Астанада X Factor вокалдық шоуының кастингі өтеді

ALL LIGHT (0-00-13-07).jpg


Бойында табиғи дарыны бар, өнер жолына түскісі келетін таланттарды іздеп-табатын X Factor телевизиялық шоуының Қазақстандағы жетінші маусымы өз жұмысын бастады. Аты аңызға айналған шоудың жетінші маусымы Еуразия бірінші арнасының эфирінен көрсетіледі. Екі мыңыншы жылдардың орта шенінде реалити-шоу элементтері бар вокалдық байқау Қазақстандық телевизияда төңкеріс жасап, жаңашылдық әкелген болатын.

Бүгінде өткен маусымнан кейін арадағы 2 жылдық үзілістен соң X Factor байқауы қатысушыларға қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Байқаудың жаңа талаптары жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады! Осылайша өз бағын сынайтын қатысушылардың жасы 16-дан 12-ге төмендетілді! Қатысушылардың ең жоғары жасы бойынша X Factor жобасының жалпы әлемдік ережелеріне сәйкес, шектеу қойылмайды. Мұнан басқа, қатысушылар Қазақстанның әрбір қалаларында өтетін тыңдалымға қатыса алмаса, бейнеөтінімді х-factor.kz сайты арқылы жібере алады. Қазақстандағы ең ірі телевизиялық вокалдық шоудың жетінші маусымында жеңімпаз атанатын өнер иесі бас жүлде – 7 миллион теңгенің чегін иеленеді.

Биылғы маусымның қазылар алқасы мен тәлімгерлері:

Нағима Есқалиева – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, кеңестік және қазақстандық эстрада әншісі. Нұрберген Махамбетов – радиожүргізуші, диджей. Ділнәз Ахмадиева – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші.

Кастинг-топ жолға шықты! Бұған дейін сәуірдің 18 мен 20 күндері кастингтер Өскемен және Павлодар қалаларында өтіп үлгерді. Кезекте еліміздің жүрегі – Астана қаласы. 22 сәуір жексенбі күні кастинг-топ өнерлі жандарды елордада күтеді. Тыңдалымдар көпшілік үшін ыңғайлы демалыс күні – жексенбіде сағат 10.00 мен 19.00 аралығында Jimmy Acha Acha караокесінде (Сейфуллин к., 38) өтеді. Қатысушылар өздерімен бірге жеке куәліктерін әкелсе жетіп жатыр. Ал кәмелетке толмаған өнерпаздардың ата-аналарымен, сондай-ақ құжаттарының түпнұсқаларымен келгені жөн.

Ары қарай тыңдалымдар 24 сәуір Шымкентте және 27, 28 сәуір еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматыда жалғасын табады.

Дүниежүзіндегі ең ірі телевизиялық шоу – Х Factor Қазақстанда 2010 жылы пайда болды. Эфирге шыққан алты маусым ішінде жоба танымал әртістерді даярлайтын нағыз шеберханаға айналып үлгерді. 



Ұқсас тақырыптар