Қобыз жасайтын неміс

3.jpg

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, ұлты неміс Петр Круч прима-қобыз жасаудың ұстасы. Қазақ болмаса да, «қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым» деуге жарап тұрған жігіттің өзі. Ұлттық аспапты жасау шеберлігі жөнінде Аltaynews.kz редакциясына айтып берген.

«Бұл өзі ұмытылып бара жатқан өнер ғой. Қобызды жанын салып жасайтындардың қарасы аз. Бұл аспаптың қыр-сыры қандай терең әрі бұйығы болса, оны қастерлейтін жандар да қасаң тірліктен арнасы бөлек өмір кешуге құштар. Ағаштар - тіршілік иесі. Олардың тілін табу керек. Түсіне білу қажет. Әр ағашпен жұмыс істеудің жөн-жосығы болады. Соны білетіндер азайды. Ағашты шапқанның жөні осы деп, қара дүрсінге салуға келмейді. Санға жұмыс істеп, ашкөздікпен былғауға болмайды өнерді. Ондай шеберсымақтар ұзамай шығармашылық бедеулікке ұшырайды, сеніңіз!», - деді ол.

Көңілі сүйген контрабаста ойнап, қамсыз ғана жүрген Петрді қолөнерге алып келген Евгений Сабко екен. Ұстаз бен шәкірттің таныстығы өнер училищесінде басталған.  Евгений шәкіртінің көңілін жықпай, шеберлік өнердің қыр-сырына баулиды. Зерделі Петр уақыт өте скрипка жасауды меңгереді. Өзінің айтуынша, ол осы жерде өнерге деген құрметті тұңғыш сезінген. Еліміздің өзге де өңірлеріндегі өрелі шеберлерден көп сабақ алса да, ағаш өнеріне адалдықты алғашқы ұстазы бойына сіңіргенін айтады.

Петр скрипканың сырына Өскеменде қанықты. Ал қобызға деген қызығушылығы өнердің үлкен ортасына барғанда туса керек.

«Елордадағы «Шабыт» өнер университетіне білімімді шыңдауға бардым. Өнердің алып ордасында кіл мықтылардың жиналатыны анық қой. Менің тобым да сондай таланттарға толы еді. Өзім үшін өмірдің жаңа парақтарын ашқандай болғам сол сәтте. Мен танып-білмеген сан аспаптың сыры бар екен-ау дедім. Қатарластарымның ішінде қобыздың құлағында ойнайтын қас шеберлер болды. Олар мықты музыканттар еді. Достарымның арқасында қобыздың құдіретін түсіндім», - дейді  ол.

Скрипка жасауды әбден меңгерген Петр ендігі жерде бейне бір қобыз бен скрипканың қосындысындай болған прима-қобызды жасауды ойға алады. Оқуын тәмамдап, өңірге оралған беттегі білек сыбанып кіріскен шаруасы осы. Өскемендегі мәдениет үйінің ішінен шағын шеберханасын ашады. Айтуынша, әбден зерттеп-зерделеуіне, көкейіндегі туындысын жобалауға бес жылдай уақыт жұмсаған. Осы уақыт аралығында жалпы қобыздың шығу тегімен, күй өнерімен және қазақтың белгілі қобызшыларымен танысқан. Жақсы қобыз жасау үшін қобызшының жанын түсінуің керек деп санайды. Өзі де музыкамен етене жақын ғой.

«Қобызға жанын беріп ойнайтындар да, қобызды жанын салып жасайтындар да саусақпен санарлық. Сол себепті бір-бірімізді төбеміз көрінген жерден танып, сыйласып жатамыз. Алыстан тілеулес боп жүреміз», - дейді ол. Ал киелі аспаптың арғы-бергі тарихын судай ағызғанда, айызың қанады-ақ. Соңғы бес жыл көлемінде ғана прима-қобыздың қыр соңына шындап түскен. Ағаштардың бар қасиетін түсінгенде ғана жасап шыққан аспабың сөйлейді дейді. Қолымен жасаған дүниесіне құдірет қонбай, тіл бітпей қалса, шебер үшін үлкен қасірет көрінеді. Ондай сәттерді Петр бастан кешкен. Өз баласындай туындысын еріксіз отқа тастаған кезі болған екен.

Мұндайда ол: «мен аспапты емес, өзімді отқа саламын. Киелі аспап тілсіз болмайды. Ол сөйлеп кетуі керек. Сөйлемесе, ол - менің мінім. Жұмыс барысында әлденеден қателесуім мүмкін», - дейді.

Петрдің жасап жүргені, әлбетте, Қорқыттың көне қобызы емес. Алайда прима-қобыздың бабын табу да оңай болмай шықты. Оған қажетті материалды жас шебер сан тараптан алдырады. Мәселен, мінсіз прима-қобызға қажетті үйеңкі Украина жерінен жеткізіледі. Шығыс Сібірдегі Ангараны бойлай өскен шыршаларды да аттай қалап алдырады. Ал  ысқысы мен құлағына жарайтын ағаштар Оңтүстік Шығыс Азия аймағынан әкелінеді. Осының бәрі аз қаражатты қажет етпейтінін айтпаса да, түсініп отырсыз. Осы жарақтар өз жерімізде де бар екеніне шүбәміз жоқ. Шебердің айтуынша, Жоңғар Алатауы мен Медеу алқабындағы шыршалар әлемде теңдессіз деп танылған. Алайда ол жердің бәрі қорыққа айналды ғой.

Петр Кручке прима-қобыз жасатуға кезекке тұрғандардың қарасы көп бұл күнде. Олардың ішінде қылқобыз жасап бер деп қолқа салғандар да бар дейді. Шебер керекті қылға қол жеткізгенімен, мықты тері таппай жүр. Алдағы уақытта қоржынын қобыздың тағы бір түрімен толтыруға мүдделі. Бұдан бөлек кезегін күткендердің арасында елге танымал тұлғалар да бар екенін айтып қалды. Олардың атын атамады шебер. «Себебі, ол кісілердің тапсырысын әлі жасамадым, ойдағыдай шыға ма, ол да беймәлім. Әзірге жұртқа әйгілеп қайтем»  деп ырым етті.

Дереккөз: ҚазАқпарат



Ұқсас тақырыптар