Ана жүрегі (әңгіме)

2.jpg 

Өлара шақ.

Бүгін күн көкжиекті өртке орағандай болып қызарып батты. Түн күндегісінен тастай қараңғы. Көз байланады. Сексеннің сеңгірінен сырғып өте шыққан Оралған әжей жаңа үйдің терезесінен бұлтсыз аспанда құлақтанып туып келе жатқан айға сығырайып телміре қарайды. Құдды бір жаңа өмірге талпынып сәби келе жатқандай. Тізесінде отырып ертегі сұрайтын ерке күнінде әкесінен көріп, бойына сіңіп қалған әдет бойынша қос алақанын жайып жіберді.

Ай көрдім,

Аман көрдім.

Бұрынғыдай заман көрдім.

Ескі айд есіркегін,

Жаңа айдаа жарылқағын,

Әумин, - деп бетін сипады.  Маусымдағы мына өлараның аспанды айналдырып жерге түсіргендей болған түнектей түнін-ай. «Өларада балық түспейді, аң жүрмейді» деген сөз санасында сайрап қалған. Енді бұрымын өре бастаған балдырған күнінде ағайын ағаларымен бірге ауылдың іргесіндегі Құмқайрақ, Қараткөл, Салпаң суына қармақ салатын. Кейде ағалары ат арбамен қашықтағы Ертістің сағасы Алқакөлге барамыз дегендерін естігенде іштей дайындалып, түні бойы «Шортан қапты, қалытқыңды қара балыққа тереңдетіп сал» дегендей сөздерді қайталап ұйқы сұрап, дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын. Ағаларының «масаға жем боласың, бөгелек талайды, ол жерде қасқыр бар» дегендей қорқыта сөйлеген сөздеріне міз бақпай, арбадан орын сайлап алып түспей қоятын. Кейде ол оянбай жатып кетіп қалса, төсектен тұра сала ешкімге көнбей жерге жатып алып тырналап бұлқан-талқан болып жылайтын. «Қайран оралмас күндер-ай» деп бір күрсінген Оралған әжейдің ойын көрші үйдің жүгіре кірген жүгірмегінің мүдірмей саңқылдаған дауысы  бұзды.

-Көрші апа, ана арбадағы қидан алуға бола ма? Ертең мамам таба нан саламын деген. Біздің үйдің жапа-тезегі жаңбырдың астында қалып қойыпты. Дымқыл, бықсып жанбайды, - деп сусылдата жөнелді. «Мына баланың шаруақорын-ай» деп іштей ойлаған Оралған әжей баланың басқа емес, қи сұрап келгенін естігенде атасынан қалған соңғы алтынды сұрағандай айғай салды.

-Кет жүгірмек, тиісуші болма қиға! Қи қажет болса ауылда қойдың құмалағы аз ба? О не дегені! Қиға қолың тиді бар ғой, балтамен шауып тастаймын, - деп жекігенін естіген бала түкке түсінбей шегіншектеп, босағадан әрі аттап шықты да, есікті тарс еткізіп жауып жүгіріп кетті мінез көрсетіп.

-Мама, «Көршінің ақысы, Тәңірдің хақысы деген», - деп өзің бізге көрші-қолаңмен тату бол, «кілем алсаң кеңінен ал, бір шетінде көршің отырады» деп ақыл айтқанда сондайсың. Қайдағы бір қида құнымыз қалды ма, бере салмайсың ба? - деді анасының жақында  көшіп келіп қоныстанған жаңа үйін жинасуға келген кеңшарда тұратын тұңғыш қызы Раушан.

-Оларға қиды беріп жын шалыппа, Жукамның төртінші сыныпта алғаш ойған қиы емес пе? Қиды алғанша, менің басымды кесіп алсын, - деп түнерді Оралған әжей. Оның Жукам дегені бесінші класқа дейін омырауын жасырып емізген, қазір елудің ауылы қайдасың деп жүрген өзіне ерке бала Жұмажан. Қалада тұрады. Үйлі-баранды. Қызметте. Оның ойған қиын жаңа үйге көшкенде әдейі ат арбаға тиетіп, өзімен бірге ала келген. Қырық жылға жуық уақыт бойы құстарға шоқытпай, жауынға тигізбей сақтап жүрген кенже баласының еңбегін көршінің баласына бере салатындай не көрініпті.

-Маған десе нансыз қалсын, аштан қатса да бетер. Баламның ойған қиын оларға беріп... Әрбірінде оның қол еңбегі бар, өй құлыным сол, - деп кейіген Оралған әжей іштей күбірлеп, белін жаза алмай бүкжиген қалыпта жатын бөлмесіне қарай іштей күбірлеп, ренжіген кейіптке кетіп қалды.

***

Ауылда адам аяғы басылып, тыпыр еткен дыбысқа топырлай шабалаңдайтын көрші үйлердің иттерінің үні өшкеннен кейін Оралған әжейдің бел жазып жатуға асығатын күнделікті әдеті. Бүгіліп қалғанына да  бес жылдың жүзіндей уақыт өткен. Көзіне де ақ түсіп, жақын келген адамның сұлбасын ғана шырамытып, дауысынан таниды. Сексеннен асса да өз ғұмырын кәрілікке қимайтын ол бұл бейнеттің бәрін жасында тартқан тауқыметінің кесірі деп түсінеді.

Оралған әжей анасының құрсағында жатқанда болыс басшысы болған әкесін шолақ белсенділер көрсетіп, үш әріптің жендеттері түн ішінде ұйқыда жатқан жерінен қос қолын артына қайырып,  кісендеп алып кетіпті. Елдің жел жағында жүрген әкесі итжеккенге кетіп бара жатып әйеліне іштегі сәбидің есіміне қатысты: «Егер ұл тусаң Орал, қыз тусаң Оралған қой», - деп   аманат айтыпты. Кейін әкесі тар жерден аман-есен оралса да, қиын кезеңнің сызын тартып өсті. Бой түзеп, ер жетті. Тұрмысқа шықты. Перзент сүйді. Ол алысқа ұзап шығып оқу оқи алатын заман емес. Жолдасы ерте көз жұмғандықтан кейін жұмыс таңдауға да мұрша болмады. Шиеттей бала-шағаны асырау керек, қайткен күнде де жеткізу парыз. Жолдасына берген серті сол. Осылайша Оралған  колхоздың сауыншысы атанды. Таңнан бұрын төсегінен  тұрып, аяғына керзі етікті кие салып, сиыр тұрған қораға шабады. Сары аязы сақылдаған қыстың сұрқына, күздің мидан өтетін салқын сызына қарамастан, сары су мен сары тезектің үстінде сиыр сауады. Жем жеп тұрған сиырдың қайсыбірі жуас дейсің, тебініп, құйрығымен осқылап саудырмай әлек қылады. Одан қалды бас білмейтін бұзауларын тарту керек. Жазда екі уақыт сауынмен қатар сиыр қоралардың қабырғасы мен төбесін сиырдың оттығындағы қалған масақты қосып, иінін қандырып езілген саз балшықты шелектеп тасып сылайды, бүкшеңдеп жүріп саман кірпіш соғады. Жұмыс емес, мехнат. Үйде қашан келеді деп есікке қарап телміріп отырған сарыуыз балапандары бар. Колхоздың жұмысынан қажыса да, балаларының ең кенжесі Жұмажанның қылығы шаршап-шалдығып келгенде әл береді. Оны кейде тіпті  өзімен бірге сауынға да алып кетеді. Бұзауларды емізуге босатқан уақытта Жұмажанын да құшағына алып, қораның қараңғы жеріне апарып омырауын береді. Бұзаумен қатарласқан еркесі де мамасын құмарлана сорып, жеп қоярдай қомағайланады. Солай жүріп өсірген баласы қазір ел ағасына айналып келеді. Тек өзі үшін әлі кішкентай ғана сәби. Қаладан отбасымен келгенде өз баласын оның балаларынан, яғни немерелерінен де қызғанатынына не дерсің. Ана жүрегі адал ғой. Бейнетпен өткен өмірі үшін марапаттардың талайын алса да, жанарының тайғаны мен белінің шойылуын соның құны деп біледі.

Оралған әжей күнделікті әдетімен шифонердің ең жоғарғы сөресінде тұрған кішкентай ғана мамық жастықты алып, төсегіне келіншек күні бала емізгендей жантая жатты. Бұл жастықты Жұмажаны оқу бітіріп, қызметке орналасқанынан бері қойнына алып жататын әдет тапқан. Тысының әрі кетіп көнетозданып, бояуы солғын тартып қалса да өзі үшін ерекше ыстық. Таңға дейін сол кішкене ғана мамық жастықты құшырлана  иіскеп, таң бозарғанда ғана құшағынан босатады. Бұл еркесі Жұмажанның қырқынан шыққаннан кейін жастанған иісі әбден сіңіп қалған жастығы. Бүгін де сол әдетімен бала жастығын құшақтап тұрды. Ауа-райы бұзылар ма екен, қос тізесі сырқырап шыдатар емес. Жата тұрайын деп шешті. Жетпіс жасына дейін ауылдағы Наурыз секілді тойларда әйелдердің жаяу жарысына қатысып жүгіргенде, құйындатып алдына қара салмайтын. Ендігі жатысы мынау.

-Мама, тұрдыңыз ба? Мынау не қылған түйіншек бума? Ине-жіптеріңіз салынған қобдишаның ішінен шықты, - деп кіріп төсегіне еркелей отырған Раушан қызына бір алайып қарады да, «жұмысың болмасын» дегендей қолынан жұлып алды.  Біртіндеп аша бастады.

Бірінші түйіншек буманың сыртындағы жібек орамалды шешіп алды. Оның ішінен арнайы тіккен қалташа шықты. Қалташанының ішінен жылтыр қағазға оралған бума пайда болды. Жылтыр қағазды тарқатып ашқан уақытта сиясы кеткен газетпен оралған түйір тас секілді дүние шыға келді. Асықпай газетті ашқанда әбден мыжылып, қатып қалған бір түйір зат шықты.

-Мынау не мама? Түк түсінсем бұйырмасын. Мұны немене сонша орап сақтап жүрсіз? – деген қызының сөзін жақтырмады Оралған әжей.

-Әй, бұл Жукамның бірінші класта «пластилиннен жасаған аюы» емес пе, - деп бір түйір болған ермек сазды ерекше мейірлене қолына алды.

-Туф, мама, сол балаңды айтып жер-көкке сидырмайсың. Біз саған сонда бала емеспіз бе? – деп ренжігендей болды Раушан. Бірақ бұлар аналарының Жұмажанына деген жүрегі бөлек екенін білетін. Ол үшін сөкпек түгілі ренжімейтін де. Қайткенмен сүт кенжесі ғой. Өзара күлісіп отырғанда дәл терезенің түбінен көліктің келіп тоқтаған дыбысы естілді. Оралған әжей жақсы жаңалық келгендей орнынан белінің ауыратынына қарамай ұшып тұрды.

-Жұмажаным, құлыным сол, келді әне менің балам, - деп тізесін сырқырағанын ұмытып, осы бағытта болар деп пайымдап  есікке қарай ұмтылды.

Ана жүрегі сезген екен. Жұмажан бала-шағасымен қаладан әдеті бойынша сенбілік демалысқа  анасына келіпті.

 

Бейбіт БӨЖЕН.

 Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар