Жаңа білім – жаңа мүмкіндіктер

2.jpg


Алматыдағы әл-Фараби кітапханасында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасына арналып «Болашақ оқу аудиториясында жасалады» атты дөңгелек үстел өтті.  Инновациялық жоба заманауи қазақстандық студенттердің таным көкжиегін кеңейтті – енді философия, психология, әлеуметтану, дінтану, мәдениеттану, лингвистика, журналистика, экономика және менеджмент салаларындағы әлемдік ғылыми бестселлер қазақтілінде қолжетімді болады. 

Іс-шараның ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығы. Алқалы жиын жұмысын ашқан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова жүзеге асып отырған жобаның қазақстандық ұрпақ болашағы үшін мәні мен маңыздылығын атап өтті. «Бір жыл бұрын қоғам үлкен ынта-құлшыныспен қабылдаған Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл бағдарлама жаңа ойларды және ел болашағының, қоғамның және адамзаттың жаңа бейнесін қалыптастыру үшін тыңнан ойлауды талап етеді. Бүгінде үздік лингвист-тіл мамандары мен мамандар өз еңбектерін қосып жатқан аталмыш бағдарлама жобаларының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді мемлекеттік тілде жүргізу саласында академиялық ғылымның дамуына мүмкіндік беретіні сөзсіз, әсіресе қазақ тіліндегі ғылыми айналым әлемде болып жатқан заманауи әлеуметтік үдерістерді түсіндіретін жаңаланған теориялармен, концепциялармен толыға түседі», - дейді З.К. Шәукенова. 

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының Визе-Президенті Серік Сейдуманов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың кең көлемділігін атап өтті. «Гуманитарлық пәндер бойынша жаңа оқулықтар – бұл әлемдік кеңістікте сапаны, бәсекеге қабілеттілік пен білім беру интеграциясын арттыру бағыттарындағы жаңа қадам.  Білім және ғылым салаларында мемлекеттік тілдің, қазақ тілінде білім алатын студенттер үлесі өсуінің тұрақты тенденциясының күшеюі сияқты объективті фактор есепке алынады. Олар дер кезінде қажетті оқу әдебиеттерімен қамтылады, ЖОО-дағы білім мазмұны әлемдік деңгейге шығады. Аударма жобасы мемлекеттік тілдегі гуманитарлық пәндер саласында академиялық ғылымның дамуына мүмкіндік туғызады, ғылым айналымына жаңа теориялар, концепциялар енеді. Елімізде жаңа аударма жүйесі құрылды, осы салада ғалымдар мен мамандардың жаңа шоғыры дамуда. Бұл біздің өмірімізге енетін жаңалықтың тек бір бөлігі», - дейді С. Сейдуманов.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы әлемдегі жаһандық азаматтық білім беру сияқты заманауи білім беру дамуына маңызды тренд болатындығын және қазақстандық университеттерді БҰҰ-ның жастарды жаһандық қоғамның мүшесі, әлем азаматы сонымен бірге, өз елінің патриоты ретінде оқыту мен дайындауды ұйғаратын «Global Citizenship EDUCATION» бағдарламасына тартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Біз оқулықтарды оқу үдерісінде қолданудамыз және олардың қалыптан тыс ойлауды дамытуға көмектесетіндігін әрі олардың мәселелерді шешуде жаңа әдістемелік және қолданбалы құралдарды ашатындығын көріп отырмыз», - дейді ол. 

Жарық көрген алғашқы он сегіз кітаптың ішіндегі алты оқулықты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы аударды. Олардың арасында, Джордж Ритцер мен Джеффри Степництің «Әлеуметтік теориялар» оқулығы әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқу, педагогикалық, ғылыми-зерттеу және диплом алды тәжірибелік бағдарламаларына енгізілді. Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, аудармашылар авторлық ұжымы мүшелерінің бірі Гүлмира Әбдірайымова бастау алған жобаның ауқымдылығы мен уақтылығын атады: «Жобаны жүзеге асыру жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды енгізе отырып, онлайн курстарға және ашық дәрістердің видеонұсқаларына қолжетімділікті кеңейте отырып тек жастарға ғана емес, сонымен қатар ізденуші жас ғалымдардың үлкен ортасына, зерттеушілер мен оқытушыларға да мүмкіндіктер ашады. Жоба біздің мамандарды дайындауды жаңа сапалы деңгейге шығарады. Дәл осы аударылған оқулықтар шетелдік жетекші университеттердің оқу бағдарламаларына енген және уақыт сынынан өткен әрі түрлі баспалардан бірнеше рет басылып шыққан».

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Кенжехан Мамытжанов Клаус Швабтың «Четвертая промышленная революция» кітабын аудару үдерісі барысында кездескен негізгі қиындықтарға назар аударды. Бұл ең алдымен, түпнұсқада қолданылатын түсінуі күрделі аппарат. «Аталмыш кітапты аудару барысында бізге тек филологиялық білімді басшылыққа алып қою ғана емес, сонымен бірге осы кітаптың ғылыми саласы бойынша белгілі білімдерді меңгеру де керек болды. Жоба мемлекеттік тілдің модернизациялануына мүмкіндік беретіні сөзсіз, қазақ тілі айтарлықтай халықаралық ғылыми лексикамен толығады», - дейді ол.

Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» кітабының аударылуына жетекшілік еткен профессор Гүлжихан Нұрышева ең алдымен, әлемнің үздік университеттерінің сұранысына ие кітаптарды аудару бойынша соншама ауқымдылықты қамтыған жобаға бастау берген Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жоғары бағалады: «Біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұрды, біріншіден ол еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілік, себебі кітап біздің шынайы түрде түсіндіруімізді міндет ететін бірнеше ғасырлар философиясының тарихын қамтиды. Бүгінде аталған тамаша кітап қазақ тілінде жарық көріп, бакалавр студенттері мен магистранттарға арналған «Заманауи әлеуметтік философия», «Прагматизм философиясы», «Ницше және постмодерн философиясы» сияқты курс бағдарламаларына енгізілді.  

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының басты мақсатты аудиториясы, ең алдымен, қазақстандық студенттер болып отыр. Студенттердің айтуынша, әлемдік оқулықтар оларға мәселелерді шешуде жаңа әдістемелік және қолданбалы құрылғыларды ашады. «Менің диплом жұмысымның тақырыбы: «Әлеуметтік желідегі коммуникация тілі», - деп аталады дейді философия және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Мадина Жексенбаева. – «Тақырыпты таңдаған кезде, жастардың әлеуметтік желілерге деген жоғары қызығушылығы сияқты өзектілігіне мән бердім. Алайда, жұмысты жазу барысында басты мәселелердің бірі қазақ тіліндегі ақпараттардың жеткіліксіздігі болды. С.Г. Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығын менің жұмысымды дамытудағы негізі кітап деуге болады. Сол үшін де оқулықтың қазақшаға аударылуы мен үшін, ең алдымен, жеке ғылыми секіріс болды деп айта аламын. Осылайша, аталған кітапта жазылған елдің географиялық емес немесе саяси ерекшелігін анықтайтын мәдени карталарды құру әдісін, олардың мәдени стереотипке негізделіп өзге елдерде қабылдануын өзімнің жұмысыма қолдандым. Аталмыш әдісті қолдану менің диплом жұмысыма жоғары ғылыми-тәжірибелік мән қосты». 

Сонымен бірге ҚазҰУ-да бакалаврдан бастап докторантура сатысына дейін қазақ бөлімінде оқитындарға «Экономика негіздері мен қағидалары», «Экономикалық теория», «Микроэкономика» және «Макроэкономика»  пәндерін оқытуда Г. Мэнкью мен М. Тейлордың «Экономикс» оқулығын енгізу орындалуда. Бұл жайында экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Садыханова айтты: «Бұл экономика саласындағы аңыз кітап, бүгінге дейін әлемнің 25 тіліне аударылған, бұл кітаптың ұлттық тілімізде жарық көретіні бізді қуантты. Бұл көп еңбекті қажет ететін жұмыс болды, кітаптың өзі 805 парақтан тұрады, оны аударуға 8 адам қатысты.  Аударылған оқулық студенттерге макроэкономикалық тенденциялар контексінде жаһандану жағдайындағы экономиканың дамуында экономикалық теорияларды меңгеруге септігін тигізеді. Оқулықта келтірілген мысалдар күрделі материалды жақсы меңгеруге мүмкіндік береді, ал өзін бақылауға арналған сұрақтар мен кейстер алынған білімді пысықтайды. Мәселен, менің докторантым Г.К. Иляшова өзінің «Қазақстан Республикасының заманауи экономикасында халықтың өздігінен жұмыспен қамтылуы» атты диссертациясына ұзақмерзімді кезеңдегі шынайы экономика секторының дамуы мәліметтерін қолданды. 

Кітаптарды оқу үдерістеріне енгізу үдерісі типтік оқу бағдарламаларын өзгертумен және оларды студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына енгізіп қоюмен ғана шектелмейтіндігін айта кету керек. Мәселен, дінтану және мәдениеттану кафедрасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында мәдени антропологияны зерттеудің негізгі пәндік саласымен танысу мақсатында 2018 оқу жылына арнап ЖОО авторлық ұжымына дәрістер курсын жасау және дайындауды оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсының бағдарламасын жасады. Сондай-ақ, он-лайн білім беру арналарында кафедра мүшелері аударған Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» негізінде қазақ тіліндегі дәрістер курсы шығарымға дайындалуда. 

Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысында барлық қатысушылар халықаралық білімнің қарқынды дамуы жағдайында, әлемнің әртүрлі тілдерінен мемлекеттік тілге аударылып отырған әлемдік оқулықтар тек жастарға ғана емес, оқытушылардың кең ортасына, зерттеушілерге де пайдалы екендігін айтты. Білім беру кеңістігіндегі қазақша контенттің мағыналы әрі мазмұнды салмақтануы ғаламдық ауқымда ақпараттық-танымдық шекараны кеңейтуге, білім-ғылым айналымына жаңа терминдер енгізуге, мәдени мұраға және түрлі ғылыми саладағы үздік заманауи авторлардың еңбектеріне араласуға мүмкіндік береді. Алда жаңа оқулықтарды толықтай барлық отандық университеттерге енгізуге кірісу маңыздылығы тұр. 

Саягүл Әлімбекова



Ұқсас тақырыптар