Кен Лю: Қағаз хайуанаттар бағы

Авторы Кен Лю – Қытай-американ жазушысы, ғылыми фантастика және фэнтези жанрының аудармашысы. «Қағаз хайуанаттар бағы» шығармасы «Үздік әңгіме» номинациясы бойынша 2011 жылы «Небьюла», 2012 жылы «Хьюго», 2012 жылы Дүниежүзілік фэнтези сыйлықтарына ие болған.

Кагаз жолбарыс.JPG

Менің ертедегі естеліктерімнің бірі жылап отырғанымнан басталады. Әкем мен анам қанша тырысса да, мені жұбата алмады. Әкем мені жатын бөлмеге қалдырып, шығып кетті, бірақ анам мені асүйге ертіп әкеліп, таңғы асқа отырғызды.

Кан, Кан, деп дауыстады ол, тоңазытқыштың үстінен орама қағаз парағын алып жатып. Біраз жылдардан бері анам Рождестволық сыйлықтардың сыртындағы орама қағаздарын абайлап кесіп алып, оларды тоңазытқыштың үстіндегі қалың үймеге жинап отыратын. Ол қағаздың түзу жағын жоғары қаратып, бүктей бастады. Мен жылағанымды қойып, қызыға қарадым.

Анам қағазды аударып қайта бүктеді. Қағазды алақанында көрінбей кеткенше бүктеді, қырлады, қайырды, орады, шиыршықтады да және орады. Соңында ол бүктелген қағазды аузына апарып, оны шар тәрізді етіп үрледі.

Кан, деді ол. «Лаоху».

Ол екі қолын үстелге қойып, алақанын ашты. Үстелдің үстінде жұдырықтай ғана кішкентай жолбарыс тұрды. Жолбарыстың терісі орама қағаздағы өрнектердей, ақ қағаздағы қызылала кәмпиттер мен жасыл Кристмас шыршаларының түсіндей болып шығыпты.

Мен анамның жасаған затын қолыма алдым. Ол құйрығы қайқайып, менің саусағыммен ойнап тұрды. Жолбарыс «ырр» ете түсті. Дыбыс мысық пен қағаз сытырының аралығындай бір жерден шықты. Мен қорыққанымнан күліп жіберіп, сұқ саусағыммен оның арқасынан сипадым. Қағаз жолбарыс менің саусағымның астында пырылдай дірілдеді.

– «Чжэ цзяо-чжи», – деді мамам. Мұны оригами деп атайды. Мен мамамның жаратылысы ерекше адам екенін ол кезде білмеппін. Анам оларға өз тынысымен бөлісе дем беріп және солай бірге өмір сүріп жатты. Бұл оның ғажайып сиқыры еді.

* * *

Әкем анамды каталогтан тауыпты. Бірде мен жоғары сыныпта оқып жүргенімде әкемнен анық-қанығын сұрадым. Ол мені тағы да анаммен сөйлестіруге тырысты.

Әкем 1973 жылдың көктемінде таныстыру қызметінің көмегіне жүгініпті. Ол беттерді парақтай отырып, анамның суретін көргенге дейін көп тоқталмаған. Мен анамның бұл суретін ешқашан көрмеген едім. Әкем оны былай суреттеді. Анам камераға бір қырымен қарап орындықта отыр, үстіне тығыз жібектен тігілген, жасыл чонсам киген. Басын камераға бұрғанда, көркем ұзын қара шашы кеудесі мен иығына төгілді. Ол маған баладай алаңсыз көздерімен қарап тұрды. «Бұл мен көрген каталогтың соңғы беті еді» деді әкем.

Каталогта оның он сегіз жаста екені, билегенді ұнататыны және ағылшын тілінде жақсы сөйлейтіні жазылған, өйткені ол Гонконгтан болатын. Кейін бұл мәліметтердің ешқайсысы да шындық болмай шыққан.

Әкем оған хат жазып, ал компания олардың хабарламаларын ары-бері тасымалдап тұрыпты. Ақыры әкем онымен кездесуге Гонконгқа ұшып барыпты. «Компаниядағылар оның жауаптарын жазып отырыпты. Ол «сәлем» мен «сау болдан» басқа ағылшынша сөз білмейді екен.

Қандай әйел өзін сатып алуға болатындай етіп каталогқа енгізеді? Мен жоғары мектепте оқып жүргенімде барлық нәрсе туралы бәрін білемін деп ойлайтынмын. Жиіркенішім шарап секілді жақсы сезілді.

Әкем компанияның кеңсесіне барып ақшасын қайтаруды талап етудің орнына, мейрамханадағы даяшыға аударма жасап беру үшін ақша төлейді. «Мен сөйлеп тұрғанда, ол маған қорқыныш пен үміт қатар ұялаған көздерімен бадырая қарап тұр еді. Ал, даяшы қыз менің айтқанымды оған аудара бастағанда, ол жайлап күлімсірей бастады».

Әкем қайтадан Коннектикутқа ұшып келіп, оның келуіне қажет құжаттарды жинай бастаған екен. Мен бір жылдан соң Жолбарыс жылы дүниеге келіппін.

* * *

Менің өтінішім бойынша анам орама қағаздан ешкі, бұғы және сусиырды да жасады. Лаоху артынан ырылдай қуғанда, олар қонақ бөлмені айнала қашатын. Ол ұстап алғандарын желі шығып, тегіс бүктетілген қағазға айналғанша басатын. Содан кейін, мен оларды қайта жүгіре алуы үшін тағы үрлейтінмін.

Кейде жануарлар қиыншылыққа тап болатын. Бірде сусиыр кешкі ас кезінде үстелдің үстіндегі соя тұздығының ыдысына секіріп кетті. (Оның нағыз сусиыр сияқты аунап жатқысы келген болу керек). Мен оны тез шығарып алдым, бірақ сұйықтық аяқтарына сорылып, қағазға сіңіп кеткен еді. Тұздықтан жұмсарып кеткен аяқтары оны көтеріп ұстап тұра алмай, ол үстел үстінде құлап қалды. Оны күнге кептірсем де, кейіннен аяқтары қисайып кетіп, ақсаңдай жүгіретін болды. Ақыры анам оның аяғын жанына жайлы тиетіндей ғып, полиэтиленмен орап қойды.

Сондай-ақ, Лаоху екеуміз аулада ойнаған кезде, ол торғайларға шабуыл жасағанды ұнататын. Бірақ бір жолы бұрышқа тықсырылған кекшіл құс жанкештілікпен қорғанып, құлағын жұлып алды. Мен құшақтай алғанымда, ол ауырсына қыңсылады, мамам оның құлағын скотчпен жамап қойды. Осыдан кейін ол құстардан аулақ жүретін болды.

Мен бір күні қатырандар1 туралы телебағдарлама көріп, анамнан қатыран жасап беруін сұрадым. Анам жасап үстелдің үстіне қойып еді, ол жүзбекші болып, сүлесоқ күйде желбезектерін сытырлатты. Мен раковинаны суға толтырып, соған салдым. Қатыран көңілдене айналып жүзіп жүрді. Алайда, біраз уақыттан кейін ол дымқыл тартып түссізденді де, ақырындап, қатпарлары жазылып су түбіне батып кетті. Оны құтқаруға ұмтылып едім, бірақ ұстаған кезде менің қолымда жібіген қағаздың ыдырандысы ғана қалды.

Лаоху алдыңғы аяқтарын раковинаның жиегіне тіреп, оған басын қойды. Құлағын төмен түсіріп ақырын ырылдады, мен өзімді кінәлі сезіндім.

Анам маған қатыранның жаңасын жасап берді, бұл жолы жұқалтыр қағаздан жасапты. Бұл қатыран алтын балыққа арналған үлкен аквариумда бақытты өмір сүрді. Біз Лаоху екеуміз аквариумның жанында отырып, жұқалтырдан жасалған қатыранның алтын балықты қуалағанын қызықтағанды ұнататынбыз. Лаоху аквариумның ар жағында отырып, оған бетін тақағанда, мен, әйнектің ар жағынан маған тесіле қараған оның шай кесенің көлеміндей бадырайған көздерін көретінмін.

* * *

Мен он жасқа келгенде біз қаланың басқа жағына жаңа үйге көштік. Бізбен амандасуға екі көршіміз келді. Әкем оларға сусын әкеліп беріп, бұрынғы пәтер иесінің төлем есептерін дұрыстауға байланысты коммуналдық қызмет бөліміне баруы керектігін айтып кешірім өтінді.

– Өздеріңізді үйлеріңіздегідей сезініңіздер. Менің әйелім ағылшынша жақсы сөйлей алмайды, сондықтан, сіздермен сөйлеспегенге ол әдепсіз деп қалмаңыздар, – деді.

Мен асханада кітап оқып отырғанда, анам ас бөлмеде заттарымызды шығарып жатты. Көршілер қонақ бөлмеде әңгімелесіп отырды, олар ақырын сөйлеуге тырыспады да.

– Ол өзі дұрыс адам сияқты. Неге бұлай жасады екен?

– Аралас нәрсе ешқашан дұрыс болмайтын сияқты. Жетілмеген бала секілді көрінеді. Қиық көз, жүзі боп-боз. Кішкентай құбыжық.

– Ол ағылшынша сөйлей алады деп ойлайсыз ба?

Әйелдер үнсіз қалды. Біраз уақыттан кейін олар асханаға келді.

– Сәлем! Сенің есімің кім?

– Джек, – дедім мен.

– Бұл мүлде қытайшаға ұқсамайды.

Анам сол кезде асханаға кірді. Ол әйелдерге жымия қарады. Үшеуі мені үшбұрыштана айналып тұрып, әкем қайтып келгенше бір-біріне күлімсіреп, бас изегеннен басқа ештеңе айтпады.

* * *

Бірде көрші балалардың бірі Марк өзінің «Жұлдызды соғыстар» пішіндерін алып келді. Оби-Ван Кенобидің сәулелі семсері жарқылдап, қолын бұлғап, қатаң үнмен «Күшіңді қолдан!» деп дауыстайтын еді. Бірақ маған оның пошымы нағыз Оби-Ванға ұқсаймайтындай көрінді.

Біз оның бұл ойынын кофе үстелінің үстінде бес рет қайталап көрдік. «Ол бұдан басқа бір нәрсе жасай ала ма?» - деп сұрадым. Марк менің сұрағыма шамданып қалды. «Барлық бөлшектерін көріп шықсаңшы» - деді ол.

Мен барлығын көріп шықтым. Бірақ, не айтарымды білмей абдырап қалдым. Марктің менің қылығымнан көңілі қалып қалды. «Маған ойыншықтарыңды көрсетші». Менің қағаз хайуандардан басқа ойыншықтарым жоқ еді. Мен Лаохуды жатын бөлмемнен алып шықтым. Осы кезге дейін ол әбден тозған, скотч пен желімнің барлық түрімен жамалған, бұл анам екеуміздің оны ұдайы жөндеген жылдарымыздың дәлелі еді. Ол бұрынғыдай епті және өзіне нық сенімді емес-ті. Мен оны кофе үстелінің үстіне тұрғызып қойдым. Артымнан дәлізде қонақ бөлмеге үрке, ұрлана қарап тұрған басқа жануарлардың да тыпырлаған аяқ дыбыстарын естідім.

– Сяо Лаоху, – деп барып, мүдіріп қалдым. Содан кейін ағылшынға көшіп: – Бұл – жолбарыс, – дедім. Лаоху жайлап жақындап барып Марктың қолын иіскей пырылдады.

Марк Лаохудың терісіндегі Рождестволық орама қағаздың үлгісін мұқият қарады.

– Бұл жолбарысқа мүлдем ұқсамайды. Саған анаң ойыншықтарды қоқыстан жасап бере ме?

Мен Лаохуды ешқашан қоқыс деп ойлаған емеспін. Бірақ, қазір қарасам, ол шынымен де жай орама қағаздың бір парағы ғана екен.

Марк Оби-Ванның басын тағы қозғады. Сәулелі семсері жарқ етті де, қолдарын жоғары-төмен сермеді. «Күшіңді қолдан!»

Лаоху бұрылып барып бас салды да, үстелдің үстінен пластик пішінді қағып түсірді. Ол еденге құлап түсіп, тас-талқаны шықты. Ал Оби-Ванның басы диванның астына домалап кетті. Лаоху «ырррр» деп барып күліп жіберді. Мен оған қосыла күлдім.

Марк мені бар пәрменімен періп жіберді. «Бұл өте қымбат болатын! Қазір оны ешқандай дүкеннен таба алмайсың. Бұның құны сенің әкеңнің шешеңе төлегенінен де қымбат тұруы мүмкін!».

Мен шалынып кетіп еденге құлап түстім. Лаоху ырылдап Марктың бетіне секірді. Марк ауырғаннан гөрі қорқыныш пен таңданыстан шыңғырып жіберді. Әрі-беріден соң, Лаоху тек қағаздан жасалған ғой. Марк Лаохуды бас салып, алақанымен умаждап, ортасынан қақ айырып жыртқан кезде оның ырылдауы да басылды. Марк быт-шыты шыққан екі бөлікті қосып, маған лақтырып жіберді.

– Міне, сенің ақымақ арзан қытай қоқысың.

Марк кеткен соң бөліктерді желімдеуге, қағазды тегістеуге және Лаохуды білінер-білінбес бүктемелері арқылы қайта қалпына келтіруге тырысып көп уақытымды зая кетірдім. Өзге хайуанаттар жайлап қонақ бөлмеге кіріп, менің және бұрынғы Лаохудың жыртылған орама қағазының айналасына жиналып отырды.

* * *

кайык.JPG

Менің Маркпен жанжалым бұнымен аяқталған жоқ. Марк мектепте танымал болатын. Мен одан кейінгі екі аптаны ешқашан есіме түсіргім келмейді. Сол екінші аптаның соңында жұма күні үйге келдім.

– Сюэ сяо хао ма?, – деп сұрады анам. Мен жауап бермей жуынатын бөлмеге кіріп кеттім. Айнаға қарадым. Мен оған мүлдем ұқсамайды екем, мүлдем.

Кешкі ас үстінде әкемнен «Менім түрім қытайлыққа ұқсай ма?» деп сұрадым. Әкем қолындағы шөкесін2 шетке қойды. Мен оған мектепте не болып жатқанын ешқашан айтқан емеспін, бірақ ол бәрін түсінгенін сездім. Әкем көзін жұмып, мұрнын сипады.

– Жоқ, ұқсамайсың, – деді.

Анам түсінбей әкеме қарады. Ол қайта маған қарап: – «Ша цзяо чинк?», – деді.

Мен «ағылшынша», «ағылшынша сөйле» дедім.

– Не болды? – Ол ағылшынша сөйлеуге тырысты.

Мен алдымдағы көк бұрыш пен сиыр етіне бес түрлі дәмдеуіш қосып қуырған тамақ тұрған ыдысым мен шөкемді ары итеріп тастадым.

– Біз американдық тамақ жеуіміз керек, – дедім.

– Көптеген отбасылар кейде қытай тағамдарын дайындайды, – деп әкем көндіруге тырысты.

– Біз басқа отбасылардай емеспіз.

 Мен оған қарадым. Өзге отбасылардың аналары қытайлық емес. Ол жанарын алып қашты. Содан кейін анамның иығына қолын қойып, «Мен саған аспаздық кітап әперемін», – деді.

Анам маған бұрылды. «Бу хао чи?»

– Ағылшынша! – Мен даусымды көтеріп: – Ағылшынша сөйле, – дедім.

Анам менің ыстығымды байқауға маңдайыма қолын созды. «Фашоа ла?».

Мен оның қолын қағып жібердім. «Мен жақсымын. Ағылшын тілінде сөйле!» Мен айғайлап жібердім.

– Онымен ағылшынша сөйлес. Сен осындай жағдай бір күні болатынын білдің ғой. Енді, не күтіп едің?, – деді әкем анама. Анам екі қолын жанына түсірді. Ол біресе әкеме, біресе маған қарай берді. Сөйлеуге оқталды да, тоқтап қалды, қайтадан бір нәрсе деуге ұмсынып барып мүдіріп қалды.

– Солай істеуге тура келеді. Мен сенімен жұмсақтау болдым. Джекке сіңісуі керек, – деді әкем.

Анам оның бетіне қарады. «Егер мен «махаббат» десем, мен оны мынау жеріммен сезінемін. Ол өзінің ернін көрсетті. Егер мен «ай» десем, мен оны мына жеріммен сезінемін» деп қолын жүрегінің үстіне қойды.

Әкем басын шайқады. – Сен Америкадасың.

Анам отырған орнында Лаоху бас салып, ауасын шығарып тастаған сусиыр тәрізді бүкшірейіп қалды.

– Маған нағыз ойыншықтар керек.

* * *

Әкем маған «Жұлдызды соғыстар» пішіндерінің толық жинағын сатып әперді. Мен Оби-Ван Кенобиді Маркке бердім. Қағаз хайуандарды жинап аяқ киімнің үлкен қорабына салып, төсектің астына қойдым.

Келесі күні таңертең жануарлардың барлығы қашып шығып, менің бөлмемдегі бұрынғы сүйікті орындарына жайғасып алыпты. Мен оларды ұстап алып, қайтадан аяқ киімнің қорабына салып, қақпағын скотчпен желімдеп тастадым. Бірақ жәшікте шу шығарған соң, оларды өз бөлмемнен мүмкіндігінше аулақтау болсын деп шатырдың бір бұрышына апарып тығып тастадым.

Анам менімен қытайша сөйлессе, мен жауап беруден бас тарттым. Біраз уақыттан кейін ол көбінесе ағылшынша сөйлеуге тырысатын болды. Бірақ мен оның акценті мен сөйлемдерді бұзып айтуынан ұялатынмын. Мен оның сөздерін түзетуге тырысатынмын. Содан кейін мен қасында болсам, анам мүлде сөйлемейтін болды.

Анам маған бірдеңе айту керек болса, ымдайтын болды. Ол теледидардан көргеніндей америкалық аналар сияқты мені аясына алуға тырысты. Маған оның қимылы ебедейсіз, сенімсіз, оғаш, ерсі болып көрінетін. Ол жақтырмайтынымды сезіп, оны да қойды.

– Сен анаңмен бұлай қарым-қатынас жасауға тиіс емессің, – деді әкем. Бірақ, осылай десе де көзіме тура қарай алмайтын. Ол жүрегінің түкпірінде қытайдың шаруа қызын алып, оны Коннектикут маңына сіңісіп кеткенін күтуінің өзі қате екенін түсінгендік жатқан болар.

Анам америкалық тағамдар жасауды үйренді. Мен бейнеойындар ойнадым және француз тілін үйрендім. Кейде мен оның асүйдегі үстелдің басында орама қағаздың тегіс жағын қарап отырғанын көретінмін. Кейінірек менің түнгі үстелімде жаңа қағаз жануарлар пайда болып, маған жабысуға тырысатын. Мен оларды алып, ішінен ауасын шығарып, содан кейін шатырдағы қорапқа тығып тастайтынмын.

Анам ақыры мен жоғары сыныпқа көшкенімде жануарлар жасағанды тоқтатты. Ол уақытта оның ағылшын тілі жақсарған, бірақ, мені ол кезде оның не айтатыны, қай тілде сөйлейтіні қызықтырмайтын еді.

Кейде үйге келгенде, Қытай әуенін ыңылдап, ас үйде ары-бері жүрген анамның кіп-кішкентай денесіне қарап, оның мені туғанына күмәнданатын едім. Біздің ешқандай ұқсастығымыз жоқ. Оның Айдан келген болуы да мүмкін. Мен бақытқа жетуге америкалық ұмтылыс жасауды жалғастыру үшін өз бөлмеме асығатынмын.

* * *

Әкем екеуміз аурухана төсегінде жатқан анамның екі жағында тұрдық. Ол әлі қырыққа да жетпегенмен, өз жасынан әлдеқайда үлкен көрінетін еді. Ұзақ жылдар бойы ақырындап ауырып жүрсе де, жеңіл-желпі нәрсе ғой деп дәрігерге барып қаралудан бас тартып келген. Ақырында жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізген кезде қатерлі ісік хирургиялық жолмен емделмейтін шамаға жеткен.

Менің ойым бұл жерде емес. Кампус ішіндегі жұмысқа қабылдау маусымының ортасы болғандықтан, менің бар көңілім түйіндеме, транскрипт және стратегиялық түрде құрылған сұхбаттасу кестесіне ауған. Мені сатып алуға ұсыныс беретіндей етіп, корпоративтік рекрутерлерді қалай тиімді алдауды ойлап отырдым. Мен анасы хал үстінде жатқан адамның бұл туралы ойлауының өзі қорқынышты екенін түсініп тұрдым. Алайда, түсіне тұрып, ойымды өзгерте алмадым.

Анам есін біліп жатты. Әкем оның сол қолын қос қолымен ұстап тұрды. Еңкейіп, оның маңдайынан сүйді. Әкемнің әлсіз және кәртаң көрінгенінен тіксініп қалдым. Мен анам туралы аз білетінім сияқты әкем жайлы да көп ештеңе ұқпайтынымды білдім. Анам оған қарап күлімсіреді. «Мен тәуірмін».

Анам күлімсіреген қалпы маған бұрылды. «Мен сенің оқуыңа баруың керектігін білемін». Оған қосылып тұрған құрылғылардың шуынан анамның өте әлсіз шыққан дауысын есту қиын болды. «Бара ғой. Маған алаңдама. Бұл жерде маңызды шаруа жоқ. Сабағыңды жақсы оқы».

Оның саусақтарын ұстауға қолымды создым, өйткені солай істеуім керек деп ойладым. Мен жеңілдеп қалдым. Әлден-ақ кері ұшу мен Калифорнияның жаймашуақ күн сәулесі туралы ойлап кеттім.

Ол әкеме сыбырлап бірдеңелерді айтты. Ол басын изеп бөлмеден шығып кетті. «Джек, егер...», ол жөтел ұстамасы ұстап, біраз уақыт сөйлей алмады.

«Егер мен аман қалмасам, мұңайма, өз денсаулығыңды құртпа. Өз өміріңе көңіл бөл. Тек шатырдағы ана қорап өзіңмен бірге болсын, жыл сайын Цинминде оны шығарып, мені есіңе алсаң болды. Мен әрдайым сенімен бірге боламын».

Цинмин Қытайда әруақтарды еске алу мерекесі еді. Менің сәби кезімде анам Цинмин мерекесінде өзінің Қытайда қайтыс болған ата-анасына хат жазып, оларға Америкадағы өткен өмірінің бір жылында болған жақсы жаңалықтарды баяндайтын. Ол маған хатын дауыстап оқып беретін, егер өз ойымды айтсам, оны хаттың астына қосатын. Сосын хатты қағаз тырнаға бүктеп салып, батысқа қарай ұшырып жіберетін еді. Содан кейін біз тырнаның батысқа қарай ұзақ сапарға Тынық мұхитына, Қытайға, анамның туыстарының қабіріне қанаттарын сусылдата қағып бара жатқанына қарап тұратын едік. Соңғы рет екеуміз бірге осылай жасағаннан бері көп жылдар өтіпті.

– Мен Қытай күнтізбесі туралы ештеңе білмеймін, – дедім. – Мама, дем ал.

– Қорапты өзіңмен бірге ұста және анда-санда ашып тұр. Тек қана аш. – Ол қайтадан жөтелді.

– Бәрі дұрыс, мама. – Мен оның қолын ебедейсіз сипадым.

«Хайцзы, мама ай ни». – Оны қайтадан жөтел қысты. Менің санамда біраз жыл бұрынғы анамның бейнесі қылаң берді. Анам «ай» деп, содан кейін қолымен жүрегін ұстай қалатын. «Бәрі жақсы, мама. Сөйлемеші».

Әкем қайта кіргенде, мен әуежайға ертерек бару керектігін айттым, өйткені мен өз кезегімнен кешігіп қалуды қаламадым. Мен мінген ұшақ Неваданың үстінен ұшып өткенде ол дүниеден өтті.

* * *

Әкем анам қайтыс болғаннан кейін тез қартайып кетті. Үй оған тым үлкен болғандықтан, оны сатуға тура келді. Құрбым Сьюзен екеуміз оған заттарды буып-түйісуге, орнын тазалауға көмектесуге келдік.

Сьюзен шатырдағы қорапты тауып алды. Қағаз хайуандар қараңғы шатырда ұзақ уақыт бойы тығылып жатқандықтан тозып, орама қағаздың жарқыраған өрнектері оңып кетіпті.

– Мен ешқашан мұндай оригами көрмеппін, – деді Сьюзен. – Сенің анаң керемет шебер болған екен.

Қағаз жануарлар қозғалмады. Мүмкін, анам қайтыс болғанда, онымен бірге оларға жан кіргізетін сиқыры қоса кеткен болар. Мен бәлкім, бұл қағаз конструкцияларды бір кездері тірі деп қиялдаған болармын. Балалардың естеліктеріне сене беруге де болмайды ғой.

* * *

Сәуір айының алғашқы демалыс күндерінің бірі еді. Анамның қайтқанына екі жыл толған. Сьюзен менеджмент бойынша кеңесші ретінде өзінің таусылмайтын сапарларының біріне кетті, мен үйде теледидар арналарын жалқаулана ауыстырып жатқам. Қатыран туралы деректі фильмге тоқтадым. Кенет маған қатыран жасау үшін қалайы жұқалтырды қабаттап, қайтара бүктеп отырған анамның қолдары, Лаоху екеуміздің оған қарап отырғанымыз көз алдыма келді.

Сыбдыр ете қалды. Қарасам, кітап сөресінің жанында еденде умаждалған орама қағаз бен жыртылған лента жатқанын көрдім. Алып қоқысқа тастау үшін қасына келдім.

Домалақталған қағаз қозғалып, өздігінен ашылғанда, оның Лаоху екенін көрдім, ол туралы ойламағаныма ұзақ уақыт болған еді. «Ырр». Мен лақтырып жібергеннен кейін, анам оны қайтадан орнына қойса керек.

Ол менің ойымдағыдан кішірек болып көрінді. Немесе ол кезде менің жұдырығым кішірек болған болар. Сьюзен қағаз жануарларды пәтеріміздің ішін айналдыра әшекей ретінде тізіп қойған. Мүмкін Лаохуды алыстау қуысқа қойған шығар, өйткені ол көнетоздау көрінген.

Мен еденге отырдым да, саусағымды создым. Лаоху құйрығы бұлғалақтап, ойнай бастады. Оның арқасынан сипап күлдім. Лаоху менің алақанымның астынан пырылдады.

– Қалайсың, ескі досым?

Лаоху ойнауын тоқтатты. Орнынан тұрды, кербез қимылмен тіземе секіріп шықты да, өздігінен ашыла бастады. Менің алдымда жоғары қарап, жай орама қағаз шаршысы жатты. Ол қытай иероглифтерімен тығыз толтырылған екен. Мен ешқашан қытайша оқуды үйрене алмадым, бірақ «ұлым» сөзінің иероглифтерін танитынмын, әрі ол хаттың кімге арналғанын білуге болатындай бас жағында анамның икемсіз, баланың қолтаңбасындай жазуымен тұр екен. Интернетті тексеру үшін компьютерге бардым. Бүгін Цинмин екен.

* * *

Мен хатты алып, қала орталығындағы қытайлық туристік автобустар тоқтайтын тұраққа бардым. Кездескен туристерді тоқтатып: «Нин хуэй ду зонгвэн ма?». «Сіз қытайша оқи аласыз ба?» деп сұрадым. Қытай тілінде ұзақ уақыт сөйлемегендіктен, олардың мені түсінетіндігіне күмәндандым.

Жас келіншек көмектесуге келісті. Екеуміз орындыққа отырдық, ол маған хатты дауыстап оқып берді. Маған жылдар бойы ұмытуға тырысып келген тілім қайта оралды, ол сөздердің денемдегі терім арқылы, сүйектерім арқылы жүрек тұсым сығылғанша сіңіп жатқанын сездім.

* * *

«Ұлым!

Біз ұзақ уақыт бойы сөйлескен жоқпыз. Саған қолымды тигізуге тырысқанымда сенің қатты ашуланатыныңнан қорқатынмын. Мен үнемі тартып келе жатқан бұл азап қазір өте ауыр нәрсе-ау деп ойлаймын. Сондықтан, мұны мен саған жазып қалдыруға бел будым. Бір кездері өзің қатты ұнататын, саған арнап жасаған жануарлардың қағазына жазайын деп отырмын.

Менің демім таусылған кезде олар да қозғалмайтын болады. Егер саған бар жүрегіммен жазсам, онда жанымның кішкентай бөлігін мына қағазда, осы сөздерде қалдырғаным. Содан кейін, Цинминде мені есіңе алсаң, о дүниедегілердің аруақтарының жанұяларына барып қайтуына рұқсат берілгенде, менің артымда қалдырған бөліктеріме де жан бересің. Саған арнап жасаған тіршілік иелері тағы да секіріп, жүгіріп, серпіліп ойнап кеткенде, мүмкін сол кезде сен де бұл сөздерді көре аларсың.

Мен шын жүректен жазуым қажет болғандықтан, саған қытайша жазғаным дұрыс. Осы уақыт ішінде саған өмір тарихымды айтпаппын. Сенің кішкентай кезіңде сен өсіп, түсіне алатын болғаныңда айтармын деп ойлағам. Алайда, ондай мүмкіндік болмады.

Мен 1957 жылы Хебей провинциясының Сигулу ауылында дүниеге келдім. Сенің ата-әжең мен туыстарың кедей шаруа отбасыларынан шыққан. Мен туылғаннан соң, бірнеше жылдан кейін Қытайда Ұлы Ашаршылық басталып, сол жылдары отыз миллион адам қайтыс болды. Бірде оянғанымда анамның маған соңғы бір уыс ұнды қалдыру үшін топырақ жеп жатқанын көрдім.

Кейіннен жағдай түзелді. Сигулу өзінің қағаз қолөнерімен әйгілі еді, анам маған қағаз жануарлар жасауды, оларға жан беруді үйретті. Бұл біздің ауылдың ғана өміріндегі іс-тәжірибелік сиқыр еді.

Біз егістікке келетін шегірткелерді үркіту үшін қағаз құстар, тышқандарды шошыту үшін қағаз жолбарыстар жасайтынбыз. Қытайдың Жаңа жылдық мерекесіне достарымызбен бірге қызыл қағаз айдаһарлар жасадық. Мен өткен жылдардың барлық жаман естеліктерін үркіту үшін, жарылатын петард жіптерін қысып алып, төбемізде ұшып жүрген сол кішкентай айдаһарлардың көріністерін ешқашан ұмытпаймын. Ол саған да ұнар еді.

Содан кейін 1966 жылы Мәдени Төңкеріс болды. Көрші көршісіне теріс бұрылып, бауырлар бір-біріне жау болды. Біреулер анамның бауыры, менің нағашы ағам 1946 жылы Гонконгқа кетіп, сонда саудамен айналысқанын естеріне түсіріпті. Гонконгта туыстарымыздың болуынан біз тыңшы, халық жауы атандық, бізге түрлі жолдармен күресуге тура келді. Байқұс әжең бұл қорлыққа төзе алмай, құдыққа секіріп қайтыс болды. Кейіннен қаруланған жігіттер келіп атаңды орманға алып кетті, ол содан қайта оралмады.

Осылай мен он жасымда жетім қалдым. Менің жалғыз туысым Гонконгтағы нағашы ағам ғана болатын. Бір күні түнде қашып шығып, оңтүстікке бара жатқан жүк пойызына міндім. Бірнеше күннен кейін Гуандун провинциясында мені тамақ ұрлағаным үшін ұстап алды. Олар менің Гонконгқа бара жатқанымды естігенде күлді. «Бүгін сенің жолың болады екен. Біздің саудамыз – қыздарды Гонконгқа жеткізу» деді олар.

Олар мені басқа қыздармен бірге жүк көлігінің астына тығып, шекарадан алып өтті. Бізді жертөлеге апарды, сатып алушыларға деніміз сау және ақылды болып көрінуіміз керектігін түсіндірді. Отбасылар қойма құнын төлеп, бізді көріп, бірімізді «асырап алуға» таңдау үшін келді.

Мені екі ұлына қарау үшін Чин отбасы таңдап алды. Мен таңғы ас дайындау үшін күн сайын таңғы төртте тұратынмын. Балаларды тамақтандырып, жуындыратынмын. Азық-түлікке барып, кір жуатынмын, еден тазалайтынмын. Мен ұлдардың соңынан жүріп, олардың бұйрықтарын орындайтынмын. Түнде мені ұйықтауға асүйдегі шкафқа жатқызып, сыртымнан бекітіп қоятын. Егер мен бірнәрсені қате немесе баяу жасасам, балалары бірдеңе бүлдірсе, таяқ жейтінмін. Ағылшын тілін үйренуге ұмтылсам да көресімді көретінмін.

Чин мырза «Неге ағылшын тілін үйренгің келеді?» деп сұрады. «Полицияға барғың келе ме? Біз полицияға сені Гонконгта заңсыз тұрады деп айтамыз. Олар сені түрмеге қуана қамайды» деді.

Осылайша алты жылым өтті. Бір күні таңғы базарда балық сататын егде әйел мені шетке шақырды. «Мен сен сияқты қыздарды білемін. Қазір қаншадасың, он алтыдамысың? Бір күні сенің қожайының ішімдік ішкен күні саған көз салып, өзіне тартады, сен оны тоқтата алмайсың. Сосын әйелі біліп қойса, сен шын мәнінде тозаққа түсесің. Сен бұндай өмірден құтылуың керек. Мен көмектесе алатын бір адамды білемін».

Ол маған Азиялық әйелдерге үйленгісі келетін америкалық еркектер туралы айтып берді. Егер тамақ жасап, үй тазалап, америкалық күйеуімді күтіп қарай алсам, ол маған жақсы өмір сыйлайды екен. Бұл менің жалғыз үмітім болды. Осы өтірікпен каталогқа еніп, әкеңмен кездестім. Бұл романтикалық хикая емес, бірақ бұл менің өмір тарихым.

Коннектикут маңында мен жалғыз болдым. Әкең маған мейірімді, мейлінше жұмсақ болды, оған өте ризамын. Бірақ мені ешкім түсінбеді, мен де ештеңе түсінбедім. Бірақ содан кейін сен туылдың! Мен бақытқа кенелдім, сенің жүзіңе қарап анамның, әкемнің және өзімнің бейнемді көргендей болатынмын. Мен бүкіл отбасымнан, барлық Сигулудан, өзім білетін және жақсы көретіндердің баршасынан айрылғанмын. Бірақ сен, сенің жүзің олардың болғанының шынайы дәлелі болды. Мен оларды ойымнан шығарған жоқпын.

Енді менің сөйлесетін адамым бар. Саған өз тілімді үйретемін, біз бірге мен жақсы көрген, бірақ айрылып қалған нәрселердің кішкентай бөлігін жасай аламыз. Сен Қытай тілінде алғашқы сөздеріңді анам екеуміз сияқты ырғақпен айтқанда, мен ұзақ жыладым. Саған арнап алғашқы жежи жануарлар жасағанымда, сен күлген сәтіңде, жаным жай тапқанын сезіндім.

Сен аздап өсіп қалдың, енді әкең екеумізге бір-бірімізбен сөйлесуге көмектесе аласың. Енді мен өзімді тура өз үйімде жүргендей сезінетін болдым, ақырында жақсы өмірге қолым жетті. Мен оларға ас дайындап, жақсы тұрмыс сыйлау үшін ата-анамның осында болғанын қаладым. Бірақ менің ата-анам бұл өмірде жоқ еді. Қытайлықтар әлемдегі ең мұңлы сезім деп нені санайтынын білесің бе? Бұл бала үшін ата-анасына қамқорлық жасасам деген ниеті туындағанда, олардың өмірден баяғыда өтіп кеткенін ұғыну.

Ұлым, сенің маған тартқан қиық көздеріңді ұнатпайтыныңды білемін. Саған менікіндей қытайлық шаштарың да ұнамайтынын білемін. Бірақ, сенің өмірге келуің маған қаншалықты қуаныш әкелгенін білесің бе? Сен менімен сөйлесуді қойған кезде, қытайша сөйлеуге тыйым салғаныңда не сезінгенімді түсінесің бе? Сол шақта мен бәрінен қайтадан айрылып жатқанымды ұқтым.

Неге менімен сөйлеспейсің, балам? Ауруым жазуымды қиындатып жіберді».

* * *

Жас келіншек маған қағазды қайтарып берді. Оның бетіне қарай алмадым. Көзімді жерден алмаған күйі, анамның хатының астындағы «ай» белгісін тауып беруін өтіндім. Оның сөздерімен менің қаламымның сызықтарын қоса, ол сөзді қағазға қайта-қайта жаздым.

Жас келіншек иығыма қолын салды. Содан кейін орнынан тұрды да мені қиялымдағы анаммен жалғыз қалдырып кете берді. Қайтадан бүктей отырып, Лаохуды қалпына келтірдім. Мен оны шынтағыма салып тербеттім, ол пырылдай бастағанда үйге қарай жүрдік.

қатыран1– акула

шөке2- тамақ жейтін таяқшалар

Ағылшын тілінен аударған – Салтанат Молотқызы. Салтанат Молотқызы 1973 жылы туылған. 1992 жылы Панфилов педагогикалық училищесін үздік дипломмен бітірген. 1990 жылы өткен Панфилов аудандық ақындар айтысының жүлдегері. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің магистратурасын тәмамдаған. Қазіргі кезде ҚазҰҚПУ оқытушысы, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты.


Ұқсас тақырыптар