Ұлылардың ашылмаған сырлары

8.jpg

Дүниеге әлемді таңғалдыру үшін, адамзат ақыл-ойының тарихын алға жылжытып, саналарға сілкініс жасау үшін келетін ұлылар туралы әңгіменің басы да, аяғы да бұл емес. Бірақ, арада қанша уақыт өтсе де біз оларға таңғалудан жалықпаймыз. Өйткені, олар – дара құбылыс. Олар – сирек. Және көбінің дарыны ерте, өте ерте танылған. Мысалы, Моцарттың үш жасында концерт қойғаны, Пикассоның тілі шықпай тұрып елдің есін шығарар суреттер салуы – шынымен таңғаларлық құбылыс.

Өркениетке ерте есік ашқан ғалымдар

Ньютон 25 жасында тартылыс күшiн тапқан. Көрнектi физик Энрико Ферми 25 жасында атом проблемасы саласында ұлы жаңалық ашқан. Фредерик 28 жасында радиоактивтiлiк туралы ғылымның негiзiн қалаған.

Блез Паскаль төрт жасында эпистолярлық жанрда шығарма, тоғыз жасында «Музыка туралы» трактат жазыпты. Бірақ, ол музыкант болып кетпеген, математикалық қабілеті ашылып, 13 жасында өзін мықтымыз деген математиктер оны өздері іздеп келіпті деген деректер айтылады. 16 жасында Паскаль «Қима туралы» еңбегін жазады. Ол газ бен сұйықтықтардың қасиетін көп зертттеп, заңдылығын анықтаған және атмосфералық қысымның бар екендігін өз тәжірибесімен дәлелдеп берген. Ол бағдарламалау тілін 300 жыл бұрын ашқан алғашқы адам болып есептеледі.

9.jpg

Энрико Ферми


Өмір сырын ерте ұққандар

Байрон 23 жасында «Чайльд Гарольд» поэмасын жазған, «Өлі жандар» поэмасының нүктесін қойғанда Гологь бар-жоғы отыз үш жаста еді, ал Пушкин мен Лермонтов отыз жасқа дейін ең жақсы туындыларын жазып үлгерген... Пушкиннің композиция құрудағы шеберлігін зерттеген зерттеушілер белгілі бір оқиға жүйесі мен өлең жолдарының санын шығарып, оған арифметикалық есеп жүргізген кезде, алгебраның заңдылығына сай тұп-тура бірдей болып шыққан. «Вдохновение нужно в геометрии не меньше, чем в поэзии» – дегенді айтқан да Пушкин.


Музыка әлемін әрлендірген

Атақты Штраус та мықты дүниелерін отызға жетпей ұсынған. Бір қызығы “Вальс королі” деген атпен даңқы асқан Штраустың өзі би билегенде басы қатты айналатын болған. Тіпті биікті суқаны сүймеген. Ал Шуберт әлемдік деңгейдегі озық туындысын жазғанда 25 жаста екен. Францтың таланты әкесін қатты қобалжытыпты. Ол Гайдн, Моцарт, Бетховеннің өмірімен таныс еді, сөйтіп музыканттардың өмірі ауыр боларына шүбә келтірмеген. Шынымен де Шуберт шығармашылығының шыңы – Француз революциясының “Бостандық”, “Теңдік” идеяларын тұншықтыра басқан кезеңге дәл келеді де, Шуберттің өмірі қиыншылықпен өтеді. Көзі тірісінде жазылған тоғыз симфонияның біреуі де орындалмайды. 600 әннің 200-і ғана жарық көреді. 20 фортепиянолық сонатаның үшеуі ғана басылады. Ал, Бетховен өзінің атақты «Тоғызыншы Симфониясын» жазған кезде ештеңе естімейтін керең болған.

Россини деген композитор «Севиль шаштаразын» 26 жасында шығарыпты. Бірақ одан кейін 39 жыл бойына ештеңе жаза алмаған.

 10.jpg

Шуберт Франц


Ақылы – дана, қылығы – бала...

Тума таланттардың жұмыс үстіндегі әдет-қылықтары туралы оқып таңғалмау мүмкін емес. Мысалы, Ньютон жұмысқа қатты зейіні ауған кезде уақытында тамақ ішуді ұмытып кететін болған. Тіпті бірде жұмыртқаның орнына өзінің сағатын қуырған дейді. Джойс деген шығармашылық иесінің қағаз таппай қалғанда жұмыс үстелінің үстіне қырнап жазып тастағаны жайлы деректер бар. Бенджамин Франклин ірімшікке тойып алмай жұмысқа кіріспейтін болған. Тек осы тағам түрі ғана оған өнімді жұмыс істеуге көмектескен. Британ саясаткері Уинстон Черчилль ойыншық солдаттарға бала кезден әуес болған. Оның үйінде сапқа тұрғызып қойып соғыстыратын бірнеше армиясы болған. Кейін Германиямен соғыс басталған кездері мемлекеттік хатшы болған ол осы ойыншық-солдаттарды тізіп, соғыс жоспарын жасапты-мыс. Атақты неміс ақыны Шиллер аяғын салқын суға малып отырып жазады екен.

Ал композитор Джузеппе Сарти бірде-бір күн сәулесі түспейтін бос бөлмеде отырып музыкамен айналысса, математик Декарттың басына өзінің теоремалары тек жантайып жатқанда ғана келеді екен. Бетховен жұмысқа кіріскенде қырынбайтын болған. Олай етсе ойы шашырап кетердей сезінген. Қырынудың орнына ол басына шелектеп мұздай су құйып отырған. Бұл мидың толық жұмыс жасауына көмектеседі деп білген. Деректерге қарағанда, Николо Паганинидің шығармашылық қуаты зиратқа барып скрипкамен концерт бергеннен кейін бабына келетін болған.

 11.jpg

Сара Бернар

Актриса Сара Бернар түрегеп тұрған күйі мызғып алады екен. Ол әңгімелесіп тұрып та ұйықтап кететін. Үйде төсекке емес, тура табытқа жатып ұйықтайтын қызық әдеті болған. Бұл әдеттен жасы ұлғайғанда барып әрең құтылған деседі. Атақты Александр Суворов кешкі алтыда жастыққа бас қойып, түнгі екілерде оянатын болған, шөпті үңгіп соның ішіне ұйықтап, жұқа жамылғы жамылып, оянғанда мұздай су құйынады екен. Ал жазушы Чарльз Диккенс болса солтүстікке қарап отырып қана жазатын болған, ұйықтаса да басын солтүстікке беріп жатқан.

Материалдарды жинақтап аударған

Жадыра Шамұратова

 «Әдебиет порталы»

 

 



Ұқсас тақырыптар