Жеңге неге жоғалды?

9.jpg


Қазір қарап отырсақ, заман алға жылжығалы қолда бар қазақы құндылықтар­дан айырылып бар жатқан секілдіміз. Өркениеттің әрбір жаңалығын қуана қабылдап, керісінше өз құндылықтарымыздан мақұрым қалып жатқанымыз жасырын емес. Біз жоғалтып жатқан құндылықтың бірі – жеңге.

Жеңге деген кім? Ол – ағаның сүйіп қосыл­­ған жары, шаңырақтың тірегі, ата-ене­нің қамқоршысы, қайнысы мен қайын сіңлі­лер­­дің сырласы. Олардың атын атамай, ерке­ле­тіп «Төрем», «Сырғалым» деп ат қойып, олармен құрдасындай қалжыңдасатын да жеңге болатын. Қайын жұрттағы жалғыз жүрген жастардың жұбын тауып, басының екеу болуына себепкер болатын да осы жеңге еді. Жеңгесінің жәрдемімен бас қосқан жастар қаншама? Ағайынның арасын жақын­да­татын, шаңырақтың құтын кіргізіп, мейма­на­сын тасытатын да осы жеңгелер еді.

Қай қаламгердің шығармасын оқысаң да, бұрын жеңге туралы жазғанда оның таза да тұнық табиғатын ашыңқырап, көсіліңкіреп, сәулелендіріп, ізгілендіріп жіберетін. Жеңге болу бір мақтаныш сезімін тудыратын. Талай кейіпкердің жастай жетім қалғанда жеңгесінің қамқорлығының арқасында өсіп-өнгенін осы шығар­малардан оқыдық. Филология ғылым­да­рының докторы, профессор Кәкен Камзин де бізбен әңгімесінде өзінің әке-шешеден жастай жетім қалып, жеңгелерінің тәрбиесін көргенін айтып берді.

«Жақын ағаларым, жақсы жеңгелерім болды. Ол кездің жеңгелері қайнысының атын атамайтын. Әрқайсына мінезі мен табиғатына қарап, жеке-жеке ат қоятын. Разия, Нұрбану деген жеңгелерім маған «Мырза­жігіт», «Сарыбала» деген ат қойды. Жас кезде «олай атамаңдар» деп бұлқан-тал­қан болушы едім. Қазір қарап отырсам, соның бәрі өнеге екен.

Жеңгем біздің үйге келін болып түскенде кішкентай бала едім. Мойынағашпен су алып келе жататын. Сонда мен алыста келе жатсам да, алдымнан кесе-көлденең өтпей күтіп тұратын. Ол кездің дәстүрі, тәрбие-өнегесі сондай еді.

Ата-анам ерте қайтыс болды. Содан бо­лар, жеңгелерім мені қатты еркелететін. Үйле­ріне барғанда, тамақтың дәмдісін алды­ма қояты. Олар мені анам сияқты тәрбие­леп, өсірді. Кейін үйленген кезімде келінді сол жең­­гелерімнің үйіне түсірдім. Келін әкел­ге­ні­ме олар қатты қуанды. Оларға деген құр­ме­тім шексіз» дейді аға буын өкілі Кәкен Қамзин.

Бұрынғы жеңге мен қазіргі жеңгенің ара­сын­да атан түйедей айырмашылық бар секіл­ді. Құндылықтардың қат-қабат ауысып, уақыт­тың алға жылжығаны жеңгенің де беде­лін төменшіктетіп жібергендей. Отбасындағы сүйкім­ді де сыйлы адам, әзіл-қалжыңы жарасқан сол жеңгелер қазір неге жоқ? Жүздеген жылдан бері жалғасып, үзілмей келе жатқан осы бір туыстық, мейірбандыққа селкеу түскендей. Кезінде ата-апаларымыз шарапатын көрген, пейілі күндей нұрлы жеңгелер қазір қайда кетті?

Кәкен Қамзиннің айтуынша, мұның себебі, бүгінгі жастардың ой-танымына байланысты екен. «Біріншіден, қазіргі жастардың көбі – «данышпан». Екіншіден, салт-дәстүріміз күн санап семіп барады. Дулат Исабеков ағамыз бұрын «Әпке» деген пьеса жазды. Сондай бір мықты жазушымыз «Жеңге» деген пьеса жазса, керемет болар еді. Неге десеңіз, бұрынғы қазақ қоғамында жең­ге­­нің рөлі, статусы бөлекше еді. Жігіт қызбен танысу үшін алдымен жеңгесі арқылы қыздың көңілін табатын. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген ән осыдан шыққан. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдемі қалып бар еді. Қазір соның бәрі бүлінді. Бұрынғы жеңгелер қазақы тәрбиеленген, жөн-жоралғыны жақсы білетін. Салт-дәстүрді пір тұтып, еш уақытта дәстүрге қарсы келмейтін. Қазір заман басқа, заң басқа деп, осының бәрін ысырып тастадық. Жақсы жеңгелер жоқ демеймін, бар шығар, бірақ аз» дейді Кәкен Камзин.

Салт-дәстүр дегеннен шығады, бұрын­дары қыз көрсетіп, көрімдік сұрауда да жеңге­нің айрықша рөлі бар еді. Ұзатылғалы жатқан қызды екі жеңгесі болашақ құда-құдағиға көрсетіп: «Болашақ келініңіз міне, көрімдік беріңіз», – деп қолқалайтын. Қызды болашақ ата-енесі мен қайын жұртына «көрімдікті» сылтауратып жүздестірудің де тәлім-тәрбиелік мәні болды. Осы арқылы болашақ келіннің көңіл-күйін орнықтырды. Қыз болашақ ата-енелері мен қайын жұртын көріп, ой түйетін, өзін келін болуға даярлайтын. Жеңгелері қайын сіңлілерінің барған жерінде тату-тәтті өмір сүруіне тілекші болып, түрлі әзіл-қал­жың­мен жанын сергітіп, көңілін жайлан­ды­ратын. Қыз бен жеңгесі еш бүкпесіз сырла­са­тын. Ал сырласудың бойжеткен өмірінде маңызы ерекше. Себебі, қыздар жүрек түкпірінде жасырған сырымен бөлісіп, білме­ге­нін жеңгелерінен қысылмай сұрайтын. Сөй­тіп, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды біліп өскен қыз бала кейінгі өмірінде мың сан қате­лікке бой алдырмайтын. Сонда бүгін не өзгерді? Заман ба, адам ба? Бұл жайлы бүгінгі буынның жеңгесінен сұрап көрдік.

– Жеңгеме сыр ақтарып көрген емеспін. Жас арамыз алшақ та емес. Бәлкім, айтқан сырым ертесі өзгелердің талқысында жүреті­ні­нен қауіптенген болармын. Бәлкім, жеңгем мені жақын тартып, мейірім құшағын жайма­ған болар. Жалғыз жеңгемнің сырлас құрбы­ма, үлгі тұтар адамыма айналғанын қаладым. Бірақ жеңгем ағам мен балаларына ғана көңіл бөлді. Содан болар, біз үшін ағамыздың бақытты болғаны маңызды болды.

Рас, өмір болғасын, әпкеңе де айта алмай қысылатын сырың, құрбыларыңа сенімсіздік танытатын, анаңды да уайымдатқың келмей, бүгіп қалатын кездерің болады. Сондайда жанашыр жеңгеңнің болғаны қандай жақсы?

Бүгінде өзім де бір отбасының келінімін. Қайнымның жеңгесімін. Үйге келгенде күліп қарсы алып, дастарқанымды жайып, ашылып әңгімелесіп, шығарып саламын. Жұбайым «Әркім өз мәселесін өзі шешуі керек, жеке өміріне араласа берме» деп шектеп қояды. Өзім де қайныма жақсы жар тауып беріп, өміріне араласқым келмейді. Себебі, қазіргі жастардың танымы мүлдем басқа. Содан болар «Болашақта шаңырағы шайқалып кетіп жатса, менен көріп жүре ме» деген ой тұрады», – дейді отыздың ауылындағы Бегайым.

Өкінішке қарай, орта жастағылардың біразы дәл Бегайым секілді ойлайды екен. Бұл ненің көрінісі? Басынан талай нәубетті өткізген қазақ ендігі жерде титтей құнды­лы­ғы­ның өзі бүкіл ғұмырға татитын «Жең­ге» ұғымын жоғалтып бара жатқаны ма? Отба­сылық мәселелерде менмін деген ғылы­ми институттар бере алмаған білімді «жең­ге­лер институты» беруші еді. Қазір сол жең­ге­лер институтының жұрнағы да қалмағаны ма?

Қыз көркімен қоса, тәрбиелі, білімді болса, ерін шыңға шығарады. Атына лайық жақсы жеңге болып, қайын сіңлісінің текті әулеттің келіні болуына сеп болса, ері де риза болмай ма? Бегайым секілді «Басым бәлеге қалмасын» деп емес, керісінше қайнысы мен қайын сіңлісінің болашағына бір кісідей алаңдаса, ата-енесі ғана емес, өзінің әке-шешесі де қуанып қалмай ма? Ең бастысы, ке­лін болып түскен әулетте бақ-дәулеті артып, сый-құрметке бөленіп, өзі де бақытқа кенелмей ме?

Кім біледі, егер бүгінгінің жеңгелері де бұрынғылар секілді өздерінің осындай қызмет­терін лайықты атқарғанда бүгінгідей шайқалған шаңырақтар, ажырасқан жұптар, көкек аналар, көзі мөлтілдеген жетім балалар болмас па еді?

Қоғамның дертіне айналған осы бір жағымсыз, қасиетсіз қасіреттердің бастауында салт-дәстүрге селқос қарау жатқан секілді. Дәстүріміз біздің қазығымыз болатын. Қазы­ғы­мызды жұлып алып еді, береке-несі­бе­міз кеміп, отбасылар ойран болды. Мұның бәрі де – бүгінгі күннің ащы зары. Мәсе­ленің бәрі бір жеңгеге байланып тұрма­ғаны да белгілі. Бұған бәріміз де кінә­лі­міз. Жастарға үлгі-өнеге көрсетер, жөнге салар аузы дуалы ақсақалдар жоқ. Ақсақалдар бар болса да, құлақ қойып ақыл тың­дайын, адам болайын деп тұрған жастар­дың да қарасы аз. Жезде мен жеңгенің жағ­дайы мынау. Әке-шеше де ұл-қызына қандай тәр­бие, қандай өнеге беру керектігін білмей дал. Міне, осының бәрі жиналып алдымен кіші мемлекет – отбасыны, бірте бірте үлкен мемлекеттің өзінің алқымынан алып тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, болашақ туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

 

Жанерке АХМЕТ

Айқын газеті


Ұқсас тақырыптар