Рухани ортаның құндылығы неде?

2.jpeg


Кейде ақын-жазушы аға-апаларымыздың әңгімелерінің арасынан, бұрындары ақын-жазушылардың бір-бірімен жақсы араласқаны, бастарынан өткен қызықты оқиғалары туралы естіп қалып жатамыз. Әзілдері де, сындары да, қағытпалары да осы күнге дейін газет-журналдарға жарияланып жатады. Тіпті, біздер үшін де айта жүрер тарихи деректерге айналып, ұмытылмас сәттердің ескірмес естелігіне айналып кеткен. Бұдан шығармашылықпен айналысатын адамдардың өз заманында өздерінің қадір-қасиеттерін жоғалтпай, керісінше, қателіктері болса түзетіп, бірін-бірі көтермелеп, «қайтсек бір-біріміздің өнерімізді жоғары бағалаймыз, қайтсек сөз өнерін жоғалтпаймыз», - деп, киелі өнерді ортақ мұраты етіп, соның жолында шынайы түрде күрескені байқалады.    

Алматы алып мегаполис. Әр тараптан қосылған ақын-жазушылар баршылық. Бірақ, қалада апта сайын өткізіліп жататын түрлі шығармашылық адамдарының кездесулері мен кітаптарының тұсаукесерлеріне баратын ақын-жазушылар да бірен-саран. Іштерінен өзіне жақын деген адамдарын теріп-теріп, солардың іс-шараларына ғана барып араласатындары көрініп тұрады кейде. Тіпті, қай жерде қандай іс-шараның болып жатқанынан да бейхабар ақын-жазушылар бар. Жарнамалау жағы жетіспейді ме, әлде бір-бірін менсінбей ме, дейсің іштей. Сұрасаңыз, «мен ондай шараларға қызықпаймын, ақындар баратын жер ғой, ерігетін уақытым жоқ», деп мысқылдайтындары да бар. Бәрі жұмысбасты. Ол үшін оларды мәжбүрлеудің керегі жоқ шығар. «Уақыт-ақша» деген қағиданы ұстанатын болар, ол жағы белгісіз. Уақыты жоқ шығар дейсіз де қоясыз.

Иә, шынында да қарап тұрсаңыз, қазір бәрі бір-бір қызметтің артынан қуып кеткен. Бір-бір емес-ау, екі-үш жерден жұмыс істеп, бала-шағаны асырамаса болмайды мына заманда. Айналдырған 50-60 мың теңге жалақыға қарап отырған мынандай дамыған заманда отбасылы адам тұрмақ, жалғызбасты адамдарға да қиын. Пәтері бар, баласы бар, күнара баратын тойлары бар дегендей... Шынында ерігетін уақыт жоқ. Бірақ, біздің күйбең тіршілік қашан бітіп еді? 

Нағыз әдебиет пен өнердің қайнап жатқан қара қазаны Алматы еді. Қазіргі уақытта сол алып қара қазан күйкі тірліктің бықсып, жанбай қалған ошағына айналып бара жатыр ма, деген ой келеді. Әдетте, Алматының ақыны мен жазушысын іздеген жан ең алдымен Жазушылар Одағына бас сұғады.  Одаққа бардық, «Пленум» болғалы жатыр екен. Ол аяқталып, ел аяғы басылсын дедік. Жұмыс бабымен кейде барып, ағаларға амандасып, кіріп шыққан боламыз да қоямыз. «Одақта мына қыз нағып жүр?, - дей ма», деп ұяласың кейде. 

Кейде, танымал ақындардың бірін-бірі көрген жерде амандаспай, танып тұрса да танымағансып мән бермей, өтіріктен басқа жаққа қарап тұрғанын көріп қарныңыз ашады. Ондайлар да бар арамызда. Бәріне бірдей топырақ шашпайын, керісінше, кейбіреулері бір жақсы жері, кездесе қалсаңыз, амандасып, жағдайыңызды сұрап, бетіңізден сүйіп жандары қалмайды. Тіпті, өмірі танымайтын, бұрын соңды түрін көрмеген адамдардың көре сала, бас салып, бауырына тартып, ілтипат білдіріп жатқанда жаның жылып, көңілің жібиді екен. 

«Алматының ақын-жазушыларын сырттай танығанша, шығармашылықпен айналысатын бір қыз баламен араласып, достассам қайтеді?» деген ой жылт ете қалды бір күні. Содан Фейсбук деген «Пейішбақтан» Әсел Оспан деген ақын қызды тауып алдым. Тапқанда, бұрыннан өлеңдерін оқып жүретін едім. Кештерін жасап, ақындармен араласып жататын фотоларын салып қоятын. Содан сұрадым. «Осы Алматыда ақындардың шығармашылық әдеби ортасы бар ма?», деп. «Жоқ-ау», деді.  Әркім өзі кеш өткізеді. Шамасы келгенше, интернетке жарнамалап шақырады, танығандары барады, таныстарына шақырту береді. Қазір ешкімнің уақыты жоқ, бәрі жұмысбасты болып кетті ғой» -  дегенді айтты. Көңілім құлазығандай болды. «Онда екеуміз дос болайықшы, ең болмаса», - дедім. «Қарсы емеспін, қайта қуаныштымын», деп достастық. Мені сырттай ол да танитын болып шықты. Сәлден соң, «өзің туралы деректерді айтасың ба?», дейді. Өзім туралы жазып отыруға еріндім де, жазып қойған дайын «шығармашылық өмірбаяным» бар еді, соны жібере салдым. Сөйтсем, «ертең кел, ЖенПИ-дің кітапханасында «Алаш арыстары» туралы кеш болады, соған келіп өлең оқып кет сені жазып қойдым», деп тұр. «Мен соншама керемет ақын емеспін ғой, ұят шығар», десем болмайды, «тізімге енгізіп қойдым, ұят болады», деді. «Мейлі, енді көрейін, тәуекел, барсам барайын!»,-деп, «Азаттықтың арқасы» атты жырымды жаңадан ғана шығарған едім, соны арқалап, ертесі жетіп бардым. Барсам Әсел Оспан апам құшақ жая қарсы алды. Тіпті, бауырына басып, ұзақ құшақтады. Ол несі екен, деп таңғалдым. Өзінен сұрадым кейіннен. Сөйтсем, «мен ақындарды қатты жақсы көремін. Жан жылуын сыйлағым келеді. Мейірімімді төккім келеді», деді. Әсел апамды өмірімде көрмеген едім және алғаш рет кеше ғана таныса салып құшақтап алғаны күтпеген нәрсе ғой. Сол жиынға Меруерт Рүстем деген ақын қыз бен Шынар Бектұрғанова деген әнші апамызды шақырыпты. Олармен де таныса кеттік. Мейірімі көзінен төгіліп тұрған қазақтың өнерлі қыздарының сиқырлығы сол әлі күнге дейін достығымыз жарасып келеді. Ақындар бір-бірімізге кітабымызды сыйлап, марқайып қайттық.   

Содан кейін де, Алматыдағы мүйізі қарағайдай бірнеше ақынның жыр кештерінде болдым. Оған да құрмет көрсетіп, келген ақын-жазушы шамалы. Алматыда ақындар бар ма өзі дейсің? Бірен-саран ғана ақынның келгенін көріп, «неге бәрі жиналмайды, оларға осындай кештер керек емес пе, бірін-бірі сыйлап, келсе қайтеді екен, неге бірлік жоқ, ақынға деген құрмет болмаса да, өлеңге деген құрмет болуы керек қой, әлде жарнамасы дұрыс емес пе екен? Қандай жақсы кеш өтті, рухтанып қайтпай ма ақын деген осындайда?», деп ойланып жүрдім. Жарнамасы дұрыс емес дейін десеңіз, ақын атаулының бәрі интернетте отыр. Интернеттен оқу бір бөлек, өмірде араласу бір бөлек нәрсе ғой. Жүрек түбіндегі қызықты сәттерімен ой бөлісіп, аралас-құралас болып отырса, бір-бірінің шығармалары оқып, талдап жүрсе, отырыстарда ортаға ой тастап отырса, рухани жақындықты сезінесің, шабытың шалқып, көңіл көздерің қуанады емес пе, ең болмаса? Шығармашылық адамдарына керегі де, негізгі қорегі де сол емес пе? Олардың жандары нәзік, жүректері жаурағыш келеді. Өздерін шабыттандырып отыратын рухани орта іздейді. Күйкіліктен шоқтығы биік, оттығы лапылдаған ақын күйбең тірліктен қашан шығады сонда? 

Негізі, Алматыда да осындай қазақтың қарапайым, ақкөңіл ақын қыздары бар екенін содан кейін сезіндім. Бар екеніне тәубә қылдым. Бірақ, бір-бірімен араласуға, кездесуге уақыттары жоқ болып жатады. Оны да түсіндім. Заманға сай интернетпен өзара сөйлесіп жатады. Оны да білеміз. Бәлкім, әрбір ақынның өзі ғана араласатын ортасы бар шығар? Өздерін ғана түсінетін достары бар шығар? Бірақ олай араласу, шығармашылық адамдарына аздық етеді. Соншама уақыт жүріп жасаған бір ғана шығармашылық кештеріне келмей, елемей қою кімдерге мәртебе? Одан не ұтады? Әдеби кештеріміз осы күндері бірін-бірі жақсы танитындар өздері ғана баратын кештерге айналып бара жатқан жоқ па? Осындайда үлкен әдеби орта болса ғой шіркін! Мүмкін, Алматыда ақын-жазушы көп шығар, біреуді, біреу іздей бермейтін болар... Бәлкім, ондай шығармашылық орта да бар шығар, біз біле бермейтін... 

Қазіргі таңда осындай шығармашылық орталық құрып, әдебиет сүйер қауыммен тығыз жұмыс жасап жатқан «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі ақын, философ, Жазушылар Одағының мүшесі Мұратхан Шоқан ағамыз бір сөзінде, «Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры аясындағы "Əдебиет əлемі" орталығы төрт жылдан бері жұмыс жасайды. Орталық Республикаға танылған талантты жастардан құрылған, өзім құрып, жетекшілік етіп келемін. Талантты жастардың кітаптарын, антологиясын шығарып, кештерін өткізіп, мүшайра, түрлі тақырыпта пікір талас, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып еліміздің руханиятына өз үлесімізді қосып келеміз», деген болатын. Ол орталық ең алдымен Жамбыл атындағы кітапхананың жанынан құрылған екен. Кейіннен Ұлттық кітапханаға ауысып, біраз жұмыстар жасалды. Қазіргі таңда Мұратхан ағамыздың бастамасымен әрмен қарайғы жұмыстары Жастар орталығында жалғастырылып жатыр.  Орталық сондай-ақ мұғалімдермен, жоғарғы оқу орындарымен, кәсіпкерлермен тығыз араласып, түрлі тақырыптардағы кештерді өткізіп, кітаптарының тұсаукесерлерін жасап отырады. Жуырда антологиялық кітаптарын да шығармақшы.  

«Әрине, әдебиет бәрімізге ортақ нәрсе, ол ешкімнің меншіктеп алған меншігіндегі дүниесі емес, бұл жерде тек араласа білу керек, ортаны қалыптастыру үшін сол жерге келіп өлең оқып қана кетпей, сол жерге өзіңіздің әдеби үлесіңді қосуыңыз парыз, сол ортадағы жастарға ой салып, сын-пікірлеріңізді ашық білдіріп, өнерді әрмен қарай дамытуға атсалысумыз керек», - дейді Мұратхан Шоқан ағамыз. 

Сұрастырсам, өзара құрылған әдеби орталар да жоқ емес екен Алматыда. Бірақ олардың қаржы мәселесіне байланысты ма, әлде басқа да мәселелері бар ма жұмыс жасап жатқандары шамалы. Тоқтап қалып, тоқырау үстінде. Осындай ортаны неге тек ақын-жазушылардан құрамасқа?! деген ой да жоқ емес. Оны кім ұйымдастыруы керек, білмедім?... Бастарын қатырғысы да келмейді. 

Тағы бір мысал келтіре кетейін. 2005 жылдардың басында Астанадаға ақын-жазушылар жан-жақтан жиыла бастады. Астана дегеннің денесі суық болғанымен, жаны жылы еді. Ақын-жазушылар бір-бірін дереу жақын тартып, араласа бастады. Сол жағалаудағы үлкен кітапханада жиі бас қосулар болатын. Кейіннен сол ақын-жазушылардың жасы бар, Серікзат аға айтқандай «жасамысы» бар, бәрі жиылып «Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар» деген, қысқартып айтқанда, «ТӘЖ» деген шағын клуб құрдық. Оны Ерлан Жүніс алып жүрді. Ерланнан соң, кейіннен, Маржан Ершу, Дәулеткерей Кәпұлы мен Бауыржан Сегізбаев жалғастырды. Құрамында Қалқаман Сарин, Серікзат Дүйсенғазы, Ұларбек Дәлей, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Айжан Тәбарак, Ажар Ерболған, Динара Мәлік, Азамат Есалы, Дәурен Берікқажы, Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Құралай Омар, Ербол Бейілхан, Олжас Сәндібек, Ұлағат Ханзада және тағы басқа ақын-жазушылар бар болатын. Тіпті, Серік Тұрғынбекұлы, Ерғожа Тілепберген, Амангелді Кеңшілікұлы жасы үлкен ағаларымыз қызығушылық білдіріп, клубтың ұйымдастырған шараларын тамашалап қана қоймай, бір-бір өлең оқып, пікірлерін білдіріп, сындарын айтып, өлеңдерін талдап кететін. 

Шығармашылық кештердің өту форматы да қызықты болатын. Ақындардың барлығының кешін жүргізуші Ерлан Жүніс. Ортаға ақынды шығарып, сол ақын туралы сын-пікірлер айтқызып, өлеңдерін талқылап, сөздеріне жазылған әндері болса, әндерін шырқатып, кәдімгі әдебиет сабағында отырғандай еркіндікті сезетін оқырман. Жан-жақтан әзіл аралас сұрақтар қойып ақынның есін аударып жататын. Ақын да қысылмай жауап беріп, бірнеше уақытқа созылған қызықты кештердің куәсі болған едік талай. Бәріміз танысып, әзіл-қалжыңымыз жарасқан керемет орта қалыптасты. Кештен соң, жастар шағын отырыстар ұйымдастырып, биллиардқа барады. Ешкімді ешкім жатсынбайтын. Ешкімді ешкім өсектемейтін, бірін-бірі іздеп, келмей қалса қоңырау шалып шақырып алатын, ақындар бірін-бірі алға қарай сүйреп жүретін мызғымас достығы жарасқан әдемі орта қалыптасты. Жұмыстан да талай қашатынбыз сол үшін. Кейде клуб мүшелері Астанаға кездейсоқ келіп қалған қонақ ақындармен кездесу ұйымдастыра қоятын. Ақындардың кітаптарының тұсаукесерлерінен қалмай баратын едік. Бір жағынан автордан кітап алу деген үлкен бақыт емес пе? 

«ТӘЖ» клубы жан-жақтағы ақындардың Астанадағы күндерін жасап жатады. Астанаға Тараздан, Қарағандыдан ақындар келіп, олармен де танысып, өлеңдерінен сусындап, рухани азық арқалап қайтатынбыз. Олар келген күн біз үшін той болатын. Қарағандыға Мирас Асан, Руслан Нұрбай секілді ақындар кітаптарының тұсаукесерлеріне, жеке шығармашылық кештеріне шақыратын. Клубтың жастары жинала қойып, сол жерге барып, құттықтап, өлең оқып, сахнаға шығып бір марқайып қалатын едік. Олар да біздің келгенімізге қуанып, серпіліп қалатын. Қарағанды ақындары ұйымшыл болып көрінетін. Әлі де ұйымшылдығы бар. 

Астанада жүргенімде Динара Мәлік екеуміз қатты дос болдық. Талай қызықты күндерді бастан кешірдік. Бірде қоярда қоймай, аяқ астынан жұмыста отырған жерімнен еш дайындықсыз Қарағандыдағы Мирас Асанның кешіне тартып кеткеніміз бар. Оның үстіне Салтанат Смағұл, Серік Сағынтай, Ерқанат, Руслан ағалар да шақырып қоймай жүрген.  

«Мен ақын емеспін, Динара өзің бара бер, менде жұмыс», - десем, «Жұрт алдына шығып өлең оқып жүрсің ғой, өз қолтаңбасы бар ақынсың. Осындайда бармағанда қашан барасың? Үлгеру керек бәріне!»,- деп ұрсып тастағаны бар. Ашық-жарқын әзіліміз де, «жындылығымыз» да жарасатын. Сөйтіп, жұмыстан соң түс қайта бірден Қарағандыға тартып кеттік. Астанадағы өлең оқыған басқаша екен, Қарағандыда өлең оқу өзінше толқыныс сыйлады. Ең алғаш өлең оқып, үлкен сахнаға шыққаным сол шығар бәлкім. Сонда Қуаныш Медеубаев деген ақын жігіттің: «сендер Динара екеуің «жындылықтарыңмен» ақын болып жүрсіңдер ғой, бір жағынан», деп қалжыңдағаны бар. Содан бәріміз әлгі жерде танысып, керемет отырыстың куәсі болдық. 

Ол кешке Астанадағы Қалқаман, Серікзат, Асылзат, Танакөз, Динара, Олжас секілді жасымыз бар, «жасамысымыз» бар клуб мүшелері бастаған топ та барыпты. Қарағандылық ақындар: Серік Ақсұңқарұлы, Бағдат Мүбарак, Серік Сағынтай, Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Жадыра Байбұлановалармен танысып, табақтас болып, әзілдесіп, әңгімеміз жарасты. Кештен соң отырыстың соңына қалмай, Динара екеуміз түнделетіп таксимен Астанаға кетіп қалдық. Азанда жұмыс. Содан бері Қарағандының ақындарымен кейіннен бәріміз туысқандай болып араласып кеттік. Әлі де ыстық көрініп тұрады. 

Күзде Астанадағы Халықаралық «Шабыт» фестиваліне көптеген ақын-жазушылар жан-жақтан келетін. Шымкенттен Дәурен Аймамбетов, Алматыдан Мирас Мұқаш, Дархан Бейсенбекұлы, Бауыржан Әліқожа деген ақын-жазушылар, Қарағандыдан Алмас Мырзахметов, Ілияс Мұқай және тағы басқалары қатысатын. Солармен түнімен өлең оқып қайтатын замандар болып еді. 

Сол жерде кездейсоқ Астаналық Лира Қоныс пен Алматылық Әдинә Жүсіп деген жазушы қыздармен танысқаным бар. Лира Қоныспен де көп араласқан жоқпыз. Бір көргеннен жақын туыстай жатсынбай араласып кеттік. Үйі жұмыстың қасында болғандықтан, бір-бірімізді жиі көретін едік. «Құлпынай қосылған балмұздақ» деген кітабын сыйлағаны бар. Оны талдап екеуміз күн ұзақ әңгіме соғып қайтатын едік. Өзінің табиғаты да, жаратылысы да қызық. Бала көңіл, ақкөңіл, ашық-жарқын қыз болатын. Көңілінің кіршіксіз тазалығы ұнайтын. Кейіннен ол шетелге оқуға кетті. Ал, Әдинә Жүсіппен әлі де жақсы араласамыз. Осындай жақсы шығармашылық байланыстағы достарым көп.

«Шіркін, Алматыдағы бүкіл ақын-жазушыларды, одан қалмаса, айтыскер ақындардың бәрін бір қаланың сыртына жинап алып шығып, далаға кәуап пісіріп, самаурын қойып, айына бір рет «Өлең пати» жасап, бір күн, бір түн өлең оқытып, бірнеше күн еркін айтыс ұйымдастырса ғой», десем, «беу, ондай күн қайда? Барып демалып қайтқанға не жетсін», деп армандап қояды ақындар. «Ондай күн қайда?», деп армандап отыра бермей, сондай күнді жасау керек емес пе, негізі. 

Ақынды ақын іздейтін әдет бұрыннан бар нәрсе. Клуб құрып қайтеміз, жүрміз ғой «Фейсбукте», керек адам іздеп тауып алар деуі мүмкін. Адамды керек кезде ғана іздемеу керек. Үлкен ақын ағамыз айтады, қазіргі жастар «интернет ақыны» болып кетті ғой, деп. Бір жағынан оның айтқаны да дұрыс. Расымен де, интернеттен «лайк» жинап, мақтап жазған пікірлерін оқып, соған мәз болып отыра береміз. 

Ақындардың басын біріктіріп, бірлігін жарастыратын, оқырмандарды интернетпен ғана емес шынайы өмірден тартып алатын орта керек-ақ. Әлде мен қателесіп жаздым ба? Алып-қосар пікірлеріңіз болса айтыңыздар. 


Әсел Назаралы


Ұқсас тақырыптар