Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ. ҚАРАҚАТ ТЕРЕ БАРҒАНДА

111.JPG

(әңгіме)

1

Қарақат тере барғанда,

Қиылып маған қарадың.

Балалық таза арман ба, 

Сәулетай қимай барамын. 

Қара домбыраның қоңыр үнімен қабыса шыққан әншінің әсем дауысы төгіліп тұр. Үкілі сәукелесі, етек-жеңі бүрмеленіп, кеңінен пішілген көйлегі, белін қынай буынған көк түсті камзолы − бәрі өзіне құйып қойғандай, мінсіз бойына жараса кеткен. Қарақаттай мөлдір қара көздері де сол баяғыдай нұрланып, лағыл тастай от шашып, жалындап тұр. Тек қос ішекті қағып тұрған оң қолының шылдыр шүмек саусағына көзім түскен кезде ғана көңілім су сепкендей басылып, пәс тартып қалды. Әрине, үйленетін жастан баяғыда-ақ асты емес пе. Оның несіне ренжимін, қайта қуануым керек шығар. Жанарымның мәңгілік жадында сақталып қалған Жадыраның балаң бейнесін дәл алдымдағы сахнада тұрған әнші келіншекпен салыстырдым. Өзгере қоймапты. Күлген кезде екі езуінде пайда болатын әдемі қос шұңқыр, тамсана сөйлегенде жарасымды ырғақпен қастарын көтеріп қоятындығы, ренжіп қалса ұрты томпайтып, астыңғы ерінін салпайтып шығаратыны... ары қарай есіме түсіргім келмеді. Жанымда отырған ұлымды қолынан тартып, жүр шығамыз деп ымдадым. Ол қозғала қоймады. Концертті көргісі келіп, көңілі құлап тұр. Ұлымның қолынан тартып, сүйрей жөнелдім. 

2

− Сені директор шақырып жатыр, − деген хабарды естігенде төбе шашым тік тұрды. Сыныптағы жиырма төрт баланың қырық сегіз көзі маған аяныш сезімімен қарағандығын сезінгенде тіптен үрейім ұша түссін. Көзім алақтап, әркімге бейне бір құтқарып қалатындай жалынышпен жалтақтап қараймын. Үйге қашып кетсем бе екен деген де ой келді басыма. Деректір үйге дейін іздеп барса ше? Онда анық масқара болам ғой! Одан бір, шапалағы қатты әкемнен бір таяқ жесем...

Қырық сайтаным сан-саққа жүгіріп қанша сабылғанымен мандырымды, көңілге қонымды сылтау таппағасын амалымның жоқтығына соңғы мәрте көз жеткіздім де директордың бөлмесіне бет алдым. Сыныптастарым есіктен мені сол аяныш сезімін ұялатқан жанарларымен ұзатып салды. Өзара күбірлесіп қояды. Мектеп басшысы – физика пәнінің мұғалімі, ауылдың үлкендері жақсы боксер болған деседі. Оның жақсы боксер екендігіне сабақ беріп келе жатқан соңғы бір жылдан бері біздің сыныптың ұлдары талай мәрте «көз жеткізгенбіз». Жұдырығынан «дәм татып, су ішкесін» қаймығып тұрасың. Ал, ол кісі өзінің жеке кабинетіне  шақырса... 

Есікті имене аштым. Хатшы қыз отыр екен. 

− А-а-а, Думан сенсің бе? Қазір мен ағайдан сұрап шығайын, − деді де деректірдің кабинетіне кіріп кетті. 

Асығыстау шықты. 

− Кіре ғой. 

Тозақтың есігінен енгендей үсті-басымды тер жуып кетті. 

− Сә... әлеметсіз бе?

− Саламат па Думанжан! Келе ғой, мұнда отыршы.

Дәл өзінің алдындағы орындықты нұсқаған. «Үһ» дедім ақырын ғана тыныстап. Ұрыспайтындығы белгілі болды. 

− Сабағың қалай?

− Жақсы, аға. 

− І-і, сені шақырған себебім, − ол кісі көзінің қиығымен маған қарап қойды. Мен дереу жанарымды төменге салдым. Ұялғаннан, ия болмаса қорыққаннан емес.., түсіндіре алмаймын, әйтеуір, түсініксіз бір себеппен. − Мына бір хатты оқып шықтым.

Селк ете түстім. Отырған орындығыммен опырылып мұзды көлге түсіп кеткендей денем салқындап сала берді. Менің өткенде Жадыраға хат жазғанымды оның өзінен басқа ешкім білмейтін еді. Қалай ғана бұл кісінің қолына тиген?

− Өлеңің маған ұнады. 

Рас, хатты өлеңмен жазғам. 

− Сенің бойыңда ақындық талантың бар екен. Маған бір ой келіп отыр, егер де сен қарсы болмасаң осы өлеңді аудандық газетке берейік. Ол жердегілердің де ұнататынына күмәнім жоқ. Осыны өзіңмен ақылдасайын дегем, қалай қарайсың?

Қалай қарайтын несі бар? Тура солай қараймын. Әрине, қуанышпен. Бірақ айта алмадым. Жанарымда ойнап шыға келген ұшқынды аңғарған болуы керек, директор:

− Жақсы, онда, сабағыңа бара ғой. Хатты мен өзім салып жіберермін. Басқа да жазған өлеңдерің болса маған көрсет, тәуірлерін өзіміздің «Жетісуға» да салып жіберерміз. Келістік пе?

− Рахмет, рахмет, аға. Иә... сөйтем... 

− Ал, бара ғой.

Директордың бөлмесінен қуанышым қойныма, қойным түгілі тұла-бойыма симай, біреуге тезірек айтқанша асық болып, сыныпқа қарай құстай ұштым. 

3

Соңғы кездері өзімнен-өзім қуыстанып жүрмін. Сыныптастарымнан ұялып екі күн бойына сабаққа да келген жоқпын. Сыныпқа кіріп келгенде сайқымазақ Нұрбол мен Сармат мені мазақтай жөнелетін сияқты. Әйтеуір, біртүрлі. Біздің сыныптың ұлдары өздері жақсы көретін қыздарға деген сезімін баяғыда-ақ жариялап үлгерген. Барлығы дерлік өздерінен кішкене қыздарға. Ал, мен болсам әлі ұялам. Рас, Жадыраның менен төрт сынып жоғары оқитындығы − төрт жасқа үлкендігі бар. Мүмкін содан, әлде ұяң мінезімнен шығар. Білмейім. Көбіне үндемейтінмін. Жадыра хас сұлу болғандықтан біздің ауылдың жігіттерінің оны ұнатындығы анық. Әсіресе менің ағамның досы Еркебұланның Жадыраны құшақтап кетіп бара жатқанын жақтырмай қалам. Кәдімгідей қызғанам. 

Өткен күні шыдамымның ішегі үзіліп, өз-өзімді шарыққа салғандай намысымды қайрап, түпкі бөлмеге кіріп алып Жадыраға хат жаздым. Бар болғаны алты-ақ ауыз сөз. «Жадыра, сен маған ұнайсың. МСС. Думан». Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» оқыған боларсыздар. Сонда «мен сені сүйемін» деген сөзді осылай қысқартып жазушы еді ғой. Мен де солай істегенді жөн көрдім. Ертесі хатымды он бес минуттық үзіліс кезінде ешкімнің жоқтығын пайдаланып Жадыраның бар болғаны төртінші сыныпта оқитын сіңілісіне тапсырып, өзіне беруін өтіндім. Кішкентай болса да қыздарың қу емес пе, маған қарап ыржиып қойды да хатымды қалтасына сүңгітіп жіберді. Сезіп тұр ғой. «Ашып оқушы болма» деп ескертуді де ұмытпадым.  Келесі сабақ дене шынықтыру болатын, басымның ауырып тұрғандығын айтып Әнуар ағадан сұранып кеттім. Дене шынықтырудан результатым өте жақсы. Сөзге келмей жіберді. 

Арада үш күн өткен, сабаққа бүгін ғана келіп отырмын. Сынып табалдырығынан аттай бере тосырқап қалдым, бір шетінен жатырқап тұрғандаймын. Біреулер менен сезіктенетін сықылды. Қазір келіп Жадыраға хат жазғанымды айтып, келеке ететіндей. Біздің сабақ оқитын бөлмеміз «11 б» сыныбынының жанында болғасын солардың есігінен күн сайын қарап өтетінбіз. Мен енді оң жақтағы баспалдақпен жүрмей, сол жақтағы басқышақпен көтеріліп жүрмін. Жадыраның көзіне түсуге ыңғайсызданам. 

Бір шетінен көргім келеді, бірақ көзіне түспеуге тырысам. Сол күні мен Жадыраны мектептен кезіктіре алмадым. Түстен кейін Қарасудың диірменіне ұн тартуға кеткен әкеме жәрдемдесу үшін қара құнаныма жәй ғана тоқым салып, бір тартпамен бос қана тартып жайдақ мінген күйі тоғайға тарттым. «Жарқабақ» ауылының ішімен жүрсем бұзық балаларымен байланысарым анық. Сыртымен жүрейін деген тоқтамға келдім. Кенет, астыңда атың бар, несіне қорқасың, тиісе қалса қамшының астына алып сабап кетпейсің бе деген тосын ой келді. Рас-ау, ешкім тиіспесе де, ешкімді сабамасам да көшелерінің ортасымен құнанымның жол жорға жүрісіне салып қойып ағызып өте шыққанымның өзі неге тұрады? Мақтан тілеген мәртаза көңіл аттың басын ауылдың ортасына бұрғызған. Ағызып өте шықтым. Орталық көшелерімен. Балалары тыныш. Тек шәуілдек иттері ғана шаңқылдап жүгірген, бір-екі рет қамшымен жасқап тастағасын олар да аптығын басты. 

Орыс шалдың диірменіне келсем әкем ұн тартып болып қалыпты. Екеулеп жүріп он бір мөшек ұн мен екі қап кебекті кезінде таудан қарағай тасып шыныққан, баратын жеріне тоқтамаған, ентікпеген күйі шауып барып, шауып қайтатын, бойы тайға тақаулас, күші мығым көк есек жегілген жеңіл арбаға арттық та, жолға шықтық. Көк шалғыны тізеден келетін тоғай ішіндегі қара жолмен ақырын ғана аяңдап келе жатқасын мен тізгінді бос жібере салғам. Жәй жүріс құнанның ішін пыстырған сыңайлы, жүріп келе жатып тұмсығын қалың шөптің арасына тығып жіберіп, бір уысын күрт етіп үзіп алады. Мен көп сөйлемеймін, әкем менен өткен үндемес. 

Мен ендігі кезекте Жадыраны ойлай бастадым. Шіркін, қазір жанымда болса ғой. Оған сосын «Жарқабақтың» балалары тиіссе, мен оларды атпен қуып жүріп сабасам, сөйтіп Жадыраны бұзық балалардан қорғап қалсам, оның маған деген сенімі артып, мойыныма асылып, бетімнен «шөп» еткізіп сүйіп алса... «Балам-ау...» деген сөз құлағыма еміс естілді. Мен оны мойыныма асылып алған Жадыраның «Бағланым-ау...» деп айтып жатқаны деп түсіндім. «Әй, Думанжан...». Жадыра тағы да «Ой, Думан жаным...» дегендей болды. «Әй, балам, Құдайберді нағашыларыңа тартып керең болайын дегенсің бе? Тез жүрсеңші». Дереу бойымды жинап алдым. Бойымды емес, ойымды. Әкем арбасымен алдыға түсіп кетіпті де, менің құнаным жиде түбіндегі қалың өскен қызыл мияға бас қойыпты. Тебініп қалдым. Қарагер тұмсығын пыр еткізді де басын көтерген бойында жол жорғасына салып тарта жөнелді. Бір жамбасыма аунай отырдым. Айнала қалың жиде мен қарақат. 

Сіз осы сәйкестік дегенге сенбейтін боларсыз. Мен де сенбейтінмін. Бірақ не тілесең сол тілегіңнің аяқ астынан қалауың бойынша орындала қалса алдымен есіңе ең бірінші Жаратқан оралады екен. Әкем екеуміз “Жарқабақ” ауылына кіре беріс бауыздау алқымына қалың өскен қарақат арасымен өтіп бара жатқамыз. Кенет сіңілісі мен Жадыраның шоқ қарақат ағашының басына қол созып тұрғанын көзім шалды. Қызық сезім. Қуанып тұрғанымды, ия болмаса абыржып тұрғанымды өзім айырып болмаймын. Сәл жүрістен соң әкеме қарақат арасында шөптің қалың өскендігін, құнанды осында біраз жайып алатындығымды айттым. Әкем артына бір бұрылып қарады да:

− Көп кешікпе, шешең алаңдап жүрер, − деді. 

Қарагерді кері бұрғам. Жадыраның жанына таяғанда қарғып түстім де жүгендегі сағақбаудың орынында жүретін тұсауды шешіп алып, атты тұсап қоя бердім. Енді қалай барам? Әйтеуір сүйретіле жақындадым. Амандасқам. Ол мені көрді де: 

− Ой, Думан, сәлем! Қайдан жүрсің?, − деді. 

Оның жүзінен маған байланысты бір жылылықты, қуанышты сезгесін батылдана бастаған сыңайлымын. 

− Сенің осы жаққа кеткеніңді естіп, іздеп келдім.

Мені шешем осы ұяттан ада қылып туған сияқты. Шімірікпедім. 

− Қойшы, − деді ол, − расыменен бе?

− Әрине, рас. Әлде сенбейсің бе?

− Жоқ, сенем. − Ол қарақат салып жатқан себетіне қараған. − Рахмет, − деді сосын, − рахмет іздеп келгеніңе. 

Сіңілісі екеумізге қулана қараған. Өткенде менің хатымды жеткізген “пәштәлөн” қыз осы. Өзі де сезді-ау:

− Жадыра әпке, мен көкемдермен тере берем. Сендер өздерің.., − деді де бұрылып жүгіре жөнелді. 

− Нәзөк, − деді Жадыра сіңілісіне, − көкеме де, апама да айтпа, иә?

Басын изеді. Нәзира. Жадыра өзіне жарасымды сүйкімділікпен маған басын қисайта қарады да:

− Өткендегі хатыңды алдым, − деді. Тағы да күлген. Сосын келді де әбжілдікпен менің бетімнен “шөп” еткізді. Қыз еріні тиген бетімнің оймақтай аумағы дызылдай жөнелген. “Ех, бақыт деген қыздың ерінінде жатыр екен ғой...” 

− Маған қарақат терісесің бе?

− Терісейін, егер де сен қаласаң, − дедім. 

− Жақсы болды, мә, ұста.  − Ол маған Нәзира қалдырып кеткен шиден тоқылған себетті ұсынды. 

Екеуміз де ендігі кезекте үнсіз ғана қарақат тере бастағанбыз. “Жадырамен үнемі оңаша қала бермейсің ғой, осындай мүмкіндікті пайдаланып сөйлесіп қалсаңшы” деген ой бірнеше мәрте тілімнің ұшында тұрған сөзді сыртқа итерген. Өзімді тежей бердім. Неден бастаймын?

− Қарақатты қар бір жауып өткесін тереді деуші еді, сендер неге ерте бастап кеткенсіңдер? − Сөз саптаған сиқым. 

− Апам қант бар кезде теріп, варенье қайнатып алайық деген соң келгенбіз, − деді Жадыра іле жауап қатып. 

Тағыда не сұрауға болады? Ойланып тұрғанымда Жадыра өзі сөйледі. 

− Думан, бері келші, мына жерде қарақат қалың екен. 

Шаппасам да тұра жүгірдім. Расыменен қалың түсіпті. Жіңішке ағаштың басын жерге жеткізе идім де қарақатын уыстап жұлып себетке сала бердім. Мен алған кезде жартылай болып тұрған себет толыңқырап қалды. Жадыра менен әудем жерде жүр. Мен ыдысты жерге қойдым да қарақаттан моншақ тоқи бастадым. Сабақтарын ақырын тесіп, келесі қарақатты сабағымен қоса өткізіп. Қазір біткесін Жадыраның мойынына тақпақпын. 

Күн біршама жантайып қалыпты. Күздің қоңыр салқын лебі бетке ұрады. Сырт-сырт еткен дыбыс ойымды бөліп жіберген, бұрылып қарадым. Жадыра екен. Себеті толы, маған күлімдей қарап тұр. 

− Мені апамдар шақырып жатыр. Қайтамыз дейді. 

− Сен.. мен... не... мен.. саған моншақ тоқыдым. − Орынымнан көтерілдім. − Мойыныңа тақсам бола ма?

− О, маған ба? − Дауысы көтеріңкі. − Әрине болады. 

Оның иілген аппақ мойынына мен қарақаттан тоқылған моншақты кигізе қойдым. Қара жұмыстан жарылып кеткен саусағымды  нәзік біткен мойынына “абайсыз” тигізіп алуды да ұмытпадым. Ол сезебеген сыңай танытты. 

− Рахмет, моншағыңа. 

− Оқасы жоқ. Сендер мәшинемен жүрсіңдер ме?

− Аха, көкемнің.

− Менімен бірге қайтшы. Атқа мінгізем. 

Екі себетті көтерген ол апасынан сұрануға жүгіріп кеткен. Мен алғашқы кезіккен қарақат түбіне тастай салған жүген мен құрғақ тоқымды алып құнанымды ұстауға беттедім. Міне, қырсық. Әншейінде жанына барғанда үндемей ғана тұра беретін қарагерімнің айдарынан жел есіп, маңайындағыларға пысқырына қарап қалыпты. Көзі шатынап тұр. Мен жақындағанда үркіп қаша жөнелмесі бар ма. Ал қу! Шоқырақтаған ол да жақындатпайды. Көзіме жас келіп қалған. Әй, боқтадым. Атымды. Айналшықтап ұстатпайды. Өткенде жүгері жинауға барғанда да өстіп бір ұстатпай үркіп қашқаны бар. Сонда ғой, ауылға дейінгі он екі шақырым бойына құнанымды ұстай алмай жаяу келгенім. Есіме сол түскенде сұрануға кеткен Жадырадан ұялдым. Боқтау былай қалды, мен енді атыма жалына бастадым. Сонда да көнбейді, неме. 

Есімімді атаған дауыс жаққа жалт қарасам Жадыра тұр. Безгелдек, енді қайттім! Қос аяқтай секіріп анау да жақындатпайды. Жадыра қасыма таяп келген. 

− Ұстатпай жүр ме?

− Ұстатпағанда не ғой, бағана мына жерден өтіп бара жатқандар үркітіп жібергенге ұқсайды. Содан жолатпай жатыр. 

− Қане, мен көрейін. − Жадыра алақанын жыбырлата “мох, мох” деп атқа жақындады. Құнан жиырыла қарап, Жадыраға қырындау келіп алақанын иіскеді. Ол аттың маңдайынан сипалап, мойынын құшақтап маған ымдады. Кигізіп үлгердім әйтеуір. Жүгенді. Жыным қайнағандықтан жазаңды жолда берермін деген ойға бекідім. 

Жадыраны артыма міңгестіріп алдым да “Жарқабақтың” ішімен тура тарттым. Ол болса менің белімнен құшақтай қысып алған. Қандай жақсы! 

− Думан сені өлең жазады дейді ғой. Рас па?

− Елдер айта береді ғой. − Сырғақтай жауап бердім.

− Мен сенің кітапты көп оқитыныңды білем ғой, жазса жазатын шығар деп ойлап едім.

− Енді анау айтқандай мықты жазбайтын шығармын. Шамамның жеткенінше шимайлайтыным бар. 

− Бәсе. − Ол біраз тосылып қалған. − Маған арнап өлең жазасың ба? − Қулана күлді. 

− Саған арнап па? Жазам. Бүгінгі қарақат терген күніміздің өзі қандай әдемі, осы туралы жазам. 

− Ендеше ертең үлкен үзіліс кезінде үшінші қабаттағы шеткі терезе алдында күтем. 

Жадыра екеуміз түрлі күлдірмелер айтып, қызықты уақиғаларды әңгімелеп ауылға жеттік. Ауыл шетіндегі бейітке жақындаған кезде Жадыра көрген елден ұят болар деп аттан түсіп қалды. Жылы қоштасқанбыз. 

“Қарақат тере барғанда” деген алғашқы жолын тақырып орынына қойдым да ертесінде мен оған өлеңімді апарып бердім. Уәделі уақытта, айтылған жерде...

4

Сол жылғы қысты есіме алғым келмейді. Жүрегім жылап қоя береді. Ойда жоқта Жадыра мектептің соңғы жылын бітірмей жатып ағамның досы Еркебұланға үйленді де кетті. Қораға кіріп алып әй жыладым-ай келіп. Қимастық сезім, балаң махаббат. Көктемді де көз көрді. Қамкөңіл кейіпте. Жетінші сыныпта оқып жүргем. Көктемді көргесін жылда асыға күтетін жазға да іліндім. Асықпай-ақ, сағынбай-ақ. Бір қайғым екеу болды: жазға салым Жадыра мен Еркебұлан айырылысып кетті. Қарыны қампайып үйінде жүрген Жадыраны көргенде жанарыма жиналған жасты ешкімге көрсетпей теріс бұрылып сылып түсемін. Ақыры шыдамадым. Шөп шабуға барғанда әкеме: 

− Маған Жадыраны алып беріңізші, − дедім. Әкем таңырқай қараған.

− Қай Жадыраны?

Біздің ауылда бір ғана Жадыра бар. Советқалидың қызы. Әкем түсінді. Шет жағасын естіген де тәрізді. Бірақ сенбеген. Енді өз ауызымнан естіді. Үндемеді. Тоғызыншы шалғыны толғай тартып, бедені жапыра шауып менен ұзап кетті. 

Түскі шайды сораптап ішіп отырған кезде әкем менің көзіме тіктеп қарады да мырс етіп күлді. 

− Сен өзі әйел алуға жарап қалдың ба? − Тікенектей қатты қолымен басымнан сипаған. − Алдымен мектебіңді бітіріп ал, сосын қалаған қызыңды әперем. 

Жүрегім қалаған қыздың менің мектеп бітіргенімді күтіп жүре алмайтынын әкем қайдан сезсін. Сол жылғы күз түпей-ақ Советқалидың үйі алыс аудан орталығына көшіп кеткен...

* * *

Концерттен көңілсіз шығып кеткем. Сол қолымның кішкентай бөбегінен қыса ұстаған ұлым ыңылдап ән айтып келеді екен...


Ұқсас тақырыптар