Гиппократ антына берік дәрігер


Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары білікті хирург, осы емханада табаны күректей 35 жыл бойы еңбек еткен дәрігер Андрей Минасұлы Хачикянға жұрттың айтар алғысы бөлек. Ол осыған дейін 10 мыңдаған адамға ота жасап, ем іздеген халыққа қол ұшын созып келеді.


Хочикян.jpg


1958 жылы өмірге келген болашақ дәрігер Семей мемлекеттік университетін үздік бітірген соң 1983 жылы Еңбекшіқазақ ауданына жұмысқа орналасып, осы өңірге адал еңбегімен танылған дәрігерді бүгіндері халық «қолы шипалы Хачикян» деп аңыз етеді. Өйткені, оның операция үстелінен тұрған емделушінің сауықпағаны аз. Хачикян операция жасайды десе, жұрт көңілі орнына түсіп, білікті маманға тап болғанына қуанысады.

Андрей Минасұлының өзі болса бұл салада ең керегі біліктілік, одан да қажеттісі жауапкершілік екенін үнемі дәрігерлерге ескертуден танбайды.

«Гиппократ анты – барша дәрігер ұстанатын бағдаршам болуы тиіс. Антын бұзғанның жолы болғаны жоқ. Алдыңа келген науқастың тағдыры бір Жаратушының қолында десек те, оның амандығына себеп болатын дәрігер екнін ұмытпаған абзал. Мен үнемі жас дәрігерлерге жауапкершіліктен жалтармауды ескертіп отырамын. Операция үстелінде дәрігерге тағдырын тапсырып, үнсіз жатқан науқастарды ойлағанда, өзімнің адами миссиямды еске аламын. Осы елге жасаған аздаған көмегімді бұлдап көрген емеспін. Мен үшін науқастың орнынан тұрып, жанарында өмірге құштарлық оты жарқыл қаққаны бақыт», – дейді Андрй Хачикян.

Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының ұжымы А. М. Хачикянды ерекше құрмет тұтады. Оның тәлімі мен тәжірибесінің молдығын айтып, өзіне ұстаз тұтар жастар тіптен көп. Аурухананың беделін асыратын Хачикян секілді майталман дәрігерлер екенін жете түсінетін аурухана басшылығы бөлім меңгерушісінің үнемі ізденісте, жаңалыққа құмар, жастарға қамқор екеніне риза.


P80711-110211.jpg

А. М. Хачикянмен 1987 жылдан бері бірге қызмет етіп келе жатқан аға мейірбике Жанар Тілеулесқызы дәрігердің небір қиын опрацияларды сәтті жасап, жұртты өзінің біліктілігімен таңғалдырғанын айтады. Оның сөзінше, Андрей Минасұлы жастайынан-ақ хирург ретінде ерте танылған.

«Оны біз осы  ауруханадағы хирургтердің үлгі тұтар адамы деп білеміз. Ол әсіресе балаларға ота жасаудың хас шебері. Оның отасы арқылы екі аяғын тік басып, ата-анасына қуаныш сыйлаған балалар жетерлік. Аудан көлемінде оны танымайтын адам кемде-кем. Біз жұмысына адал берілген, шынайылық пен әділдікті серік еткен Андрей Минасұлының өмір жолын жастарға үлгі ете білуіміз керек», – дейді Ж. Тілеулесқызы.

Андрей Мирасұлы Хачикянның ерен еңбегі тиісті мекемелерден елеусіз қалған емес. Медицина қызметкерлеріне берілуге тиіс марапаттар мен медальдардың басым бөлігін алып үлгерген. Оның есімі бүгіндері ауданға ғана емес, облысқа, тіпті Республикаға танымал. Жары да медицина саласының үздік қызметкері, белгілі тіс дәрігері. Біз кәсібіне адал дәрігердің еңбегіне тек жеміс тілейміз. 

Т. Тұрсын.



Ұқсас тақырыптар