтіп жатыр және оның маңызы зор. Біз бұл сапарды жоғары бағалаймыз (...) Қытай мен КХДР дәстүрлі достығының негізі қаланды және ары қарай дами бермек. Бұл біздің бірлескен теңдесі жоқ игілігіміз», - деді Си Цзиньпин Ким Чен Ынмен кездесу кезінде. 

Қытай көшбасшысы екіжақты қарым-қатынасты дамыту бойынша 4 ұсынысты алға тартты: байланысты жоғары деңгейде жалғастыру, партиялар арасында өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу, бейбіт дамуды, гуманитарлық ынтымақтастықты, әсіресе екі ел жастарының арасында нығайту.

Ким Чен Ын өз тарапынан Қытай көшбасшысының қайта сайлануымен құттықтады. 

«Қытаймен жаңа жағдайда достастықты дамыту - КХДР-дің стратегиялық таңдауы және бұл қандай жағдайда да өзгеріссіз қалады», - деді ол. 

Екі ел басшылары әлеуметтік-экономикалық даму, халықаралық жағдай мен Корея түбегіндегі ахуал туралы пікір алмасты. 

«Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің өсиетіне сәйкес, Корея түбегін денуклеаризациялау бойынша белсенді күш саламыз. Және бұл ұстаным өзгермейді», - деп атап өтті Солтүстік Корея көшбасшысы. 


Ұқсас тақырыптар