Солтүстікке көшкендерге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Осыдан тура бір жыл бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2022 жылдар аралығында 59 мың отбасын солтүстік аймақтарға көшіруді көздеп отырғанын мәлімдеген болатын.

Мұның себебін, алдағы 5 жылда демографиялық, көші-қондық үдерістер сақталатын болса онда солтүстікке қарасты ШҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарында еңбекке жарамды 167 мыңнан астам азамат кемтіндігімен түсіндірген. Сондықтан, бұл олқылықтың орнын оңтүстіктің есебінен толтыру көзделген. Атап айтар болсақ, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан солтүстікке арнайы және ерікті түрде көш ұйымдастыру жоспары барын жеткізген. Себебі, бұл облыстарда еңбек ресурстарына жарамды халық мол әрі табиғи өсім сақталған.

Министрліктің болжамы тегін емес, солтүстік аймақтардағы халық саны жыл санап азайып келеді әрі бала туу көрсеткіші мардымсыз.

kaz220.jpg

2017 жылы солтүстік өңірлерге 288 отбасы көшіру жоспарланғанымен, бұл меже толық орындалмаған. Бейресми дерек көздері 248 отбасы көшіп барғанын хабарлады. Сонда 59 мың отбасын көшіруге биылмен қосқанда 5 жыл ішінде үлгіреміз бе?

Мемлекет бұл жоспарды орындаудың үш түрлі жолын ұсынып отыр.

Бірінші, оңтүстік халқын солтүстікке көшіру.

Солтүстікке көшкен отбасыларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Оларға отбасы мүшелерінің санына қарай 80 мың теңгеден біо жолғы көшу шығынын береді. Егер обасында 5 мүше болса, 400 мың теңге ала аласыз. Одан бөлек баспаналы болғанға дейін 1 жыл ішінде 36 -68 мың теңге аралығында үйді жалға алу қаражаты бөлінді. Бұл да отбасы мүшелерінің санына әрі өзі таңдап орналасқан ауыл немесе қаладағы үй жалдау құнына байланысты.

Сондай-ақ, кем дегенде отбасының бір мүшесін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Егер қолында жұмысқа тұруға жарамды құжаты болса, 2-3 адамды жұмысқа тұрғызу көзделіп отыр.

Егіндік және жайылымдық жерді конкурссыз, кезексіз алуға болады. Солтүстік аймақтардағы көші-қонға жауапты мамандар оңтүстік өңірлерде жер таппай отырған халық өз еркімен барып, жер алып, егіншілік пен мал шаруашылығын өркендетеміз десе, қолайлы шарт-жағдай жасауға уәде етіп отыр. Соңғы үш жылда мыңға жуық түтін солтүстік өңірлерге орналасқан.

Екінші, мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы.

Бұл бағдарлама оңтүстік жастарын солтүстік облыстарда оқытуға арналған. Негізгі идея – Президент Назарбавтың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру бастамасынан алған жоба мақсаты – солтүстік аймақтардағы кадр тапшылығын азайтуды көздейді. «Серпін» бағдарламасы өңірлерге ең қажетті мамандықтар бойынша негізінен кәсіптік білім беретін колледждерге және ЖОО-ларға студенттерді қабылдап, олар оқуын аяқтаған соң сол өңірде қалып жұмыс істеуге жұмылдырылады.

Жоба жетекшісі Мұрат Әбеновтің айтуынша, оңтүстіктің халқы тығыз орналасқан өңір жастарын солтүстікке шақырудың бірден бір жолы осы – «Серпін» бағдарламасы.

– Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бүгінгі күні бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Әлеуметтік нысандар, үй, мектеп, балабақша жетпейді. Қанша адам оқу бітірсе де, жұмыссыз жүр. Мектеп бітіргендер колледждерге оқуға түсе алмайды – себебі үміткерлер көп болғасын, орын жетіспейді. Еңбек күші артып тұрғасын кадрлық сұраныс аз болады. Бұл – нарық экономикасының заңдылығы. Оқуды бұрын бітіргендер жұмыссыз жүргесін грант та аз бөлінеді. Керісінше, еліміздің кейбір өңірлерінде кадр тапшылығы өте өзекті болып тұр. Бүгінгі таңда бұндай мәселе 7-8 облыста туындауда. Басты себебі – бала туу денгейінің төмендігі және сыртқа көшіп кету миграциясы. Сол өңірлердегі өндіріс орындары еңбек күші жетіспеушілігінен өз әлеуетін толық іске асыра алмай отыр.

Міне, кадр тапшылығын туындатқан осындай мәселелерді шешу үшін индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға, жастар арасындағы жұмыссыздық сияқты мәселелер шешімін тауып, жоғары білімді мамандар мен сауатты жұмысшылар даярлауда ел болашағына оң әсерін береді деп күтілуде, – дейді Мұрат Әбенов өз сұхбатында.

Ол бағдарлама бойынша 2050 грант бөлінгенін, бұл гранттар 19 педагогикалық мамандықтарға 7 жоғары оқу орнынан 1050 грант, ал 23 колледжге 35 мамандық бойынша 1000 грант бөлініп отыр дейді. Былтыр жоба толық жүзеге асқан. Биыл 2050 грант иелері арнайы конкурс аясында шешілген.

Үшінші, шетелден келетін этникалық қазақтарды солтүстіктегі 5 облысқа орналастырудың жоспары.

Бұл бағытта өте кешенді жұмыстар жүргенімен, солтүстікке барғысы келетін оралмандардың саны көбеймей тұрғаны белгілі. Оған басты себеп, оңтүстік аймақтардың аурайының қолайлығы және солтүстік өлкелерге көшірудің кешенді жоспарының болмауы. Оралмандар Тәуелсіздік жылдарында Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына көптеп көшіп келген. Олардың солтүстікке көшуге құлықсыз болатын себебі – бір-біріне қара тартып, жылы орнын суытқысы келмейді.

Қазір солтүстікке оралмандарды шақыру жағында үгіт-насихат жүріп жатыр. 2016-17 жылдары 300-ден астам отбасы көшіп барған. Бұл жоспар әлі де болса жүйелілікті қажет етеді.

59 мың отбасын көшіру бұл қарқынмен орындалады деу қиын. Бірақ егер кешенді жұмыс атқарылар болса, алдағы 4 жыл ішінде меже орындалуы да мүмкін.

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар