Конституцияда өз міндетін атқара алмай отырған нормалар бар – Әйгерім Жарболова

2.jpg

Биыл еліміздің Ата заңының қабылданғанына 23 жыл толып отыр. Осы аралықта Конституциямыз уақыт сынынан қалай өтті? Жұмыс істемей жатқан тұстары бар ма? Құқықтық мемлекет құру үшін не істеу керек? Осы және тағы басқа сұрақтар төңірегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Заң факультетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Әйгерім Жарболовамен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.


- Әйгерім Жақсылыққы, біз Ата заң жайлы сөз қозғағанда көбінде 1995 жылы қабылданған Конституция туралы айтамыз. Дегенімен 1993 жылы бізде Конституция болды ғой, осы екеуінің айырмашылығы қандай?

- Иә, Тәуелсіз Қазақстанның екі Конституциясы болды. 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғары Кеңеспен қабылданды, одан кейін 1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдумда тікелей Қазақстан халқымен Ата заңымыз қабылданды.

1993 жылғы Конституцияның орны бөлек, ол Жоғарғы Кеңеспен қабылданған еді. Ол Қазақстанды Тәуелсіз ел ретінде дүниежүзіне жариялаған бірінші құжат болды. Онда бірінші рет президент мәртебесі Конституциялық деңгейде бекітілді. Президент ол құжатта мемлекеттің үш атқару билік тармағының басшысы ретінде бекітілген болатын. Сонымен қатар, онда тәуелсіз мемлекеттің тетіктері, саяси экономикалық жүйесінің негіздері анықталды.

Қазіргі Конституция одан өзгешелеу. Бұл қоғамдық даму кезеңіне сәйкес біршама орнығып, жетілдірілген Конститутция болып есептеледі. Жаңа айтып өткенімдей бүкіл халықтық референдумда Қазақстан Республикасының халқы дауыс беру арқылы қабылдады. Бұл құжат әртүрлі саяси күштермен қатар, қоғамды біртұтас біріктірген маңызды саяси құжат болып табылады. Ол елімізді демократиялық, зайырлы құқықтық, әлеуметтік негіз ретінде орнықтырды.

Сондай-ақ адамның Конституиялық құқықтық жүйеде алатын орнын нақтылап берді. Яғни мемлекеттің қымбат қазынасы ретінде адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары бекітілген еді. Сонымен қатар онда, жалпы өркениеттің даму заңдылықтарын басшылыққа ала отырып көпұлтты құрамды мемлекеттің негізгі даму жолдары бекітілді. Мемлекет басқару құрылымының саны анықталды. Соны анықтай отырып мемлекеттік тетіктің, саяси-экономикалық және әлеуметтік жүйені ұйымдастыру, қызмет етуінің негізін қалайтын принциптер бекітілді. Адам мен азаматтың Конституциялық құқықтық мәртебесі айқындалды. Қазақстан қызметінің түбегейлі принципі ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көбейтетін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм қағидалары, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде референдумда мемлекет пен парламент дауыс беру арқылы шешу қағидалары бірінші рет Конституциялық деңгейде анықталды. Мұны адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қамтамасыз етудің ең жоғарғы құқықтық негізі деп айтуға болады.

Тағы бір айтатын маңызды мәселе бұл құжатта заң шығару органдары алғаш рет екі палаталы орган ретінде бекітілді. Бұған дейін бізде екі палаталы заң шығарушы орган болған емес. Бұрын ол федеративті мемлекеттерге тән деп есептелінген. Ол мемлекеттің негізгі заңы ретінде бүкіл құқықтық жүйенің іргетасы. Ел дамуының қайнар көзі болып отыр деп айтуға болады. Конституцияның негізінде біздің бүкіл құқықтық жүйе дамып, ары қарай негіз алды. Демек Конситуция зор әлеуетке ие, ол мемлкеттік тетіктің қоғамның барлық саллаларының қызметін реттеуге бағытталған, жалпы тұтастай құқықтық жүйенің қалыптасуының берік және тұрақты іргетасы деп айтуға болады. Конституция қабылданғалы бері 23 жыл өтті, осы уақыт аралығында біздің Ата заң уақыт сынынан сүрінбей өтті деуге болады. Заман талабына лайықты екендігін, өміршеңдігін дәлелдеді.

Осылайша ол мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің қарқынды дамуын, мемлекеттің саяси және қоғамдық құрылысының тұрақты орнығуының басты құқықтық кепілдігіне айналды. Сапалық жағынан жаңа құықтық кеңістікті құра білді. Еліміздің саяси өмірінің дамуы, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда дамуы осы Конституцияның негізінде жүзеге асты. Сондықтан да оны мемлекеттің саяси әлеуметтік, экономикалық тұрғыда дамуының құқықтық базасы болды деп айтуға болады.

- Елімізде жыл сайын Конституция күнін тойлауға демалыс берілетіні белгілі. Дегенімен, Конституция күні өз деңгейінде атап өтіліп жатыр деп ойлайсыз ба?

- Расыменде, бізде атаулы күндер тек демалыспен шектеліп қалатыны бар. Әрине, Конституция мемлекеттігіміздің іргетасы, адамдардың, жалпы қоғамның орнын анықтап берген құжат. Құқытық даму бағытын ұстанған елде қоғамның әрбір мүшесі Конституцияның маңызын, еліміздің дамуындағы оның орнын білу керек. Тек Ата заң қабылданған күн деп қана қарамай, оның мәнін, мағынасын ұғына білу керек. Ол үшін демалыс берумен шектелуге болмайды. Әдетте Конституция күніне қарай әртүрлі ғылыми-конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Дегенімен, мемлекеттік деңгейдегі қоғамдық шараларды көптеп өткізу керек деп ойлаймын. Бізде құқықтық мемлеккет қалыптасу үшін адамның санасын дамыту керек. Ол үшін Конституцияның мән, мағынасын түсіндіріп беретін шаралар керек және оған қарапайым халықты көптеп қатыстыру қажет. Сол арқылы олардың пікірін біліп, олардың Конституцияны қаншалықты деңгейде білетінінін анықтауға болады. Сонымен қатар, ғалымдардың, қоғамдық қайраткерлердің және Конституциялық кеңес мүшелерінің қатысуымен жергілікті телеарналарда Ата заңның жетілдіруі жөнінде талқылаулар жасау керек сияқты. Ол жерде Ата заңда қайшылықтар бар ма, қандай актілер жиі бұзылып жатқанын талқылап, оның себеп-салдарын сөз етсе құба-құп болар еді. Жұмыс істемей жатқан жерлері болса оны қалай іске асыруға болатынын айтып, пікірлессе деген ойым бар. Одан кейін Ата заң күніне қарай депутаттар, Конституциялық кеңестің мүшелері халық арасына жиі шығып жақындаса, олармен пікірлесіп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлсе. Депутат–халықтың өкілі. Оны халық тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Сондықтан олар халықтың ерік-мүддесін білуі тиісті және соны заң қабылдағанда ескеруі керек. Егер олар халыққа жақын болмаса, халықтың мүддесін қайдан біледі? Осындай атаулы күнді пайдаланып халықпен кездесулер жасап, сол жерде Ата заңның маңызын, жаңалықтарын айтса әрі елдің қажеттіліктірен танып білер еді. Яғни болашақта Конституциямыздың әрекет етуі үшін ол да керек. Конституцияда мемлекеттің бірден бір бастауы халық деп жазылған. Ол билікті тікелей өкілдері арқылы іске асырады дейді. Осыны құжат күйінде қалдырмай іс жүзінде де негіздеген дұрыс. Оның үстіне біз демократиялы елміз, сондықтан демократияны ары қарай биіктете түсетін алғышарттар керек. Демократияны құқытық негізде бекітіп қана қоймай, оны өмірде де жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет.

- Заң шығару бір бөлек те, оны орындау бір бөлек екені белгілі. Толыққанды жұмыс істемей отырған нормалар жайында не айтар едіңіз?

- Әрине, Конституцияда толық өзінің міндетін атқара алмай отырған нормалар бар. Соның бірі тіл туралы заң. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің құқықтық мәртебесі Ата заңда белгіленген, дегенімен ол өмірде дұрыс жүзеге асырылып жатқан жоқ. Қазақ тілі көп салада аударма тіл ретінде қалып отыр. Құжаттардың барлығы орыс тілінде қабылданады да қазақ тіліне аударылады. Тіптен заңның өзі орыс тілінде жасалады. Бұл жерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай қызмет атқарып отырған жоқ. Аударманың өзі немқұрайлы жасалады, сайып келгенде халық оны дұрыс түсінбей дал болады. Мысалы, азаматтық құқықтық заңнамада түсініксіз құжаттар бар. Экономикалық, қаржылық қатынастарды реттейтін актілерді оқығанда мағынасын түсінбейсіз. Түсіну үшін оның орысша нұсқасына жүгіну керек болады. Сол үшін қазақ тілінің құқытық базасын нығайту керек. Және кез-келген заңнаманы немесе құжатты алдымен қазақша жасап, содан кейін барыпқана орыс тіліне аудару керек.

- Расымен де, бізде кез-келген құжат орыс тілінде жасалып жатады, мүмкін қазақ тілінде әзірлейтін мамандар жетіспейтін шығар?

- Жоқ, қазір қазақ тілін жетік меңгерген мамандар өте көп. Заң жобасын Праламент қабылдағанымен оны қазақ тілінде әзірлеушілер көп. Заң жобасын әзірлеудің жолдары да көп. Сонымен қатар, депутаттарға да мемлекеттік тілді меңгеру жағынан талап қою керек. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асты, сондықтан қазақ тілінің мәртебесін қорықпай көтеруге болады. Заң жобалары қазақ тілінде көп енгізілсе, ол ары қарай қазақ тілінде қабылданады. Сондықтан жоғарыдағы депутаттарға мемлекеттік тілді меңгеру талабын күшейту керек. Конституцияда патриот азамат ретінде кез-келген адам мемлекеттік тілді білу парыз екені жазылған. Ана тіліміздің екінші қатарлы тіл ретінде жұмыс істеп жатқанына жаным ауырады.

- Жалпы құқықтық мемлекет болып қалыптасу үшін не істеу керек?

- Ол үшін алдымен, адамның құқытық санасын көтеру керек. Яғни, құқытық мемлекет болып қалыптасу үшін қоғамнан бастау қажет. Мектепте адам өзінің қандай конституциялық құқытары бар екенін оқып, білсе. Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарының негізі бекітілген. Оларды тек мектепте ғана емес, арнайы оқу орындары мен ЖОО-да кеңірек оқытып, түсіндірсе. Қоғамның сауаттандыра түсу үшін құқытық білім көбірек берілгені жөн. Құқытық білімі төмен адам заңдарды да түсіне бермейді. Одан кейін ол жерде шетелдік терминдер өте көп, соның барлығын түсіну үшін оған дұрыстап білім беру керек. Заңның мағынасын қарапайым етіп беруге тырысқан жөн. Жаңа айтып кеттім ғой, бізде аударма болған соң оны түсіну қиынға соғады деп. Осы жағын да жөнге келтіру керек. Заңды дұрыс түсінбеген адам өзінің құқығын да қорғай алмайды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ

  baq.kz

 



Ұқсас тақырыптар