Шіренген шенеуніктер қарапайым халықтан неге алшақ жүреді?

6.jpg

Елімізде шіренген шенділер қатары сейілетін емес. Ашық  қоғам, демократиялық мемлекет орнады десек те, халықтан алшақ жүретін шенеуніктер қатары жетерлік. Сарапшылар бұл көріністі  тәрбиесіздік, көргенсіздік және ақылы шолақтықтың белгісі деседі. Халық та, осы пікірді ұстанады. Шылқып өмір сүретін шенеуніктер шын мәнінде сондай ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Осы тұста халықтың пікірі мынадай: 

 «Өздерін өйткені биік жоғары ұстайды олар халықтан, халықты менсінбейді, өздерін тым жоғары ұстап, өздерін тым биік дәрежеде санайды».

«Әуел баста ол депутат болам дегенде,  бізге үйіп төгеді. Ой ағатай, мен сендерге мына жерде масқара істеп, орнатып берем деп. Содан кейін ұмытып кетеді. Өйткені қандай адам болсын, кішкене жоғарылаған сайын, мінез-құлқы өзгереді ғой деймін. Өйткені ол біттей болса да, менен артық көреді өзін жай қарапайым адамнан. Сондықтан ол бұл жерде бізбен жүргісі де келмейді». 

«Қазақстандағы менталитет.  Кішкене батыстау болу керек. Өйткені, Хорватияның президентін көрдіңіз, ол мысалы вип орынға отырмай халықпен бірге Хорватияның футболистеріне поддержка жасап бірге болды».

«Халық не, шенеунік не  бәрі де адам болған соң, менің ойымша, халықтан асып ешқайда олар кете алмайды».

«Чем меньше мы их видим, тем лучше нам».

Еліміздің шенділері туралы халықтың пікірі осы. Айтуларынша, бізде билік біткенге қолы жеткендер  күрт өзгеріп шыға келеді. Оларды ортақ саябақ тұрмақ, аты дардай сауда ойын-сауық орталықтарынан да кезіктіре алмайсыз. Өйткені, онда қара халық жүреді. Отандық шенеуніктер үшін бұл  ұят тәрізді.

«Өзінің байлығын паш етіп, соны көрсетіп жүру  қазіргі мынау өркениетті елдерде бұл  тәрбиесіздіктің, көргенсіздіктің немесе ақылы шолақтықтың көрсеткіші. Дәл солай байлығын паш етіп, өте қымбат киім, қымбат мәшинемен, қымбат сағат тағып жүретін адамдарға бейшара ретінде қарайды» - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, бізде бір жағы «бастық» шалқымағанда кім шалқиды» деген қасаң қағида қалыптасып кеткен. Алайда, бұл  қате пікір. Қоғам  талапшыл болу керектігін айтып, батыстағы жағдайды үлгі етеді.

«Нью-Йорктың мэрі Блумберг деген кезінде қаншама шенді, қаншама бай болса да, жұмысқа кәдімгі метромен, қатардағы азаматтар сияқты барып тұратын. Немесе айталық Лондонның мэрі Борис Джонсон деген жұмысқа велосипедпен барып тұратын. Жалғыз өзі рюкзагын тағып алып» - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. 

Дегенмен, шенділер арасында жұмысқа қоғамдық көлікпен бару әдеті бізде де бар. Өкініштісі сол, әзірге бұл бастамалар тек «пиар» күйінде қалып отыр.

«Позади у меня дом. Здесь живет Ангела Меркель. Канцлер Германии. Обычный, пятиэтажный домик». 

15 жылдан бері әлемдегі ең ірі экономикаға лайықты елдің бірі  Германия канцлері  Ангела Меркелдің үйі бұл. Қатардағы көпқабатты пәтерде тұрады. Қала сыртындағы баспанасы да жұпыны. Өйткені, мұнда шынайы, мықты, азаматтық қоғам қалыптасқан. Зәулім үйде тұру – мұнда дарақылықтың белгісі.

«Егер өсем деген шенеунік болса, әрине ол бірінші халықтың жағдайын қарастыратын жағдайлары болады. Бірақ біз тағы бір затты ұмытып кетпеуіміз керек. Біз шенеунікпен бірге басқарушылықты оның ішінде, мүмкіндікті, оның ішінде орынды, беделді, халықтың жағдайын беретініміз тағы бар ғой. Сондықтан бір жағынан, ол адамның өзін жоғары ұстауға тағы итермелейді» - дейді психолог Айгүл Молдыбекова.

Психологтың бұл сөзі  дәл біздің қоғам турасында айтылған. Сондықтан, өздерін тәкәппар ұстайтын шенеуніктер жетіп артылады. 

Бүгінде, ел ішінде айлығы шайлығына жетпей жүргендер баршылық. Шенеуніктер болса бір миллион теңге көлемінде жалақы алады. Арасы жер мен көктей. Сондықтан да шікірейеді.


Ұқсас тақырыптар