Жұмаділхан Керімбектің «Туған жер» атты жеке сурет көрмесі ашылды

IMG_6915.JPG


Ағымдағы жылдың 12 сәуір күні Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында, осы оқу орнында қызмет атқаратын ұстаз-ғалым, Жаратылыстану ғылымдарының докторы, «Экология» кафедрасының аға оқытушысы, талантты суретші Жұмәділхан Керімбектің «Туған елім» атты жеке шығармашылық сурет көрмесі ашылды.

Жас ұрпаққа аграрлық білім беру бағытында ұстаздық жолды таңдап, ғылыммен айналысып жүрген Жұмаділхан Сарыбайұлы бойындағы суретшілік дарынымен көпшілікті таңқалдырып келе жатқан қылқалам шебері. Көркемсурет өнерін арнайы оқып, меңгермесе де, шығармашылық жұмыстары кәсіби суретшілердің туындыларынан еш кем соқпайтын табиғи талант иесі университет қабырғасындағы жеке көрмесіне отыздан астам таңдаулы еңбектерін қойған.


20170920_235459.jpg


Рухани шараның ашылу салтанатында университеттің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Жанар Дәуренбаева, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Нәзия Сүлейменова, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Ердос Исабайұлы, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты, профессор  Ағыбаев Алексей, «Орман, жер ресурстары және фитосанитария» факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Құрманкүл Абаева, «Агробиология» факультетінің деканы, Педагогика ғылымының кандидаты, профессор Бағлан Махамедова сынды ғалымдар көрменің тұсауын кесіп, суретші Жұмәділхан Керімбектің шығармашылығына мол табыстар тіледі.


DSC09916.JPG


Сонымен қатар ҚазҰАУ Қоғаммен байланыс басқармасының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алмат Исәділ, кәсіби суретшілер Мақсат Бексұлтан, Бақытжан Досымов сынды азаматтар мен ұстаз, суретші Жұмаділхан Сарыбайұлының әріптестері және шәкірттері сөз сөйлеп, көрмедеге қойылған туындылардан алған әсерлерімен бөлісті.

Суретші туындыларының өзегі қарапайым адамдар келбеті мен туған жер, әсем табиғат, ауыл көріністері болғанымен, тақырыбы әр алуан. Автордың «Ауылда», «Терезедегі таң», «Әкемнің портреті», «Бұлақ басында», «Тыныштық», «Дала» сынды картиналары  зер салып қараған кез келген адамды сүйсіндірмей қоймайды.


IMG_6945.JPG


Жұмаділхан Сарыбайұлы 1959 жылдың 9 қазанда туған. 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін үздік бітіріп, екі жылдық жолдама бойынша, Жамбыл облысы Жуалы ауданында бөлімше агрономы болып жұмыс істеген.

          1988 жылдан бастап, аталған оқу орнында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми еңбектерді ендірудің инспекторы қызметтерін атқарады. Қазіргі кезде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Экология» кафедрасының аға оқытушысы.

          1992-1998 жылдары Түркиядағы (Конияда) Сельжук университетінде білім жетілдіріп, Жаратылыстану ғылымдарының докторы (PhD) атанды. 100-ден астам көркемсурет туындыларының, 40-тан астам ғылыми, оқу-әдістемелік және бірнеше публицистикалық жұмыстардың авторы. Бірнеше республикалық және қалалық галереяларда жеке және топтасқан шығармашылық көрмелерге қатысып, көпшілік көңіліне бөленген.

Ж.С. Керімбектің бірнеше графикалық жұмыстары Түркия, Беларусь  елдерінде танылып, майлы бояумен салынған суреттері еліміздегі өнерсүйер қауым мен жеке коллекционерлер тарапынан жоғары бағалаған.

IMG-20161118-WA0068.jpg



 ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,

Суреттерді түсірген Мамыржан Ботабеков



Ұқсас тақырыптар