«7-20-25»: Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар қатары күн санап артып келеді

4.jpg

«7-20-25»: Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар қатары күн санап артып келеді

Ақтөбеде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 60-тан астам өтініш мақұлданды. Банктерге кеңес алуға барған адамдар саны күн санап артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша кеңес алушылар көп. Қазір Ақтөбе облысы бойынша екі банк жүйелі жұмыс істеп, алдына келген клиенттердің өтінішін тексеріп жатыр.

«Ақтөбе облысы бойынша 64 өтініш мақұлданып, құжат рәсімделді. Тағы ондаған өтініш түсіп, құжаттары тексеріліп жатыр. Өңір Қазақстан бойынша Алматы, Астана, Ақтау қалаларынан кейінгі төртінші орында келе жатыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өзгеріп, адамдардың пәтер алуына барлық жағдай жасалады»,- деді ҚР Ұлттық банкінің Ақтөбе облыстық филиал директорының орынбасары Данат Сейілов.

Қазіргі күні пәтер алуға өтініш берген ақтөбеліктердің бір табысы несие алуға жетпей, отбасындағы екінші адамның еңбекақысы есептеліп жатыр. Шамамен өтініш бергендердің 80 пайызы екі адамның еңбекақы туралы анықтамасын ұсынды. Әрі кепіл болатын адамдарды да несие алу кезінде қосуға болады.

«Банк 60-қа жуық өтінішті мақұлдап, несие берді. Қазір тағы 20 өтініш қаралып жатыр. Ақтөбеліктер пәтердің көбін жаңа салынып жатқан Батыс-2 ықшам ауданынан таңдады. Бұрын несие алып, оны уақытылы өтемеген адамдардың өтініші мұқият қаралады. Бір ай төлемесе, себебін біліп, анықтама сұралады. Ал егер келісімшартты бұзып, жылдар бойы мақсатты түрде өтемесе, бірден құжаттарын кері қайтарамыз»,- деді «Банк Центр Кредит» АҚ филиал директоры Әсел Шүнкеева.



Ұқсас тақырыптар