Қалдықтарды өңдеудің жолын тапқан Айбек

1.jpg

Айбек Рахым – ІТ жобаларды құрастырушы. «Tazalyk» деп аталатын экологиялық маңызы бар жоба ойлап тауып, мобильді қосымша жасап шығарған. «Tazalyk» арқылы кез келген адам қоқыстарын арнайы мекемелерге тапсыру арқылы бонустар мен сыйақылар ала алады. Мобильді қосымшада сіз қоқыс өткізу пунктерінің қай жерде орналасқанын және қалай өткізуге болатынын біле аласыз. 

Жоба жасауға итермелейді...

Мен бала күнімде қазіргідей робот жасап, техниканы меңгеріп өскен жоқпын. Біздің кезімізде компютерлік ойындар ойнау сәнде болатын. Мен төрт-бес сағатқа жуық уақыт бойы компьютерден алыстамай отыра беретін едім. Содан ІТ Университетіне түскен кезден бастап, бағдарламаларды тек мен емес, басқалар да қолдана білсе екен деген ой келді. Сенің жасаған дүниеңді басқа адам біршама уақыт бойы қолданатын болса, оған қызығушылық танытса еңбегіңнің нәтижесін көргенің. Осы нәрсе мені көптеген жобалар жасауға итермеледі.

2.jpg

Идеяны жүзеге асыру үшін

Жоба жасаған кезде маркетинг, қаржы жағына да назар аударуы керек. Оған қоса, жұмысына тиянақты қарайтын, төзімділік танытып, қиындыққа мойымайтын мықты мамандарды жинақтап, оларға мотивация бере білу шарт. Сол кезде ғана жасаған дүниең нәтижелі болады. ІТ жобаның ерекшелігі халыққа пайдалылығында. Идеяны алғаннан бастап, жүзеге асыруға дейінгі кезеңде тек өзің үшін емес, өзгелер үшін жұмыс жасап жатқаныңды сезіну, басқа адамға көмегіңді тигізу қуанышқа бөлейді.

«Tazalyk» ерекше жоба

Мектеп кезінен экологияға қызығушылығым өте жоғары болатын. Бұл бағытта да әртүрлі жобалар жасадым. Бірақ, блокчейн, ақылды душ сынды идеяларым аяқсыз қалды. Мүмкін қолданушылардың тарапынан қолдау болмағаннан шығар. Ал, «Tazalyk» ерекше жоба.

3.jpg

Біз қалай жұмыс істейміз?

Командамызда әр адамның өз қызметі бар. Біз қоқысты сорттап бөлуге арналған эко бактарды көптеген бизнес орталықтарға, үлкен мекемелерге орналастырдық. 70-тен астам серіктестерімізбен бірге жұмыс істей отырып, тазалық жұмыстарына үлес қосудамыз. Олардың қатарында «Adidas», «PNG», IT, Alma U сынды мекемелер мен жоғарғы оқу орындары бар. 

Серіктестеріміз бар

«Қазақстан қағазы» деп аталатын еліміздегі мукалатураларды өңдейтін ең үлкен компаниямен тығыз жұмыс жасаймыз. Олардың зауыттары артық қағаздардан картондар дайындайды. Арамызда эксклюзивті келісімшарт орнатылған. Болашақта қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін мекеме ашу ойымда бар. Қазіргі таңда қоқысты сорттап жатырмыз, кейін келе қайта өңдеуді қолға аламыз.

4.jpg

«Tazalyk» мобильді қосымшасы

Мобильді қосымшамыз халық арасында белгілі. Дегенмен де, «Tazalyk» жайлы естімегендер де кездеседі. Қазіргі күнде 5000-нан астам қолданушы бар. Олар қоқыстарын біз арқылы ақшаға және бонустарға ауыстыруды әдетке айналдырған. 

Қайта өңдеуді қолға аламыз

Мақсатымыз қайта өңделетін заттардың пайыздық көрсеткішін көтеру. Бүгінде ол 5% пайызды құрап отыр. Ал 90% пайызы қоқысқа кетеді. Бұл мәселе мені және командамды алаңдатады. Барша Қазақстандықтар осы жобаны қолдап, алдағы уақытта жақсы жүзеге асуына атсалысса экологияға да, өзімізге де пайдалы болар еді. Қабылдау пунктеріне мобильді қосымша арқылы тапсырып отырсаңыздар тіпті керемет емес пе? 5-6 кг қоқысты тасып жүрмеу үшін жағдай жасап отырмыз.

5.JPG

Халық қолдау көрсетуде

Демеушілеріміз – халық. Биылғы жылы «Алтын жүрек» приемиясының иегері атандық. Экологияға әсерімізді тигізіп отырғандықтан, біздің болашағымыз зор деп ойлаймыз. 

Адам өзіне сену керек. Өзгелердің пікіріне құлақ аспаңыз. Нәтиже көрмегенде берілуге болмайды. Идеяны да ойланып барып, жүзеге асыру керек. Оған қоса, уақытыңызды пайдалы нәрсеге жұмсап, оны реттей алуы қажет. Менің ойымша адам қадалған жерден қан ала білу керек. Бастаған нәрсені аяғына дейін жеткізу, ешнәрсеге көңіл бөлмей күнделікті қажетті жұмыспен айналысу көп жетістікке жетелейді.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар