Жанар ТҰРАНҚАЗЫ: Асқақтықты таудан ұққым келеді

Жанар Тұранқазы.JPG

ҚАЗАҚПЫН

-       Сен кімсің?

-       Мен бе, мен Азатпын!

-       Қазақсың ба?

-       Қазақпын!

Азаттық үшін күресіп,

Төрінен қайтқан тозақтың.

-       М-м-м, тарихың бар ғой осыған татыр шамасы?

-       Айналаңа қарашы

Мынадай елдің қалайша

Тарихсыз болар баласы?

Сұрағың дұрыс, мен оған әсте қосылам.

Тарих дегенің келген жолым ғой осыған.

Бір кездері мен «Ақтабан» болып босығам,

Ал бір кездері «Репрессия» болып жосығам.

Оңайлықпенен келген жоқ бізге еркіндік

Еліме қарап, «тәубе» деп кейде тосылам!

-       Еліңде өнер бар ма, бабаларың мұра еткен?

-       Томирис анам ерлікті бізге ту еткен.

Қорқыттай бабам жүрегімізге күй еккен.

Фараби данам санама менің нұр сеуіп,

Абылай атам батырлық жолын үйреткен.

Өнерім менің бірлік қой сансыз ұраным,

Кішіге қамқор үлкенді сыйлап тұрамын.

Пейілім менің дастархан болып жайылған

Тыныштық берсін Алламнан енді сұрарым.

Керемет еді тарихым менен бүгінім

Кешегіме бүгіннен қарап сүйіндім.

Ел болса егер, сендей-ақ болсын Қазағым!

Мың тағзым саған, басымды мәңгі иемін.

 

ӨР РУХТЫ ЕЛІМЕ

Тектіліктен жүрекке нұр сіңірген,

Қайран елім мың өліп, мың тірілген.

Намыс кернеп, жалыннан жанып ішің,

Жанардан шоқ, төгілген жыр тіліңнен.

 

Ар-намысын беделін алға салып,

Бойда жігер қолына алмас алып.

Ел қорғаған бабам бар, қара жерге,

Тұяғынан тұлпардың таңба салып.

 

Сазыменен өзіндік бабыменен,

Ақын туған сәйгүлік, нағыз ерен.

Шежіредей ғасырлар қойнауынан,

Тасқа қашап, қалдырған жазып өлең.

 

Қайратымен күшімен арманымен,

Тыңнан терең танылған талғамымен,

Байрағынан бостандық жел естірген,

Беделді елім би-шешен хандарымен.

 

Қандай уын төкседе заһар заман,

Көкірегін ұлтының баса алмаған.

Қара бұлтты қақ жарған жасындардай,

Қайран намыс кез бар ма қашалмаған.

 

Мирас болған тектілік бойға дарып,

Артықтығың әлемге айдан анық.

Таниды! Таниды ұлы Абай, Мұхтарменен,

Мен қазақпын десем де қайда барып.

 

Сағасындай ұлы өзен арнасының,

Елдігіңнің үні боп, жалғасты үнім.

Мен қазақтың қызымын үмітімін,

Мен қазақтың болашақ жалғасымын.

 

ЖАЛҒАНДА

Жақұтын алып жалғанның,

Иманын беріп бірақ та.

Сырғақтап тұрмас тіршілік,

Тастаған күрмеп сынапқа.

Тұрала тұқыр тұрақта,

Қотырын сапсып сымпиып.

Бір кетіп жөнге, бір тиіп,

Негізгі шыңды құлатпа.

Таласып жансыз әр нұрсыз,

Тапал бассаң тағдыр мұз.

Қайырмассың бұл жаққа,

Өр жаным енді алданып.

Ғажапты қарап қолға алып,

Нұрсыздан сәуле құр артпа.

Тепсінтіп иіп тебінтіп,

Күйдіріп жанары егілтіп.

Ертекшіл елді сұратпа,

Орныңда қал құр қиял.

Барыңа ғана тұрақта,

Қашпағын қашпа жыраққа.

 

ӨМІР – ӨЛЕҢ

Өмірім – өлең, нұр күтіп алдан,

Жаныңның жайлау жыр құты барда.

Елігің болып жайылайын бір,

Жан аға мені үркітіп алма.

 

Түлкіде ойы бүркіті бардың,

Бойыңды билеп, еркі құмардың.

Мерген боп мылтық оқтадың дағы,

Мәңгілік мені үркітіп алдың.

 

Жүректі жайсыз табалап ұшқын,

Ақ орманындай шағала құстың.

Айдынында жүзем бе деп ем,

Тек қанатымды жаралап ұштым.

 

Ойыңды дүлей қозғаған екен,

Сезімнен ақыл озбаған екен.

Бәйтерек деуші ем, саяда гүл боп,

Өсуді маған жазбаған екен.

 

Ізгілігіңмен арманым бола,

Ойымда мәңгі қалмадың ба аға.

Бар кінәм менің өзіңе емес,

Жырыңа ғашық болғаным ғана.

 

 

АЛА БҰРТҚАН ЖҮРЕГІМДІ КІМ ТҮСІНЕР?

Өмір ай, арманым көп, күдер үзбей,

Жүрсе екен,

Ақбозатым шідер үзбей.

Санам да,

Ойым да

Қатал болып борап жатыр,

Бұрқылдап, менің шатақ мінезімдей.

 

Буырқанып бораймын да,

Сабыр деп басыламын.

Көз жасымды жанарға жасырамын.

Ренжітсем біреуді, ертеңіне,

Кешірім сұрайын деп асығамын.

Асығайын кешірімді болуға тасып асып,

Құдай да кешірімді мен түгілі

Ол жол да біз жаратылған пенде пасық.

 

Бәлкім, мен емеспін, баулыған дала заңы.

Жақсылар, жақсы жанға қарасады.

Ақылы асқан жандарды аға деймін,

Жөн сұрап жүрсем егер жарасады.

 

Жүрегім қашан енді жай табасың?

Білемін ұтпасымды тайталасып.

Ақ пейіл ниетіммен келіп жатсам,

Ей, тәккәппәр дүние,

Сен де күт,

Құшағыңды айқара ашып.

 

Жақын білгің кеп жүрсе егер мені,

Өмірімді айтып тұр өлеңдерім.

Ала болсаң кетеді ауыздағың,

Түгел болсаң, бақ қонар төбеңдегі.

 

ӘДІЛЕТСІЗДІК

Армысыздар,

Бұл жалғанның адамы.

Қайырылмайтын,

Қайырымсыз қоғамы!

Дұшпандаймыз бірімізге-біріміз,

Әділет жоқ, зар қақсатқан сананы.

Жалығасың құр айтылған ақылдан,

Табылады дұшпаныңда қасыңнан.

Туған жерің, қазар көрің, сәбиің,

Бұның бәрі өз еліңде сатылған.

Болды ғой!

Бұл өмірде –

Ақша патша.

Жанымызда патшамыз,

Қияр жанның жан әлемі лас қалды.

Періште емес, шайтан төрге жастанды,

Қанша жанның жанарында жас қалды.

Өтінішпен өтінемін, сатпайықшы жастарды,

Нұрын төгіп, күллі әлемге жалғанған.

Саудагердей саудаламай жер көкті.

Антың менен арың үшін арланған,

Ел-жұртымды сақтайтұғын жалғаннан.

Пенде болмай, аспайықшы Алладан.          

 

АСҚАҚТЫҚ

Биік шыңға шыққым келеді,

Көрсем деп ғаламды мына.

Асқақтықты таудан ұққым келеді,

Тазалап тапталған санамды мына.

 

Қарғып желге мінгім келеді,

Жаһанкездей кезетін көп.

Желден біраз нәрсені білгім келеді,

Мұң-сырын еркіндіктің сезейін деп.

 

Өзен, көл боп аққым келеді,

Көкіректен ғаламға шырқап бір ән.

Тебіреніп теңіз боп жатқым келеді,

Жүрегіммен тәрбиелеп санамды сан.

 

Қып-қызыл от боп жанғым келеді,

Жамандықты бойымда отын қылып.

Дұшпандарға от болып барғым келеді,

Күйдіріп күншілдерге жақын жүріп.

 

АЗАПТАУ

Қинама Жаратушым текке мені,

Азаптау қашан мына шектеледі.

Әлсіздерге әлдінің күші жетіп,

Санаңды сансыратып қақ бөледі.

 

Кетеді екен жігермен сенім, ерік,

Жын ұрдыма қақтыма пері келіп.

Ей адамдар, түзейік пейілді біз,

Алатындай үлгіні тебіреніп.

 

Көзден жас, көңілден шер кетпеген,

Кедейшілік кімдерді сенделтпеген.

Байлық пенен пұл күшті осы күнде,

Тілді ауызды адамды сөйлетпеген.

 

ЖҮРЕК СӨЗІ

Он сегіз мың ғаламды жаратты Құдай,

Сыйлайық Алланы да ағат қылмай.

Сақта жастар тарихты ұғымыңда,

Алланың жаусын бізге нұры мына.

Ел-жұртым кетпейікші тайып төмен,

Көп болсын қазағымда лайықты өрен.

Қадірлеймін халқымның дара асылын,

Өйткені мен қазақтың баласымын.

Тұрсыншы тарихымыз ой-санада,

Қазағым қалған тірі мыңнан дара.

Қояйық халқым менің жат қылықты,

Жастарың серік етсін жақсы үмітті.

Үйіп берсін Жаратқан жақсылықты,

Көрмейік еш уақытта тапшылықты.

Кетпесін ақылымыз ар санадан,

Ұмытпасын бұл сөзді барша ғалам.

Береке болсын дәйім тірлігімен,

Орманымыз гүлденсін қыр гүлімен.


Ұқсас тақырыптар