"Денсаулық" жолға шықты

Осы айдың басынан желтоқсанның соңына дейін еліміздің шалғай өңірлерін аралауға «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық» пойыздары жолға шықты.

20180905221431.jpg

«Денсаулық» пойыздары Қостанай мен Маңғыстау облыстарынан аттанып, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Алматы және басқа облыстардағы шалғайда орналасқан 71 стансаға соғады. Ал «Саламатты Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарын араламақ. «Саламатты Қазақстан» 57 стансаға тоқтап, сондағы тұрғындарды медициналық тексеруде тегін өткізуге мұрындық болады. Яғни, бірі түстікті, енді бірі терістікті қамтуды жоспарлап отыр.

Бұл жобаны ҚР Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі , «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырады. Аталған пойыздардың персоналы шалғай станса, бекеттерде тұратын халыққа мамандандырылған әлеуметтік және медициналық көмек көрсететін болады. Тұрғындар терапевт, педиатр, невропатолог, көз дәрігері, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сынды білікті дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады.

Пойыздар заманауи диагностикалық жабдықтармен, атап айтқанда, диагностикалық жүктемелік сынақтар жүргізу үшін кардиологиялық мониторлық жүйемен, компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, сонымен қатар соңғы үлгідегі рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтармен қамтылған.

Ел тұрғындары осы жоба аясында өздерінің денсаулықтарын тексеруден өткізіп қана қоймай, тиісті ем-дом алудың мүмкіндігіне ие бола алады. Әдетте жергілікті емханаларға барып, уақтылы тексерудн өтпеген мыңдаған тұрғын осы жоба аясында өздерінің денсаулығын тексерген.

Еске сала кетейік, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы басталған болатын. Осы уақыт аралығында консультативтік-диагностикалық пойыздар республиканың барлық облыстарынан 1 326 стансаның тұрғындарын қараған. Мамандар 379 мыңнан астам қазақстандықты, соның ішінде 83806 баланы тексеруден өткізген. Дәрігерлік қабылдаудың жалпы саны 2,5 млн-ды құраған.  



Ұқсас тақырыптар