«Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

немесе ұранға айналмаған ұлттық идея мен БАҚ хақында арыз сөз


3.jpg


Абылай заманы өткесін-ақ реанимациядан шықпаған қазақтың тарихи жадысы әр ғасырдың басында бір,  аяғында бір тілге келіп,  отарсыздандыру атты препаратты талап етіп сандырақтайды. . .  ХХ ғасырдың басында бір аласұрып жатып Сұлтанмахмұттың аузымен «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп салды.   Көріп келдікпен сеніп айтты ма екен,  жоқ әлде солай болғанын жан-тәнімен қалап кана айтқан қайран сөз бе?  Бірақ күмәндануға және келмейді.  Өйткені,  Мағжанның жүрегіне жазылған формула,  яғни,  «Күннен туған Ғұн екенім» рас болса,  күн сөнгенше өшіп қалмауды ғана ойлап бықсып жатуға хақым жоқ! Менің жануым керек,  жарқырауым керек,  жарығымды жер-жаһан көруі тиіс! ХХ ғасырдың соңы мен ХХ1 ғасырдың басы осы бір ұлттық идея қайта түлеген,  тарихи жадыға жан кірген кезеңге айналуы тиіс еді.  Амал не,  тарихты өткен шақтың қалау райына салып тәпсірлеуден түк шықпайды.  Шығыс Еуропа мен Балтық елдері,  Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының жеке батырлары отарлықтың қамытынан бас босатып,  терісі түлеген жылан құсап тастап шығып жатқанда біз ғана әрі-сәрі күй кештік,  «Ассалаумағалейкүм!» деп есіктен өзі кірген Азаттыққа самарқау ғана «Здрасьте. . . » дедік.  Ары қарайғы он бес жылдың ішінде қызығы мен шыжығы аралас қандай күй кешіп жатқанымыз жалпыға аян. . .  бір күннің ішінде далиған даламызды алға салып,  «әлемдегі тоғызыншы мемлекет» болып шыға келдік.  Тәңір берген ырзығымыз газ бен мұнайды алға салып «елуінші болмақ» және ойда бар.  Он бес жылдың ішінде сол даланы мекен еткен ел-жұрттың урбандалып кеткен ештеңесі жоқ.  Халықтың тең жартысы (түгелге жуығы қазақ) ауылда тұрады.  Бірақ ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі сол  ауыл халқының саны сияқты қырық тоғыз пайыз болмай-ақ қойсын,  ең құрыса он пайызға жетпейді.  Биыл жеті-сегіз пайыз күйінше қалды оның есесіне он бес жылдың ішінде өзінің тілі келмегесін «Ассалаумағалейкүмге» «Здрасьтені»,  ол аз болса әлемдік масштабта «Да благославит тебя Господь» пен «Шаломды» араластырып «еуразиялық акцентпен» (диалект деуге аузым бармайды) сөйлегісі келетін жаңа бір саяси элита қалыптасты.  Осы бір жасанды акцентті саяси-экономикалық,  мәдени-әлеуметтік саланы түгел қамтуға тиіс ұлттық идея ретінде көретін көпірік ауыздар көбейді.  Билік басындағы аузы дуалылардың мұндай масқара кейіпке ұшырауы тегін түбінен тартып білмеу,  төңірегін жарытып танымау шығар,  сірә. 

Қазіргі дүние жүзінде саяси-қоғамдық,  әлеуметтік-экономиялық өмірі барынша тұрақты екі жүйе үзеңгі қағыстырып келе жатыр.  Біріншісі – жоспарлы экономика мен нарық заңдарын,  социялизм мен дәстүрлі қоғам институтын ұштастырған тоталитарлық аппараттың басқару жүйесі.  Екіншісі – тек нарық экономикасының шарттары мен жаһандану процесіне жүгінгін,  жеке адамның бостандығы мен таңдау еркіне ешкімнің қол сұқпауын қадағалайтын азаматтық қоғам институттары салтанат құрған жүйе.  Әуелгі жүйе бір ғана Қытайдан тұрады.  Екінші жүйедегілер – АҚШ-ты михраб қылған Канада,  Австралия,  Жаңа Зеландия,  Жапония,  Оңтүстік Корея,  Тайвань,  Гонкгонг сияқты « құбылысы дұрыс » елдер мен қарт құрлық Европада одақтасып отырған жұрт.  Әлемнің қалған дамушы мемлекеттеріндегі ішкі-сыртқы саясат пен экономика бір ғана Үлкен Кісінің денсаулығына,  бір ғана отбасының тәбетіне,  бір ғана саяси топтың амбициясына,  бір ғана әскери режимнің мүддесіне тәуелді күйі қалт-құлт етіп тұр.  Бұл елдеоге мұраты адал бизнес-әріптес,  стратегиясы ұзақ инвестор екі бастан жоламайды.  Саяси-экономикалық,  мәдени-гуманитарлық саладағы барлық қарым-қатнас мұндай елдерде жасанды,  жалған түрде дамиды.  Алдындағы шағын ғана шаруасын қорып,  мемлекеттен дәнеңе дәметпеуді үйренген қара жаяк халықтан басқасы,  яғни,  саясаткері мен зиялысы тура мағынасында сөйлеп,  тура мағынасында түсінуден қалады.  Өзін-өзі алдау жанрының фарсқа айналған небір үлгілерін мұгдай елдердегі БАҚ-тан,  мемлекеттік органдардың құжаттарынан көптеп кездестіреміз. 

Сөйте тұра дамушы елге тән ахуалымыз мүшкіл екен деп бірден Батыс тәріздес ашық-шашық азаматтық қоғам құруға ұмтылсақ,  онсыз да құрдымға кеткелі тұрған ұлттық құндылықтарымыз алты кемпірдің аузында аңыз болып қалмақшы,  жарты ғасырдың ішінде-ақ жарытымсыз фольклор үлгісіне айналмақ.  Іс бұлаша насырға шапса,  тамшы қаны тамырында тулаған қазақ жазғы демалыста баласын Мұңғұлияның Баян Өлгийіне этнографиялық экспедицияға жіберіп,  салт-дәстүрін сырттан қызықтауға мәжбүр болады. 

Ал Қытай сияқты экономикасы – будан,  саяси жүйесі – тоталитарлық ел құру үшін мемлекеттің өзі этникалық жағынан біртектес болуы шарт.  Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық институттары да мызғымайтын емендей күйге жетуі тиіс.  Экономикасын теориялық тұрғыдан болсын нарыққа бұрып үлгерген біздің  елдің Қытайдың жолын ұстануы о бастан қиял-ғажайып еді.  Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақстан – жаңа Қытай болуға ұмтылған ел» деген тәрізді АҚШ-та Квинт,  Ресейде Илларионов айтып жүрген көпшік сөз кекесінге көбірек ұқсайды. 

Енді осы екі алып жүйе әлемге ең көп тараған Батыс және Хансу менталитетін қалыптастырып отыр.  Батыс – менталитеті өзгенің малына келгенде барымташыл,  өз малына келгенде барынша сақ,  бір қарағанға бауырмал,  бірақ құшағына бір алғасын қапсыра қатып қалатын қолының қары қатты,  жаһанданған бүгіннің ағылшын тілді менталитеті.   Хансу болса – барлауы күшті барлануы қиын,  қанын ішіне тартқан,  үнсіз сес көрсете білетін,  заманын күтіп жатқан болашақтың қытай тілді менталитеті.  Бұдан басқа мінезі жұмсақ бола тұра жырындыға айналған,  күштің жолын кеспеуі,  сөйте тұра әлімжеттікке көнбеуді жетік меңгерген ағылшын мен ұлттық тілінде қатар сөйлейтін Оңтүстік-Шығыс Азиялық «мысық мінезді» менталитет және бар.  Бұл ағылшын-француз тілді жасқаншақ африкалық менталитет пен испан-португал тілді дүмбілездеу латын америкалық менталитеті,  Құлағы Бағдатты шапқан заманнан бері «Бізді не қара басты? » деген сауалға жауап іздеуден шаршап,  тығырыққа тірелген Таяу Шығыстың араб тілді жайбасар менталитетін,  Таяу Шығыс пен Батыс менталитетінің буданы – жаңа түрік (yeni turk) менталитетін,  өзіне ұқсамайтынның бәрін не жау,  не сайқымазақ көретін,  өзіне түсініксіз тілде сөйлегеннің бәрін топас деп танитын дарақы һәм дөрекі орыстілді кеңестік менталитетті және қосыңыз.  Өкініп,  бармақ шайнайтын жайт – дәл осы кеңестік менталитеттен арылмаған қалпы ел естімеген «еуразиялық мінез» тапқанымыз.  Әсілі,  үнемі идеал көріп,  ұмтылуға тиіс қазақы табиғи мінезімізді хакім Абайдан артық таныған кім бар дейсіз?  Ғұламаның хикметін мақаламның соңында,  P. S-те келтірдім.  Оқығанның есінде соңғы сөз қалда ғой. . . 

Апырау,  бұларды айналып өтіп,  өз жолымызды табатынымыз қайда?  Он бес жылдың ішінде сайқымазақ «қайраткерлері»  дарақтың басына дарақы ұран жазылған ақ жайма іліп,  одан қалса бірін-бір сотқа беруден аса алмаған «ұлттық идея» жолындағы күресіміз қайда қалды?  Амал не,  атеизм апиынына уланғандар ауруынан айықпай тұрып «ұлттық идеяны» жаңғырту туралы қайтып жар салса да,  жаңалық аша алмай жатыр.  Өйткені,  жетпіс жыл бойы жүрегімізді қарайтып,  жұлынымызға сіңген өзіміздің және дүниежүзінің  тарихына деген біржақты,  кердең көзқарас көзімізді теориялық шел болып басып тұр.  Азаматтың  саяси-экономикалықсахнадағы қарым-қатнасын екі таптың күресі,  социалистік лагерь мен капиталистік әлемнің бәсекесі деп қана түсінген кеңестік буын өкілдері әлі күнге дейін сол райынан қайтар емес.  Ықылым заманнан бері әрбір империялық ұлтқа тарихи миссиясын ұқтырған,  рухтандырып отырған Құдырет бар еді.  Біздің сорымыз сорпадай қайнаған кезде сол Құдіретті жоқ деуден басталған.  Жаһандануға бейім екі ірі өркениеттің – Ислам мен Хрестиандықтың (ХХ ғасырдың ортасынан бері Иудейлік-христиандық Одақтың) жетінші ғасырдан бері жалғасып келе жатқан итжығыс күресі де сол Құдіретке деген талас.  Бұл бәсеке жағрафиялық аймақпен шектеліп қалған қытай және үнді өркениетінен де ықпалды,  ғұмыры келте коммунисттік кезеңнен де өміршең,  дүниежүзілік салыстырмалылық теориясынан да маңызды.  Әр ғасырда атауы да өзгеріп отырады.  Бірін-бірі «Ібілістің еліне»,  я «Зұлымдық белдеуіне» теңеуге құмар.  Екеуі  де « әлемді зұлымдықтан тазартатын миссиясына» сенеді.  Дүниежүзілік тарихтың сценарийі осы екі өркениеттің арасындағы теологиялық,  әскери және ғылыми-техникалық тайталасқа тәуелді екеніне шүбә болмаса керек-ті.  Жо-жоқ,  күмәнданатындар көп болып шықты.  Әсіресе,  post-кеңестік кеңістіктің жалғыз өзі pro-кеңестік анклаф жасауға ұмтылып отырған біздің елдегі «идеологтар».  XVғасырдың ортасында ту тіккені нақты дерекке түсіп,  дербес ел атанған Қазақ  мемлекетінің бес жарым ғасырлық тарихына күле қарап жүргендер дүниежүзі тарихына келгенде «ғылыми коммунизмнің» сандырағына шаң жуытпайды.  «Өркениет арасындағы не қақтығыс ол? ! Шешілмейтін мәселе жоқ! Немене ол сонша ма?  Жинаңдар бәрін осында,  кең дастарханда басын қосып,  бір шәугім шай,  бір табақ ет беріп дегендей,  стақан қағыстырып татуластырып жібереміз! Шығарып саларда қалтасына сәлем-сауқатын және салсаң,  кім жібімейді?  Өзіміз сияқты адам емес пе?  Маркс айтқан «Сананы тұрмыс билейді» деп.  Керек десең Еуропа мен Азияның арасын көпір болып жалғап жіберетін Еуразиялық елміз біз! Екі құрлыққа ортақ Еуразиялық өркениеттің негізін қалап жатырмыз.  Өркениет аралық қақтығыс жоқ ешқандай! Хантингтоның да,  Льюисің де сандалмасын.  Бәрі сол бай мен кедейдің монополист пен жұмысшының,  жер иеленуші мен шаруаның,  қанаушы тап пен қаналушы таптың күресінен кеп шығады! Копиталистік әлем мен социялистік лагерьдің арасындағы шайқаста туады барлығы! ». 

Бүгінгі саяси лексикаға салсақ,  «бәріміздің есебімізден ішіп-жеп отырған» дамыған елдер (G7) мен солардың жабығынан сығалап тұрған дамушы елдердің,  одан қалса «Жеті Жуанның » жуындысына таласып жатқан Үшінші Әлемнің,  осы үштіктің ара-қатнасына байланысты бәрі.  Сөз саптауымыз сол күйі.  Кеше «кедейлік жойылса ,  коммунизм орнайды» дейтінбіз,  бүгін «кедейлік жойылса-террор тоқтайды» дейміз.  Байқасаңыз,  «буржуазия» «олигархия» болып,  ал «пролетарият» «әлеуметтік деңгейі төмен топ» болып шыға келді,  «капитализмнің» орнын «Батыс үлгісіндегі демократия» басса,  «социализмді» «Біздің үлгідегі демократия» ығыстырып шығарды.  «Біздің үлгідегі демократияның» тамыры қайдан екенін білімдінің іші сезер.  Бұл саладағы лексикамыздың Ресейдің саяси тіліне ең жақын диалект детінде дамып келе жатқанын кім білмейді?  «Халық-Құдайдың бір аты» дейді Қазақ.  Расында да солай.  Арабшадан аударғанда «Жаратушы» деген сипатын ашады. Сол халықтың төбелін бір алда, торысн екі алда, бірақ һәммасын үнемі алда алмайсын ғой?  «Өз демократиясын өзі жасап алған» елдің өзіне тән жо-ғарыдан жобаланған ұлттық,  я мемлекеттік идеясы да «жаңа түркішілдік» пен «араб социализмі» сияқты жасанды һәм әсерсіз,  «орыс стандарты»сияқты даңғой ұғым болып қала береді.  «Коммунизм елесін» көзден таса қылғысы келмейтін «біздің үлгідегі демократия» ешқашан шынайы ұлтшылдық пен ағартушылыққа, әділет пен тазалыққа бастап бара алмайды. Барғысы да кел-мейді. Міне, осылайша ескі терминдер өзгерген. Өңделген. Бірақ жөнделмеген.  «Коммунизмде дүкен ашық тұрады. Сатушы болмайды. Қалаған затынды тегін алып жүре бересін. »деген сөзге өз атамның да, нағашы атамның да селт етке-нін көргенім жоқ. Селкілдеп күлгенін көрдім. Ал бүгін жиі еститін «Есебі түгел елу ел бар. Есігіне жақын тұрмыз. Ебін тауып ішіне кірсек, елқатарлы ішіп жейміз» деген сөз әлгі күлкіні көз алдыма келтіреді. Неге? Ешбір заманда «Қарның тоқ болады. Көйлегің көк болады. Қатының қойныңда, атың астында болады»деген «ұлттық идея» қазақтың қанын қыздырған емес.  «Жерім тұл болады, дін ұстауым мұң болады, тілім жым болады, қатын-балам күң бола-ды»деген қауіп қана қамшылап тұрды намысымызды. Сондықтан да «туған жерімді, дәстүрлі дінімді, мәдениетімді мансұқ етіп, кіріптар қылып «дамыған елу мемлекеттер қатарында» елуінші, жә қырық тоғызыншы болып разы кейіпте тұрғанша кие ұрсын, әруақ атсын мені»!демей ме Қазақ шалға тартып туғандар? !Ұлттық идеяны ішіп-жеуге байлау «бұқараны тиімді түрде басқарудың» біз бойлай алмайтын терең стратегиялық әдісі шығар, бәлкім? Бірақ халқыңды тарих сахнасындағы ешкімге ұқсамайтын тағдырына үңілтуден, сендіруден артық қандай ұлттық идея болуы мүмкін? !!

Тарихи тұрғыдан келсек, күні кеше ғана Ұлық Ұлыс ыдырап, Речь Посполита әлсіреп жатқан тұста Новгородты саяси сахнадан тайдырып, Украина мен Смоленскіні өзіне қаратып Ресей атанған көршіміздің боданына айналмас бұрын ежелгі қазақ Ордасы кім еді? Ең әуелі мұсылман әлемінің бір бөлшегі еді. Сосын барып саны бойынша османлыдан кейін екінші тұрған түркі тектілердің Орталық Азиядағы төресі еді.  Донай мен Алтайдың арасын билеген Жошы ұлысының мұрагері еді.  Отырардың кітапханасын Бағдадтың Бәйтул Хикмасына(әлемдегі алғашқы ғылыми академия)жалғаған , Түркістаннан төрткүл дүниеге руханият сәулесін шашқан Жерұйық-тын,  Қожа Ахмет Ясауидің дәргейінен бата алып шыққан шәкірт біткен Биік осман дәулетінде де, Ұлы Моңғол Империясында да,  Мәмлүктің Мысырында да әміршінің рухын қайраған сарай тәрбиешісі болды. Мазары Анкараның түбінде қалған Мейрам қажы, сонау Бангладештегі бенгалдың бетін құбылаға бұрып барып Силхетте жай тапқан Шах Джалал-Түркістаннан шыққан көп шәкірттің бізге мәлімі ғана.  «Үйде туып түзде өлген», Әзірет Сұлтанның іргесінде жатуды жөн көрген хандарым қандай еді?  Сөзге тоқтаған батырым, сөз таба алған биім қандай еді?  Сананы отарсыздандыру «шер толқытып шығарған ой түбіндегі сөз» яғни, аса ауқымды мәдени саясат арқылы тарихи жадыны  тірілтуден басталуы керек болатын.  Бұл тарихи миссияны орындау үшін мемлекетіміз ең әуелі ақпарат және мәдениет кеңістігін  бүтіндеуі тиіс еді.  Әсіресе,  ұлттық идеяны ыммен ұқтыратын ірі БАҚ-қа,  кино жобаларға, мультипликациялық-анимациялық  фильмге зәру болатынбыз.  Ішкі істер және ұлттық қаупсіздік салалары әрбірден соң осы екі кеңістікті сыртқы ықпал мен ішкі бүліктен қорушы ,  қорғаушы ретінде көріну керек-тін. Амал не сыртқы саясаттағы көпвекторлық ішкі саясатқа жұққан  сәттен мемлекеттік биліктін ұясына Анархия жұмырқа салатынын парықтамадық.  «Қазақстандық патриотизмнің  басты белгісі көпұлттылық идеясы» деп шуладық. Сол «көп ұлттың» патриоттығы қандай дәрежеде деген терең әлеуметтік зерттеу жасалған жоқ. Түрі қазақтан бөлек көрінсе, саны екіден асса болды ұлттық-мәдени орталық ашып беру,  «Қазақстан халықтары»атты альбом-кітаптарға қазақ халқының өзі кірмей қалып жатуы еліміздегі мемлекет қалыптастырушы өзек ұлттың ролі әбден әлсірегенді көрсетеді.  Беделді бір басалымның бас редакторы Президент Әкімшілігіндегі базбір қызметкердің: «Біз-көпұлтты мемлекетпіз. Біздің елде 130 ұлт тұрады. »деп өзеурегенін көріп: «Жоқ, қателесіп тұрсыз.  Біздің елде 131 ұлт тұрады» деп салады. Әлгі шенеунік қайран қалып: «мен білмейтін ол қандай 131-і ұлт ? »дейді.  Сонда жаңағы редактор: «Ә,  естімеген екенсіз ғой.  Кеше Жамбыл облысында екі қап марихуанна арқалаған бір пуштун қырғыз-қазақ шекарасынан өтіп,  Ресейге бара жатқанында біздің территорияда ұсталыпты.  131-ші ұлттың өкілі сол болады» деген. 

Бұл әңгімені ұлтаралық араздық тудыру үшін айтты деу қисынсыз.  Меніңше, мемлекет қалыптастырушы  негізгі ұлттың беделін аяқ асты қылып,  тілі мен мәдениетін өз жерінде өгей ету,  өзгенің алдында үнемі қыспаққа күндердің бір күнінде жаңағы «қазақстандық ұлттың» басына жай түсіретін «жарым ес жақсылық» болып шығады.  Мұндай солақай саясат-ұлтаралық араздық тудырушы басты фактордың нағыз өзі. 

Ұлттық идеясы айқындалған біртекті қоғам құруға ұмтылған жағдайда қазақстан өзінің алпыс пайызына тең ең ірі этникалық тобына,  ең негізгі саяси сегментіне, яғни, қазақ ұлтына иек артуы тиіс еді.  Мәселе тек иек артуға емес,  қазақ ұлтын отарсыздандырып,  жаппай ағарту шараларын ұйымдастыруға берісі бес,  арысы он жыл ішінде шеттегі қазақтарды көп көшіріп әкелуге саяды.  Әсіресе,  «қазақСТАНшылдар» ойлап тапқан «сырттан келген дені тыңшы»деген лағынет атқыр қаскөй теорияны  Парламентте жайбарақат талқылап отыра беретін сұйық қанымызды осы жолмен ғана тазарта аламыз.  Сөйте тұра, ұлттық идея жағынан біртекті елге айналудың басты шарты елді жаппай қазақтандыру,  демек,  қазақ еместерді қысым көрсету арқылы азайту деп түсіну қате. Қазақ еместер қазақы ортаға,  қазақ мәдениетіне шынайы елітетіндей саяси-әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық интеграцияның әділ тетіктерін іске қосу ләзім.  Әуелі «қазақ этноцентризмі»мен «қазақ лингвоцентризмі» ұғымдары нақты саяси ұғымға айналуы керек.  Бұған жетудің бір-ақ жолы бар-«қазақ Билігінің» өзі тазаруы керек, «қазақ Билігінің» имиджі иман таразы кейіпке кіруі қажет.  Заң шығарушы мен заңның таралуын қадағалаушы билік тармағы «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» принціпіне,  ал атқарушы билік тармағы «ханның малы қазынаның малы»(«қазынаның малы-ханның малы емес»)принціпіне қайтадан мойынсұнбайынша тегіңнің тегін емес екендігіне кімді иландырасың? Батыс Еуропаны имигранттардың астында қалдырған құдірет-осы екі қағиданы қолданып, һәм қадағалап отырғаны емес пе? 

Ал дәл қазір іштен де, сырттан да көз қадаған сыншы жұрт «қазақ Билігі»деп нені түсіндіреді? Ұлттық идея жағынан алғанда бүгінгі «қазақтың саяси элитасы»-кеңістік қызылкөз террор үрейін ұшырып, жігерін құм қылған,  намысын шұлғау етіп орап, кеудесін ұлтарақ қып таптаған, отарлық сана сүйегіне шейін сіңген, кеше кедейлігін, бүгін байшыкештігін мақтан тұтатын, өктем жүйенің өтірік мәдениеті, әсіресе, жай сөйлемге жиырма боқтық қосып сөйлейтін дөрекі тілі жеті ұрпағына жетерлік болып әрбір моле-куласына жабысып қалған, өткен тарихы кем дегенде мың сериялы телехикая болса, соның тоғыз жүз тоқсан тоғызы тарихи жадыдан жойылып, ең соңғы,  «қазақты адам қылған сәбет» атты сценарийі сақталмаған сериясы кәлимадан артық ойынан шықпайтын, тілінен түспейтін топ. Саяси-экономикалық стратегиясы жағынан келгенде бүгінгі қазақтың «саяси элитасы»дегеніміз жеке меншік бизнес секторды мемлекеттік қызметтің шаруашылық бөлімі деп түсі-нетін, мемлекеттік қызметте отырып кез-келген ірі бизнес жобаның үлесіне кіру-мемлекеттік кепіл деп түсіндіретін экс-партноменкла-тура! Ең қатерлі дерттің симптомы осы номенклатураның тілінде тұр. 

Тіл-ұлттың негізгі айқындауыш факторы, индентификаторы мінезі. Билік қай ұлттың тілінде сөйлесе, сол ұлттың мінезін бойына сіңіреді.  Мінезі әбден айныған күн қағынан жеріген қалпы «аға ұлттың» құрамдас бөлігіне айналуды аңсайды. Біз тұрмақ Шығыстағы алып көршіміздің халқы саяси лидері кезең «Подмосковные вечераны» айтпайтын,  Мәскеуде оқымаған,  Ресей дегенде сағынышы сазып тұрмайтын таза саясаткер келді билік- ке»деп жатты.  Оның қаупі мен біздің селқостығымыз салыстыруға келе ме? Ендеше неге бейқамбыз?  Діни философияның алыбы Толстойдың өзін «орыс төңкерісінің айнасына» айналдырып жіберген қызыл террор идеологиясы орыс мәдениетін тәуір талқандады. Оны жасанды «кеңестік мәдениетке» айналдырып, жеккөрінішті қылды.  Бір қынжылатын жайт, қазіргі Кремльдің сол қателікті түзеп,  «күміс ғасырдың»ғажап үнін қайта сыңғырлатуға күш салып жатқаны шамалы. Әлбетте,  «Жеті Жуанға сегізінші арық» қосылғысы келетін («Мы остаемся членом большой восьмерки для того, чтобы она не превратилась в сборище жирных котов» деген Путиннің өз сөзі) Ресей өзін ең құрыса «қияли Еуразиялық құрлықтың» бірден-бір ықпалды мемлекеті ретінде сезінгісі келеді.  Сол себепті Орталық Азиядағы мәдениет кеңістігінде ықпалын бір мысқал болсын жоғалтқысы жоқ.  Мәскеу үшін Украинаны қайдам,  бірақ «Қазақстандағы мәдени және ақпараттық экспансиям әлсіреп кетті-ау»деп қайғыруға еш себеп жоқ.  Мұндай сұрақ тумауы үшін Ресейдікінен гөрі біздің мемлекеттік қызмет орындары көбірек еңбек сіңіріп жатыр. 

Мәдени-ақпараттық кеңістігтегі шекарамызды айқындап алмай тұрып жаһандану процесіне құшақ жайған түр таныту, әлдеқашан жаһанданып кеткен ірі БАҚ-тың басын қосып, жоғарыда айтылған жабайы тәсілмен «татуластырып жіберуге тырысу», комплиментті сұрап алу (кейбірде сатып алу) бізге абырой әпермейді,  керісінше қауіп төндіреді. Бұл жағынан келгенде кез-келген интеграциялық процесс әуелі тар шеңберде пісіп-жетілсе ғана өміршең болады.  Президентіміздің аузынан ара-тұра шығып қалатын Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру біз үшін Еуроазиялық одақтан да,  «әлемдік діндердің арбитрі болу» мәртебесінен де маңызды. Орталық Азияда ең әуелі мәдени интеграцияны күшейту  жаһандану ғасырында  жанымызды сақтап қалуға сеп болар еді. Неге?  Жыл сайын азайып келе жатқан ұлттық тілдердің тағдырына шынайы алаңдайтын қайраткер сөйлеушісінің саны жүз милионнан әрең асатын отыз шақты түркі тілдерін оңтайланған,  ортақ бір емле,  бір қағида, бір әліпбиге көшіру жайын көп ойлар еді.  Ал қазақ тілінің өзі ресми құжат түрінде,  мемлекеттік белгі ретінде емлесі бекіп,  толық орфографиялық сөздігі шықпай тұрып жан-жақты  ғылым,  һәм ақпарат тіліне айнала алмайды.  Мемлекеттік тілді «дамытуға» бөлініп жатқан  жұқалтаң қаржының өзінен аты зор.  Әр облыста битін сығып,  қанын жалап отырған  Тіл Басқармалары Астана алақанын  ысқылап іске кіріспейінше бейқам отыра беруге бейіл.  Олардың да құзырында  ештеңе жоқ.  Сол себепті қазақ тілінің «сүйкімді бейнесін»,  ғылыми терминологиясын қалыптастыру,  Қазақстанның мәдени-ақпараттық кеңістігіндегі ролін күшейту,  дәстүрлі қоғам институттарын қолдан келгенше насихаттау стратегиялық маңызы зор міндет ретінде мемлекеттік саясатқа айналмайынша бәрі бос сөз күйінше қалады. 

Демократиялық жүйеге,  азаматтық қоғамға біржола бет бұрған ел ретінде кез-келген стратегиямызға,  мәдени-ақпараттық саясатымызға ешкімді күшпен иландыра алмаймыз.  Қолдана алатын жалғыз қаруымыз- БАҚ.  Оның ішіндегі ең қуаттысы-теледидар.  Бұл жерде біз намысты қолдан беріп отырмыз.  Телеарналардың түгелі дерлік орыстілді.  Және айналдырған екі-үш саяси топтың өзара бөліп алған саяси қолшоқпарлары.  Тәуелсіз деген тіркесі бар телеарналар,  керісінше,  құрылтайшысына ең тәуелді БАҚ ретінде танылып болды.  Бұлардың телеөнімдері қай елдің саясатын,  қай ұлттың құндылығын насихаттайтынын айтып жатудың өзі артық. 

Осы кемшілікті шама-шарқымша толтырамын деген  игі ниет 2001 жылы «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясына Есетжан Қосыбаев пен Ғалым Доскен бастап келген  шығармашылық топтың аяқ алысынан бірден байқалды.  «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Қазақ Радиосының» техникалық құрал-жабдықтары бір ауыз сөзбен айтқанда «феодализмнен капитализмге» бір-ақ секірді.  Бірақ «қазақстандық идеяның» жанкүйерлері азаттық кезеңінде тұңғыш рет эфирге шыға бастаған ұлттық тележобалардың авторларын жүнше түткісі келді.  Әртүрлі арандату әрекеттеріне барды,  лаң салды.  Келе-келе бұларға биліктің төңірегіндегі тағы бірнеше интригант топ қосылды.  Одан қалса «Абайдың сөздерін уағызға кіргізе алмаймыз.  Ол кісінің діни білімі жоқ» деген сияқты «афоризмдерді» қарша боратып,  бар білетін атеистік терминологиясын шариғатпен қабыстыра алмай масқара болып отырған «№1 мұсылманымыз», саясат пен дін мәселесіне келгенде әліпті таяқ деп түсінбейтін сауатсыз аноним жазғыштар қосылды.  Абай айтатын «дұшпандығы –кейіс емес, күндестік» мұндай пақырлардың Құдай алдынан жарылқасын! Мұхтар Мағауин ағамызша айтар болсақ: «Иманды болсын!» Бұл тақырыпқа қатысты көп айтылды,  көп жазылды.  Желдің қайдан,  қалай,  қайтіп соғатынын көзі қарақты жұрттың іші жақсы сезеді.  Қандай жала жабылса да «Құдайдан қайтсын!» дейміз.  «Жүйесіз сөз иесін табады».  Хош,  «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Қазақ Радиосы» шағаласына дейін орысша шаңқылдайтын телегей-теңіз қазақстандық ақпарат айдынындағы жалғыз қазақы арал еді.  Жақында бұл аралға да «қазақстандық идеяның» туы тігілді.  Жоғарыда айтылған ғылыми коммунизмнің маманы,  бүгінгі мәдениет және ақпарат министрі ешқандай себепсіз Ғалым Доскен мырзаның ту сыртынан шешім шығарды.  Төраға міндетін атқару (бәлкім,  әзірше қазақтілді қауымның көзін алу үшін) телекөрермендерге «Хабар» телеарнасы бойынша таныс,  бұған дейін «Қазақстан» телеарнасының ақпарат директорының орынбасары қызметін атқарып келген тележурналистке жүктелді.  Ол әріптестің «Қазақстанға» қызметке келуіне себеп болған да өзім едім...   Базбіреулердің қолында от көсейтін көсеудің қызметін адал атқарып,  күйелеш күйі,  қолданыстан шыққан қолжаулық қалпы «қазақстандық негізгі кандидатқа» орын босататынын түсінбесе,  еменді шапқан балтаның сабына ұқсап тұрғанына намыс қылмаса,  не қайыр?  Ал егер,  аяқ астынан қайрат қылып,  жаңадан қалыптаса бастаған ұлттық телеарнаның игі дәстүрін одан ары дамытып әкетсе кәні?  Дәл бүгін,  Ұлттық телеарна мен радионың бетке ұстар қызметкерлері үшін кімнің  келгені маңызды емес,  кімнің және қалай кеткені маңызды болып тұр.  Бұл азаматтар идеяға берілген ұжым екенін танытты.  Соңғы он бес жылдың ішінде бірінші мәртемұндай ірі ұйымның басқарушы құрамы мен шығармашылық тобы түгелге жуық билік орындары мәселенің мәнісін ұқтырғанша телеэфирдегі жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдады.  Түсінген жанға бұл жайт еліміздің мәдени-ақпарат саласында пісіп-жетіліп келе жатқан бұрын-соңды болмаған дағдарыстан хабар берді.  Тұрсынжан Шапай болсын,  Нұрлан Өнербай болсын,  Амантай Шәріп болсын, Қасым Аманжол болсын,  Нәзира Бердалы болсын,  Болат Мүрсәлім болсын,  Рахат Мамырбек болсын,  Талғат Қалиев болсын, Ұлттық телерадио ұжымының шығармашылық қуатын,  жаңашыл бағытын ешқандай негізсіз мансұқтаған,  мәдениетсіз түрде қорлауға тырысқан мәдениет министрінен тікелей эфирде жауап талап еткендей қай-қайсысы болсын нәпақасыз,  жұмыссыз қалудан қаймығатын жандар емес.  Өйткені,  оларда «күн сөнгенше сөнбейтін» қазақтың намысы асырайды! Намысты азаматтар,  Құдайға шүкір,  әлі де бар.  Сонымен,  ақпарат кеңістігінде кеңестік терминологиядан арыла алмаған Үкімет нұсқауларын жонып,  мемлекеттік тапсырысты жұмсартып,  сірескен ресми стилді тың ұлттық жобалары мен араластырып,  көрермендеріне «бір май,  бір ет»қылып асатып отырған жалғыз Ұлттық телеарна мен Ұлттық радио құйрық-жалы күзелген күйі 50/50принципін орындауға ұзақуақыт бойы «күш салып жатқан қазақстандық БАҚ-тың» қатарына қосылуы мүмкін.  Біз ұтлттық идеяны жаңғырту саясатынмемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың мәтініне сыналап кіргізетін жоғарғы деңгей былай тұрсын оны Ұлттық ақпарат құралы арқылы әлеуметтің алдына шығарып талқыға салатын алғашқы баспалдақтан-ақ счүрінгенге ұқсаймыз. 

«Қазақстан» телерадиокорпорациясын шын мәнінде түлеткен,  студияда кеш батырып,  түсіру алаңында таң атырып,  талмай ізденумен болған,  шығармашылық таланты төңірегін тәнті еткен Ғалым сынды азамат ағам туралы,  жылқышы,  һәм ертекші Доскен шалдың бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер қазақ туралы айтпай қалуды намыссыздық деп білемін.  Ғалым Доскеннің басқару кезеңіндегі «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясындағы барша игі өзекті екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатымда түгел тарқатып шыққам.  Доскең сияқты мемлекетшіл азаматқа қатысты қазақ мәдениетінің ту сыртында отырып өкім шығарғыш,  ұлттық мәдени кеңістікке қатысты шамалы пендеге осындай маңызды саланың тізгін-шылбырын ұстаудың не сыры бар?  Көптің көкейінде жүрген күмәнді сауал осы.  Президентімізден әділтөрелік тілеген көп сұрақтың бірі. 

2001 жылдың желтоқсаны.  Азаттықтың онжылдығы қарсаңында Президенттен сұхбат алуға дайындалып отырмыз.  Ғалым Доскен қай кездегі әдетімен ойға келмейтін тың ұсыныстар айтты.  Жарық түсірудің қатпары көп тәсілдері мен оператордың жұмысына қатысты режиссерлік шешімдері өз алдына.  «Теледидарда Президенттің сөзге құлақ қоюшы,  датқа назар салушы бейнесі жоғалып бара жатыр,  көпшілік телеарналар мемлекет басшысын сирек жымиятын,  тек ұрсып сөйлейтін,  зекіп айтатын, өз сөзінен басқа ештеңені естімейтін адам ретінде көрсетуге бейім» дейді.  Сондықтан да мен сұхбат алып отырып сұрақты ұзақтау қоятын болдым.  Тіпті әділ билеуші туралы кішігірім хикая айтып үлгердім.  Сол бір қырық үш минутқа созылған телесұхбаттағы жеті сауалдың әлқиссасы да Доскеннің ойында туған еді.  «Президент мырза,  қазақ тарихына көзсалып отырсаңыз,  Керей мен Жәнібектің заманынан бастап,  әрбір ханның өзіне тән кезеңі,  ел басқару қолтаңбасы қалыптасты.  Қасым ханның «Қасқа жолы болсын»,  Есім ханның «Ескі жолы» болсын,  әз-Тәукенің туы биік тұсы болсын,  Абылайдың аласапыран уақыты болсын,  Кенесарының зар заманы болсын,  Қонаевтың қиын өткелі болсын.  Өзіңізді бір сәт болашақтың тарихшысы ретінде сезініп,  «Назарбаев кезеңін» қалай сипаттар едіңіз?» Он жылдық мерекенің қарсаңында отырған Президенттің бұл сұраққа жауап бергісі келмеген.  Сауалды айналып өткен.  Он бес жылдық мерейтойдың алдында сол сұрақты тура мағынасында қайта қоюға мәжбүрміз:

«Алла Жар,  Президент мырза! Дәрежеңді артық еткен Тәңірге мадақ! Тағыңа байланған бағымызды төбемізге тұттық! Дат,  тақсыр! Сұрайтын сөзім бар.  Бізге мынаны ұқтырғын: қырық жыл қырғында рухымның өзегіне талшық болып,   бүгінге аман алып шыққан ұлттық намысымды,  құны – бес жарым ғасыр бойы төгілген қан мен терге тең аманатты қол-аяғым босаған заман қолдан беріп отырғаным қалай?!!! Ертең Тәңірі алдында,  Бүгін қазақ алдында қандайжауап айтпақсың?!!! «Бір шылбырды бердік Саған,  берген соң қайтып бұзылмақ жоқ».  Ендеше,  Сен де бұзылма!!! Қазаққа керегі—БІР ТӘҢІРІ, БІР ҚАҒАН, БІР ЖҮРЕК! Ол жүректің тілі—қазақ,  құбыласы- Қағба,  тегі-Көк Бөрі,  жұлдызы-Күн! Осыдан айнымасаң,  Алаш сенікі!»


PS. 

«...Бұрыңғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен...  Әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық...  сол екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ,  бізде ел қатарына кірер едік,  мінез жоқ болған соң,  үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды,  сайтандыққа тартып барады.  Жұрттықтан кетіпбара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. 

Ол екі мінезі қайсы десең—әуелі-ол заманда ел басы,  топ басы деген кісілер болады екен.  Көші  қоңды болса,  дау-жанжалды   болса,  билік соларда болады екен...  Өзге жұрт «Бас-басыңа би болсаң,  манар тауға симассың,  басалқаңызбар болса,  жанған отқа күймессің» деп,  малайтып тілеу қылып,  екі тізгін бір шылбырды бердік саған берген соң қайтып бұзылмақ түгіл,  жетпегеніңді жетілтемін деп,  жамандығын жасыртып жақсылығын асырамын деп тырысады екен.  Оны зор тұтып,  әулие тұтып,  онан соң жақсылары да көп азбайды екен.  Бәрі өз бауыры,  бәрі өз малы болған соң,  шыныменен жетесінде жоқ болмаса,  солардың қамын жемей қайтеді? 

Екіншісі намысқор келеді екен.  Ат аталып,  аруақ шақырылған жерде ағайынға,  өкпе, араздыққа қарамайды екен,  жанын салысады екен.  «Өзіне тар тұтқан,  жаттан зар тұтады» деп,...  «Ағайынның азары болса да,  безері болмайды» деп...  Кәніки енді екі мінез қайда?»

Ғалым Боқаш

«Жас қазақ» газеті, 2005 ж



Ұқсас тақырыптар