«Соқыр ұпай» бар да, «соқыр тыйын» жоқ екен

5.jpg

Ыспандияр Ақайұлы

 

«…Мейрамбекте соқыр ұпай жоқ  …

… Әзірше екі палуанда да соқыр ұпай жоқ …

… Әзірге соқыр ұпай да алған жоқ …

… Грузин палуанында соқыр ұпай жоқ…».

 

Бұлар – «Қазақстан барысының» тұрақты тележүргізушісі Есей Жеңісұлының жаңа, авторлық қолданысы. «Руслан болса әлі де соқыр ұпай жоқ, … Ал Айболда әлі соқыр ұпай жоқ» дейді Есей. Ал өзінде соқыр ұпай әлі бар, қалатын емес. Ол мұны 2014-жылдан бері айтып келеді. Әрі бұл «Дәл қазір жеңілсе, соқыр ұпай да бұйырмайды, Алматыға» [1] делініп, спроттың басқа саласына да ауыса бастады.

 

Сондай-ақ Есей айтысындағы соқырлық ұпай-мен ғана шектеліп қалмай,

«…Шашбатыр Қасбатыр біздің палуанға соқыр мүмкіндік беретін емес  …

… қарағандылық палуанға соқыр мүмкіндік берген жоқ …

… Бейбіт Жұманазарға соқыр мүмкіндік қалдырмады …

… Қазақстан 1-айналымда Поляктарға соқыр мүмкіндік берген жоқ …

… Ал Абайға соқыр мүмкіндік берілсе…»

болып, мүмкіндік-ке де жалғанып, бұл да соқырланып бітті десек болады.

 

Сірә, қазақ тыйынды пішіні бұзылып, кей жері көшіп, сыры кетіп, жазуы өшіп, көмескіленіп қалуы, оқылмайтын жағдайға жетуі және сарғайып-көгерген, шел басып бұлыңғырланған көзге ұқсастығы себепті соқыр сөзімен сыйпаттаған. Яғни соқыр тыйын деп әдетте, тозған, мұқалған, майысқан, арзан құймадан жасалуы себепті тат басып, көгеріп кеткен және ұсақ сары тыйын түрлерін айтамыз. Алайда солай екен және сөз мағынасын ауыстырып қолдануға болады екен деп бар нәрсені, әсіресе көзбен көріліп, қолмен ұсталмайтын дерексіз, тек ой жүзінде бар түсінікті де соқыр деп анықтау әрі мұндай күмәнді сөзді көптің құлағына сіңіру дұрыс болмаса керек.

 

Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды. Айталық, осы соқыр ұпай, соқыр мүмкіндік-тің тууына негіз болған соқыр тыйын-ның өзі қайда, қазақ тілінде бар ма дейтін сұраққа Махамбетше, ділде бар да, тілде жоқ деп жауап беруге болады. Олай дейтініміз – сөйлеу тілімізде, сірә, алғашқы теңге соғылған заманнан бар бұл тіркеске күні кеше ғана жарық көрген Қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінен орын тимеген сыңайлы. Сондай-ақ бұл сөздікте осы соқыр мен тыйына қатысты көршің соқыр болса бір көзіңді қысып отыр, шын жыласа соқыр көзден жас шығады, тыйынға тісін сындыру, тыйын тұру, тыйын санап отыру деген тіркестер де жоқ болып шықты.

 

Есесіне бұлардан әлдеқайда маңызсыз, тұрақты тіркеске деуге де келмейтін көк теңгедей – көк тиын болмады – көк тиын беделі болмады – соқыр тиын сұрамады – соқыр тиынға керегі жоқ (тұрмайды) және соқыр тиын бермеді деген тіркес екі рет беріліп, бұлар теңге тәрізді – мүлде ақшасы болмады – қадірі болмады – ештеңе сұрамады – түкке жарамайды және  түк бермеді деп, қыйыннан қыйыстырыла түсіндіріліп-бағыпты.

 

Ал соқыр көргенінен жазбайды дейтін өте кең қолданысты тіркеске ең болмаса бір мысал табылмапты. Сірә, осы берілгендерінің өзінде өзара мағыналас соқыр тыйын, көк тыйын-ның жоғарыда келтірілген мәні ашылған, айтылған болса, соқыр ұпай, соқыр мүмкіндік-тердің алды-алынар ма еді?! Өкінішке орай,  ондай мәлімет жоқ, берілмеген, танылмаған екен.

 

Сірә, мұнай, алмас, алтын жердің байлығы болса, сөз – елдің, тілдің байлығы. Сол тіл сөйлерменінің ой, сезім байлығы. Мұнай мен алтын жерден қазылып алынып, өңделіп, көптің қажетіне жаратылуы керек. Дәл солай, сөз де, тілдегі әрбір жаңа сөз, жасалған сөз аузыда, айтылған күйінде, жерінде, далада қалып қоймай, хатқа түсуі, тіркелуі, түсіндірілуі, сөйтіп олар да ел игілігіне айналуы керек.

http://turki.kz сайты



Ұқсас тақырыптар