Тұрсынғазы ӘЛПЕЙІСОВ. ЕКІ ЖИРЕН

Nagashi.jpg

(әңгіме)

Даланың аңызақ желі мен аптабы, одан қалса, бет қаратпас қызыл шұнақ аязы жүзін әбден тотықтырып жіберген шық-шықты шығыңқы, көзінің ұясы рабайсыз үлкен, етегі қусырыңқылау келген дөңес мұрынды, шоқша сақалды кісі автовокзалдағы сеңдей соғылысып жүрген адамдарға жақтырмай көз тастайды. Оның қыр адамы алыстан келген жолаушы екенін қолындағы абажадай қара шабаданы мен өзге де буыншақ-түйіншектері, үстіне киген күпсірдей қалың тоны мен басындағы етекті түлкі тымағы айтқызбай-ақ сездіріп тұр. Аяғындағы хром етігінің сыртынан галош киіп алыпты.

«Қап, ішіңді ұрайын! Рақиланың айтқанын тыңдамай кеткенімді қарашы! Ділгірәм берсем ғой, Сағындықтың өзі күтіп алар еді. Енді мына құмырсқадай қайшыласқан адамның ішінен жөн сілтейтін біреуін тауып көр, қане! «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» –  дегенді қатынына қатты кейіген бір қазақ айтқан-ау тегінде. Рақила менің өстіп тарығатынымды күні бұрыннан сезген ғой, шамасы... Ал ақылы қысқа! Ал шашы ұзын! Өй, ішіңді ұрайын! Мені де ұрып өлтіретін кісі жоқ-ау! Жол таппайды деймісің? – деп сонша өкірештенген немді алған шамама қарамай!..»

Тонның сыртынан байланған жалпы қайыс белдігін босатып, түймелерін ағытып, ішкі қалтасынан Сағындықтың адресі жазылған екі-үш парша қағазды алды да, бір-бірден қарай бастады. Мына бір екі парша қағазды көршінің сегізінші оқитын қызы әдемілеп жазып берген. Оны қарамай-ақ таниды да, тонның сыртқы қалтасына салды. Қазір таксистке береді. Оңайда тұрғаны жөн. Сосын жеке бір парақ қағаздағы ирек-ирек шимайға үңілді. «Көріт дегені мынау. Көшесі мына біреу еді ғой». Үй нөмірі де көрсетілген.

Қалаға келгендегі бар сенетіні – жеке-жеке қағаздарға жазылған осы адрестер. Бәрінде де Сағындықтың үйі, көшесі көрсетілген. Өзінің шимайын оқып болғаннан кейін оны сол жақ қалтасына салды. Бұл жазуды өзінен басқа ешкім түсінбесін біледі. Әрпін танса, ежіктеп отырып, Рақиласы ғана таныр. «Осы ішіңді ұрайын, оқығандардың менің жазуымды танымайтындай не жыны бар? Өздерінікі жетісіп тұрғандай-ақ!..»

Бастапқыда солай ойлағанымен жат жерде жазуымды танымадың деп кіммен ерегісіп жүрмекпін деген оймен қалған қағаздарды көршінің қызына жаздырып алған. Енді сонысының дұрыс болғанына қуанып та тұр.

Тонының түймесін қайта салған Нұрліп автовокзалдың бұрышын айналып өтіп, буыншақ-түйіншектерін көтерген бойы машиналар арлы-берлі ағылып жатқан үлкен көшенің жиегіндегі ашықтай жерге жетіп қайта тоқтады. Көшенің арғы-бергі беті еңселі үйлерге толы екен. Машина жүретін жолдың жиегіндегі өзекше жолмен жаяу жүргіншілер қайшыласып өтіп жатыр. Өзінен таяқ тастам жерде елу қаралы адам топталып тұр. Топталып тұр деген аты ғана. Сырт қараған кісіге солай көрінгенімен олардың бірімен бірінің шаруасы болып жатқан жоқ. Өзара бет жыртысып қалғандай-ақ әрқайсысы тұрған орындарында селтие қалыпты. Нұрліпке бұл көрініс те онша ұнамады. «Сонда бұлар не күтіп тұрған жандар?» – деп ойлағанша болған жоқ, жолға қатқан жылтыр мұзбен тайғанақтаған сары автобус әлгілердің дәл алдына келіп тоқтай қалды. Сол-ақ екен, жаңағылар бірдеңеден құр қалатындай бірін-бірі итермелеп, есікке қарай ұмтылысты. Мән-жайды енді түсінген ол: «Іштеріңді ұрайындардың тірлігінің сиқын қарашы. Ана тайғанақтаған машина қағып кетсе де, қарар емес-ау мына түрлерімен», – деп кекесін жымиған. Қара көк барқытпен тысталған түлкі тымағын милығына түсіре киіп, қорбайып тұрған өзіне қала адамдарының іштей жыртақтай күліп бара жатқандарына Нұрліптің шаруасы болған жоқ. Көз алдыңда өтіп жатқан осы тірліктің бәрі өзіне оғаш көрініп тұр. Бейтаныс, үлкен қаланың қым-қуыт тірлігіне көзі үйрене алмай жаңағы орнында әлі сілейіп тұр...

***

Нұрліп ауылдан аттанарда бір қойын сойып, етін сорғытып, бас, сирағына дейін үйіткізіп, тазалап қапқа салып қойған соң, көңілі жақын өзі құралыптас төрт-бес көрші-қолаңның басын қосты. Соғымға биыл сойған құла байталдың жаңа-жаңадан сүрлене бастаған қазы, қартасынан да көптеу етіп жеке шабаданға салғызды. Сосын қашанғы әдетінше қазанды мол көтеріп, жаңағы көңілі жетер көршілерін жинап алған. Алла бұйыртса, ертең ертемен Алматыға жол жүргелі отырғанын айтқан.

– Ішіңді ұрайын, жұмыс-жұмыс деп жүріп ағайын-туғанды аралауды да ұмытып кетіппіз. Енді, міне, пенсияға шықтық. Колхоз бастығы қарап отырмай қарауыл бол дейді. Көктемге дейін дем алайын дедім. Жетті ғой енді! Байқап отырсам ес біліп, етек жиғалы бері колхоздың жұмысы деп келеді екенбіз. Амандық болса, осы сапардан соң Рақилашты ертіп, ел жаққа да барып қайтпақ ойым бар. Оған дейін мына жиырма жыл көрмеген балама барып, жүз көрсетіп қайтпасам, көңілім тынар емес, – деп желпініп отыр.

Мүйіз сапты, шалғы жүз өткір бәкісімен тоқпан жіліктің майлы басын жапырақтай кесіп алып, асықпай, кейде ортадағы ернеулі табаққа тастап, кейде ауызға ытқытып отырған Оразбек:

– Е, анау кездегі хат беріп, хат алысқан бала екен ғой, – деп жіліктен көз алмаған күйі шұқылана берді.

– Иә, сол бала. Әкесі марқұм менімен құрдас еді ғой, өкпе ауруынан жастай кетті. Артында екі ұл бала мен екі қызы қалған. Кенжесі сол Алматыдағы Сағындық. Ол күшік, бала күнінде менімен құрдасындай ойнайтын. Өзім де тым еркелетіп жіберген болуым керек, кеудеме мініп алып, мұртымды жұла ма, танауыма ши жүгіртіп ойнай ма, Құдай-ау, әйтеуір, ойына келгенін істеуші еді. Идалайын, сол! Әй, тентектің тентегі болатын. Осыдан бірдеңе шықпаса, әпкел қолыңды деуші едім, айтқаным айдай келді. Қазір енженер дайындайтын інстоттың бастығы көрінеді.

Нұрліп лепіріп, Сағындықты үйіндегі қонақтарға аямай мақтап отыр. Әлі де айта түскісі келеді. Бірақ қайсібірін айтсын. Өзінің Сағындыққа, оның Нұрліпке деген ниеті бөлек еді ғой. Мұның шыр еткен шілдеханаға өмір бойы зар екенін сол бір торсық шеке, бадырақ көз, кекіл шашы ерекше қайратты қара бала білді ме, жоқ па әйтеуір өзіне де, Рақилаға да тым бауыр басып кеткен. Тіпті Сағындыққа әдейілеп барып, желкесіне мінгізген күйі кешкісін үйіне көтеріп қайтушы еді. Сосын Рақила да құрақ ұшып, үйіндегі бар дәмдісін соның аузына тосады. Бала таппады демесе, Рақиласындай әйел сирек қой. Сағындық келген күні көрпені қалың етіп, төр алдына төсек салады. Сонан соң Сағындық екеуінің ортасына жатушы еді.

– Ал, Нұрліп, баста, – дейді бала жастыққа басы тиісімен.

– Идалайын, Нұрліп деген аузыңнан! Кәне, кімнің баласысың, айтып жіберші, – дейді жастықтың басын көтерген ол:

– Әкең кім?

– Нұрліп...

– Шешең кім?

– Рақила.

– Идалайын, Нұрліп деген аузыңнан!..

– Ал баста, – дейді бала тағы да.

Бұл мезетте Сағындыққа емірене бауырына басқан Рақила да демін ішіне тартып, үндемей қалатын. Сондайда түн қараңғылығын пайдаланып, көз жасын ерік беріп қоюшы еді. Бірақ келіншегі еркінше шерін тарқатсын дейтін болу керек, Нұрліп онысына тыйым салмайтын.

– Қайсысын? «Ағаш атты» ма, әлде «Ер Тарғынды ма?»

– Алдымен «Ағаш атты» айт.

Содан Нұрліп бала жасынан айта-айта жадында әбден жатталып қалған ертегіні бастап кететұғын. Әдетте Сағындық бір ғана ертегінің ақыр соңына дейін зорға шыдайды да, іле мұрны пысылдап, ұйықтап кететіні бар. Сосын келіншегі екеуі оның ып-ыстық үлбіреген бетінен кезек пе кезек сүйгіштеп, жастықтарына шалқалай құлайды да, көкіректері қарс айрыла «Уһілеп» жібереді. Не үшін екенін өздері де біледі. Бірақ бір-біріне тіс жарса болды, орталарындағы болымсыз дәнекер үзіліп кетердей, іштей тынысатын.

Отау тіккененнен кейін он жыл ішінде бала сүймеген соң аудандағы дәрігерлерге қаралған. Амал не, дәрігер деген халық көңілге қарап сылап-сипап жатуды білмейді екен. Турасын айтқан. Рақила дода-додасы шығып жылап қайтты. Нұрліп те келіншегінің көзінше жігіттік жасағанымен, бүкіл жан дүниесі езіліп, жетісіп тұрмаған. Оны қанталап кеткен көзінен-ақ байқауға болады.

Үйге келген соң, шай үстінде күндегі ашық-жарқын көңіл байқалған жоқ. Рақила күйеуінің тұңғыш рет үсікке шалыққандай бозарып отырғанын көрген. Шүңірек көзінің айналасы көгеріп кеткен сияқты. Онсыз да пышақ жанығандай болып тұратын жағы бір-ақ күнде суалып, көн шалбардай арса-арса болып кеткенін байқады. Не істерге білмей, көңіл кірбіңінен соң лықсып көзіне келген ағыл-тегіл көз жасын тоқтата алмай құса болған. Ойына бір төтенше шешім келгенімен, оны күйеуіне қалай айтпақ? Ол не дейді? Соны ойлауы мұң екен, өксігі басылып, бір сәт мәңгіріп отырып-отырып, ақыры самауырды алып үйге кірді. Нұрліп малдас құрған қалпы дастарқан басында дел-сал күйде отыр екен. Тағы да көңілі құлазып, аяп кетті. Күйеуінің жанында өзі осы үйге келін болып түскелі бері көзіне үйреншікті болып кеткен домбырасы жатыр. Оны күйеуі әдеттегідей қолына да алмаған. Сірә, ертеңгісін автобусқа асығып жүргенде орнына ілінбей осы қалпы қалған сияқты. Сол бойы әкесіне өкпелеген ерке баладай шегі текемет үстінде төселген құрақ көрпеге қарап, көлденең түскен. Үн-түнсіз сорапталған шайдың бел ортасына жеткенде Рақила күйеуіне жасқана қарап алды да, орамалының ұшымен көзін сүртіп:

– Нұрліп, сенің бағыңды байлап жүрген мен шығармын. Дәрігер айта береді, менің саған қоятын титімдей де айыбым жоқ... – деп солқылдап, сөзінің аяғын жұтып қойды. Содан өксігін бас алмай, көңіліңдегі зары мен шерін күйеуіне жеткізе алмай, көпке дейін булығып отырып қалған.

Бірақ Нұрліп мұның бәрін айтпаса да түсініп отырған және келіншегінің осылай дейтінін күні бұрын біліп, өзінің де ойы онға бөлініп отыр еді. Бүкіл еркектік намысымен қанша тырысса да, бүгін ертелі бері бойын билеген бір түсініксіз діріл мен беймаза күйді сырқына көндіре алмай-ақ ит әуреге түсті. Бірдеңе айтайын десе, өңешіне тастай болып қатып қалған удай ащы бір түйін үнін өшіріп, тұншықтырып отыр. Келіншегінің мүсәпір күйі мен бейшара түріне қарап еді, өзегін тағы да от-жалын шарпып өтті.

– Мен бейбақты қойшы, – деп Рақиланың үні бұл жолы орнықтылау болса да алыстан талып жеткендей естілді. – Мені қойшы, тым болмаса сен бақытты бол. Ризашылығымды берейін...

Нұрліптің шеке тамыры білеуленіп, құлағы шыңылдап кетті. «Мына жаман не шатып барады? Тіпті қайтер екен десе, ризашылығымды берейін, – дейді ғой өзі. Ризашылығын шіркіннің!»

Осыны ойлағанда манадан бойын билеп, ойын шідерлеп тастаған беймаза күйіктен нышан да қалмады. Қайта кеудесін әлдеқандай ыза кернеп, намысқа булыға түскен. «Ризәшілін өзінің! Жасық неме!» – деп іштей мысқылдай күліп, кіжініп алған ол:

– Жоқ нәрсені шатпай отыр! –  деді зекіп.

Өзі сөйлей алмаспын деп ойлаған, даусы әдеттегідей қатал шыққанына тіпті қуанған да жайы бар. Енді сол екпінін жоғалтып алғысы келмегендей онан да гөрі қаталдау.

– Іризәшілін өзінің! – деп жаға ғана іштей тұншыға қайталаған ойын айтып салды. – Баласы жоқ адамның бәрі бақытсыз деп кім айтты саған, а?! Құдай бақытсыздықтан сақтасын! Онысы несі, күні бойы еңіреніп! Тіпті қайтер екен десе... Іризәмін дейді ғой маған! Көз жасыңды көрсетпе! Құдай берсе берер, бермесе тартып аламыз ба?

Ол сөзінің аяғын айта алмай қалды. Қора жақтан біреудің аяғының тықыры шыққаны ашық тұрған есіктен анық естілген еді, екеуі де елеңдеп есікке қарай ентелей бергенде:

– Нұрліп! Әй, Нұрліп, үйдемісің? Аттың басын ұста, – деген баланың даусы шықты.

Оның кім екенін біле тұрса да, Нұрліп алғашында абдырап, не істерін білмей қалған.

Тал шыбықты ат қып мініп, есік алдында жалаң аяқ ойқастап, Сағындық шауып жүр.

– Әй, Нұрліп! Атым алып қашып барады. Ұста мына аттың басын, – деп Сағындық есікке ентелеп жетіп келді де, аты үріккен адамдай өзінен өзі шегіншектеп барып, – тыр-р-р, – деп әуреге түсіп жүр.

Бастапқыда не істерін білмей қалған ол орнынан арбаңдай көтерілді.

– Идалайын, мұрныңнан! Менің құрдасым келіп қалыпты ғой. Ой, иттің ғана құрдасы! Ал түс атыңнан. Үйге жүріңіз, үйге.

– Жоқ, түспеймін. Рақиланың жақсы мәмпісиі бар ма?

– Бәрі де бар. Түс атыңнан деймін.

– Жарайды, түсейін. Атымды шешіліп кетпейтін етіп мықтап байла. Мінезі жаман, – деп жеті-cегіздердегі бала үлкен кісілерге еліктеп салауаттана қалды. Трусиінен басқа лыпасы жоқ ол күні бойы ойынның қызығына әбден батқан көрінеді. Күнге күйген сирағы сатқал-сатқал. Маңдайы мен мұрнының ұшы тершіп тұр. Соған қарағанда астындағы «асауы» осы үйге дейін бас бермей, алып қашып келгенге ұқсайды.

– Әй, Сағынжан, қолыңды жуып үйге кір, – деп келіншегі де жаңағыдай емес, үйден жайдарлана тіл қатты.

Нұрліп Сағындықты бас салып, иіскелеп жатыр екен.

Баланың келгеніне келіншегі де қуанып қалды. Сағындықтың манадан бергі үй ішінде сіресіп тұрған үнсіздікті серпілтерін былай қойғанда, күні бойы ішқұса болып, жүрегі сыздап отырған күйеуінің сәл де болса мауқы басылып, кеудесі босайтынын бірден-ақ сезе қойған.

Үйге кіріп жайғасқан соң Нұрліп баланың алдына қойылған конфеттерді оған жақын таман ысырды да, әдеттегі сұрауына көшті.

– Қайдан келесің құрдас?

– Көкпардан келемін.

– Кімнің баласысың?

– Сенің балаңмын...

– Идалайын, аузыңнан...

Сағындық конфеттің біреуісін аузына атып ұрды да, кеседегі шайды сораптауға көшті. Онымен бірге адам түсінбес бір шаттықтың ілесе келгенін ерлі-зайыптылар бір-бірінің көздерінен ұқты. Нұрліп қаршадай баланың өзін «сен» дегеніне титтей де ренжімейді. Қайта тіл шыққаннан бастап, өзі осылай үйреткен. Баланың өзіне дікіңдей сөйлегені кейде мақтан да тұтады.

Енді текемет үстінде жатқан домбырасына қол созды. Оның айтатын бір ғана әні бар, өзге жұрт басқасын айт деп жөнсіз қолқа да салмайды. «Ал, Нұрліп, әу деп жібер?» – дейтін кездері болса, ол еш ойланып жатпай-ақ домбырасын даусына қарай түзеп алған соң, «Екі жиреннің» қайырмасынан бастап тарта береді:

Ау-у-у!

Екі-ау жирен-н-н,

Жалын түйген- н- н- н

Жалғанда-а жақынымсың ау-у-у,

Жа-а-а-ным сүйген-н-н.

Әридаш-ай, Әридаш-ай ау-у-у.

Нұрліптің даусы кереметтей әсем де емес. Бірақ дәл осы «Екі жиренді» айтқан кезде тыңдаушысының бойын балқытып жіберетін бір сиқырлы қасиеті бар. Оны Нұрліп көңілді кездерінде де, басын қасірет тұманы торлаған сәттерінде де айтатын. Қашан болса да оның ептеп мұң аралас шығатын қоңыр даусы сай-сүйекті сырқыратып жіберуші еді. Қазір де ол:

– Екі-ай жирен-н-н,

Жалын түйген-н-н, – деп көңіл күрсінісін домбырасының сырлы күмбірімен орнына қайта қойып жатып еді, Сағындық:

– Мен үйреніп алғанмын...

– Қойшы-ей, шын ба?Айтшы кәне?

Сағындық ұртында бұлтыңдап жүрген кәмпит малтасын сұқ саусағымен шығарып алып, дастарқан шетіне қойды да, домбыра шертіп отырған адамның кейпін танытып, «Екі-ай жирен-y» – деп шіңкілдеп ала жөнелді. Баланың бет-пішінінің құбылысына қарап, Рақила шек-сілесі қата күліп жатыр. Нұрліп Сағындыққа одырая қарап қалған. Есі кіргеннен бастап құлағына сіңісті болып қалған өлең жолдарынан бала жаңылар емес. Тек сазды әуенге дауысы келе бермейді екен.

Адам көңілі де қыс бойы сіресіп жатып-жатып көктемнің шуағы шетін шалса болды ағыл-тегіл ери жөнелетін мұз сияқты екен ғой. Оны Рақила жаңа біліп жатыр. Әсіресе бүгін таңнан бері бір серпілмей, сіресіп жатқан көңілінің көк мұзы енді лықсып күлкіге айналып, тыйылар емес. Күлген сайын буыны босап бара жатқан соң, Сағындық қысылар деп күлкісін әзер тежеді. Сөйтті де, басындағы орамалын түзеп, жөнделіп отырды. Бұл кезде Сағындық та «Екі-ай жиренді» аяқтап қалған болатын.

Енді міне, көршілеріне сол Алматыдғы баласына ертең жүретінін айтып, лепіріп отыр.

...Нұрліп бұл ауылға осыдан жиырма жыл бұрын көшіп келген-ді. Өзінің туып-өскен жерінен поезбен бір күншілік жердегі ел-жұрт алғаш рет оларды жақтырмай қарсы алған. Адам баласына түймедей де жамандығы жоқ арсалаңдаған, көпшіл жігіт келген бетте-ақ ел-жұртпен қойын-қолтық араласып кетті.

Тоқпан жілікті әлі қажалап бітпеген мына Оразбек екеуі баяғы елуінші жылдардың басында әскерде бірге болған. Елден алыс жерде жүргендіктен бе, жоқ екеуінің жаны шынымен жарасты ма, көңіл жықпас жақын дос-жар болып кеткен болатын. Кейін, өз ауылынан көшерде бұрын хат жазып, өзінің көшіп барса, далада қалмайтынына сенгендіктен соны қара тартып келгені бар. Қазірге, Құдайға шүкір, далада қалып та, Оразбектен бастап, бұл жердің үлкен-кішісімен жүз шайысып та көрген жоқ. Тіпті күні кеше, колхозшылардың жиналысында өзін пенсияға шығарып салар кезде, өз атына қандай тәтті сөздер айтылмады. Керек десе, Нұрліптің үш ұйықтаса түсіне кірмеген мақтаулар айтылған жоқ па. Президиумда отырып: «Осылардың өзі мені емес, жаңылысып басқа біреуді мақтап жатқан жоқ па», – деп те ойлаған. Сөйтсе бәрінің жабылып мақтап жатқандары өзі екен. Ешкім де ол ойлағандай жаңылмапты.

Адам шіркін өткен-кеткенін осындайда ойлап, көңіл таразысынан өткізеді екен. Пенсияға шыққаннан кейін бір-екі күн өткен соң, бір парақ қағаз алып, осыдан жиырма жыл бұрын ауылында қалған ағайын-туысқандарына хат жазған. Кешікпей жауап та алды. Бәрі түгелдей: «Қайта кел, ел іші – алтын бесік деген. Енді қартайғанда бірімізге біріміз топырақ сала алмай арманда кетпелік», –  дегенді айтыпты. Сол хатында, өзі осы жаққа көшерде екінші класты аяқтап қалған Сағындық жөнінде сұраған еді. Оның тіпті адресін де салып жіберіпті. Сонан соң бір бет хат жазып, өз қолымен жазған хатын да алды. «Келіңіз» депті. Баяғы «Сенді» қойып, «Сізге» көшкеніне қарап, Нұрліп басында тіксініп қалған. Бірақ Сағындықтың қазір үлкен азамат, оқымысты жігіт екені есіне түскен соң оны да кешірді. «Сен деуге ұялған ғой, идалайын. Бір емес, екі балалы болыпты. Шал адамға сен деп кеудеден жұдырықпен қойып қалғандай болмайын деген ғой», – деп іштей кешіре салған. Ендігі арманы тумаса да туғандай болған сол тентектің от басын көріп, балаларының маңдайынан иіскеп қайту. «Таныр ма екен, күшік неме? Мен ғой жазбай танырмын. Әкесіне тартқан еді, танимын ғой. Аты-жөнім есінде қалғаныммен түр-тұрпатымды ұмытқан да шығар. Одан бері сақал да қойдық, қартайды», – деп те ойлаған. Бірақ жазбай танитынына көзі жететін сияқты. Рақиласын жетегіне алып кетер еді, қыс көзі – қырау үйде мал-жан бар дегендей... Жағдай жар бермеді.

– Сонымен ертең жол жүресің ғой, – деді Оразбек жілікті дастарқан шетіне қойып, қолының майын сүртіп жатып.

– Е, бұйырса...

... Сол түні қол жүгін әзірлеп қойғанымен Нұрліп берекеленіп ұйықтай алмады. Ойына өткен-кеткен шым-шытырық бірдеңелер оралып, ұйқы мен ояудың арасында жатқан да қойған. Ол көбінесе Сағындықты ойлады. Амандық болса, ертең барады. Рақиланың тіліне еріп, ділігрімалатып босқа әурелемегені де дұрыс. Көктен түскендей таксимен Сағындықтың үйіне барып бір-ақ тоқтайды. Құдайға шүкір, пұл жеткілікті. Осындағы оқыған жігіттер де бірдеңе білер-ау! Солардың айтуынша, таксиге адресті көрсетіп, ақшасын артығымен берсең, жердің түбіне болса да жеткізеді демесі бар ма? Е, ендеше неменесін ділграм беріп жұртты дүрліктірмек?

... Шырмуықша ширатылған қалың ойдың ішінде жатқанда ол алыста қалған туып-өскен ауылын да, ағайын-туысын да бір сәт көз алдынан өткізеді. Ауылдан келген хатқа қарағанда Сағындықтың әкесінің Жаңғабыл деген ағасы болушы еді, сол өткен жылы қайтыс болғанға ұқсайды. Ауылдан соның кесірінен-ақ көшіп кеткен еді. «Жер хабарлар болмасын, марқұм ит мінезді жігіт еді-ау!» Марқұм болып кеткен өзінің інісімен түйедей құрдас, жақын дос екенін көрмей, білмей жүргендей бүкіл елдің көзінше жұдырық ала жүгіргені несі? Ол үйге келімсек болсам, мен арам пиғылдан емес, Сағынжанды көруге барам. Онысымен қоймай, бір рет болса жөн ғой, сонысын екі рет айтпады ма?

Ал Насырдың тойында ішіп алып, мені жарып тастардай тұра-тұра ұмтылған қай қылығы! Келінін қызғанса, адал адамнан несін қызғанады? Өй, шірік! Қабылбайдан садаға кет! Жұдырығы тиіп кеткен соң қолымдағы қамшымен жауырыныннан тарте-еп, тарте-еп жібермегенде қайтейін! Нақақтан-нақақ адамды қаралауын! Оның үстіне. «бақ-дәулеттен жұрдай сорлы!» – дегенін қайтіп кешірейін! Тілінің удайын қарай гөр? Сонан соң сондай доңыздың басқан жерін мен де басып, ол ішкен судан мен де шөлімді қандырып жүрмек екем ғой?»

Ол сол бір сүреңсіз оқиғаның күні кеше ғана емес, осыдан жиырма жыл бұрын болғаны есіне түскенде, басын жастықтан жұлып алды.

«Құдай-ай, өзің кешіре гөр. Шатып кетіппін ғой. Жаңғабылдың марқұм болып кеткені есіне түсіп, іштей қатты абыржып қалды. Сосын тағы да: «Пенде деген екі аяқты ит екен ғой», – деп ойлады.

Енді бір сәт ол сол жылдары, Сағындықтың мектепке баратын жылы, өзінің торы биесі құлындап, оның бөрте құлынын Сағындыққа бәсіре ғып бергенін, дәл сол жылдың жазында, шөп шабуға бара жатқанда, күшік неменің өзін оңдырмай ренжіткенін есіне алды. Онда өзінен де болып еді. Бекер жатқан балаға тиісіп несі бар?

... Бөрте құлыны соңында, керме қарын торы биесін жайдақ мініп, шалғымен шөп шабуға бара жатты да, Сағындықтың үйіне бұрылды. Барса, есігіні ашық тұр екен. Үйде тырп еткен жан жоқ. Тек Сағындық қана төсегінде пысылдап ұйықтап жатыр.

Өзімен «сен» деп жағаласып жүретін, үйіне қашанда ерекше бір нұрлы шуақ ала келетін сәбидің мына момақан түрін қызықтап, дәл бас жағына төніп отырып қалғаны бар. «Бұл күшік бөдененің жұмыртқасын пісіріп жегенді тәуір көруші еді ғой. Шабындыққа ерте кетейін», – деген оймен «Әй, құрдас, тұр», – деп түрткілеп жатып әрең оятты.

Бала жастықтан басын көтермей жатып, көзін ашты да, төбесіне төніп, ыржиып отырған адамды бастапқыда тани алмай жатып-жатып, сосын:

– Е, сенбісің-ей, Нұрліп, – деді керіліп-созылып.

– Сенде түймедей де ес жоқ. Ұйқыдан басқа не білесің? Шешең қайда, білсең айтшы? – деді ыржалақтап.

– Апам ба? Білмеймін...

– Білмесең, ол біздің үйде тұрады.

Нұрліп мұны бала ұйқысын тез ашсын да, тез киінсін, күн қызып кетпей тұрып жұмысты өндіріп тастайын деген жайбарақат оймен айтқан еді.

Сағындық алғашында көзі алақтап жатты да, орнынан тез тұрды.

– Бол киін, кетеміз.

Енді онымен Нұрліптің шаруасы болмады. Жастықтың астынан шеті көрініп жатқан сурет-кітапшаны қолына алып шоқиып отырған күйі парақтап қарай берді.

Кенет дәл тамағының түбіне жарқ етіп пышақ тіреле қалсын. Кітапты тастай беріп, қараса, кеңірдегіне пышақ тіреп тұрған, өзі «балам» деп айналып-толғанып жүрген Сағындығы. Жүзі сұрланып, жағының саржағал түгі үрпиіп, өзіне әбден жауығып алғаны көрініп тұр.

– Әкеңнің!.. Айт шыныңды, апам қайда? Айт, әйтпесе бауыздап тастаймын.

– Ой, өй, Сағынжан, сен менің баламсың ғой...

Нұрліптің аузына мұнан өзге сөз түспей қалған. Буындары дірілдеп, өзі бар жанымен жақсы көрген сәбидің қолындағы тажал пышақты қағып жібере алмай бір қуарып, бір қызарып әлі қаша бастады. Қорыққандық па, сасқалақтағандық па, оны тіпті әлі күнге дейін білмейді.

– Әкеңнің!.. Сенің балаң емеспін! Айт шыныңды апам қайда? Қайда апардың?

Сөйткенше болған жоқ ауызғы бөлмеден шелектің сылдыры естіліп, Нұрлайым кіріп келді. Баласының қолындағы пышақты көріп шошып кеткен ол бірден айқай салды:

– Әй, Сағынжан! Өй, ақымақ, мұның не? Таста пышақты! Мынау кісі өлтіреді екен...

Нұрлайым болған оқиғаны неге жорырын білмей тұрып орнында сілейіп қатты да қалды.

– Таста! Өй ақылсыз, онысы несі – пышақпен ойнағаны! Таста, қолыңды кесіп аласың?

Сағындық кері бұрылып, жүгіріп барды да, апасының етегіне орала кетті.

– Апа, анау сені алып қашып кетті ме?

– Алып қашқаны несі? Ақымақ болмасаң сөйте ме екен? Мені ешкім де алып қашып кете алмайды. Жүгір, пышақты орнына қой.

Осыдан кейін барып, Нұрліп, есін жағандай орнынан созалаңдай тұрып:

– Буын-буынымның дірілдеп кеткенін қарашы. Мына дүлейің кісі өлтіреді екен. Мен мұны адам деп жүрсем, – деді де, Нұрлайымның «Отыр», дегеніне де бұрылмай шығып кеткен.

Сол бойы ол қашада сүйеулі тұрған шалғысын тақымына басып, шабан торы биесін тебініп-тебініп жіберіп, шабындыққа беттеп кете берді. Пішендік шеті ауылға тиіп тұр еді. Бір арқан бойы биесін тұсап қоя берген соң, осы арада селтиіп өсіп тұрған жалғыз қарағаштың көлеңкесіне келіп шоқиып отыра кетті. Не ойлап, не қойып отырғанын өзі де білмейді. Көкірегіндегі ашу ма, өкпе ме, өкініш пе, әйтеуір осыларға ұқсас түсініксіз кикілжің бір сезім бар. Оның ара жігін ажыратып жатуға батылы да бармады. Ниеті де жоқ еді. Буыны-буыны дірілдеп, сүлесоқ, тізесін құшақтап отыра берді. Әлден соң есін жиғандай өзінен-өзі:

– Өй, доңыз, – деді. – Ой, доңыз! Ой, күшік! Мен мұны адам екен деп жүрсем... Бауыздаймын дейді ғой өзі! Неге бауыздамадың? Ой, жасық неме! Қарашы бауыздағышын! Өй, ақымақ! Ал бауызда! Неғып жарып тастамадың?!

Сосын тағы да үнсіз отырып қалды. Көп өтпей ол даусы ерсілеу жарықшақтанып өз-өзіне күбірлеп кетті:

– Өй, ақымақ! Сөзін қарашы, ей, мұның! Сенің балаң емеспін дейді тағы! Ой, күшік! Балаңмын дей салсаң, бірдемең кетер ме еді? Ой, күшік неме! – деп ол иегі кемсеңдеп, иығы қушиып, дір-дір етіп, орнынан тұрды да, шалғысын алып, ұйыса өскен бедеге батыра көсіп-көсіп жіберді. Манағы тұрған орнынан құрық бойы өткенде ғана Нұрліп сүйеніп, тоқтай қалды. Көзі тұманданып, ештеңе көрсетер емес. Жейдесінің жеңімен жасқа толған жанарын арлы-берлі үйкеп-үйкеп жіберген соң ғана айнала айқындалып көріне бастады. Шалғының тарағына шөп-шалам ілігіп қалыпты. Соны тазалап тұрған сәтте ауыл жақтан әлдекімнің келе жатқанын көзінің қиығы шалып, бұрылып еді, шыбыққа мініп, қолындағы кендір қамшымен «атын» сабалап, шауып келе жатқан жаңағы, өзін әбден ренжітіп, ал бұл сыртынан «ит терісін қаптап тұрған» Сағындығы екен. Нұрліптің көк мұздай сірескен көңілі жалын шарпығандай әп сәтте-ақ еріп сала берді.

– Идалайын сол, шұнаң-шұнаң еткен! Құлдыраңдап шабысын қарашы өзінің! Идалайын, мұрныңнан...

Жақындап келіп қалған Сағындық айқай салды.

– Ей, Нұрліп! Мен сенің балаңмын. Ұста мына атты. Алып қашып келеді...

– Идалайын, аузыңнан! Бәсе, бұл өзі есі бар күшік. Жаңағы қатесін түсінген ғой. Идалайын, өзіме тартқан ақ көңілім. Ұстаймын ғой, атыңды, ұстаймын. Ұстамай қайда барады дейсің мені...

Екі-ау жирен-н-н,

Жалын түйген- н- н- н

Жалғанда-а жақынымсың ау-у-у,

Жа-а-а-ным сүйген-н-н.

Шамалыдан соң шалғысын көсілте сілтеген ол ыңылдап осыны айтып бара жатқан.

***

Жас ғалым Сағындық Қабылбайұлы алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен аулаға қарап тұр еді. Ол жұмыстан қатты шаршаған кездері кеудесіне қолын қусырып, осылайша тұруды әдетке айналдырған. Жас босанған әйелі кішкентайын көтеріп қасына келгенде ғана ежелгі әдетінше оларға жымиып қарады.

– Көршілердің біреуіне тағы бір соғым келді, –  деді онымен қатар тұрған келіншегі ауладан көзін алмай.

Есік алдына келіп тоқтаған сарғыш таксиден қорбаңдап түсіп жатқан қыр адамын өзі де көріп тұрған. Шал тымағының маңдайын көтеріп, тоғыз қабатты үйге шалқая бір қарап алып, машинаның артқы жағындағы оны-пұнысын түсірді де, таксист жігітке бірдеңелерді айтқан еді, анау жолаушының қол жүгін көтерген бойы подьезге кіре берді.

Қыр қазағын көргенде Сағындықтың алабөтен елегізіп қалатыны бар. Ондайда еліне өз ауылының адамдары түсіп, әрқайсысының мінез-құлқын өзінше ой елегінен өткізіп те алушы еді. Ал, бала кездегі түр-тұрпаты бұлыңғыр ғана жадында қалған Нұрліпті ойлайтын болса, бойын әлдеқандай бір бауырмал, жылылық сезімі баурап алатын. Одан жуықта хат алғаннан кейін алаңғасар да ақ пейіл, перзенттен басқаның бәріне де бай, арсалаңдаған адамның қоңыр, қазақы дауыспен:

«Екі-ай, жирен, Жалын түйген... – деп күрсіне отырып айтатын әнінің таныс мақамы санасында қайтадан жаңғырғандай болып еді. Қазір де сол әуенді ыңылдай айтып, өзін іздей қоятындай ешкімнің жоқ екені есіне түскенде іштей құлазып сала берген.

Көршілеріне, әсіресе, қыс айларында ел адамдары келгіш-ақ. Сосын жаз ортасында тағы бір ағылатыны бар. Шешесінің жылына бір-екі дүркін келіп қайтатыны болмаса, өзіне көп ешкім қатынмайды...

Сағындық стол басына қайта отырып, қалың кітап беттерін парақтай бергені сол екен, есіктің қоңырауы безектей жөнелді.

Ол тіпті кітаптан назарын аударып та үлгерген жоқ, кенет есік ашқан келіншегіне әлдекімнің:

– Қабылбайдың үйі осы ма? –деп жатқанын анық естіді.

– Кіріңіз, ата, кіріңіз. Ім-м...не десем екен? Бұл Өтениязовтардың үйі, –деді келіншегі де сасқалақтап.

– Е, ендеше қарағым, бұл үй – Қабылбайдың үйі, – деді жолаушы көңілі орнына түскендей өктем сөйлеп. – Әй, тәкси бала, рақмет. Отырып шай іш. Мен енді үйіме келдім.

Сол мезет төрдегі бөлменің есігінен Сағындық көрінді. Қайыс белдігін ағытып, қолына ұстаған шал оған ежірейе қарап алып:

– Идалайын, мұрныңнан, – деді иегі кемсеңдеп. – Мына күшік шынымен-ақ жатырқап қалған ба, немене? Бері жақын таман келші маған.

Оның кім екенін енді таныған Сағындық не істерін білмей, өз үйінде өзі жат адамдай состиып әлі тұр.


Тұрсынғазы ӘЛПЕЙІСОВ (1949-2008)

1949 жылы 5-шi наурыз айында Шығыс Түркістандағы (Қытай Халық Республикасы) Іле ауданының Қаратас деген жерінде дүниеге келіп, сол ауданның Қарабақ ауылында өскен. Тұрсынғазы он жасқа дейін Қарабақ ауылындағы бастауыш мектептерден сауатын ашқан. 1959 жылы  Қытай Халық Республикасынан  Қазақ жерінің шекара ауданы, қазіргі Алматы облысы, Жаркент қаласынан орын тeyiп, сондағы Ы. Алтынсарин атындағы мектебінен білім алып, оны 1966 жылы бітірген. Сол жылы Киров атындагы ҚазМУ-дің Журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1972 жылы тамамдаған.

Сол аралықта Тұрсынғазы мектептің  пионер жетекшілігінен еңбек жолын бастап, Еңбекшіқазақ  аудандық «Еңбек жалыны», Панфилов аудандық «Жаңалық жаршысы» газеттерінде қызмет істеді. 1972 жылы ол соңғы аталған газеттің редакторының орыпбасары болып қызымет етті. 1974 жылы Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінің комсомолдық жұмыстар факультетіне тыңдаушылыққа қабылданды. Мұнан кейін ол Панфилов аудандық комсомолдар комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің, республикалық жастар басылымы - «Жалын» баспасының біршама қызыметтерін атқарды. Сонан соң ол республикалық «Казкинопрокат» мекемесін басқарып, Мемлекеттік киномотография комитетінің басшылығымен республикаға тұғыш рет бейнефильм өнімдерін әкеліп, оны жүйелі түрде іске қосты.

1980 жылдардың аяғында қоғамға нарықтық экономика ендіріле бастаған мезгілде осыған бой ұрған тұңғыш қазақ азаматтарының бірі Тұрсынғазы болатын. Ол өз қаражатына «Жәрдем» деп аталатын өндірістік-сауда кооперативін құрып, құрылыс-жөндеу жұмыстарын қолға алды, сондай-ақ республикада тұңғыш рет сапар мезгілінде бейнефильмдер көрсететін арнайы вагондар жабдықтап, оларды Мәскеу, Санкт-Петербург, Свердловск т.б. бағыттар бойынша іске қосты.

Соншама қауырт істердің арасында жүрсе де, ол қолынан қаламын тастаған жоқ. Оның әңгімелері жиырма шақты жинаққа енген, «Алыс таулар», «Көкшұбардың тұяғы», повестер, әңгімелер жинағы мен «Жоңғардың соңғы қашқыны» сияқты төрт жеке кітаптың авторы, сонымен қоса ұйғыр жазушысы Т.Тохтамовтың тағы басқада орыс жазушыларының еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. 

Өкінішке қарай Тұрсынғазы Әлпейісов 2008 жылы  қаңтар айының 4 жұлдызында мәңгілік өмірге аттанып кетті.


 



Ұқсас тақырыптар