Астана әлем ақындарының көзімен

3.jpg

Кеше  елордада Астананың 20 жылдығы құрметіне «Ақ ордалы Астана» атты халықаралық поэзия кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Шығармашылық кешке танымал отандық ақындармен қатар шетелдіктер де қатысты. Атап айтқанда, Финляндиялық ақын, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, ақын, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю, француз жазушысы, публицист және аудармашы, прозашы Тьерри Мариньяк, ақын, баспагер, суретші Малгожата Махлевская, ақын, баспагер Гагик Давтян, ақын Любовь Красавина, ақын, прозашы, сыншы, «Литературная газета» басылымының бас редакторы Максим Замшев, ақын Сергей Мнацаканян және ақын, аудармашы Михаил Синельников қатысты.

Поэзия кешіне қатысудың негізгі шартына сәйкес ақындар Астана, Қазақстан немесе Елбасы туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған, сондай-ақ БҰҰ бекіткен ресми тілдерде шығарылған авторлық өлең жолдарын оқыды.

«Бүгін қазақ әдебиеті үшін айтулы күн. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай әлем ақындарының қатысуымен халықаралық поэзия кеші өз жұмысын бастады. Айтулы іс-шараға алыс та жақын елдерден келген ақындар және отандық әдебиет әлемінің майталмандары, бүгінгінің ақиық ақындары Астанаға өлең арнап, Қазақ елі жайлы қалам тербеп жатыр», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Іс-шара барысында  сонымен қатар, «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Аталған жинақта қаланың тарихы, оның ерекше мәдени құндылықтары туралы шығармалар жарияланған.



Ұқсас тақырыптар