Неліктен алаяқтарға көп адамдар алданады? − зерттеу

3.jpg

Скриппс колледжінің психология профессоры Стейси Вуд алаяқтардың қолданатын әдіс-тәсілдерін зерттеп, неліктен олардың әрекеттерінен көптеген адамдардың өз ақшаларынан айырылып қалатынын анықтап көрді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Сізде пошта бар болса, күнделікті оған өзіңіз қаламайтын жағымсыз хаттар келіп жатады. Егер сіз электронды поштада тіркелген болсаңыз, спам да ағылып келе береді. Егер телефоныңыз болса, robocalls, яғни, түрлі роботтар мен басқа да жарнамалық мәндегі қоңыраулар келіп жататыны анық.

Өзіміз қаламайтын хаттар мен хабарламалар барлығымызға күнделікті келіп тұрады. Көпшілігіміз оларға мән бере бермейміз немесе бірден өшіріп тастаймыз. Көңілімізден шықпайтын хаттарды бірден лақтырамыз. Біз саналы түрде бұлардың барлығы бұқаралық алаяқтықтың бір түрі екенін білеміз. Дегенмен, басқалары оны білмейді немесе олардың жолы болмауы мүмкін.

Жыл сайын алаяқтық әрекеттерден жеке тұлғалар, мекемелер мен үкіметтер триллиондаған доллар қаржы жоғалтып, шығынға батады. Алаяқтардың қолына түскендері кейін депрессияға ұшырап, денсаулығы нашарлайды. Негізінен, бүгінгі таңда кез келген жастағы адамға қатысы жоқ әрі барлығына таныс қылмыстың алақтықтан басқа түрі жоқ деуге толық негіз бар. Алаяқтық, тіпті, географиялық орнымызға, шыққан тегімізге де қарамайды.

Адамдар неліктен алаяқтардың құрбанына айналады? Мен психология профессоры ретінде қасымдағы әріптестеріммен бірге осы сұраққа жауап беруге тырысып көремін. Біздің кейбір байламдарымыз басқа да зерттеу қорытындыларына сай келеді. Бірақ алаяқтық туралы ортақ болжам жоқ, тіпті, кейбір ғалымдардың пікірлері бір-біріне мүлдем қарама-қайшы келетіні тағы бар.

Алаяқтық күннен күнге көбейіп барады

Соңғы жылдары түрлі лоторея секілді бұқаралық алаяқтық түрлері кең тарап кетті. Better Business бюросының хабарлауынша, соңғы үш жылда лотореяларға байланысты алаяқтыққа қатысты 500 мыңнан астам шағым түсіп, 350 миллион доллардан астам шығын келтірілген.

Бұрындары мұндай алаяқтыққа жергілікті ойыншылар баратын. Кейде тұрғын үйге байланысты жалған мүмкіндіктерді түсіндіретін инвестициялық семинарлар да ұйымдастырылып тұратын.

Бұл алаяқтық түрі бұрыннан келе жатқаны жасырын емес. Бірақ бүгінгі таңда көпшілік алаяқтар трансұлттық командалар құрып, Ямайка, Коста-Рика, Канада мен Нигерияда шоғырланып жатыр.

Соңғы жылдары алаяқтық күнделікті жасалатын жаһандық қылмысқа айналып үлгерді. Технологиялардың дамуы да алаяқтықтың мүмкіндіктерін арттырып, миллиондаған тұтынушы туралы мәліметтерге қол жеткізіп, алақтардың жұмысын жеңілдетті. Ал алаяқтарды ұстап алу, олардың соңына түсу керісінше қиындап барады. Мысалы, robocall (роботтың қоңырауы) сіздің телефоныңызға сіз тұратын қаладан хабарласып тұрғандай нөмірмен шығып тұруы мүмкін, бірақ шын мәнінде ол Үндістаннан шалынып жатқан қоңырау болып шығуы ғажап емес.

Алаяқтар адамдарды неге алдайды?

Адамдардың бұқаралық нарықтағы алаяқтыққа деген тұтынушылық зеректігін түсіну үшін біз осындай нарықтағы алаяқтық туралы келіп түскен 25 арызды қарап шықтық. Бұл мәліметтерді бізге Los Angeles Postal Inspector кеңсесі ұсынды.

Мысалы, арыздардың көпшілігі танымал брендтерге қатысты болды. Көбінде алаяқтар Marriott немесе Costco секілді брендтер өзінің беделін арттыру үшін, халықпен байланысты нығайту үшін белгілі бір шаралар ұйымдастырып жатқаны туралы хабарламалар таратқан. Алаяқтар негізінен халықты сендіруге тырысады. Мысалы, олар заңды бизнес ретінде кейіп танытып, жергілікті жердегі кодтарды пайдаланып, халықпен жақынырақ таныса түсуге тырысады немесе мотивациясын арттыру үшін уақытша өтініштер айтып, қызықтыра түседі. Біз қарастырған арыздардың ішінде кейбір алаяқтардан келген хаттар тіпті көздің жауын алады. Онда бұрынғы «жеңімпаздардың» суреттері, ақшалары мен алған сыйлықтары да кездеседі. Кейбір хаттар іскери сипатта жазылған және заңды мәтінге ұқсайды. Бұл халықты сендіру үшін легитимділік аурасын тудырады.

Осындай хаттарды қарастырып болған соң біз бір беттік хаттың прототипін жасап шығардық. Онда адресаттың жеңіске жеткені туралы хабарлап, жүлдесін алу үшін байланысқа шығуға мүмкіндік беретін активация кодын жібердік. Өзіміз ойдан шығарып, осындай төрт түрлі нұсқада хаттар әзірледік. Оның ішінде сенімдірек болу үшін «Сіздің мәліметтеріңізді Target-тен алдық» немесе «30 маусымда қабылданған Заңның белгілі бір бабына сәйкес» деген секілді өтірік мәліметтерді де қамтып өттік. Бұл тұтынушының сеніміне қай мәліметтердің көбірек әсер ететінін білу үшін де қажет болды.

Зерттеуді шын өмірде болған сценарилер бойынша қайталап жүргізіп отырғанымыз рас. Қатысушылар да эксперименттерге қатысып жатқандарын білді. Сондай-ақ біз математикалық есептеулер, жалғыздық немесе табыстың аздығы деген секілді факторлардың қайсысы өтімдірек екенін білуге тырыстық.

Бірінші экспериментте біз 211 қатысушының хатта көрсетілген активация номеріне хабарласуға дайындықтарын анықтадық. Одан кейін хатқа жауап беру немесе оның қаупін он балдық шкаламен бағалауды сұрадық. Бұл қатысушылардың есепке жүйріктігін, әлеуметтік оқшаулығын демография мен қаржылық жағдайын анықтап алу үшін қажет болды.

Біздің байқағанымыздай, экспериментке қатысқан адамдардың 48%-ы хаттағы нөмірге байланысуға дайын екендіктерін, тіпті, хаттың қандай екеніне мән бермейтіндерін де айтқан. Бұлай деп жауап бергендердің көпшілігінің білімі төмен немесе жасы кіші болып шықты. Сонымен қатар бұлар өздеріне келген хаттан алданып қалу қаупін төмен, ал жоғары табыс табу көзін жоғары бағалаған.

Екінші экспериментке 291 адам қатысты. Бұл зерттеуде біз біріншідегі хатты қолдандық, бірақ оның жартысына активация жасау үшін ақы төлеу керек екенін енгіздік. Яғни, кейбір қатысушылар өздерінің жүлделерін алуы үшін 5 доллар көлемінде жарна енгізу керектігі туралы алдын ала ақпараттандырылды. Ал кейбіріне біз бұл мөлшерді 100 доллар көлемінде болады деп көрсеттік. Қалғандарына алдыңғы эксперименттегі мәліметтер еш өзгертусіз берілді. Бірақ мазмұны әртүрлі болғанына қарамастан, хат дизайны бірдей болды. Сонымен қатар хатқа қатысушылардың қаржылық жағдайы туралы бірнеше қосымша сұрақ та енгізілді.

Біз 100 доллар төлеп, жүлдені алу үшін көрсетілген нөмірге байланысқа шығуға дайын адамдар алаяқтардың құрығына тез түсетін топқа жатады деп болжадық.

Нәтижесінде жүлде алу үшін ақы төлеу қажеттілігіне қарамастан, қатысушылардың 25%-ы көрсетілген нөмірге хабарласуға дайын екендіктерін танытты. Тіпті, кейбірі бұл үшін 100 доллар кететінін де еш қиынсынбады.

Бірінші эксперименттегідей, мұнда да алдану қаупін төмен, табыс табу мүмкіндігін жоғары бағалағандар көбірек болды. Негізінен, біз осы зерттеу арқылы үлкен жастағы адамдар немесе сол секілді басқа да топты анықтаймыз деп ойладық. Дегенмен, екі зерттеуде де қызығушылық танытқан қатысушылар жоғары табыс табу мүмкіндігін ғана көріп, алданып қалу қаупін сезбей де қалды. Тіпті, олардың жасына, жынысына немесе басқа да демографиялық көрсеткіштеріне байланысты айырмашылығы да білінбей қалды.

Жалпы қатысушылардың 60%-ы хаттарды алаяқтық болуы мүмкін деген ойын айтқанымен, олар да бұл хаттар арқылы табыс табу көзін көретіндерін байқатты. Бұл алдын ала ақы алатын алаяқтықты ресми емес лотореяға теңеуге болады. Себебі өзіңнен кететін шығын аз, ал көп пайда табу мүмкіндігі жоғары. Ал алданып қалу немесе мүлдем түксіз қалу қаупі тіптен көп. Тұтынушылар алдын ала сезіктенгенімен, жеңіске жету мүмкіндігінің өте аз болатынына терең бойлай бермейді. Ал кейбірі тіпті тәуекелге баруға дайын.

Өкінішке қарай, тұтынушылар барлығы өздерінің қолында екенін бағаламады. Яғни, алаяқтықтан қорғануға болатынын білмеді. Телефон арқылы байланысқа шығу немесе хабарламаға жауап беру арқылы көбі алаяқтарға сеніп отырғандарын байқатып, нәтижесінде алданып қалып жатады.

Алаяқтықпен не істеу керек?

Қажетсіз хаттар, поштаға келетін спам мен robocalls көпшілігіміздің ашуымызға келеді. Ал кейбірі үшін бұл келеңсіздікке, тіпті, тұзаққа айналуы мүмкін.

Алаяқтықтан өзімізді қорғау үшін ресурстарды пайдаланғанда абай болу керек. Сонымен қатар телефон қоңырауын тексеріп, ұрлықтың алдын алуға арналған қосымшалар мен қызметтерді де пайдалануға болады. Кейбір телефон компаниялар да көмекке келе алады.

Сондай-ақ кез келген хабарламаға күдікпен қарап, күмән тудыратын материалдарға жауап бермес бұрын жақсылап ойланған жөн. Ал бірден жауап беретін халық алаяқтар алдында әлсіз екендіктерін танытып қояды да, құрбан болып жатады.

Сонымен қатар тағы бір айтарымыз – тұтынушылар кез келген жағдайда алдану қаупін жоғары бағалап, оңай жолмен табыс табу мүмкіндіктерінің аз екенін есте ұстағандары жөн.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай Қуанышбек



Ұқсас тақырыптар