Адамдарды өрттен құтқарған ХҚО қызметкерлері марапатталды

photo_2018-08-29_15-45-38.jpg

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бірнеше адамның өмірін құтқарған ержүрек жігіттер Айдар Мұстафин, Диас Рахметов және Руслан Құрманов марапатталды. Олар қысылтаяң шақта батырлық танытып, ерлік жасағандары үшін ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов әріптестеріне құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етті.

Қостанай қаласында 21 тамызда түнде болған оқиғадан кейін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қарапайым операторларының есімдері күллі Қазақстанға танылған болатын. Сол түні Карбышев көшесіндегі көпқабатты үй өртке оранып, алаңсыз келе жатқан әріптестер оқыстан көмекке шақырған балалардың дауысын естиді. Жанайқай шыққан жаққа жүгірген жігіттер өрт сөндіру қызметінің келуін күтпестен, адамдардың өмірін құтқаруға ұмтылады.

«Мен соншалықты батырлық таныттым деп ойламаймын, өзгеге көмектесу әркімнің міндеті», - дейді Айдар Мұстафин. Ол темір торлар арқылы түтінге толған пәтердің терезесіне өрмелеп шығып, төменде тұрған әріптестеріне бала мен жасөспірімді табыстаған болатын. Сосын түтінге тұншығып жатқан қарияларға көмектесу үшін пәтерге кірген. Екі орамалды сулап, бірін қарт кісілерге берсе, екіншісімен түтін кіріп жатқан есікті қымтайды.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен ЖҚАЖ (жылдам қимылдайтын арнайы жасақ) қызметкерлері өрт шыққан үйдегі адамдарды сыртқа шығарады. Сондай-ақ олар өзгені құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп, түтінге улана бастаған Айдарға да көмек көрсетті.

Айдар, Диас және Руслан «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Олар күнделікті қызмет барысында автокөлік иелеріне анықтамалық ақпарат беріп, азаматтардың құжаттарын рәсімдейді.  Айдар ХҚО жүйесінде 9 жылдан бері жұмыс істеп, жас мамандарға үлгі боп келеді. Енді ол тек еңбекте ғана емес, өмірде де өзгеге өнеге болуда.

Айта кетсек, қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның фронт-офистерінде 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. ХҚО операторлары аптасына алты күн сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді. Фронт-офистер арқылы ай сайын шамамен 3 миллионға тарта мемлекеттік қызмет ұсынылады.



Ұқсас тақырыптар