Жаркенттік оқушы жаңа формула ойлап тапты

Құрманбеков Әлібек Ізтайұлы – Алматы облысы, Панфилов ауданы, Әулиеағаш ауылындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы. Бразилияның Гамбург қаласында өткен «Mostratec» халқаралық байқауында математика пәні бойынша ІІІ орын иеленген. Әлемнің 48 мемлекетінен 1000 оқушы қатысқан жарыста отандасымыз математика саласында жаңа формула ойлап тауып, ел мерейін үстем етті. Жастайынан ғылым жолына түсіп, биік белестерді бағындырып жүрген Әлібекпен «Мезгіл smart» айдарында арнайы сұхбаттастық.

IMG_2264-12-11-18-08-00.JPG

– Әлібек жұмыстарыңыздың басты мақсаты қандай? 

– Жұмысымыздың мақсаты функцияның барлық түрлерін нақтылай отырып, зерттеу жасау, Коши теңдеуінің жалпылама нұсқасы болып саналатын Пексайдер теңдеуін кең көлемде қарастыру. Осы жұмыс барысында сызықтандыру әдісін жетілдіре түсу. Күрделі функционалдық теңдеуді шешуге мүмкіндік бере отырып, күрделі теңдіктердің шешімін табуға жол ашу.

– Формуланы қандай ғылыми негізге сүйене отырып ойлап таптыңыз? Қандай еңбектер негізінде сіздің жұмысыңыздың дұрыстығы дәлелденді?

– Чарльз Бэббидж математикалық есептеулерді екі типке бөліп қарастырады. Тура және кері әдіс. Мысалы, дәрежеге шығару тура, түбірден шығару кері жол болып саналады. Егер мән берер болсақ, тура әдіспен амал орындау әлдеқайда жеңіл. Бэббидж бұл мәселерді шешу үшін функционалды теңдеуді қолданған. Өзіндік формулалар мен шарттарға сүйене отырып, тура әдістің керіден әлдеқайда оңай екенін дәлелдеп, шығару жолын тапқан. Біз Чарльздің әдісіне толықтырулар енгізе отырып, есептеудегі үлкен мәнге ие Линеаризациялау тәсілін қолдана отырып, ғалымның формуласын жаңғыртып, есептеу процесіне қайта енгіздік.

IMG_2268-12-11-18-08-00.JPG

– Чарльз Бэббидж әдісіне қандай түрлендірулер енгіздіңіз? Жаңа формулада ескі нұсқаның қандай бөліктерін қолдандыңыз?

– Бэббидж кез келген санды түбірден шығарып, дәрежелеу формулаларын ойлап тапқан кезде қазіргідей компьютерлік бағдарламалар болмаған. Сондықтан ол басты нысан ретінде функционалдық теңдеулерді алған болатын. Біз осы әдісті қарастыра отырып көптеген толықтырулар жасадық. Мәселен, орбита ұғымын енгізу арқылы, функционалдық теңдеулердегі өте қиын есептердің шешілуінің жеңіл жолын ойлап таптық.

Функционалдық теңдеулер класын ашқан Коши идеясын дамытып, теңдеулер класын көбейтіп, жаңа формулалармен толықтырдық. Жаңа теңдеулерге Пексайдердің атын бердік. Және Коши мен Пексайдердің теңдіктерінің ортақ бөлігін тауып, оны шешудің жаңа амалдарын шығардық.

– Математиканың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше математикадағы басты ерекшелік өте қиын деп санайтын есептерді шешудің түкке тұрғысыз жеңіл жолының бар болуында. Бірақ ол жолды екінің бірі таба бермейді. Алайда бір кіріп кетсең математика әлемінен шығу өте қиынға соғады. Өйткені, бұл саланың біз білмейтін қызықтары, тылсым сырлары өте көп. Әр есеп өзінің сыйқырымен баурап алады. Меніңше есептің жауабы бірінші, өзі артынан дүниеге келетін сияқты. Сондықтан да бұл ғылым саласын таңдаған адамға ешқашан өз дегенінен қайтпау керек. Сол кезде ғана барлық сұрақтарына жауап таба алады.

IMG_2274-12-11-18-08-00.JPG

– Бразилиядағы байқау несімен ерекшеленді, басты қарсыласыңыз кім болды?

– Мен үшін байқаудың басты ерекшелігі отанымның намысын қорғауымда болды. Білім додасымен шетелге алғаш рет шыққандықтан, өзімнің, ата-анамның, ұстаздарым мен туған-туыстарымның үмітін ақтау маңызды болды. Өзіңнің жұмысыңа сенімді болсаң да, қарсыластарыңның қандай екенін, олардың жобаларының дәрежесі қаншалық екенін білмейсің. Ең әуелі қорқыныш сезімі басым болды. Алайда, байқау басталғаннан кейін Қазақстандық оқушылардың әлдеқайда мықты екені бірден сезілді. Дайындығымыз өте жақсы болды. Басты қарсыласым Бразилиялық оқушы болды. Алты айға жуық уақыт күн-түн демей есеп шығарып, бар күшімді байқауға арнадым. Ең бастысы өз-өзімді жеңе алдым. Алдағы уақытта Қазақстаннан шыққан ғалым деген атақ алып, елімнің мақтанышына айналғым келеді. 

IMG_2278-12-11-18-08-00.JPG

– Математиктің бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

– Ең бірінші адамның бойында білімге деген құштарлық болуы керек. Екіншіден нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбектенуі шарт. Қандай адам болмасын осы екі қағиданы ұстанған жағдайда ғана биіктерді бағындырады деген ойдамын. Меніңше әрбір қазақ баласының бойында талант, дарын бар. Тек оны ояту, дамыту ата-анасы мен ұстаздарының қолында. Осы тұрғыдан менің қабілетімді шыңдап, бір белесті бағындыруыма атсалысқан адамдарға алғыс айтқым келеді.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Биыл 11 сынып оқушысымын. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша Жоғарғы оқу орнының студенті атансам деген ойым бар. Бірақ бұл математикадан алыстап кетемін деген сөз емес. Қолдан келсе бәріне үлгеруге болады.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар