Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары

Бүгінгі Қазақстан үлкен қоғамдық сілкіністен өтіп келе жатыр. Басқа елдер, басқа жұрттар баяғыда жүріп өткен жолға енді түскен қазақ жұртьг егемендік алғаннан бергі он екі жылдың ішінде басынан қаншама замана кешті. 

45555-640x420.jpg

Әрине, қоғамдағы болып жатқан құбылыстар әдебиетке көлеңкесін түсірмей қоймайды. Кеңес заманындағы құндылықтар, қалыптасқан идеалдар алмасқан осындай шытырман кезеңде болашақ қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, бет-бедерін айқындайтын жаңа: бір үрдістің нобайы шалынды. Осы орайда өткен жеті-сегіз жыл бедерінде түрлі басылым беттерінде жарық көрген бірқатар прозалық шығармаларды зерделей отырып әңгіме қозғағанды жөн көрдік. Талғат Кеңесбай өзінің «Лениннің бәтеңкесі» (ҚӘ. 28.07.2000) атты әңғімесінде бүгінгі тіршіліктің күрделі бейнесін бедерлеуге ұмтылған. Әңгіме тұтастай алғанда — үлкен эксперимент. Әлбетте, қай жазушы болса да өзінің әрбір кезекті шығармасында жаңа ой айтуға тырысады. Ал жаңа ой дегенініз — жаңа форма. Демек, эксперимент. Талғат өзінің ұзақ ойланып сомдап шығарған әңгімесін бастан аяқ жаңа формаға бағындырғысы келген сияқты. Әңгімеден, жазушының бұрынғы прозасының нышанын да таба алмайсыз. Шығарманы оқып отырғанда ХХ-шы ғасырдың басындағы, Грета Гарбо қатысқан дыбыссыз фильмді көріп отырғандай әсер аласыз. Әңгіменің, бірден кейіпкердің түс көруінен басталуы, төл сөздердің, тіпті диалогтардағы сөйлемдердің тырнақша арқылы тұйықталып жеке-жеке тұруы, міне, осының барлығы модернистік фильмнің сценарийін елестетеді.
Заманында, қазақ сыны елеусіз қалдырған, Роллан Сейсенбаевтың бір әңгімесінде осы әңгімені айтып беріп отырған бас кейіпкер, роман жазып жатқан жазушы сейілдемек болып көшеге шығады. Ұмытпасам, я көшеде, я сыраханада бір кластас досымен ұшырасып қалады, соған еріп үйіне барады. (Әңгіменің толық сюжеті есімде жоқ. Ертеректе оқығанмын, көңілімде әсері ғана қалыпты). Міне, осы жерде алдынан өмірдің сұмдық драмасы ашылады. Қаншама боямасыз сырға қанған жазушы үйіне қайтып келғеннен кейін «пәленбай жүз бет өтірік» деп романның қолжазбасын күресінге лақтырып жібереді. Бүл, сол кез үшін өте шебер жазылған әңгіме еді. Жазушының өзіндік жеке кейіпкерінің топ ішінде, басқа персонаждармен араласып жүруі біз үшін таңсық болғанымен, Батыстың дамыған әдебиеттері үшін үйреншікті нәрсе. Талғаттың әңгімесіндегі бас кейіпкер де — Жазушы. Бірақ басқа жұрттан алапасы артқан еңселі адам емес. Көптің бірі. Тіпті, десеңіз, көп адамнан несібесі кем. Мінезінде күйректік басым. Алайда табиғат құбылыстарын, өмір көріністерін қабылдау дағдысына қарап отырып, оның алмағайып заманда туған үлкен суреткер екенін танисыз. Әңгімедегі кейіпкерлер — болашақ персонаждар. Жазушының басындағы күйзеліс — болашақ көрікті шығармалардың кепілі. Әрине, әңгіменің өнебойындағы депрессивтік көңіл-күй, бүгінгі дамыған прозаның кілтипандарынан бейхабар әдепкі оқырманды бей-жай қалдыруы мүмкін. Бірақ ол — болашақ түлеудің табалдырығындағы бей-жай күй.
Нұрғали Ораздың «Ешкім мекен етпейтін арал» атты әңгімесін кейінгі жылдары жарық көрген тамаша әңгімелердің бірі дер едім. Шығарма Нұрғалидың өз прозасынан андағайлап бөлек түр. Кафеде болған отырыстан кейін оңаша қалған орта жастардағы еркек пен жасамыс әйел арасындағы бір кештің әңгімесі өрістей келе үлкен пайымдауларға жеткізеді. Күнделікті күйкі тіршіліктен қажыған еркек сырлы түн, жанындағы көрікті әйелдің сиқырына елтіп, шым-шымдап іштегі шерін айтады. Жаңа танысқан екі адам, ақылсыз да емес, бір басына жететін кісілігі де бар екі адамның арасында жақсы ықылас-пейіл, жарасымды көңілдестік орнайтын сияқты. Алайда әңгіменің ортасына келгенде оқиға жалт бұрылады. Еркек жүрек жарды сырын айтқан еді. Осы жерде, біз, Нұрғалидың кейіпкер таңдаудағы шеберлігін айта кеткіміз келеді. Хикаяның бір жерінде еркек өзінің математик екенін айтады. Яғни, сөзге емес, логикаға бейім психологиялық тип. Ал оның әйелге ықыласын сездіргендегі сөзі — кей ақынның аузына түсе бермейтін сөз. Әрине, өзінің табиғатына сай, білгенінше теріп айтқан сөзі. Міне, бүл, еркектің бойындағы сезімнің шынайылығын арттыра түсетін қосымша психологиялық мотивировка. Бірақ, әркімге күнде-күнде айтыла бермейтін етене сыр әйелге мүлдем кері әсер етеді. Әңгіменің аяғына қарай еркекті салқын ғана шығарып салады. Көрікті махаббат драмасының табалдырығында түрған екі адам неге бір-бірімен табыса алмады, енді осыған жауап беруге тырысайық. Шынтуайтына келетін болсақ, сезімнен тартынған адам — әйел. Сөзіміздің басында оны жасамыс әйел дедік. Нұрғали өзінің әңгімесінде оны «талдырмаштау сымбатты келіншек» дейді. Және әңгіме барысында оның қылықты жас келіншек екенін, оның мөлдіреген көркін баса айтып қайталап отырады. Біз «жасамыс» дегенде келіншектің мінез дағдысын айтқан едік. Әйел психологиялық кәрі типке жатады. Еркекті шығарып салғаннан кейінгі ой толғаныстарына назар аударыңызшы. Өткен өмірді шарлаған көңіл көзі тиянақ тұтар, медет етер ештеңе таппайды. Жаңа танысқан еркектің жасқана отырып айтқан аралы, күйбеңнен шаршаған адамның барын пана табатын жерұйығы іспеттес бір мекен еді. Ал әйел бүл көрікті бейнені, тонын теріс айналдырып енді өз бойына басқаша етіп өлшейді. Өзін әркім бір соғып, бір түнеп кететін арал деп елестетеді. Солай деп түйсінеді. Әйел мінезінде өмірдің тауқыметінен қалыптасқан цинизм басым. Өзін әйел еткен, ләззат сыйлаған еркектерді елестетеді — бірақ бойында кекті сезімнен басқа ештеңе жоқ. Өзінің бақытты болғанын ұмытқан — бірақ кек қалған. Шынына келетін болса, кектен басқа ештеңе де қалмаған. Әйел толғанысы — аты аталмаған кек. Ақыл-ойын алған, бүкіл санасын жайлаған осы кекті сезім бүгінгі қызығынан айырып отырғанын, бүкіл тіршілігін сүреңсіз етіп отырғанын… әрине білмейді. Әңгімеде және бір тамаша деталь бар. Үйіне қайтып бара жатқан еркек қайырылып келіп келіншектің есігін қағады. Келіншек шошып кетеді. Еркектің қайтып келгеніне көзі жеткеннен кейін, тіпті есікті аша жаздап барып қолын тартып алады. Бүл эпизод, әңгіменің басындағы басқа бір эпизодтан өрістеп отыр. Оқырманның есінде болар, кафеден шыққан екі адам қараңғы парктен өтеді. Байырғы әдебиетте парк, қараңғы аллея, психологиялық параллелизмнің
белгілі көркемдік құралы болған, адам жанының қалтарыс-бұлтарысына меңзейтін тәсілі болған. Нұрғали осы тәсілді тағы бір рет пайдаланған. Бұл жердегі парк — символ. Қанша күйзелістен өтсе де өлмейтін сезімнің, көңілдің символы. Сол себепті әңгіменің аяғына қарай, келіншектің қайтып келген еркекке есікті ашып жібере жаздауы нанымды. Қанша қасірет шексе де кұлкінің қар таймағанын, сезім суыса да қоламтасы өшпегенін көрсететін, тіпті десеңіз бүкіл әңгімені ұстап тұрған көркемдік түйін.
Мәдина Омарованың шығармаларын қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы десем қателеспес едім. Сол себепті оның әр кезде жазылған, әр тақырыпты қамтыған шығармаларының ішінен осы готикалық сарындағы екі әңгімесін таңдап алып отырмын.
Жас қаламгердің бір әңгімесі «Жұмбақ» деп аталады. Оқиғаның ұзынырғасы: түнгі сағат он екінің шамасында өз үйінде телевизор көріп отырған әлдебір адамға сырттан достары телефон шалып, өздерінің жол апатына ұшырағандарын айтады. Достарын құтқармақ болған кейіпкер жедел жәрдемді шақыртып, апат болған жерге өзі де таксимен жетеді. Жеткенде көргені, достары таңертең, яғни жарты күн бұрын қайтыс болып кеткен екен. Кейіпкерге телефон шалған тірі адам емес, досының аруағы екеніне көзіңіз жеткеннен кейін әңгімені басынан түсіп қайтадан оқисыз. Оқисыз да түршігесіз. Әрине, бәрі де адамның қабылдауына байланысты. Мысалға, бүгінгі оқырман немесе көрермен триллерді көргенде психологиялық депрессияға ұшырауы мүмкін, себебі, қазіргі психология триллердің сананы езгіге салатынын дәлелдеп отыр. Алайда, триллер аспаннан түскен жоқ қой. Әлем халықтарының демонологиясы тұтастай алғанда — триллер. Бүгінгі үрейлі фильмдер, романдар сол демонологияның жетілген түрі ғана. Дәстүрлі мәдениеттерде триллер катарсистік жанрға жатқан. Яғни, триллерді көрген, мистерияға қатысқан адам, сол көргендеріне көзі үйренеді, рухани сауығып шығады. Басқаны қайдам, маған осы әңгіменің түйіні Э.Хэмингуэйдің «Вайоминг шарабы» («Вино Вайоминга») әңгімесінің концепциясын есіме салды.
М.Омарованың екінші әңгімесі «Жол үстінде» деп аталады. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкер түнде, әлдебір адаммен жол жүріп серіктес болады. Ол жолаушы кейіпкермен бір ауылдан, ит асырап аты шыққан Алмабек деген кісінің баласы болып шығады. Ауылдағы үйіне жетіп апасымен әңгімелескен қыз, озінің он жыл бұрын өлген адаммен жолсерік болғанына көзі жетеді. Әңгіменің «Уақытында келіп жетпіс жыл кешіккен ажал туралы» деп аталатын, заманында қазақ ішіне кең тараған аңыз-әңгіменің оқиғасын елестетеді. Мәдинаның жазу мәнерінде мынадай белгілер бар: ол өмір шындығына матасу. Ойымша жас қаламгер өзінің қиялын жетілдіру керек. Әрине, аталмыш әңгімелердегі жайыттар жазушының өз басында болған деуден аулақпын. Бәрі де ойдан шығарылған, көркемдік заңдылықтарға сәйкес өмірде болғандай етіп қиыстырылған. Алайда әңгімедегі сөйлемдердің арасы ауыр қиысады. Осыған қарап отырып жазушының өзі ойлап шығарған сюжеттің әсерінен, магиясынан арыла алмайтынын сезесіз.
Мәдинаның осы әңгімелерін оқығанда Жак Казот, Шарль Нодье, Петрус Борель сияқты готикалық жанрда жазған жазушылардың шығармалары елестейді. Бүгінде көршілес Ресейде бүл жанрда Лариса Петрушевская қалам тартып жүргені белгілі.
Революция, бүлғақ, соғыс кезінде халықтық «төмен» демонология етек алады. Мысалға Отан соғысы кезінде Кеңес империясының әр жерінде адамдарға әйел бейнесінде жолығып, соғыстың жеңіспен аяқталатынын айтып кеткен аруақтар жайлы әңгімелер өрістеді. Жанр, жаңа форма жазушының интуициясынан, санадан тыс пайда болады. Ойымша Мәдина өзінің аталмыш әңгімелерінде егемендіктің алғашқы қиын жылдарының әсерін бейнелеуге тырысқан.
Дидар Амантай бүгінде аты ауызға ілініп, әсіресе аға буын қаламгерлер үшін «проблема» тудырып жүрген жазушы. Осы жерде бір айта кететін нәрсе бар. Әлемнің кез келген әдебиетінде экспериментке жол беріледі. Шынына келетін болса, Дидарда классикалық стильге ешқашан қарсылық болған емес. Ол өз шығармашылығы ның таза эксперимент екенін мойындайды, жөне айтып отырады. Әлбетте, қазақ прозасының дәстүрлі коркемдік критерийі — тіл. Әдебиеттің шұрайы тіл екені қазақ әдебиетінде әлмисақтан бекітілген қағида. Қазақтың сыншысы болсын, ақыны яки прозашысы болсын, өзіне ұнаған шығарманы мақтағанда «тілі көркем екен», немесе «тілі шұрайлы екен» деп мақтайды. Қазақтың тіл туралы айтқаны — көркемдік туралы айтқаны.
Алайда, көркемдік — жалғыз ғана тіл емес. Тіл тұрғысынан алғанда қазақтан әлдеқайда жұтаң елдер бар. Ол елдер ұлы әдебиет тудырды. Ойымша, сол себепті, біз де экспериментке белгілі дәрежеде жол беруіміз керек. Эксперименттің де көркемдік презумициясы бар екенін мойындауымыз керек.
Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі постмодернистік үлгіде жазылған шығарма. Повесть (он-ақ беттік) түрлі шығармалардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Себеп-салдарлық жүйемен өрістеген, оқырманды автор межелеген идеяға, байламға алып келетін біртұтас сюжет жоқ. Персонаждар арасындағы диалог белгілі бір мақсат қуалаған, ой алмасуын көздеген құрылым емес, адамның аузынан байқаусызда шығып кеткен, жауап қайтаруды керек етпейтін кездейсоқ сөз сияқты. Көз алдымызда, баяғыда бір жазушы айтқан, төбесі ғана көрініп тұрған мұз тұрғандай. Және, бір қызығы сол шеті ғана көрінген жұмбақты шешу, анығына жету шарт емес. Шығарманы ары қарай ойластыру, жалғастыру, күрмен соңғы нүктесін қою оқырманның еркінде. Х.Кортасардың «62 құрастыруға арналған модель» романының жобасын елестетеді. Әрине, постмодернистік коллаж — біздің әдебиет үшін таңсық нәрсе. Алайда, эксперимент барысында адам неше түрлі нарративтік ақиқаттарға жетеді емес пе. Постмодернизм жазушы мен оқырманның арасына теңдік белгісін қояды. Жазушы көп оқырманның бірі ғана. Шығарманы алғаш оқығанда, бұрынғы әдебиеттен қалыптасқан түсінігіңізге нүқсан келуі мүмкін. Оқиға бейберекет, әуелі финал суреттеледі, одан кейін, кері айналған кинолента сияқты, финал, дайындалып түсіндіріледі. Және оның өзі жүйелі бірізді емес. Бұрынғы әдебиетте психоанализ арқылы берілетін ой түйдегін кейіпкер ауызша айта салғанда, алғашында өте оғаш естіледі. Көз алдыңызда, барлық компоненттері бір сәтте өмір сүріп жатқан постмодернистік коллаж. Коллаждағы оқиғалардың орнын алмастыра беруге болады — нәтиже біреу-ақ. Ал енді бұндай структура (егер структура деп айтуға келсе) нендей мағына береді, соны түсіндіруге тырысайық.
Әрине, оқиға жүйесіз, бейберекет дегенде, біз шығарманың жүйелік ерекшелігін ғана айттық. Түптеп келгенде шығарма жастардың арасындағы шытырман қатынас, тығырыққа тірелген күй, кейіпкердің біреуінің өлімін суреттейді. Алайда, осы коллаж арқылы, автор, бір сәтте кешегі күнде де, бүгінгі күнде де өмір сүрген, дәлірек айтқанда, қай уақытта өмір сүріп жатқанын білмейтін, рухани бағыт-бағдардан жаңыла бастаған бүгінгі жастардың ішкі дүниесін бейнелеуге тырысқан.
Мысалға, бүндай әрі-сәрі күй Талғат Кеңесбайдың жоғарыда аты аталған шығармасында да бар. Бірақ Талғатта оқиға өзінің бірізділігінен жаңылмайды, жаңа мазмұн бұрынғы классикалық сюжеттің сорабынан табылып отырады. Ал Дидарда сюжет қана емес, тұтастай форма емес — Сөздің, сөйлемнің ішкі қүрылымы бұзылған.
Естеріңізге сала кетейін, сөздің түп негізін бұзу, ХХ-шы ғасырдың басында Петербург символистері бастаған үрдіс болатын. Осы үрдістен кейіннен модернизм туындағанын білеміз. Яғни, Дидар, адам санасы өзінің ең кіші бөлшегінде қалай бүзыла бастаған, міне, осыны бейнелеуге тырысқан. Осы жерде, қазақ әдебиетіндегі консерваторлардың көңіліне келсе де айтайын, біздің тіліміз ескірген. Мен бұл жерде біздің күнделікті керегімізде жүрген сөйлеу тілін, қазақтың байырғы дархан тілін айтып отырған жоқпын. Ол тіл ешқашан ескірмейді. Жасырын, жаңғырып тұра береді. Мен қазақ өнерінің бейнелеу тілінің ескіргендігін айтып отырмын. Және бұл жалғыз Дидардың, немесе менің ғана пікірім емес. Қазақтың алдыңғы қатарлы қаламгерлерінің көбі бүны сезеді, өзара етене әңгіме үстінде айтып та қалады. Алайда, қазақ жазушыларының арасында әлдебір үнсіз келісім бар сияқты. Ешкім де бейнелеу тілдің ескіргенін ашық айтпайды. Жоғарыда, экспериментке жол беруіміз керек дегенде, мен осыған меңзеп едім.
«Қоңыр қаз» — Айгүл Кемелбаеваның ең үздік шығармасы. Туғаннан қамкөңіл кішкентай қыз сурет салғанды ұнатады. Және тек қаздың суретін салады. Ақыр соңында қыздың арқасынан қанат өсіп шығып аспанға үшып кетеді. Әңгіме, «адам бұрын періште болған», «адам әзәзілдің айтқанына еріп жерге түскен періште» («все люди раньше были ангелами», «человек — это падший ангел») деген, Інжілден бұрын болған әфсаналардың бірінен алынған ізгі идеяға құрылған. Шығарма, тұтастай алғанда, бүгінгі адам әлі адамның толық тұлғасы емес екенін, адам, түптеп келгенде періште нәсілінен екенін қайыра айтатын «еске салу әңгіме» (рассказ-напоминание») болып табылады. Әңгімедегі қанатты қыз Адамзаттың көне мекені, шыққан тегі — Періштелер еліне қайтып кетеді.
Айгүл стилистік ізденістерге бара қоймайтын, дәстүр аңғарындағы жазушы. Аталмыш әңгіменің несі жаңалық деген сауалға, концепциясы жаңа деп жауап қайтарар едім. Аңыздық сарында осылайша жазып шығу, осындай үлкен пайымға бару, жазушыдан үлкен қабілет талап етеді. Айгүлдің бір ғана міні — тілінің салақтығы. Әңгімені оқып отырып байқағаным, Айгүл үшін ең басты нәрсе — идеяны айтып жеткізу. Ойында концепцияны ғана ұстап отырғандықтан, тілдік, ол айналып келгенде стильдік селкеуліктерге назар да аудармайды. Стильдік кемістіктің орнын темпераментпен, шын көңілімен, сөздің шынайылығымен толтырады. Қысқасы, білгенінше, қабілетінің жеткенінше жазады. Бірақ бәрібір, концепция тұрғысынан болса да, аталмыш әңгіме әдебиетіміз үшін жаңалық деп атауға тұрарлық шығарма. Біз бүл шағын мақаламызда, жазу мөнері бір-біріне ұқсамайтын, түрлі тақырыпта, түрлі стильде жазатын бес жазушының шығармаларын тілге тиек еттік. Әрине, бір мақала төңірегінде бүкіл қазақ әдебиетінің бүгінгі күй-жайын айтып беру мүмкін емес. Біз тек жастар мен жасамыс ұрпақтың прозасын, оның ішіндегі айтуға тұрарлық үнамды үрдістер мен нышандарды ғана сөз еттік.
Қазақ әдебиеті қанатын енді ғана керіп, бүрынғы жеткен құзыр шыңның басынан алыс, бүдан да алыс, бүдан да биік көкжиектерге көз тігіп отыр. Дүниеге жаңа ұрпақ келді. Олар алдыңғы толқын, аға ұрпақтың ісін ары қарай жалғастырмақ ниетте. Бүгінгі лебіз сол келешекке, жақсы болашаққа қосқан азғантай ғана жақсы сөз, жарым ырыс еді.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ



Ұқсас тақырыптар