Педиатрия орталығында инновациялық сынып ашылады

5.jpg


5 маусым күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында озық қондырғылармен жабдықталған «Smart School» ақылды сыныбы ашылады. Бұл туралы Mezgil.kz порталы ғылым орталықтың баспасөз қызметін сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Инновациялық оқу бөлмесі онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған. Орталықта бүгінгі күні 100-ден астам бала ем алуда. Емделу ұзақ уақытты талап ететіндіктен, мұнда балалар жылдап жатады.  Соған қарамастан балалар өз замандастарынан қалып қоймауы үшін білім алуы қажет. Енді, инновациялық сыныпта орталықта ем алып жатқан балалар емін үзбей, білімдерін  одан әрі жетілдіре алатын болады. 

Заманауи құралдармен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және т.б. жалпы пәндермен бірге шахмат, конструктор құрау,  сурет салу сынды шығармашылық жұмыстармен де айналыса алады. Сондай-ақ, бұл сыныпта музыка мен ертегілердің көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Орталыққа келіп дәріс беретін мұғалімдер  енді,  сабақтарды тиімді және қызықты етіп онлайн режімде жүргізе алады. Сынып үлкен интерактивті тақтамен, экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. Сынып іші заман талабына сай әрленіп, безендірілген. Енді, орталықта емделуші балалар сабақтарды жаңа форматта оқитын болады.   Оқу үрдісі жаңа әзірлемелердің арқасында нәтижелі әрі қызықты бола түседі деп сенеміз. 

Озық қондырғылармен жабдықталған «Ақылды сыныпты» Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы Халықаралық Балалар күніне орай тарту етпек. Айта кетейік, қайырымдылық жоба  «Help Today» қоғамдық ұйымының жетекшілігімен іске асқалы отыр.  Дана халқымыз «Жақсылық жасасаң, балаға жаса», деген. Дәл осы қағиданы ұстанатын екібірдей компания тағдыр тәлкегімен ауыр дертке ұшыраған балаларға ұдайы көмек көрсетіп, жақсылық жасап келеді.   



Ұқсас тақырыптар