Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ: АЛПАР

1.jpg

әңгіме


Екі арыстан жабылса – дәуді өлтірер.

Шал ақын


Саумал шапаққа малынып бозамықтанған шөптің басы кенет жан біткендей тербелді. Лүп етіп жел есті. Жылы леп. Жаңбырлы маусымдағы күннің ызғарлы зәрі сынған. Боқырауында бозамыққа айналған шөптің түбінде нәлі бар. Ол – тіршілік нәрі.

Таң енді атып келеді. Жыртылып айрылған хайуанға толы жыныс – тып-тыныш. Ішкі сарайыңды саңғыратып ашып жіберер ауасы да тып-тымық. Рауанданған дүние. Қалтыраңдап анау жерден қозықайдың талдырмаш тұрқы байқалды. Ар жағында қарауытып енесінің сұлбасы білінеді. Әсем табиғат. Зәуде жүрегіңді түршіктіріп әлденәрсе өкірді. Кәдімгі шабынған бұқаның өкіргеніне ұқсас. Кейде бураның айбат шеккеніндегі шамырқанған үніне үйлес. «Ұң-ң, ұ-ұ-ң-ң». Қарлығыңқы, құмығыңқы, шолақ. Бірақ, дамылсыз. Біртін-біртін зорая түсетіндей. 

Жаңағы маралдың сұлбасы ізім-ғайым. 

Сәт сайын күн сүйемдеп көтеріліп, дүние жасана керіледі. Жасанған әлемді айбынды үн алып барады.

Бұл – Қаражалдың аң патшасы екені қаперінен шықпай, төңірегін тітіренте ақырғаны. Әдеттегіден төтенше беймазданатыны – мияты жоқ жалғанның опасыздығын айқын ұғынды. Бес күндік ғұмырдың бәрі бәтуасыз, тағдырдың бұлтармас ақиқаты – баянсыздық екенін хайуандық түйсігімен топшылағанда, онысыз да запыран бөккен өзегі удай ашып жөнеледі. Бірақ, жігері майырылатындай түйткілге түтілгенімен, тірі тұрып, табаны күректей он екі жыл дәуірін жүргізген отанына бәзбіреулердің иелік етуіне мұрсат берер емес. 

Кешегі сары бауыр мен алтын жағалдың азуы қабырғасын ырсита тілгенімен, бүгін ол бәтірлерді ту-талақай етіп, біржола көзін жоюға бекінген. Сондықтан шолпан туысымен өзін-өзі жаратып, айға әлденеше шапты. Байызы қашып, әлдебір жат өлкелік жанкештілерді жәукемдемей, тағат табар көрінбейді. Содан, өзегінен жалын ата дамылсыз ақырып, айдаладан айбаты мен қаһарын төгеді. 

Олардың бой салып ұзап кетпей, дәл іргесіне түнемелге қоңсылас жатқанын айбынының қайтқанындай ұғып, түнімен қорланды. Алпардағы кез-келген хайуан Қаражалмен бетпе-бет тоқайласпақ түгілі, қарасын көрсетуден қаймығатын. Зау арланның қаптағайдай қайраты мен үрейді үйірер сұсы сонадайдан дәтіңді алады. Атан түйедей жабайы бұқаларды Қаражал жалғыз өзі жәукемдейтін. Енді, міне, қайдан шыққаны белгісіз, қос сәурік арыстан тұтқиылдан тап келді. Мақсаттары – мұның көзін жойып, бауырындағы баласы мен үрім-бұтағын өргізіп отырған қаншырларын иемденіп қалмақ. Айдынын асырған алпар-мекенін екібастан. Бұған тірі тұрып Қаражал көнсін бе?

Оны дәл қазір жетелеп, қақпақылаған – осындай лап етіп тұтанып, өшін алмай өшпейтін алау өкірештігі.

***

... Сылаңның құрсағы қабырғасына жабысқанына үшінші тәулік. Аңшылыққа төселген әбден жырындыға айналса да ауыздың салымы құрығаннан кейін, нәсібіне қарай ештеме ұшқаспайды екен. Бәрінен бұрын өзегі талып, шіңкілдей шыжбақтаған сарымықтарына ет бауыры езіліп барады. Қызыл өңештен ештеме өтпеген соң, сәл томпайған желінінің ұшы қатқан мейіздей қуарған да қалған. Ұзақты күнге сабылып ордасына оралғанда бауырын енді көтеріп жыбырлаған үрпекбастары омырауына кіреді. Қанша мейірін төгіп исінейін дегенімен, тамшыдай ақтық білінсеші. Таңдайларына талғажау етер ештеме тамбаған соң шөнжіктер қыңсылап жылай береді. Олардың аянышты үні шарасыз бейшараның жүйкесін қуырады. Содан соң амалсыз тағы кетеді. Қас қылғандай жалғыз мұның ғана емес, үйірдегі өңге қаншырлардың да тырнағына дәл осы жұмада дәнеңе ілінбеді. Өйткені, әр маусымның жағдайына орай шөпқоректілер өрісін ауыстырып отыратын. Мынау сол талма тұстың өзі. Ми батпақты мекендейтін мысық тектестердің тағдырдың тезіне ұшырайтын кезі.

Бұрлығып әлсіресе де, дәтке қуат етіп ілгері ұмтылды. Сырт айналған шуақты сәт қайта бұған бетін бұрмайтындай. Әйтсе де күйректік таныту – арыстан тұқымына жат. Несібесінің таусылмағанына сенімді. Тек аз ғана күндік сәтсіздік иектеген. 

Артық дыбыс шығармай жымып басады. Қамшының өріміндей арам еті жоқ жұмыр денесі кез-келген сойқанға әзір, қыл бабында екенін білдіреді. Әрі сүйек пен буынының бәрі көк шыбықтай солқылдақ, қалай бұрса солай майысатын қалайыдай. Бұлшық еттері серпіліп кетсе, арқан бойындай жерге атып жіберетін әлеуетке ие. Бойында осынша құдыреті бола тұра басын сәл тұқыртып бұқпантайлап, айналаны көзінің астымен шолады. Кейде аузын болмашы ашып, алыстан тың алып іркіледі. Ондайда құлақтарының ұшы ішіне қарай майысады. Қап-қара танауына таман тұмсығына біткен селдір қылдың қайраттылығы сонша – ескен желге де дір етпейді. Сықсима жанары терең шүңіректен білінер-білінбес. Бірақ ол үнемі қызыл-қоңыр бояуға малынады да тұрады. 

Қаңғалақтап, лақсаға ұшыраған оның көз қиығына бір қара ноқат шалынды. Заматында төсін жерге төсеп, майсаға бұқпантайлай берді. Асықпай бажайламақ. Тұтам сақалы желбіреген бөжбан. Ол жападан-жалғыз бұлай жүрмеуі тиіс. Табыннан айырылып қалуына себеп – не дімкәстігі, не алланың әдейі алжастырғаны. 

Жер бауырлап ілгері жылжыды. Үзеңгіні қағатын ши-қияқ Сылаңды жасырып-ақ бақты. Назарын сақалды мақұлықтан ажыратпаған қалпы жымып басады. Аралары сәт сайын қысқарды. Міне, құрық тастам жерден, құмырсқаның илеуінің тасасынан баспалай қарады. Соңғы мәрте жағдайды мұқият екшемек. Содан кейін оқша атылмақ. 

Не сиыр емес, не жылқыға ұқсамайтын тағы бір әбілеттің таянғанын аңдады ма, бұл жаққа қос құлағын едірейте үңілді. Мұнысы – туа бітті сақтығы. Әйтпесе, қауіпті дәл өкпе тұсынан күте қоймаған. 

***

Арыстан атаулының ерекшелігі – атамекенін басқа аймаққа айырбастамайды. Әлімжеттік жасап, бөгде жымды дәргейіне қаратып алуы әбден мүмкін. Ал қарау пиғылдағы басқыншыларға әлі жеткенше тойтарыс беріп бағады. 

Қаражал бір кезде өзі де майдан алаңына шығып, қызыл жоса болып төбелескенін қаперлемеді. Өгізге туған күн бұзауға да туып, қияметтің құламасына таянғанын аңдамады. Әлі де қарақан басын сол өңірге әмірін жүргізген әлеуетті күш ретінде сезінді. Қара күш пен алты қарыс азу мына дүниені тітірентіп, тірі тұрғанында ешкім қарсы келмейтіндей. Өйткені, жымындағы алпауыттарынан бірде-біреуі бұған көзін алартқан емес. Қыршынынан қиылған олжаға бұл бас қоймай, ешқайсысы батылы барып қомағайлықпен аранын ашпайды. Енді бағының шын тайғаны ма, әлде ат шаптырымнан білінетін айбыны қайтқаны ма, қаңғыбас екеудің тайынбай атырылғаны осыны аңғартады.

... Кеше үшеуі сілесі қата ұзақ шайқасты. Қаражал бірін шаптан алып көтеріп айналдыра лақтырып жіберсе, әлгінде допша домалап кеткен екіншісі тарпа бас салады. Оны желкеден бүріп, жеті насырын жерге кіргізуге таянғанда, қатер қайта өзіне төнеді. Астындағы сары бауырды сілки нығарлап мейлінше тұқшитады да, алтын жағалға атырылады. Артқы қос аяққа тұрып, төс түйістіре келіп қалған оны түйе табанымен жақтан қонжитады. Тегеурінді жұдырықтың сойқанына шыдамай ол, құйын көтерген жалшының далбайындай шыр көбелек айналады. 

Осы аралықта мойыны үзіле жаздаған сары бауыр есін жиып, бұған өлермендікпен, өшпенділікпен ұмтылады. Бұл жолы қарсыласы ұзағырақ тіресіп, апандай ауызды денеге дарытпай тірмізіктенді. Сол заматта Қаражалдың шоқтығына бір әбілет жабыса кетті. Тырнақтың шеңгелі мен теседей тістің сойынан қашып, қос аяғына түрегеп тұрған арыслан сырт айналды. Бірақ қабырғасын түрендей тегеурінді әлеует сойды да тастады. Дыз етіп болымсыз ғана жанына батқаны болмаса, бәлендей ауырсынбады. Шамырқанған ашу буып, қарсы алдындағы сары бауырдың көзін ала сояу тырнақты салған. Қате тиіп, көзге дарымай езуін айырып жіберді. Қан бұрқ ете қалды. Жанына батты ма, ол қашқалақтап, босаңдық танытты. 

Әйткенмен айқұлақтанған алтын жағал тағы да төпеп, ұрымтал тұстан таянған-тын. Қаражал атырылып аспанға шапшып, осы мәуіртте құйындатып тура астына дөп келген дұшпанның желкесіне міне кетті. Арандай ашылған ауыз алқымнан алды. Қаңғыбастың мойыны бұрылмай, балпанақтай аяқ-қолмен тебінумен, тырбанумен ғана шектелді. Енді болмағанда әуселесі тынып-ақ еді. Сары бауыр есіріктенген күйі кеп, Қаражалдың тақыр шабына тісті көміп жіберді. Амалсыз табанында жұмарлағанын жібере сап, мына жанкештінің жуан желкесінен бүріп, әп дегенше әңгелек қақтырды.

Жаны мұрынының ұшына тақалған алтын жағал босанысымен жалма-жан лаға безді. Мұны сезген сары бауыр бастапқыдай мадиықсынбай, қаша соғысты. Енді ашынған арысланның уысына іліксе тірі шықпайтынын білді. Сосын суси сытылып, табанын жалтыратқан сыңарының соңынан құйын-перен жүйтки жөнелді. 

Әбден сілікпеге айналған кәрі сүйек соңынан түре қуғанымен, жете алмады. Бір-екі арбаңдап жүгірді, онысынан дәнеңе өнбеді. Өкпесі қағып, шабысы бәсеңдей берді. Сосын, «осы беттеріңмен енді қайтып оралмассыңдар» деген ойға малданып, өзін қысауды доғарды.

Ілгерінді-кейінді кетіп, тілі салақтаған күйі жымына оралды. Бірақ жаны қарақанға таянғанда өзіне болыспаған кіндіктестеріне не қаншырларға кінә таға алмады. Өйткені онда өкпе-наз айтар түйсік жоқ еді. Ал күншіл ағайынның айқасқа әдейі араласпай қоюға ақылы жетті. Қаражалдан құтылса, оп-оңай жымды өздері басып қалатындай, алпарды өздеріне қарататындай топшылады. 

Әйтсе де ұрғашылардың көкейінде қандай ой жатқанын олар да бажайлауға дәрменсіз... 

***

Сылаңның бүгінгі әккілігі дәл әдеттегідей, айнымай қайталанды. Жер астынан шыққандай атырылып барып, бөжбанды алқымнан ала омақаса құлады. Азуы діттеген қыл тамаққа ілінді. Енді жаны барда одан айырыла қоймас. Қожыр неменің ышқына тұяғын сермегенімен, тұрып кетуге дәрмені шамалы. Танауы пыс-пыс етіп, жандалбас бұлқынады. Бір сәт үні көмекейінен үздіге шығып, бақырып жіберді. Көзі шатынап, дүние айналып жүре берді. 

Қаншыр шойындай басын жұлқа шайқағаны сол еді, сиыр тектес мақұлықтың көмекейімен қоса кеңірдегін суырып алды. Асығыс қарбытып асады. 

Дәл жанынан қарауытқан бірдеме зу етіп өтіп, ысылдаған дыбыс білінді. Қанның исін көкте жүріп, отыз шақырымдай ауқымнан сезетін тазқара екенін тусыртымен аңғарды. Ол құрық тастам жерге қонды. Ізінше екіншісі, үшіншісі қанатын туырылықтай жайып сорғалап түсіп жатыр. Әп сәтте қара-құрымға айналып, төңіректі даңғаза шуға ұластырды. 

Қанаттылардың ар жағын алып қорқау қасқырлар иектеді. Әудем жердегі жыныстың арасынан шибөрі құлағын қалқайта назар тігіп, дәміл-дәміл езуін жалады. Әуеде қалықтап иә қонарын, иә қонбасын білмей сарпылтақ жүр. Сонадайдан өңкілдей шауып арыстанның жініккен жымы келіп қалды. Олар жолындағы тазқараны шабуылдай тапап, ауаны арс-арс қабады. Қанаты далбақтап арам құс сәл көтеріліп, біржола ұшып кетпей, құлқынның құлына оп-оңай айналады. 

Алпауыттың дыбысы білінісімен-ақ қорқаулар құйрығын борбайына қысып, безе жөнелген. Алайда олар да шыбын-шіркей жоғалмай, әудем жер ұзап барып, соңына қарайлаған.

Әшейінде бір жымның ішіндегі тату-тәтті арыстандар әп-сәтте өзгерді. Өлексеге көзі қызыққан немелер арс-арс, ыр-ыр етіп бір-бірімен шайнасып қалады. Қаражал ешкімді жолатқысы жоқ. Бірақ Сылаңды қуаламады. Жас қаншыр талай мастықтың уытына бөлегені жадында. Әйткенмен анталаған топтың адуындылығынан ба, әлде «осы жегенімді бойыма сіңірсем жетеді» деді ме, бәлкім қорғансыз саршаларына алаңдады ма, құйымыр ұрғашы ақырын жылыстап, олжадан қағыла берді.

Арыстан абалақ сияқты ін қазбайды. Сарыұлпалары да өздері мекен еткен жыныста жықпыл-жықпылда жүре береді. Енді Сылаң кішкентай бөбектеріне асықты. Қапияда олардың үстінен ұзыннан өші бар қорқаулар дөп түссе, жеп кетеді. Қысқадан кегі бар енекелер ұшырасса дағарадай мүйіздеріне іліп, тонна салмағымен жермен-жексен таптайды да жөнейді. 

Домаланған сарымықтарына қарай жүдемдете жүрді. Білінер-білінбес желінінің ұшындағы мейіздей қатқан бөбешігі де дертіп, тыз-тыз ететіндей.

***

Қаражалдың дәуірін жүргізгеніне тура он екі жыл. Оның әдеттегі арыстаннан айырмашылығы ұсқынында. Қазандай басы бітеу мойнымен жалғасып, жайылған алашадай кең омырауға ұласады. Атанның жілігіндей жуан сүйектері пошымын тым айбаттандырып көрсетеді. Арбиған шықшытын айнала көмкерген құж-құж жал мен шуда башпайына дейін салбырайды. Одан ары қарай төсті бойлай ұйысқан жабағы жүн бауырды тарта үрпіні қапқан. Ал қарақұстан ала басталған жал шоқтығына дейін барып, тақыр қолтықты қуалай салпыңқы төске құлаған. Және әдеттегіге ұқсамай қап-қара боп біткен. Көрген көзге бірден тап салар білеу-білеу тықыр денесі жездей қызыл. Қолмен сызғандай қара жолақ шоқтықтан тарта омыртқаның үстімен жүріп, құймышақты баса құйрыққа ұласқан. Иірленген құйрығының ұшында бір шоқ қап-қара қылы бар. 

Кепердей аузы салпиып, арбиған тұрқы анадайдан ақылыңнан алжастырады. Алп-алп басқан жүрісі қарадай үрейіңді ұшырады. 

Маң даланы мысымен иліктірген қаһармандық ұрғашы атаулының құмарлық құртын қоздыратын. Әрі кескінінде оспадар оқшаулық қана емес, бойында дүлей қара күштің отаны бар. Шаңырақ мүйіз енекені азуына ілінсе дедек қақтыратын. Ағаштың үстінен пілге секіріп, таудай мақұлықтың құламайынша жотасынан түспейтін. Ақыры алып тынатын.

Осындай әлеуетті Қаражал отызға тарта қаншырды емін-еркін жайлап, мамыражай күй кешіп жатты. Соңғы жылдары алпарының аумағын белгілеп, саритынды шығарды. Оған дейін мұндай қылығы жоқ еді. Кім келсе де жайратып тастап қарап тұратын. Қашып құтылғандары қайта бұл жаққа аттап баспайтын. 

Қағанаттағы осы қағида кешеден бері бұзылды. Шырқын алып, қаңғыбас қос арыстан тап болды. Әптігін басып, таңын айырмаса іргеден ауалай ысылдап, зықысын қашырды. 

– Ұң-ң! Ар-р! – Ашулы қалпы қос бүйірі соға ырылдай айбат шекті. Айбаттанатын, қатуланатын уақыт туғандай. Ең қатерлі жыртқыш – адамнан да, оның қолы жасаған құбыжық темірден де кезінде селт етпеген.

... Сол күні әдеттегісінен жайырақ, майсадан бауырын көтерген. Мамыражай төгілген шуаққа малшынып, марғау қалпы балпаң-балпаң етеді. Мынау хайуанның неше атасы кездесетін таңғажайып аймақта арыстан үшін бір бағытты көздеп жүру – күнә. Аяғын қалай көссе де өз еркі, қалай алшаңдаймын десе де жарасымды.

Сондай қаперсіз қалпы қалың жыныстан шыға келген, көзінің қиығына кездейсоқ «дүние» ілікті. Өмірі көрмеген бәлесі. Арбиған қорап. Ішінде әлденәрсе қозғалатындай. Таңырқаған қалпы маңқиып қарап тұрды. Өйткені, көзін ашқалы бұл тайынатын, именетін нәрсені көрген жоқ. Білмейді. Әрі-беріден кейін қорқу, үрейлену сезімін басынан ешқашан өткермеген. Туғаннан тәуелсіз. 

Енді сол тәуелсіздігіне бүгінде көлеңке түскендей.

Өзіне қарсы беймәлім екеу келе жатты. Аршындай желеді. Онша ұйыса бітпеген селдір шудалары мен жалы өмірдің әлі ыдығы мен қыдығын біле қоймаған албырт екендерін аңғартады. Әйткенмен дүниеқоңыздылыққа ұрынғандықтан балғындығы ызбарлы мысаның астында қалған. Құйрықтарын шиыршықтап, енді шоқыта жөнелді. 

Бұлардың кешегі алтын жағал мен сары бауыр екенін арыслан тап басып таныды. Ызадан жанары қызыл-күрең реңге боялып, пілдей тұлғасына жараспайтын сығыр көзіндегі тарыдай қарашықтары болмашы ноқаттанады. 

Қаражал оларға күндей күркіреп, қарсы атырылды. Соңынан бір-екі қаншыр да қосарлана шапты. Келе алдындағы қаңғыбас арыстанмен шайнаса кетті. Бірақ азу тісі оның денесіне еркін дарымай, тікесінен тік тұрған екеуі дүрдиген табандарымен жақтарынан салып-салып жіберісті. Сосын екпіндерімен екі жаққа жаңқаша қаңғалақ қақты. Қаражал орнынан оңшалып, көтерілем дегенше қаңғыбастың екіншісі тау құлатарлық екпінмен үстіне қонжиды. Сол заматта бастапқы ілініскен бұла да бұған қайта атылды. Ендігі пәрмені перен еді. Азу тісті дәрмені шамалы, шарасы аз Қаражалдың алқымына көміп жіберіп, әлжуаз жер – талма тұстың тамырын үзе бұтарлата сығымдады. Арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде деген осы. Шыбын жаны шырқырап, бір демде әлдеқайдағы сөлкекпайлардың қанжығасына Қаражал басы байланып кете барды. 

Әп-сәтте қуаты тасыған балғындар кергіге ала жөнелді. Мұны көрген қаншырлардың пәрмені басылып, шоқақтай шапқанымен шындап бой сала қойған жоқ. Үйме-жүйме үшеудің қасынан арс-арс етіп ауаны қауып, өте шықты. Сойы тістің әлінен шабы айырылған арыстарына жәрдемдесуге құлықсыздық танытты. Қыңсылап жер тарпып, айналсоқтап жүріп алды. 

Бұл заматта арысланның талыс терісі қанжар азудың қидасына әбден түскен еді. 

Арыстан болмысының табиғаты ұғымға жат. Махаббат маусымында ғана болмаса, еркек кіндіктілері өз беттерінше оқшау тұрмыс кешеді. Ал қаншырлары шөнжіктерімен бөлек күнелтеді. Әйткенмен іргелері онша алыста болмайды. Қаншырлар сарымығын да, арланын да асырайды. Ұрғашылар тобы аңсақ. Ұзақты күнге соңына түсіп бір нәрсені құлатса, жылы-жұмсаққа еріні тиер-тиместе еркегі езуінен жырып әкетіп бара жатады. Жалпы кез-келгені әлденені бас салса, басқалары сау етіп жетіп келеді. Жай келмей, тапқан олжасын ханталапай жасайды. Мұндайда шудасы башпайына салбыраған дөкірлерінің дайын асқа тік қасық танытатын ожар мінезі анық көрінеді. Өздері аңшылыққа епсіз. 

Көздеріне қан құйылып, шыбығы сыздайтын жөйіттердің қарақан басын қатерге тігетін кезі де, қыркүйегінің асқынған шағында. Олар басқа жымнан, жат аумақтан ішін тарта өңкілдеп жетеді. Сезім иектейтін сәуір не бағын жандырады, не біржола сағын сындырады. Кейде қыршынынан қияды. Ал мына екеуінің тасы өрге домалады, ми батпақ алпардағы арыстан патшалығының билігі емін-еркін тиді. 

Қаңғыбас сәуріктер ұйысқан жымның шақ-шәлекейін шығарып, ұрғашысына қарамай ығына көнбегендердің бәрін талады. Еркек кіндіктілерді екібастан өлтіріп, өлтірмегенін тентіретіп, құйтақандай саршаларды желкеден бүріп лақтыра берді. Қайткенде де Қаражалдан тұяқ қалдырмауға бейіл. Сәл буыны бекігендері ащы тырнақтың шеңгеліне ілінгілері келмей, өздері қашып жоғалды.   

Қорқау мен енекеден сарымығын жанын сала қорғаштаған Сылаң мына екеуінің азуынан арашаламады. Бауырын енді көтерген мысықтай немелерді қаныпезерлер белуарынан қақ бөлгенде де қыңқ демеді. Қайта көңілдің құртын қаңғыбастарға бастырып алғысы келгендей ыр-р етіп аша тісін ақситты. Бірақ, бұл айбат шегіп ырылдау емес еді. Көлгірсуге көбірек ұқсайды.

Дәл осындай табансыздық қылықты өңге қаншырлар да айнытпай танытты. Ата мекенін тастап босып кеткен шөнжіктеріне қабырғалары қайысар емес. Олардың қандай күйге ұшырайтындары, екі жасқа дейін өз беттерінше тамақ тауып жей алмайтындары енелерінің қаперіне кірмейді. 

Бөбектердің дені 4-5 айлық. Бөгде жымның жөйіттеріне тап келіп, қыршынынан қиылар. Не қаңғып жүріп жетіліп, басқа бір аумақтағы арыстанның жымына дәл мына екеуі сияқты тұтқиылдан шабуыл жасап, иелік етер. Ендігі тағдыр пешенеге жазғанын көрсетеді. Қаншырдың аналық махаббаты осы жерден үзілді. Арыслан құмның, қаншыр жымның иесі еді. Енді, бәденіне кімнің баласы байланса – соған өбектейді. Ол Қаражал емес, алтын жағалдың ұрпағы болуы әбден мүмкін. 


***


Әудем жерде тазқаралардың сұңқылы естіледі. Оларға арс-арс етіп қорқаулар айбат шегеді. Шамына тигендіктен бе, тіпті тырағайлатып тұра кеп қуады. Әккі жырындылар алдыра қоймайды. Қанатын сабалап әуеге көтеріледі де, қан-жынды қимаған құлқын қайта жерге тартады. Қатер де табанның астында. Сонда да қабаттасып, өлімші немелер өлексеге ұмтылады. 

Біраздан соң арбиған сүйек пен тоқымдай ғана қара қиынды қалды. Оған жымып басып шибөрі таянды. 

... Айналаны батар күннің шапағына бөлеген қызыліңір иектеді.

Алыстан арыстан ақырды. Алтын жағалдың үні сыңайлы. Енді оның дәуірі қанша уақытқа созылатыны бір алланың қолында. Бәлкім, босып кеткен Қаражалдың ұрпағы күндердің-күнінде өз жымын келімсектерден қайта қайырар... 

Әлдеқайдан сарымық қыңсылады. Бауырын жерден енді көтерген бейшара пана іздейді. 

Оның үні қорқаулардың құлағына талып жетті. 

Шөнжіктің шарасыз халіне мойын бұрар Сылаңның сиқы жоқ еді...


2008 жылғы наурыз.



Ұқсас тақырыптар