Қайын жұртымның құлына айналдым

3.jpg

«Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық порталын үзбей оқимын. Әсіресе, «Отбасы – ошақ қасы» айдарының тұрақты оқырманына айналдым. Осы айдарға жазған әңгімелерді оқып, менің тағдырыма ұқсас адамдар бар екен ғой деп өзімді жұбатып қоямын. Жуырда ғана жарық көрген Тараз қаласының тұрғыны Батыр есімді кісінің «Қайын жұртымнан құтыла алмай жүрмін» деген әнгімесін оқып, еріксіз қолыма қалам алдым. Себебі, Батырдың да тағдыры менің өміріме қатты ұқсайды екен. Тек, бір айырмашылығы ол кісі ер азамат, ал мен әйел затымын. 

Мен осыдан он жыл бұрын Жетісай ауданына келін болып түстім. Жолдасым үйдің үлкені. Үйдің үлкен келіні болғандықтан, жиындардың бәрінде мен екі білекті сыбанып жүремін. Себебі, Жетісай ауданының тұрғындары өте қонақжай адамдар болып келеді. Келін болып түскен кезде біз ауылда тұрдық. Үйге келген келім-кетім кісілерді көріп алғашында шошығаным рас. Кейін келе оған да етің үйреніп кетеді екен. Біздің үйдің дастарханы жиналмайтын. Таңертеңнен, қара кешке дейін үйге келген қонақтарға шәй әзірлеуден қолым тимейтін.

Өзімнің ата-анамның үйіне барғанда үйге келген қонақтардың санын айтқанда шешем байғұс шалқасынан түскен еді. Құран, жиын, тойға бес жүз адамнан артық болмаса кем жиналмайды. Ол адамдардың бәрінің көңілінен шығып күтіп алу менің міндетім. 

Қара шаңырақта тұрып жүрген кезде ата-енеме «менің туыстарым үйге қонаққа келмекші еді» деп айттып қалсам бітті, басым айықпас дауға қалатын. Енем «сенің туыстарыңнан-ақ құтыла алмайтын болдық қой. Әйтеуір, екі желеу, бір сылтаумен қонаққа келгісі келіп тұратыны несі» деп ұрсып беретін. Амалым құрып ата-анама «үйге кейін өзім шақырамын» деп құтылатынмын. Әке-шемеме бәрін ашып айтпасамда, олар менің жағдайымды түсінетін. Ол ауылдың тұрғындары өзбекке жақын еді. Үйде ала көйлек пен ала дамбалды киіп, басымызға қызыл орамал салып жүреміз. Үйге келген адамға басымыз жерге тигенше иіліп сәлем саламыз. Шәй құйюдың да өзіне тән ерекшелігі бар. Біз оны да сақтайтынбыз. Айта берсеңіз ауылдың тірлігі бітпейді.

Содан не керек екінші қызымды босанғанан кейін, жолдасымның жұмысы Шымкент қаласына ауысты. Оны естіп менің қуанғанымды көрсеңіз. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Еншімізді алып, жеке отау тігіп ел қатарлы өмір сүретін болдым деп армандаған едім. Бірақ, менің ол арманымның бәрі де көкке ұшты. Себебі, баяғы жартас, сол жартас болып қала берді.

Шынымды айтсам, тұрмысқа шыққаныма бақандай он жыл болса да, өзімнің отбасыммен бір күн шүйіркелесіп отырмаппыз. Үйге қонаққа келген кісілер, тамағын ішіп болған соң үйлеріне кетіп қалмайтын. Біздің үйде он күндеп, кейде айлап та жататын кездері болады. Ауылдағы туыстарымыздың қалаға оқуға келген ұлдары мен қыздары да біздің үйде жатып оқитын. Олар да менің балам секілді. Студенттердің де тамағы, кірі менің мойнымда болатын. 

Бір күні шыдай аламай жолдасыма «Марат осы біз қашан ел қатарлы өзімізбен өзіміз өмір сүреміз» деп айтқаным сол еді, жолдасым айқайға басты. Екеуміз болмашы нәрсеге ұрысып қалдық. 

Біз ол жерде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Пәтерде тұрғаннан кейін берекең де болмайды екен. Ай сайын пәтер ақысы келеді де тұрады. Ауылдан келген қонақтарымыз ауылдың сәлем-сауқатын алып келсе ғой шіркін. Ең болмаса балаларыма бір тәтті де алып келмейтін.

Еншімізді алғанымды қайтейін ата-анам мен туыстарым менің үйіме ат басын да бұрмайтын болды. Үйіме келген қайынжұртымнан қолым тимейтін. Олар өздері келіп, шақырусыз келген қонақтай күйге түсіп, көп отырмай кетіп қалатын. Ақыры соңында, мүлдем келмейтін де болды. 

Мараттың мінезі анасына қатты ұқсайтын. Артық сөз айтсам болды, сөйлеп шыға келеді. Ал, айтқанына көнбей бетбақтық танытсам таяқтың астында қалатынмын. Сөйтіп қайынжұртымның жағдайын жасап жүріп, төрт баланың анасы болдым. Өзімнің балаларыммен арпалысып жүріп, қайынжұртымды да ренжітпеуге тырысатынмын. Оларды ренжітсем бітті, үйде соғыс болатын. Менің жолдасым да беймаз адам. Туыстарының асты-үстіне түсіп отырады. 

Керек десеңіз, ауылдан алты жасар бала келсе де, оны үлкен адамды күткендей бар жағдайын жасап күтіп, қыдыртып ауылға қайтаратынбыз. Қайынжұртымның жағдайын жасаймын деп, кейде балаларыма қарауға да уақытым болмай қалатын. Бір күні қолым тимей үйдің тірлігімен жүгіріп жүріп, кішкентай ұлым құлап үстін былғап қойыпты. Жұмыстан келген жолдасым баласының кір-қожалақ түрін көріп, қонақтардың көзінше мені сабап алғаны бар еді. 

Олар үшін әйелін қонақтардың алдында ұрып-соғып алған еркек, нағыз азамат болып есептеледі. Кейде, бәрін тастап, балаларымды жетектеп кетіп қалғым келеді. Солай жасамақ болып та оқталдым. Бірақ, қайда барамын?! Ата-анам болса аурушаң адамдар. Үйдегі жеңгем де мазасыз жан. Қонақ келгенді жақтырмайды. Ал, басқа бауырларым да, өздерінің күнін зорға көріп келеді. 

Мектепті бітіріп, мұғалімдік оқуға түскен едім. Үшінші курста Маратқа тұрмысқа шығып, ата-енем «саған оқу не теңім» деп жібермей қойған болатын. Сөйтіп, оқуымды да аяқтай алмадым. Балаларым болса жас. Оларды қалай асыраймын. Ең болмаса жұмыс та жасап көрген емеспін. 

Менің ата-анам өте жуас адамдар. Қайынжұртым да осыны біліп, мені басынатын секілді. Жағдайымыз да, асып-тасып тұрған жоқ. Өздерінің күнін зорға көріп жүрген жандардың бірі. Олардан қайран жоғын білгендіктен, қайынжұртымның көрсеткен азабына төзіп келемін.

Сөйтіп жүргенде, жолдасымның жұмысы Астанаға ауысты. Бірінші өзі барып пәтер жалдап, бізді келіп алып кетті. Топырлап келіп жатып алатын қайынжұртымнан құтылатын болдым деп тағы да қуандым. Бірақ, бұл қуанышым да ұзаққа созылмады. 

Астанадан үш бөлмелі пәтер жалдапты. Оған төлейтін пәтерақының өзі де аз емес. Артымыздан көп кешікпей ата-енем де келді. қыс бойы бізбен бірге тұрды. Өздерінің келгенімен қоймай, ауылдас көршілеріне дейін шақырып, қона жататын болды. Одан қала берді Астанада тұратын туыстарын шақырып, «мына байғұстар жер үйде тұрады екен. Өздері құрылыста жұмыс жасайды. Әмина сен қайныларыңның кірін жуып, үтіктеп бер» дейтінді шығарды. Жолдан қосылған қайныларым да, апта сайын сөмке-сөмке кірлерін алып келіп, тастайды да кетеді.

Жалдаған пәтеріміздің үш бөлмесінде де қайынжұртым тоқырлап жатады. Жалғыз Мараттың тапқан ақшасы артылатын емес. Айлап-жылдап жататын қайынжұртым ең болмаса пәтерақы я болмаса, азық-түлік алуға деп те ақша бермейді. Атам мен енем туыстарына «балам мен келінім өздері пәтер жалдап тұрады. Біреуге төлеген ақыларыңды, осыларға беріңдер. Бұлар да тырмысып үй алсын» деп ауыз ашпайды ғой. Сонда, біздің үй алғанымызға қарсы ма? Ата-енемнің бұл ісін түсінбедім.

Шынымды айтсам, жолдасым менің қолыма бір тиын да ұстатпайды. Үйге керектің бәрін өзі алып келеді. Балаларымызға қажетті заттарды ғана бірге барып аламыз. Әйел болып дүкен аралап, өзіме бір зат та алып көрмеппін. Тұрмысқа шыққан кезде анам артымнан алып келген киімдерді киіп келемін. Жолдасым туыстарының қамын жасап зыр жүгіріп жүр. Ал, біздің ішерге тамағымыз болмай, киерге киім таппай қанжылайтын кезімізде болады.

Кейде, өзімнің ынжықтығыма ызаланамын. Қайынжұртымның құлына айналып бара жатқандай сезінемін. Бәрін тастап, басым ауған жаққа кетіп қалғым келеді. Күндіз күнімен қайныжұртымның жағдайын жасап, таң атқанша жолдасымның, балаларымның киімін жуып, оларды үтіктеп қоямын. 

Мен де Батыр секілді қайынжұртымнан шаршап жүрген жанның бірімін. Отбасымды да сақтап қалғым келеді. Балаларымды әкесіз өсіргім де келмейді. Осыны ойлап шарадай басым, шақшадай болды. не істерімді білмей кеттім. Балаларым болса өсіп келеді. Олардың да көздері жәутеңдеп бізге қарайды. Ата-анам ұрыспаса екен, әкем шешемді ұрмаса екен деп қарайды. 

Жолдасымның жұдырығын көріп өскен балаларым әкелерін жеккөріп кетеме деп те қорқамын. Менің басымдағы мұңымды оқып отырған оқырман, мен сіздердің ақылдарыңызға мұқтажбын. Маған дұрыс жол сілтеуге көмек берулеріңізді өтінемін.

Автор: Әмина, Жетісай ауданы




Ұқсас тақырыптар