«Алтын Тобылғы» әдеби байқауының шарттары мен ережелері түсіндірілді

5.jpg

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры «Алтын Тобылғы» дәстүрлі әдеби байқауына өтінімдерді қабылдау басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төртінші рет өткізіліп отырған бұл байқаудың негізгі мақсаты - қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту, насихаттау, сол арқылы кәсіби қаламгерлердің жаңа буынын, жаңа есімдерді қалыптастыру.

«Бұл байқау еліміздің жас ақын-жазушыларының атын шығарып, оларды қаржылай қолдау арқылы шығармашылықтарын шыңдауға зор стимул береді деген сенімдемін. Әдеттегіше, биыл да ұсынылған туындылар мазмұны мен идея ерекшелігіне, бірегейлігіне, көркемдік құрылымына байланысты бағаланады. Қабылданған жұмыстарды елімізге танымал мәдениет қайраткерлері мен ақын-жазушылардан құралған Қазылар алқасы сараптайтын болады. Шығарма лақап атпен қабылданады. Бағалау кезінде қазылар алқасы туынды авторының есімін білмейтіндіктен, байқау барынша әділ өтеді», - деді Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Байқауға 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Ұсынылған туындылар бұған дейін еш жерде жарияланбаған болуы тиіс. 

«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Балаларға арналған үздік шығарма» сияқты төрт аталым бойынша тағайындалады. Әрбір номинация жеңімпазына 1 миллион теңгеден сыйақы беріледі. Сонымен қатар, «Астананың 20 жылдығына арналған үздік шығарма» атты арнайы тақырыптық номинация бойынша сыйақы көлемі 1,5 миллион теңгені құрайды.

Байқауға алғашқы жылы 120 жұмыс жіберілсе, 2016 жылы - 110, 2017 жылы - 132 өтінім келіп түскен. Былтыр ең үздік лауреаттардың шығармалары арнайы басылыммен кітап болып шықты.

Өтінімдер 2018 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі 2018 жылы желтоқсан айында жарияланады. Толық ақпаратпен Тұңғыш Президент қорының ресми сайтынан танысуға болады.



Ұқсас тақырыптар