Берденұлы Байғожа

_______6.jpg

Қимадиден Нығымановтың ауыз әдебиеті үлгілері жинақталған қолжазбаларынан бүгінгі күні ел ішінде есімі аталмай кеткені былай тұрсын, ұмытылуға айналған тұлға, шешен Байғожа Берденұлы туралы тың дерек табылды. Ақтоғайлық Сайдахмет Әлкеұлынан жазып алған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

 -Арғын атамыздың Бәсентиін руының ішінде Итемген-Күшік дейтін  қалың қауымға айналған тармағында Сатай деген ата бар. Сол Сатай бабамыздан Қонай туады. Қонайдан Аққозы, Аққозыдан Қосым, Қосымнан Берден, Берденнен Байғожа марқұм тарайды, - деп сөзін тура түп шежіреден бастады әңгімесін Краснакутск (қазіргі Ақтоғай) селосында тұратын Сайдахмет Әлкенов. Сайдахмет Байғожаның бірге туған ағасы Тәліптің Әлкесінен туған екен. Қазіргі күні алпыстан асқан көкірегінде көп әңгіме ұялаған қарт. Сөзге шешен, көмейіне келгенді ат үстінен қорамсақтан оқ атқандай салдырлатып боратып  шапшаң айтатын адам.

-Үлкендердің сөзіне қарағанда елді бір ауыз сөзіне ұйытқан Байғожа шешен жадымнан жаңылмасам 1826 жылы дүниеге келген. 1911 жылы 85 жасында бақи жалғанға аттанған. Көз алдымда тұман ішіндегі ноқат секілді бұлдырап бейнесі қалыпты.  Есімді енді еміс-еміс жиып келе жатқан бұғанам қатпаған бала кезімде көрген едім. Кеудесіне түскен ұзын ақ сақалды, қыр мұрынды, ұзын жақты, бет-жүзі ақ құбаша келген және үлкен құлақты кісі болды. Бұрын оқымаған Байғожа дәл 75 жасында оқуға барады. Қарттық жасына қарамастан білім алуды мансұқ еткен ол Ертістің ар жағында Томарлы селосының маңында, Тереңкөл болысында аты шыққан, діни білімнің жілігін шағып, майын ішкен Сайділда қажының медресесінен оқу оқыпты. Бұл жер қазіргі М.Горький ауданы, Трафимовка селолық советінің жерінде (Қазіргі Тереңкөл ауданы аумағы. ББ).

Сақалды шәкірт келген соң медресе тәртібі бастан-аяқ өзгеріп сала береді. Әуелден көкірек көзі ояу, ел ішінде нақыл сөзді көп естіген құймақұлақ Байғожа шариғат сөзіне тілі келмеген балаларға жиі ашуланған қажыны шәкірттерінің алдында қағытып, ұдайы сөздің құрдымына батырып алып отырады екен. Сол медреседе шөберелеріне татитын балалардың қатарында Байғожа «сақалды шәкірт» атанады. Есесіне әңгімеқұмар балаларды маңайына жинап алып, маңдайларынан сипап түрлі өнегелі әңгімелерге тізгін береді.   Бұл әрекетіне Сайділдә қажы рұқсат берерде ел арасындағы бір әңгімені арқау етіп былай депті:

-Баяғыда бір қарындасымыздың ұзатылып барған жерінен үш ай өткеннен соң «ауырып қалды» деген хабар келеді. Содан төркін жұрты мән-жайды білу үшін уақыт оздырмай, апыл-ғұпыл жиналып, атқа қамшы басып отырып жылдамдатып «не болып қалды» деп барса, келін боп кеткен қыздары іші-басына  шемен қаптап, науқастанып қалыпты. Құдалары кеселін кесіп айту үшін алыстан балгер алдырыпты. Сонда балгер: «Келініңе өлең айтқызып, ән салғыз, әйтпесе өне-бойына шемен бұдан бетер қаптап, өледі», - деп ақыл айтқан екен. Балгердің айтқанын істеп, ауылдағы қыз-бозбаланы жинап, сауық кеш ашады. Келіні содан былай өлең айтып, ән салмаса іші кебетін, шеменшіл қыз атаныпты. Соған ұқсап сенің де ішің кебер, айт бірдеңе.

-Сенің арғы атаң Өріс, бергі атаң Түйтебек екеуін де  көрдім. «Отындық ағаштан оқтаулық мүсін шығады» деген рас екен», - депті Байғожа ұстазына сонда.

-Шариғатта кісі райын жыртпа дегені қайда? – дейді Сайділдә.

-Мен айтсам қараңғылықпен айттым, біле тұра сен өзің неге менің бетімді жыртасың? – депті оған Байғожа жауап қатып.

Ел ішінде де, сыртында да шешен туралы небір сөздер бар, қарағым. Бірде ақсақ Нүкен, соқыр Тұрлы деген шалдармен бір сөзге бола дауласып қалыпты. Тұрлы тіпті ашуға мініп, бой бермей қойған екен. Сонда Байғожа оған:

 -Уа, сен Тұрлы тұра тұр. Мен бір ауыз сөз айтайын. «Өткен заманда сопы-әулиелер Алладан үш адамнан құтқар, ықтираж қыла көр», - деп жалбарынады екен. Ол үш адамы: соқыр, ақсақ, таз. Соның тазы мен, ақсағы Нүкен, соқыры сен Тұрлы. Кемістігіміз көзге көрінетін осы үшеумізге дауласып не жетпей жатыр? - депті. Бұл бітім сөзге үшеуі қосыла ішек-сілесі қатып күлген екен. Ол кісі осылай қан шығармай, бірақ жаныңды жаншып сөйлейтін сөзгер екен. Сондай оқиғаның тағы бірін айтайын. 

Думаттың қажыдан келген мәжілісінде Байғожаның бір сыналуы былай болыпты. Ел ішінде аты шыққан Исабек ақын деген кісіге: «Қазір Байғожа келсе дайын отыр, іліп түс, ол не дер екен», - депті көпшілік. Сөйткенше болмай Байғожа үйге кіріп келеді де, отырғандарға кезекпен сәлем бере бастайды. Исабек ақын Байғожаның қолын   жіберместен қысып ұстап тұрып:

Қажы қосты басымды,

Ішіп жедік асыңды.

Бір Құдайға тапсырдым,

Шаш шықпаған басыңды, - депті таз екенін меңзеп.

Сонда Байғожа:

Жаңа көрдім өзіңді,

Естіп тұрмын сөзіңді.

Бір Құдайға тапсырдым,

Мөп-мөлдір екі көзіңді, - депті. Исабектің бас кемшілігі көзінде екен. Оның бір көзі ақшиған соқыр болыпты. Сынаушы халық тосыннан сөз тапқан Байғожаны шешен деп бағалапты.

Байғожаның шебер тілділігі екілене, арасын үзбей суырыла сөйлеуінде еді.

Тауан шығар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас.

Тар қолтықтан оқ тисе,

Сүйеп алар қарындас.

Өзінің басын зор көрген,

Ағайынды қор көрген,

Жапанда қалар жалғыз бас.

 

Ақсұңқар құстың баласы,

Алты болар, бес болар.

Қу алатыны бір болар,

Қу алғысыз жаманы,

Құладынға жем болар, - деп көсілетін. Одан қалса:

 

Тентектен томырық жаман,

Кеседен сапырық жаман.

Жынды жынды емес, олақ жынды,

Өз ісін өзі бүлдірді.

 

Әл, парасат,

Есмул каррамат.

Ұзынның ұшы жоқ,

Тереңнің түбі жоқ,

Әркім жеткен жерден қайтар, - деп қосады екен сосын.

 

Ағасы Дәуітбай деген кісі өзі үйде жоқ кезде мәпелеп өсіріп отырған жалғыз баласы мезгілсіз қайтыс болады. Бұл қайғылы хабарды ағасына жеткізу үшін  Байғожа оның алдынан шығып:

Дауысың таңертеңгі мұнардайын,

Түйені ашамайлы жұтар жайын.

Дәуіттің отыз ұлын бірдей алған,

Қайырын Тәңірім берсін солардайын, - деп ескерткен кезде ағасы аһ ұрып, бетін басып, жүресінен жерге отыра кеткен екен. 

Ал үйіне келген қонағына өз жайын былай жеткізіпті:

Соғым арық, етіміз қара кесек,

Ет қана жаратпайды бара берсек.

Аспаннан жауған қар да таусылады,

Күнде барып бір жерден ала берсек.

 

Шешен өлең сөзге жүйріктігі сондай, кез келген өмірлік жағдайды жырмен сипаттап берген, жұмбақтап сұраған. Мәселен, бірде Байғожа жылқысының ішінен дөненін жоғалтып, із кесіп көрші ауылдардың біріне келеді. Кездескен бір адамнан былай деп сұраған екен:

Құсатын ит жауырындаған,

Аруланған кемпір борбайланған.

Торы ала дөніненім осында ма?

Байғожа Атбасардан келе жатып жолда кездескен бөтен ауылдан жолдастарымен қоналқы іздейді. Тігілген үйлерді сырттан асықпай шолып қарап, арасындағы әлем-жәлемі көбіне көзі түсіп, «бір байдың үйі боларсың, сірә, сен байды бір қатырайын» деп  үйге жақын келіп тоқтайды, серіктеріне «аттарыңды байлаңдар» деп бұйырады да, өзі атынан түспей тұра береді. Алдын ала далада жат біреуден осы үйдің бәйбішесі Бәсентиін руынан екенін естіп алған екен. Үйдің маңайында жүрген балалардың біріне:

-Байдың үйіне барып, бәйбішесіне інің келіп жатыр, - деп хабарла дейді.

Хабар келісімен «апа-жездесі» алдынан жүгіре басып шығып қарсы алып, аттан түсіріп алады. Үйге кіргеннен соң сараңдығымен аты шығып үлгерген «жездесі» «апасынан» бұл қай бауырың деп сұрайды. Апасы гулеген уақыт сырт келбетін өзгерткен шығар дегенге салынып танымайды. Сонда «жездесі».

-Шырағым танымадық, бәсентиін ішінде қай ауылдансың, - деп сұрайды.

-Апай өзі біледі ғой, - дейді Байғожа.

Бәсентиін ішінде «Апай» деген рудың, ауылдың аты бар еді деп ойлайды үй иесі. «Жездесі» «апасымен» ақылдасып, енді атын сұрамақ болады.

-Шырағым балдыз, мына апаңыздың аты кім еді? Білесің бе өзің?

-Ол кезде мен жас едім, аты қарақ пен шырақтың бірі еді, - дейді Байғожа. Сөйтсе әлгі әйелдің аты Шырақ екен. Айта салған сандырағы дәл келіп, «ағайындар» көріседі, қой сойылады, қазан асылады. Өтірік балдыздар баптанады.  Құдайы қонақ түгілі, ауылдасына бір жапырақ ет таттырмайтын байды Байғожа би осылай сан соқтырған екен.

Байғожа атамыздың кіндігінен бала болмады. Өзі өмірден қайтар алдында да тура сөйлейтін беттілігінен мойымады. Асырап алған баласы Ержанға: «Мені жерлеуде соймаған өгізді, менің егініме жегейін деп пе едің», - деген сөзі әлі айтылады. Бірақ ол қай оқиғаға байланысты айтылғанын білмейді екенмін, - деп аяқтады әңгімесін Сайдахмет ақсақал Әлке баласы.

 

Дайындаған Бейбіт БӨЖЕН.

 


Ұқсас тақырыптар