ҚР Суретшілер одағының 85 жылдығына орай республикалық көрме өтеді

1.jpg

2018 жылдың 5-қыркүйек күні сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 85 жылдығына орай Қазақстан суретшілерінің «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» атты республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер саласы бойынша қазақстандық суретшілеріміздің шығармашылық туындылары қойылады. Республикалық көрмеге Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Түркістан, Семей өңірінен 150-ден астам суретшілер қатысып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан республикасының президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлемге таныту мақсатында Қазақстан суретшілер одағы тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық көрмелер мен пленэрлік  іс-шаралар қазақстанның барлық өңірінде өткізіліп келеді.

Аталмыш көрмеде өткен тарихтың сарыны, заман ақиқаты жырланған суретшілердің туындыларында халқымыздың рухани құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен  ұлттық қасиет суретшілер шығармашылығындағы түрлі жанрларда әр қырынан көрініс тауып отыр және композициялық креативті ой-тұжырымдары мейлінше айқындалған, терең мағыналы туындылардың куәсі боласыз.   

85 жыл тарихы бар Суретшілер одағы 1933 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап бүгінгі күн аралығында суретшілер талай белестерді бағындырып, қазақ бейнелеу өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.  ХХ ғасырдың 20 жылдарында қазақ жеріне келген кәсіби суретшілер мен қазақ топырағынан шыққан тума таланттардың өнерімен қалыптасқан қазақ бейнелеу өнері тарихы бәрімізге белгілі. Қазақ Кеңес Суретшілер одағы құрылмас бұрын 1928 жылдан бастап көшпелі көрме шеруі негізделіп, қазақ өңірлерін аралап халыққа бейнелеу өнерінің құдіретін дәріптеп, насихаттап дара жол салған суретшілердің ішінде Ә. Қастеев,  Ә Исмаилов, Б. Сарсенбаев, Қ. Қожықов, А. Ташенов, М. Өскенбаев, А. Қашбаев,  Н. Крутильников, Ф. Болкоев, А. Бортников, Н. Соловьев сынды майталмандар болды. Осы тұста бейнелеу өнері салаларымен қатар жанрлық өнердің қалыптасқан кезеңі еді.Қазақстан суретшілер одағы құрылғаннан кейін, одақ суретшілердің басын қосып мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен қатар, көрмелер ұйымдастыру және көркем өнерді насихаттау мақсатында 1935 жылы Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің шешімімен Көркемсурет галериясын, ал 1938 жылы Алматы Көркемсурет училищесін ашуға қол жеткізеді. 1940 жылы құрылған Қазақстан аумағындағы сегіз облыстық суретшілер одағының қатысуымен Қазақ Кеңес Суретшілер одағының І-республикалық съезді өткізеді.

Уақыт пен кезеңнің қозғалысында 50-60 жылдары  ұлттық мектепті қалыптастыру мәселесінде ұлттық рухты, ұлттық болмысты кескіндеме, графика, мүсін саласында Қ. Тельжанов, М. Кенбаев, Н. Нұрмұхаммедов, Х. Наурызбаев, Ү. Әжиев, Н. Нұржұмаев, К. Шаяхметов, Е. Сидоркин, Г. Исмайлова,А. Ғалымбаева, С. Мамбеев, Е. Мергенов, Т. Досмағамбетов, С. Айтбаев, Ә. Жүнісов, М. Қисамидинов, И. Исабаев, Ж. Шарденов, С. Романов, Ш. Сариев, Т. Тоғызбаев, Б. Табиев, Ә. Сыдыханов және т.б. суретшілер өзіндік ерекше қолтаңбасымен қазақ бейнелеу өнерінде айтарлықтай із қалдырды. Осы тұста одақ мүшелері қатары едәуір көбейіп, өнер салалары бойынша секциялар құрылып, жұмыс істеді. Одақ құрамына кәсіби суретшілер, халық шеберлері және өнертанушылар кірді. Бұл дәстүр бүгінгі күнде де өз ісін жемісті жалғастырып келеді.

Өнер тарихындағы әрбір ағым – заман толқынысы десек, соның жаршысы – суретші. 70-80 жылдары қазақ классикалық бейнелеу өнеріндегі  динамикалық серпілісте  кәсіби қолданбалы өнер саласындағы суретшілерде  форма мен кеңістікті реалистік, авангарттық, абстракциялық мәнерде еркін көзқарастағы шығармашылықтарымен ерекшеленді.

Суретшілер сол заманның рухын бейнелей отырып ұлттық мәнер мен форманың негізін қалады. Соцреалистік туындыларда шынайылық әуені асқақтады. ХХ ғасырда бірнеше онжылдықты қамтитын кәсіби бейнелеу өнеріндегі мәнерлік өзгеріс тұрақты тақырыппен  заман жаңалығы бейбіт өмір мен жарқын болашаққа, туған жер рухына бағышталды. Сонымен қатар бейнелеу формасында дәуірдің қол жеткізген жетістіктерін анық та нық  көрсетумен халықты жаңа белестерге ынталандыру ұраны айқын көрініс тапты.

ХХ ғасырдың аяғында қазақ елі, жеке тәуелсіз мемлекет болған тұста «ҚКСО» Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағы болып өзгертілді. Сондай-ақ жалпы қазақ бейнелеу өнерінде   заңдылықтар айтарлықтай өзгеріп, ұлттық тарихтың сырын шертті. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының бастап бүгінгі күнде суртешілер шығармашылығында ұмыт қалған көне мәдени-тарихты, тарихты қайта жаңғырту мәселесімен авторлық композициялық идеямен көркемдік мәнерді негіздеуде өздерін сынаққа алды. Заманауи көркем образ «жаңашыл реализм» ағымда орта буын және  жас суретшілер архетиптік (тастағы суреттер), түркі мифологиясын  қоғамдық тіршілікпен байланыстыра өзіндік ерекше  өнер тілімен әуендетті.

Қазақстан суретшілері маңызымен мәні жоғалмаған қазақ бейнелеу өнерінің қай заман болса  да ұлттық қасиетін, болмысын, ондағы дүниетанымдық дәстүрлі көзқарасты сақтап келеді. Қазақ бейнелеу өнерінің өркен жайып, әлемдік өнердің аренасында ұлттық тілмен танылуымызға суретшілеріміздің сіңірген ерен еңбегі орасан деп білеміз.


Г.Қ. Жұбаниязова,

көрме жетекшісі



Ұқсас тақырыптар