Борхес. УАҚЫТ

4.jpg

Ницше үшін Гете мен Шиллерді салыстыру барып тұрған жөнсіздік болып саналыпты. Əне сол секілді, біздің ойымызша уақыт пен кеңістікті салыстыру қателік есептеледі, себебі, адамдардың санасы кеңістіктен ырықсыз күйде ажырап қалуы мүмкін де, ал уақыттан титтей де бөлініп қалуы мүмкін емес.

Қане, ойланып көрелік. Бізде тек бір ғана сезу түйсігі бар делік. Бесеу деп ойлай көрмеңіз. Бұл бар сезу түйсігі тыңдау қызметін атқарсын, осылайша көруге болатын әлем ғайып болады. Былайша айтқанда, шет-шегі белгісіз аспан әлемі, жұлдыздар мен жұлдыз шоғырлары бәрі-бәрі жоқ болып шықты. Теріміздің сезу түйсігі де заттардың бұдырлығын, жылмағайлығын, қалың-жұқалығын сипау арқылы ұғу қабілетінен айырылды. Іле-шала дәм сезуден де қалғанымызды түсінеміз: ненің дәмді, ненің дәмсіз, ненің сасық, ненің хош иісті екенін білу мүмкін болмайды. Қалғаны тек тыңдау түйсігі ғана. Біз, бәлкім, мұндай жағдайда кеңістікті қажетсіне қоймаймыз. Бұл енді бір жекелік әлемге айналады. Ал мұндай жекелік әлемдерді санау бос әурешілік, санына жете алуымыз екіталай. Бұл жекелік әлемдер тек тіл арқылы бір-бірімен байланыс жасайды. Мұндағы байланыс тілін біз бірден өзімізге жақын қайсыбір тілге ұқсата беруімізге болады немесе ең күрделі деген әлдебір тілге ұқсатуымызға да болады.  Бұл бір музыка әуені арқылы бейнеленетін тіл болуы да ғажап емес. Былайша айтқанда, біз тек таным мен музыкадан өзге ештеңе де жоқ әлемде тіршілік құрып жатамыз. Осы арада, әлдебіреулер музыка аспабы болуы мүмкін ғой дейтін уәж айтатын шығар, алайда, музыка сөзсіз музыка аспабын қажет етеді деу жаңсақ түсінік болар еді. Музыка аспабы тек әуен тудыруға көмектесетін бір себеп қана, егер біздің миымызда анадай, яки, мынадай бір ырғақ туындайтын болса, онда бұл ырғақты біз ешқандай да күйсандықсыз да, скрипкасыз да, сырнайсыз да…қиял арқылы ойнай беруімізге әбден болады.

Осылайша, біз қазіргі дүние іспетті күрделі бір әлемді – жекелеген танымдар мен музыкадан құралған әлемді барлыққа келтірдік. Шопенгауер айтпақшы: «Музыка біздің әлем үшін ешқандай бір қосымша сипаттағы нәрсе емес, музыка – ол өзі бір әлем». Сосын, бұл әлемімізде біз уақыттың тоқтаусыз жалғаса беретіндігі себепті ешқашан да уақытпен қарым-қатынасымызды  жоғалтпаймыз. Енді мен өзімді қиялдап көрейін, сіздер де солай, жеке-жеке қап-қараңғы бөлмелерде қалғандай күйге ұшыраймыз. Сөйтіп, көруге болатын дүние ізім-ғайым ғайып болады, іле-шала тәніңіз де жоғалады. Қанша қайталап сезінуге ұмтылсақ та тәніміздің бар екенін сезінуден бір жола мәһрүм қаламыз. Мәселен, мен әдетте саусақтарым арқылы үстелді сипап көремін де, үстелдің де, саусақтарымның да бар екендігін сезе аламын. Десе де, сол аралықта әлденеше істер туып үлгереді. Бәлкім, сезіну, бәлкім, аңғару, әлде еске алу немесе қиял. Қалай да, бір істердің туғаны анық. Осы сәтте менің есіме Теннисонның бір әдемі өлең тармақтары түсе кетті. Оның алғашқы кездері жазған өлеңінің бір жолы мынадай болатын: «Ағады түннің төсінде, рауан-сәуле сырғанап». Бұл өте эстетикаға бай ойлам, жұрт тәтті ұйқы құшағында манаурап жатқанда, рауан-сәуле бұлақтай бұратылып сырғанап бара жатады. Тамаша салыстыру болғанында гәп жоқ. Егіндік басында ма, жер асты үңгірлерінде ме, кеңістікте ме? Жұлдыз шоғырларының арасында ма…әйтеуір, ағып бара жатады.

Бұдан біз уақыттың негізгі түйін екенін байқаймыз. Ал уақытты ешқашан да артқа қайтара алмасымыз анық, соған ілесе, біздің таным-түсініктеріміз де тоқтаусыз түрде бұрылыс жасап отырады. Үзіліп, тоқырап қалудан құлан таза дейтініміз міне осы уақыт. Мен Бергсонның мына бір сөзіне күмәнсіз сенемін: «Уақыт метафизиканың бастапқы қадамдағы негізгі мәселесі. Бұл түйіншек шешілсе болды, қалған мәселелердің арқауы рет-ретімен оп-оңай тарқатыла берер еді. «Менің қарауымша, мына дүниеде ежелден бар барлық қауіп атаулының біреуі болса да жойыла қоймапты. Мұнда біздің алаңнан арылуымыздың мәңгілік мүмкінсіздігі туралы айтып отырмын. Сондықтан, Августин айтқан мына сөзді бастан-аяқ қайталай беруіме болар еді: «Уақыт зәйірі не нәрсе? Сендер бұл сұрақты менен сұрамасаңдар, мен уақытты жақсы білемін. Ал бұл сұрақты менен сұрасаңдар, онда мен уақыт жайында дәнеңе де білмеймін».

Үш мың жылдық ойлау тарихынан соң, адамдардың уақыт туралы түсінігі тереңдей алды ма, алмады ма, бұл туралы біле бермеймін. Десе де, осынау байырғы сұрақтың бізді ұдайы лажсыз қалдырып отырғанын айтқым келеді. Осы маңға келгенде Гераклиттің өзі шексіз бостықпен жүзбе-жүз қалуға мәжбүрленеді. Оның мына әйгілі сөзін мен ұдайы қолданып жүремін: «Өзенді бір адам ешқашан да екі қайтара кеше алмайды». Неліктен бір адам бір өзенді екі қайтара кеше алмайды? Біріншіден, өзен тынымсыз ағып жатыр. Екіншіден, бұл бір метафизикалық мәселе. Ол бейне соншама киелі, соншама үрейлі принципке ұқсайды. Себебі, біздің өзіміз де ағып жатқан бір-бір өзенбіз. Ал енді бұл уақыт мәселесі, лездік мәселесі болып саналады. Жарықтың өзі ұшқан жебеге ұқсайды емес пе?! Осы араға келгенде менің есіме Никола Пуалоның өлеңдеріндегі әсем бір тармақтар түседі, «Әлдебір нәрселер қоштасты менімен, жоғалды сосын, жарық та соңынан». Менің қазіргі сәтім немесе бұрынырақтағы қазіргі сәтім әлдеқашан өтіп кетті. Бірақ, ілесе жоғалмақшы болған жарық толықтай ғайып бола алмады. Мәселен, алдыңғы жұмада мен өздеріңізбен кездесіп қайтқанмын. Ал осы арада біз бұрынғы өзіміз емеспіз, өтіп кеткен бір аптада біздің өн- бойымызда көптеген өзгерістер жүз беріп үлгерген. Бірақ, осындай жағдай бола тұрса да, біз сол баяғы өзімізбіз. Мен бұрын осында сөз сөйлегенімді, тіпті, осында әлденеге талдау жасап бірдеңелерді айтқанымды да ұмыта қойған жоқпын. Ал сіздер алдыңғы жұмада менімен бірге кеңес құрғандарыңызды жадыларыңыздан өшіре қоймаған шығарсыздар. Жалпы айтқанда, осының барлығы естеме арқылы сақталған. Естеме болса жеке тұлғаға тәуелді дүние, кең аумақтан алып қарағанда, біз өзіміздің естемелерімізден құралғанбыз. Ал естемелерге кең аумақтан зер салып байқасақ, оның ұмытулардан құралғандығын байқаймыз.

Ендігі кезекті уақыт турасындағы ойланудың жөн-жобасына берелік, бұл мәселе әлі де шешімін таба қоймаған шығар, деседе, біз осыған дейінгі ие болған жауаптарымызға қайта бастан, тыңнан зер саламыз. Ең алдымен Платон жауап берген екен, одан кейінгі кезекте Плотин тұрыпты, сосын, Аугвстин толғаныпты. Аугвстиннің жауабы адамзаттың ең көркем тапқырлығы деуге болады. Бұл пікірді мен ортаға қойып отырмын. Егер сіздер дінге сенетін болсаңыздар, онда басқаша пікірде болуларыңыз әбден мүмкін. Ал бұл ең көркем тапқырлығымыз – мәңгілік ұғымы. Ендеше, мәңгілік дегеніміз не? Мәңгілік ол біздің өткен күндеріміздің жиынтығы емес, біздің барлық өткен шағымыз. Бұл өткен шақтың қайдан, қашан басталғанын ешкім білмейді. Мәңгілік дегеніміз барлық қазіргі сәттер. Бұл қазіргі сәт барлық қалаларды, бүкіл әлемді және бүкіл жұлдыздар мен кеңістікті қамтып жатады. Мәңгілік дегеніміз келешек. Әлі жаратылмаған, бірақ бар екендігі шүбәсіз келешек.

Мистиктердің айтуынша, мәңгілік әр алуан уақыт ырғақтарының мұғжиза сипатында қайнасып, біріккен мезеті. Біз енді Плотинның жауабына зейін салып көрелік. Ол қалайда уақыт жөнінде аса терең ізденістерге барған тұлға. Оның ойынша, әлемде үш түрлі уақыт бар, үшеуі де осы шақты көрсетеді. Біріншісі дәл қазіргі шақ (сәт, мезет). Менің сөйлеп отырған мезетім немесе менің сөз сөйлеп жатқан сәтім. Кей себептермен бұл өткен шаққа да тәуелді. Екінші, өтіп кеткен осы шақ, бүкіл естемелеріміз. Үшінші, келе жатқан осы шақ, біздің қиялымызға тәуелді дүниелер, үмітіміз, күдігіміз.

Сонымен, қайта айналып ең алдымен жауап қатқан Платонның сөзіне зер салайық. Меніңше, бұл жауап үстірттеу, бейне менің осылай болса екен дейтін үмітім секілді, керемет деп санауға бола қоймайды. Оның айтуынша, уақыт – мәңгіліктің қозғалыс формасы. Сөзді бастай салғанда-ақ бірден мәңгілікті айтады, мәңгіліктің бар екендігі және оның бар болуы басқа да бар болмыстарға рефлекс жасауын ұдайы аңсайды. Лездік шексіздіктердің бар екенін дәлелдеуге шарасыз болғандықтан, сөзсіз түрде уақыттың үзіліссіз жалғасуы керек деп есептейді. Осылайша, уақыт мәңгіліктің әрекет формасына айналмақшы. Британияның әйгілі мистигі Блактің бір керемет сөзі бар-тын, егер әлемдегі барлық болмыс бізге түгелімен тәуелді болатын болса…онда болмыстың әлем кеңістігін, дүниені тіпті де зорайта түсуі күмән туғызбас еді. Егер болмыс бізге бір-ақ рет берілетін болса, біз онда жоққа шығар едік, ғайып болар едік, ажал аранына жұтылар едік. Бірақ, уақыт – мәңгіліктің бодау тілемес сыйлығы. Бізде күндіз бен түн, сағат пен минут бар. Бізде естемелер, дәл қазіргі сәттің сезімі бар болғанымен қоймай және бізде болашақ бар. Болашақ дидарының қандай екенін білуге мүмкіндігіміз жетпесе де, біздің онымен байланысымыз бар, оны сезіне аламыз.

Осының барлығы бізге үзбей беріліп отырады. Себебі біз мынадай жан төзгісіз жауапкершілікті көтеруге дәрменсізбіз, бүкіл әлемдегі арылу атаулыға бетпе-бет келе алуға қауқарымыз жеткіліксіз. Шопенгауер айтады: «Тәлейімізге жарай біздің тіршілігіміз күндіз бен түнге бөлінеді, ұйқы арқылы үзіліс жасалып отырады». Біз тәңертең төсегімізден тұрып, толықтай бір күнді өткіземіз де, кеште қайтадан ұйқыға бас қоямыз. Ал ұйқы жоқ болған болса ше? Онда өмір сүру мүмкін болмас еді, шаттық атаулыдан ләззат алу бұйырмас еді. Иә, солай. Барлық болмыс бізге бір жолда тәуелді болмайды, осынша дүниеге ие болғанымызбен, бұлар біздің меншігімізге өту үшін сан-санақсыз басқыштардан өткені белгілі.

Өмірге қайта келу ұғымы кейбір кездейсоқ ұқсастықтарға байланысты көзқарастардан туындаған. Мүмкін, дін мүриттері сенгендей біз солайша түрлі кен рудалары, түрлі өсімдіктер мен жануарлар немесе түрлі адамдардың біріне айналатын шығармыз. Бағымызға қарай, біз бұлардың жай-жапсарын білмейді екенбіз. Бағымызға қарай, біз адамдарға сеніммен қарай алады екенбіз. Егер бұлай болмағанда, барлығымыз да жаңағы аталған дүниелердің табанында жаншылып, әлдеқашан тоз-топалаңымыз шығып құрып кетер едік.

Кезекті тағы Аугвстинге берелік. Меніңше, ешбір кісі дәл Аугвстиндей уақыт мәселесі туралы, уақыттың күманға толы құпиялары жайлы терең ізденіске бара алмаған,. Оның «рухым өртеніп жатыр» - дейтін сөзі бар. Рухы неге өртенеді? Себебі, ол уақыттың мәнін білуге төтенше іңкар болған. Ол құдайдан осы жайында нышан аңғартуын сұрап сиынған. Бұл әсте бір мағынасыз құмарлық емес, ол тіпті уақыттың мәніне қолы жетпейтініне көзі жетсе өмір сүруге де құлқы соқпастай жағдайға кіріптар болған. Сондықтан, уақыттың қалайша негізгі мәселеге айналғанын ұғыну үшін, яғни, Бергсон айтқандай, уақыт қалайша метафизиканың негізгі мәселесіне айланғанын анықтау үшін Аугвстинның ыстық ықыласқа толы әңгімесіне құлақ түрмей ештеңенің де анық-қанығына жете алмаймыз.

Бір қарағанда сондай қарапайым көрінетін бір мысал арқылы уақыт туралы әңгімемізді жалғай берейік. Зеноның «жебенің қозғалмауы» дейтін ақылға сыйымсыз теориясы бар. Мұнда ол кеңістіктің қасиетіне сүйенген. Ал біз оны уақыттың аумағында сынап көреміз. Ең бір қарапайым назария – қозғалыстағы парадокс. Қозғалыс нүктесі үстелдің бір шетінде тып-тыныш тұр. Енді ол үстелдің қарсы шетіне жетуі керек. Ол үшін алдымен қарсы шетке дейінгі аралықтың жарты бөлігіне жету керек. Ал бұл жарты бөлікке жету үшін осы жарты бөліктің жартысына жету керек. Жалғасты осылай жартының жартысы деп абсолютті түрде кете бермек. Ал қозғалатын дене үстелдің бір шетінен енді бір шетіне ешқашан да біржолата жете алмақ емес. Болмаса, біз бірнеше геометриялық мысалдар көрсетіп байқалық. Сондай бір нүкте бар. Бұл нүкте ешбір аумаққа жатпайды. Егер сансыздаған нүктелерді қатарластырып, тізбелейтін болсақ аумақ( тегіс бет) пайда болады. Ал осы аумақтарды қатарластырып тізер болсақ онда көлем шығады. Десе де,бұдан біз мәселені қай деңгейде түсіне алатынымызды білмеймін. Себебі, жаңағы нүкте кеңістікке тәуелді емес болса ше? Тіпті де түсінбейтінім осынау ұсақ және сан жеткісіз нүктелердің бір сызыққа айлана алуы. Мүмкін, бұл арада менің түсінбей тұрғаным жер бетіндегі бір нүктеден ай шарындағы бір нүктеге дейін созылған сызық тақылетті болмаса керек. Қайта бұл сызықтың мен тықылдатып отырған нүкте болуында. Үстел де сансыздаған нүктелерден құралады емес пе?! Ендеше, жауап та табылып отыр ғой.

Руссел былай түсіндіреді, болмыста шек болады (ал цифр 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10…деп осылайша өз ретін сақтап шексіздікке ұласа бермек). Бірақ, біздің мұнда жалғасты ойланатын қатарымыз жаңағы ретімен өсіп-ұзарып бара жатқан қатардың жартылай шамада өсуі жайында. Бұл қатар тек жұп сандардан түзіледі. Міне, былай 1-дің 2-ге өзгеруі. 2-нің 4-ке, 3-тің 6-ға… Енді біз және бір түрлі қатарды тізіп көрелік. Мәселен, 365,1-дің 365-ке өзгеруі, 2-нің 365-тің квадратына өзгеруі, 3-тің 365-тің кубына өзгеруі… Осылайша, біз көптеген сандар қатарының санды мәліметіне ие боламыз. Олардың барлығы шексіздік сипатына ие. Бұл транспиниталық сандардың ішіндегі локалдық сандардың бүтін саннан кем болмайтынын түсіндіреді. Бұл көзқарасымды математиктердің қабылдай қоярына сеніңкіреп тұрғаным жоқ. Себебі, мен біздің қиялымыздың қабылдау деңгейінің қаншалықты екенін біле бермеймін.

Сонымен, осы шақ дегеніміз зәйірі не нәрсе? Ол жартылай өткен шақ пен жартылай келер шақтың қосындысы. Осы шақтың тұлғасы геометриядағы әлдебір шектілік ұғымына келіңкірегенімен, оның тұлғасы сақталған емес. Ол біздің ұғымдағы төтелей иелене алатын мәлімет бола алмайды. Бізде осы шақ бар және осы шақтың жылжи отырып өткен шаққа, болашаққа айналып кететінін де көріп отырмыз. Уақыт туралы екі түрлі анықтама бар: бірі – біздің барлығымыз ұстанып келе жатқан анықтама, уақыт – аққан су. Бұл басталуы болжаусыз өзен қайнарынан аққаннан тартып, біздің тұлғамызды да басып өтеді. Ал және біреуі Британия астрономы Джеймс Бурадлейдің көзқарасы. Оның айтуынша, мәселе керісінше қарастырылмақ: уақыт болашақтан ағып келеді, яғни болашақ өткен шақ деп қаралған дәл сол мезет біздің айтып отырған осы шағымыз болады. Біз бұл екі метафораның қайсыбірін таңдасақ та, нәтиже бірдей. Болашақтан, әлде, өткен шақтан болсын уақыттың басталу қайнарын тауып алғанымызбен көз алдымызда ағып жататын сол бәз-баяғы уақыт өзені. Ендеше, уақыттың келу қайнарын қалай түсінуіміз керек? Платонның жауабы: «Уақыт мәңгіліктен туындайды». Мұнда мәңгілікті уақыттан алда қою қателік саналады. Себебі, мәңгілік алда болады деген сөз мәңгілік ол уақыттың көлеміне кіреді дегенді аңғартады. Бейне Аристотель айтқандай: «Уақыт – қозғалысты өлшейтін өлшем бірлік». Меніңше, бұл да қате айтылым саналады. Өйткені қозғалыс уақыт көлемі ішінде туылады. Сондықтан, қозғалыстың уақытты түсіндіруге мүмкіндігі жетпейді. Осы арада Аугвстиннің: "Тәңір уақыттың ішінде емес, есесіне, уақыт екеуі бірлікте он сегіз мың ғаламды жаратты» – дейтін әсерлі һәм ақылға да сыйымды тамаша сөзі еске түседі. Ал тәурәттің «дүниенің жаралуы» дейтін бірінші тарауында тек дүниенің, теңіз бен құрлықтың, жарық пен түнектің жаралуы туралы ғана айтыла бермейді. Онда уақыттың басталуы жайында да айтылады. Онда мүлде жаралудан бұрынғы уақыт жоқ. Дүниенің дүние сипатына ие болған сәті сол уақыттың басталған сәтімен бір. Содан тартып барлығы да үзіліссіз жалғасып келеді екен.

Жоғарыда айтып өткен трансфиниталық сандар туралы бөлшектің тұлғадан кемістігі болмайтыны жайлы көзқарасымның біз үшін қаншалық жәрдемі тиетіні мен үшін беймәлім. Менің қиялымның немесе сіздердің қиялдарыңыздың бұл көзқарасты қабылдай алатын-алмайтынын да білмеймін. Табиғи қалыптағы жұп сандар қатары тұрғысынан жұп сандардың саны мен тақ сандардың санының тең екеніне және олардың абсолютті екеніне шүбәланбаймыз. 365 дәрежелерінің саны жалпы сандармен ұқсас екеніне де көз жұмбаймыз. Ендеше, уақыттың екі мезеттілігі жөніндегі немесе 7:04 өткен кезбен 7:05 өткен кез жөніндегі айтылымдарды неліктен қабылдай алмаймыз? Бұл екі мезеттің ортасындағы көзді ашып-жұмарлық қана қысқа уақытта абсолютті сандардың немесе трансфиниталық сандардың бар екендігіне иландық емеспе.

Ал Руссел бізге осылай бір ойланып көруді ұсынып отырған жоқ па?!

Вернхейм (Вernheim) Зеноның назариясы уақыттың кеңістігі тұрғысында қалыптасқанын көрсеткен. Шындығында, болып отырғаны тіршілікке тәуекел ету. Біз оны бөліп-жаруымызға болмайды дейді. Салыстырып көрейік, егер біз Ахиллес бір метр жүргенде тасбақа 10 cm жүреді десек, онда мұнымыз өтірік болар еді. Өйткені, біздің алдымен айтқанымыз Ахиллестің алғашқы ұшқыр адымы, сосын барып тасбақаның мимырт жүрісі болды. Ендеше, бұл біздің кеңістікті өлшеп тұрған өлшем бірлігімізбен уақытты да өлшеп тұрғанымызды білдіреді. Біз бұл туралы Виллиям Джеймстің мына әдістемесі арқылы былай түсінуімізге болады: егер бізде 5 минут уақыт бар деп қарап, бұл 5 минутты өткізу үшін оның тең жартысы 2.5 минутты өткізу керек болады. Ал бұл 2.5 минутты өткізу үшін тағы да мұның жартысын өткізіп алу лазым. Осылайша, жартының жартысын өткізіп алу басқышымен бұл әрекет шексіз жалғаса бермек. Нәтижесінде, біз ешқашан да бұл 5 минутты өткізе алмасымыз анықталады. Сонымен, Зеноның назариясының уақыттың ішіне құрылғаны мен жаңағы салыстырманың соңғы айтары ұқсас болып шыға келмек.

Мәселен, біз жебенің қалқып тұруын мысалға алайық. Зено ұшқан жебенің мәлім уақыт аралығында көптеген нүктелерді басып өтетінін және сол көптеген нүктелердің әрбірінің үстінде тыныш күйін сақтайтынын айтады. Мұнда қозғалыс туындауы мүмкін емес. Себебі тыныш күйлердің жиынтығы болса да, ол ешқашан қозғалысты бейнелеп бере алмақ емес.

Бірақ, біз шынында, шынайы кеңістік сақталады деп қарасақ, онда бұл кеңістіктің шексіз бөлшектене алмаса да, соңында әйтеу көптеген нүктелерге бөлінетіні айқын. Сол сияқты, біздің ойлағанымыз шынында бір шынайы уақыт. Ендеше бұл уақыт та түбінде мейлінше көптеген мезеттерге, мезеттің ішіндегі тіпті де ұсақтала беретін көптеген мезеттерге бөліне береді. Бөлінгеннің ішінде тағы да жалғасты бөліне бермек.

Дүниені өзіміздің қиялымыз деп қана, барлығымыз бір әлемді армандаймыз деп қана танысақ, онда біз неліктен бір ойлау формасынан және бір ойлау формасына көшуге болатынын ескере бермейміз? Бұл айырмашылықты сезіне алмағанымыз себепті бұл айырмашылық жоқ деп санайтын болғанымыз ба? Шындығында, біздің сезіне алғандарымыз ғана болмыс. Біздің сезіміміз, біздің сүйспеншілігіміз ғана бар. Дейтұрғанмен, бұл бөліну қиялдан туған нәрсе реалдылыққа жатпайды. Солай болса да, біз бір көзқарасты ұмыта алмаймыз. Бұл адамдардың ортақ көзқарасына айланып үлгерген. Сондай-ақ, бұл уақыт туралы бірлікке келген таным болып есептеледі. Бұл Ньютонның анықтамасы. Дегенмен, Ньютоннан бұрынырақта бұл таным өзінің формасын қалыптастыра бастаған болатын. Ньютон дәл математикалық уақыт туралы айтқан кезде  немесе бүкіл әлемде тек қана бір уақыт өзені ағып жатады деген сәтте сол уақыт өзені сол мезетте әлемдік бостықтарда, жұлдыз шоғырларының арасында дәл қазіргімен ұқсас формада жүйткіп жатыпты. Бірақ, Британиялық физик Бурадлей бұлай жорамал жасаудың ешбір себебі жоқ деп пікір білдіргені бар. Оның айтуынша, біз көптеген бір-біріне ұқсамайтын уақыт тізбектерінің сақталып отырғанын ойлауымызға болады. Олардың ортасында байланыс та жоқ. Осылайша, a,b,c,d,e,f… деп аталатын бір қатарды таңдап аламыз. Бұлардың ортасында ортақ байланыстар сақталады: біреуінің орны біреуінің орнының артында, біреуінің орны біреуінің орнының алдында. Бірімен-бірі тең уақытта бар сипатын сақтайды. Сол сияқты біз және де бір тізбек жасақтауымызға әбден болады. Мәселен, α,β,γ… деген секілді. Осылайша, көптеген тағы басқа да уақыт тібектерін тізе беруге болады.

Сонда неліктен бір ғана уақыт тізбегін ойластыруымыз керек екен? Мен сіздердің мына бір пікірге қалай қарайтындарыңызды білмедім. Уақыт шынында мүлде көп. Ал бұл уақыт тізбектері жөнінен алғанда бұл уақыт тізбектеріндегі мүшелер арасында табиғи түрде алдағы, ұқсас мезеттегі, арттағы шарт-жағдай болғанымен, ешқашан да басы және ақыры деп бөлінбейді. Және бұлар ұқсас мезетте қатар сақталмайды. Өйткені олар мүлде ұқсамайтын тізбектер. Мүмкін біз әрбір адамның түсінігімен қиялдауымызға болар. Мысалы, дифференциял мен интегралдың авторы ретінде Ньютонмен қатар аты аталатын Лейбниздің (Leibniz) мынадай дәріптемесі бар. Мұнда айтылуынша, біз әрбіреуіміз бірден кешірме тізбегін бастан өткіземіз. Бұл қатарда тұрған істер және бір қатарда тұрған әлдебір істермен сәйкесуі мүмкін, мүлде ұқсастық болмауы да мүмкін. Бұл дәріптемені қолдаудағы себебіміз мұнда ықтималдық жоғары, осы таным бізге тіпті де кең дүниені, біздің қазіргі жасап жатқан дүниемізден әлдеқайда мұғжизаға толы дүниені силайды. Мұнда тек бір ғана уақыт ағыны бар дейтін шектемелілік жоқ. Мен ол дәуірдегі физиканың жәй-жапсарына қанық болмасам да, ол дәуірдегі физика әлемінің бұл көп түрлі уақыт жорамалына қолдау жасағанына кәміл сенемін. Ендеше, неліктен Ньютонның ойындағыдай жалқы уақыттық таным бойынша ойланамыз?

Осы арада біздің ат басын қайтадан мәңгілік тақырыбына бұруымызға тура келді. Үміт немесе әлдебір әдістеме арқылы әсерге ие болу мен әсердің кеңістік пен уақыт әлеміндегі мәңгіліктілігі туралы әңгімелеп көруге болады. Мәңгілік дегеніміз сол көп түрлі формаға ие әлем. Мәселен,мәңгілік ұғымында үшбұрыш формасы жоқ, тек бір түрлі ғана үшбұрыш бар. Ол теңқабырғалы үшбұрыш емес, теңбүйірлі үшбұрыш та емес. Ретсіз үшбұрыш тіпті де емес, ондай үшбұрыш үш түрлі нәрседен құралып сақталады. Бір түрлі нәрседен құралмайды. Мұндай үшбұрыштың ақылға симайтынынан гөрі дәл осындай үшбұрыштың қалай да бар екендігі ғана маңызды есептеледі.

Және бір мысал, біз барлығымыз да және бір түрдегі басқа адамдардың уақыттық және сөзсіз ажал құшатын көшірме нұсқалары болсақ, онда мынадай сұраққа дөп келер едік. Біздің әрбіреуімізде Платон сөзіндегідей түп нұсқамыз бола ма, әлде болмай ма? Онда бұл абсолютті түрде әсерге ие болуды шынайы үміт етпек. Тіпті уақыт тарапынан әсер қабылдап үлгеруі де ғажап емес. Сосын да уақыт мәңгіліктің формасы деп қаралған болса керек.

Меніңше, бұл соңғы айтылымның біздің не үшін уақыт үзіліссіз жалғасады деп айтуымыздың себебін түсіндіруге септігі тиеді. Уақыттың үзіліссіз жалғасуының себебі ол мәңгіліктен ажырай алады және қайтадан мәңгіліктің аумағына қосыла алады. Міне бұл болашақтың танымы мен біздің бастау нүктесіне қайтуды аңсауымыздың ұқсас екендігін көрсетеді. Тәңір әлемді жаратты. Демек, бүкіл әлем, он сегі мың ғалам мәңгіліктің бастау түйініне қайтуды ойлайды. Ал мәңгіліктің басталу түйіні уақыттан әлдеқайда аулақта. Уақыттың басында емес, аяқталуында емес. Ол уақыттың сыртында. Бұл сипат бәлкім тіршіліктің ұмтылысында қамтылып жатқан шығар. Уақыттың бұл шындықты тынымсыз қозғалысқа жетелеп отыруының мәні де осыдан болса керек. Біреулер осы шақты танудан бас тартады. Индияның бір метафизигі бұрынырақта айтқан екен: «Жеміс үзіліп түскен мезет болмайды, жеміс үзілуі керек немесе жер үстіне түсуі керек. Бірақ үзіліп түскен мезет болған емес».

Біз өткен шақ, осы шақ, келер шақ деп бөлген үш түрлі уақыттың ішінде ең бір қиыны, ең бір қолға тұрмас асауы осы шақ. Мұндағы ғажайып саналатын ойлау тәсілі осы шақ пен нүктенің ұқсас түрде қолға тұрмайтын қиындығы. Себебі, біз ол туралы шексіз қиялдап көрген болсақ, ол сол кезде жоқ, біз сөзсіз түрде мынау тайға басқан таңбадай анық осы шақтың жартылай бөлегінің өткен шақтан, жартылай бөлегінің келер шақтан құралғанын ойлауымыз керек. Ал бұл болса біздің уақыттың өткенін сезінгенімізден дерек береді. Мен уақыттың өткенін сезіну туралы айтып жатқан уақытта көпшілік түгелдей сезіне алатын әлдебір нәрсені айтып жатамын. Егер мен қазір туралы айтып жатсам, онда мен осы шақтың абстрактілі орны туралы айтып жатқан боламын. Сондықтан да осы шақ біздің танығанымыздай тікелей қолжетімді мәлімет бола қоймайды.

Біз өзіміздің уақыт әлемінде үгітіліп, өшкіндеп бара жатқанымызды сезіне аларымыз хақ. Бұл біздің келешектен өткенге немесе өткеннен келешекке баратын басқыш екенімізді ұғындырады. Бірақ, біз ешқашан да Гете секілді: «Бір сәтке ғана аялдаңызшы, сұлулық үшін сіздегі!» – деп уақытқа үміттене қарап, осы шақты тоқтата алмаймыз. Біздің тап-таза осы шақ туралы ойлануымыз босқа арамтер болумен пара-пар нәрсе. Осы шақтың құрамында қашанда өткен шақтың және келер шақтың ең кішкене бөлшегі сақталып тұрады. Бұл уақыттың күмәнсіз сипаты. Өзіміздің тәжирбемізге негізделу арқылы уақыттың қашанда Гераклит айтқан ағынды өзен екенін сеземіз. Бұл байырғы метафораға бәрібір бастан-аяқ құлақ асамыз. Ойлап қарасақ нешелеген замандар өтсе де бұл танымда ешқандай бір тереңдеу болмаған сыңайлы. Біз баяғы сол Гераклит секілді бұйратыла ағып жатқан өзен ағысына көз салып тұрамыз. Оның үстіне, бұл өзен де әсілгі өзен емес. Себебі, ағып жатқан су өзгеріп, жаңарып кеткен. Тіпті Гераклиттің өзі де әсілгі Гераклит емес. Өйткені алдыңғы реткі өзенге көз салған адам мен дәл қазір өзенге көз салып тұрған адам екі басқа, әлдеқашан өзгеріп үлгіерген. Бұл біздің кей нәрселеріміз өзгергенмен, бәрібір тағы бір нәрселеріміздің бәз-баяғыдай сақталатынын көрсетеді. Өзіндік тұлғамыздың тым сырлы екенін бейнелейді. Егер біздің естемелеріміз түгелімен бір жолата өшіп кетсе қалай болмақ? Естелік ең негізгі түйін болғанымен, адамдар естемесінің басым көп бөлігі шуылдан құралады. Мен өзімнің кім екенімді білу үшін өткендегі өзімді еске алуымның қажеті жоқ. Мәселен, бұрын мен Палермода, Адрогуеде, Женевада, Испанияда тұрғанмын. Қазір мен өзімнің сол жерде тұрған өзім емес екеніме күмәнсіз сенемін. Мен басқа бір менмін. Бұл бір ешқашан да шешімі табылмайтын жеке тұлғаның тынымсыз өзгеруіне қатысты күрделі мәселе. Мүмкін өзгеру дейтін бұл сөз мәселенің мәнін дәл көрсетіп бере алатын болса керек. Себебі, біз бір заттың өзгеріп жатқанын байқаған уақытта, оның орнын басқа бір зат басып жатыр деп айтпаймыз ғой. Біз «ағаш өсіп-өзгеріп барады» – деп айтамыз, әсте, «бір кішкене ағаш биік ағашқа алмасып кетті» – деп айтпаймыз. Ендеше, біз бұл ағаштың өзгеруі туралы айтады екенбіз. Онда мезеттік тыныш күй ұғымын түсінген болып есептелеміз.

Болашақ туралы ойды Платонның сол байырғы ұғымы бойынша дәлелдеуге болады. Өйткені, уақыт мәңгіліктің қозғалыс формасы емес пе еді. Егер біз шынында осылай қарастыратын болсақ онда болашақ рухтың келер шаққа бет алған қозғалысы болып шығады. Ал келер шақтың өзі мәңгілікке оралатын нәрсе. Бұл біздің өміріміздің тынымсыз халде ажалға қарай аунап бара жатқанын ұғындырады. Сан Паулоның «мен күнде өлемін» деген сөзі оның қайғы-қасірет шеккендегі пессимистік пікірі емес. Шындығында да, біз барлығымыз әр күн сайын өлеміз, үздіксіз түрде туып, өліп жатамыз. Себебі, уақыт мәселесі басқа метафизикалық мәселелерге қарағанда бізбен тіпті де тығыз байланыстағы мәселеге айланып кеткен. Басқа мәселе біткеннің барлығы абстрактілі сипатқа ие. Ал уақыт мәселесі біздің өзіміздің мәселеміз. Мен кіммін? Біздер кімдерміз? Біздің әрбіріміз кім-кімдерміз? Мүмкін, бір уақыттарда мұның жауабын білерміз. Мүмкін біле алмай-ақ өтерміз. Қалай да жұрттың бәріне мәлім Аугвстин айтқан секілді, менің рухым өртеніп жатыр. Себебі, уақыттың шындығында не нәрсе екенін менің де білгім келеді.

           Қытай тілінен аударған

 Арман ӘДІЛБЕК

mezgil.kz

 

 

    



Ұқсас тақырыптар