«Ақылды браслет, ақылды қолғап жасаудамыз»

Нуруллаев Нұрланбек – TechnoRIM робототехникалық коммандасының мүшесі, бірнеше жобалардың авторы, робототехникадан дәріс беруші. Өз болашағын осы саламен байланыстыратын Нұрланбекті әңгімеге тартып көрдік. Робототехниканың қызығы мен қиындықтары жайлы пікірін білген болатынбыз.

IMG_2423-12-11-18-08-02.JPG

– Бұл салаға деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды? Робототехниканың сіз үшін қандай пайдасы бар?

– Робототехникаға деген қызығушылығым 2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне робототехника мамандығы бойынша оқуға түскеннен басталды. Қазақстанда бұл сала жаңадан қарқын алып келе жатқандықтан, мен үшін үйренетін де, үйрететін де дүниелер көп. Робототехника адамның ойлау қабілетін дамытып, жылдамдық пен ұтқырлығын шыңдайды. Ақпараттық технологиялар дәуірінде әрбір адам бұл саланы жетік меңгеруі керек деп ойлаймын.

– Қазіргі таңда қандай жобалармен айналысасыз? Жұмысыңыздың ерекшелігі неде?

– Жүзеге асып жатқан бірнеше жобамыз бар. Қазақ Ұлттық Университетінің командасымен Робот Гумонойт жобасын қолға алдық. Оған қоса ТехноРИМ коммандасымен бірге ақылды браслет, ақылды қолғап сынды құрылғыларды жасаудамыз. Ерекшелігі – шынайылық пен жылдамдық.

IMG_2424-12-11-18-08-02.JPG

– Ақылды қолғап пен браслеттің адамға қандай пайдасы бар? 

– Серіктестерім А.Аскеров, Е.Жолдасов, Д.Тургунбоев, Б.Сагитжанов сияқты өз ісінің мамандары. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, әлемде 360 миллионға жуық адамның есту қабілеті төмен. Оның 150 мыңы қазақстандық. Ақпарат алмасуда, машина, поезд, қоңырау дыбыстарын естуде ондай ерекше жандарға көптеген қиындық туады. Әлеуметтік жобамыздың да басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беретін ақылды техниканы дамыту. Алдағы уақытта прототиптің жақсы жұмыс істеуі үшін күш салып жатырмыз. Пайдалы әрі бәріне қолайлы құрылғы дайындағымыз келеді. Және бұл жобамыздың халықаралық деңгейде дамығанын қалаймыз.

IMG_2425-12-11-18-08-02.JPG

– Құрылғы қалай жұмыс жасайды?

– Ақылды қолғапты алар болсақ, құрылғыны қолыңызға киіп, беретін белгілерін жаттап алсаңыз болғаны. Бес саусақ бес түрлі сөзді түсіндіре алады. Олар: сәлеметсіз бе, менің атым, сенің атың, рақмет және сау болыңыз.

– Робототехникадан дәріс те береді екенсіз. Өзіңізді ұстаз болуға тым жас деп санамайсыз ба? Курстарыңызға қандай адамдар қатыса алады?

– Қазіргі таңда робототехника курсын ашып отырмыз. Бұл бір жылдан бері ойымда жүрген болатын. Көптеген адамдардың қолдауымен жұмысымызды бастадық. Бүгінде 20 шақты оқушылар мен студенттеріміз бар. Өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын әр үйренушінің ел ертеңіне қосатын үлесі көп деп ойлаймын. Меніңше, адам бар білгенін біреуге үйрету арқылы өзін шыңдай түседі. Сапаға көп көңіл бөлеміз. Өйткені, еліміздің болашағы білімді, ақыл ойы жүйрік жастардың қолында. Сондықтан, робототехникаға еріккеннің ермегі деп қарайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ.

IMG_2426-12-11-18-08-02.JPG

– Робототехникадан бұрындары сабақ беріп көрдіңіз бе? Жастардың бұл салаға қызығушылығы қаншалық?

– Осы уақытқа дейін 130 мектеп-гимназиясында оқытушы болып жұмыс жасағанмын. Оқушыларым көптеген байқауларда жеңімпаз атанып, өз жобаларын жүзеге асырды. Қазіргі таңда қазақ жастарының робототехникаға деген құлшынысы өте жоғары. Олар әр нәрсеге мұқият қарап, барлық детальға мән беріп отырады. Идеямыз өте көп. Бірақ кейбір жағдайларда оны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз болмай жатады.

– Курстарыңызда не үйретесіздер?

– Курста ардуино плотформасымен жұмыс жасауды, электроника негіздерін, микроэлектрониканы және бағдарламалаудың әдіс тәсілдерін үйретеміз. 

– Инвестиция жағын қарастырдыңыздар ма?

– Қапшағайда өткен Zhaskasipker жобасынан 500 мың теңге жеңіп алдық. Түскен қаржыны жобаларымызды жақсартуға жұмсадық. Үлкен инвесторымыз болмаса да, жобамызды жүзеге асыруға тырысамыз.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz





Ұқсас тақырыптар