Халық санын қалай көбейтеміз?

Ежелгі аңыздардың айтуынша құдіретті құдай адамзатты осы әлемнің өзінен кейінгі қожасы ретінде жаратыпты-мыс. Жаратушы иеміз адамзатқа басқа тіршілік иелеріндей күшті де қуатты, ұшқыр да жылдам, сезгіш те тез жетілгіш болуды нәсіп етпесе де, ақыл мен сана, білім мен ғылым, ой мен қиял секілді нығметтерді сыйлауда барынша жомарттық танытыпты.

4c567f3d39ca3f1c0643c0a01c9.jpg

Сонымен бірге әлемнің гүлденуі не құрып жоғалуының кілтін де еншісіне қалдырыпты. Осылайша жұдырықтай жүрегі адалдық пен сатқындықтың, қанағат пен тойымсыздықтың, мейірімділік пен жауыздықтың, әділдік пен өктемдіктің бітіспес тартысы мен ымырасыз майданына айналыпты. Жер-ананың бар нығметін пайдаланып, соның арқасында саны артқан сайын араларында бәсекелестік пайда болып, оның соңы өзара жауласуға ұласыпты. Одан ары араны ашыла түскендер құдайдың берген «Әлем қожасы» статусын місе тұтпай, бір-біріне қожа болудың жолдарын іздепті. Мұның себебі – Тәңірі бұл әлемге қожа ретінде жаратқан адам баласының соған сай жауапкершілігін ұмыт қалдыруында еді. Жауапкершіліктен арылып, тек билікке ұмтылған пенделік құмарлықтың ақыры неге әкеліп соқтырытынын ескермепті де. Нақты ғылымдардың күш-қуатына сүйене отырып, материалистік идеямен қаруланғандар енді құдайдың орнына таласуға дейін барыпты.

Иә, адам баласының ұзақ тарихы күрестер мен арпалысқа толы. Бір халық мәдениеті дамып, саны артып, құрылымы мықты мемлекет құрып, тарихтан өз орнын ойып тұрып алса, бір халық басқа халықтың шылауында кетіп, ақыр соңы жойылып тынды. Ал жойылмау үшін сол халықтың бар қасиетін бойына жинап, ары қарай жалғастыратын адал ұрпақ өсіруі керек еді. Ұрпақтары ата-бабаларының ерлік пен даңққа толы ұлы жолын жалғастыруы тиіс болатын. Егер ата жолынан айнып, жаза басса өзгенің құлына айналады не біржола тарихтан жоқ болып кетері хақ. Күшті болудың басты кілті айбарлы әскер, қуатты экономика, теңдессіз мәдениет жасау ғана емес, мемлекет құрушы халықтың саны мен сапасы да өте маңызды. Сол үшін қалайда көбейіп, кеңге қанат жаюды көксемеген халықтар кемде-кем. Қазақ халқы да сандарының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған. Шығысында құмырсқадай қаптаған қытай мен батысында ормандай орыстың қоршауында жатқан қазақ халқының қауіптен құтылар басты жолы – бірлік пен санының артуы еді. Осыдан келіп кейінгіге «Аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деген аталы сөз қалдырды. Бірақ бұл қауіп әлі күнге алдымызды кес-кестеп келе жатыр. Екі алыптың ортасында отырғанымыз аздай, жаһандану үдерісі де тықсырып келеді. Ал жүздеген миллион халықты еркін асырап, бауырына басатын байтақ жерімізде небары жиырма миллионға жетпейтін халық бар. Онымен қоса жапондардай бірұлтты ел емеспіз. Бос жатқан жерімізді игеріп, өзімізге тән нарығымызды қалыптастыратын халық саны болғанда ғана іргесі шайқалмайтын ұлттық мемлекет құруға болады. Десе де демографиялық мәселелер бізде ғана бар деген түсінік дұрыс емес. Сондықтан бар әлемнің бас ауруына айналған демография мәселесі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

 демография.jpg

«Демографиялық жарылыс»

«Демография» термині алғаш рет 1855 жылы француз ғалымы А.Гиярдың еңбектерінде пайда болып, 1882 жылы Женевада «Гигиена және демография» атты халықаралық конгрессінде ресми түрде танылған. Алғашында халықтың статистикасы сөзінің синонимі ретінде қолданылып, кейін халық туралы мәліметтер деген түсінікке ие болды. Демография – халықтың өсімін және адам өміріне ықпал ететін заңдылықтарды зерттейтін дербес ғылым. Адамның тууы, өлімі, некеге тұруы мен бұзуы секілді факторлардың барлығы демографияның құрамдас бөліктері саналады.

Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы мен ғылымның дамуына (әсіресе медицина) және бұрынғыдай соғыс, жұт, індет секілді апаттардың азаюына байланысты халық санының жедел өсуі күн санап артып келеді.

XX-ХХІ  ғасырда адамзат саны өте жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мұндай жедел өсіммен халық санының артуын ғылымда «Демографиялық жарылыс» деп те атайды. Адам баласы жаралып, тарих басталғалы бері халықтың өсімі өте баяу жүрген болатын. Соғыс пен індет, ашаршылық пен жұт секілді апаттар адам санын азайтып, өсімін тежеп келген. Бірақ соған қарамастан 1820 жылы жер бетіндегі адам саны миллиардқа жетіп, демографиялық өсім жаңа белеске көтерілген еді. Арада 107 жыл өткенде (1927 ж.) екі еселеніп, ал 32 жылдан кейін (1959 ж.) 3 миллиардқа, 15 жылдан соң (1974) 4 миллиард жетті. 5 миллиардтың табалдырығын аттау үшін де небары 13 жыл (1987 ж.) қажет болса, одан кейін бар-жоғы 12 жылдан соң-ақ (1999 ж.) 6 миллиардтық межені де бағындырды. Бүгінде 7 миллиардты еңсеріп  үлгеріппіз. Яғни, халық санының соңғы жедел өсімі бойынша адамзат санының еселенуі үшін кететін уақыт барған сайын қысқара түсуде. Бүгінде ешқандай статистикаға сүйенбей-ақ, қарабайыр логикаға салғанның өзінде жер бетіндегі 7 миллиард адам жыл сайын ондаған миллионға көбейіп отыратынын межелеуге болады.

 652529.jpg

Демография қаупі

Халық санының өсуіне байланысты да екіұдай пікірлер жетілікті. Ежелгі дүниенің атақты ойшылы Платон «халықтың санының өсуі ешқашан қолайлы болмаған, халықтың санының өсуі адамдарды басқа елдерге көшуіне мәжбүр етеді», – десе, біздің дәуіріміздің ғалымы Пол Эрлих: «халық санының өсуі ең үлкен қауіп, егер де бұл тенденция өзгермесе, әлем халқы өзін-өзі іштей жарады», – деген пікір айтады. Бұған қарсы Дж.Саймонның ойынша, неғұрлым адам көп болса, соғұрлым талантты адамдардың қарасы көбейіп, тиісінше адам мәселесін шешетін мүмкіндіктер туады деп қараған. Егер сарапқа салсақ екі пікірдің де өз шындығы бар. Адам санының өсуі көптеген мәселелерді тудыратыны айдан анық. Халықтың тым көбейіп кеуі әлуметтік-экономикалық жағдайды шиеленістіріп, арты дағдарыс пен аштыққа ұрындыруы ғажап емес. Десе де бұл екінші қатардағы мәселелер.

Мұндағы басты проблема – экология мәселесі. Ғалымдар осыған байланысты үш түрлі мәселені атап көрсетеді.

Ең бірінші – орман алқаптарының азаюы. Адамдардың өсуіне орай орман аумақтары кеміп келеді. Құрылыс пен жиһаз жасайтын шикізат немесе отын ретінде пайдалану, сонымен бірге, егістік жерлерін кеңейту үшін ормандарды аяусыз отау салдарынан жыл сайын табиғи ормандардың ауданы барған сайын тарылып бара жатыр. Үндістанда ормандардың жойылуы басқа елдерге қарағанда 5 есе артық. Ал Үндістан халық саны жөнінен екінші орынды иеленетіні баршамызға мәлім.

Екіншісі – топырақ және жер мәселесі. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін миллиондаған гектар жер жыртылып, жыл сайын пайдаланылғандықтан, ол жерлердің құнары кеміп, топырағы эрозияға ұшырауда. Бір сантиметр топырақ пайда болу үшін жүздеген жыл қажет болса, ол топырақты құрту үшін оншалықты көп уақыт керек емес. Бұған кезінде «Тың игеру» желеуімен қазақ даласының ойран-топырын шығарған науқанның зиянын әлі тартып келе жатқанымыз айқын дәлел. Миллиондаған гектар жеріміз эрозияға ұшырап, қаншама өсімдіктер мен жануарларды «Қара кітапқа» жазуымызға тура келген жоқ па?! Біздің жеріміз салақ жүргізілген саясат пен дүрмекке ілесіп, науқаншылдық шырмауына шатылудың кері болса, көршілес Қытай елі халқының көптігінен осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Ал соңғысы – су мәселесі. Тұщы су қоры дүние жүзіндегі барлық судың тек 3%-ын ғана құрайды. Оның 80%-ы пайдаланылған. Кейбір тұщы суларды ластануына байланысты мүлдем қолдануға келмейді. Сондықтан да халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бүгінгі күннің ең өзекі әрі талмау жері. Соңғы кезде алдағы уақыттарда жанармайдан су қымбат болатыны жиі айтылып жүр. Болашақта өзеннің жағасында отырсаң да, қара суды сатып алатын күнге жетуіміз де әбден мүмкін.

 5599.jpg

«Көп қорқытады» әрі қорқады...

Бүгінде халық санының тым өсіп кетуінің тақсіретін тартып отырған елдердің бірі – Қытай. Алғашқы демографиялық саясат халық санының тез өсуіне жағдай жасады. Олар «Басты байлық – адам» деп санаған Мао Цзэдунның идеясына негізделіп,«неғұрлым көп жұмысшы болса, соғұрлым өндіріс те, қор да өседі» деген пікірді ұстанды. Мемлекеттің жоспарында ең бірінші жалпы өндіріс көрсеткіштері алға шығып,  халықтың өсу қарқынына мүлдем мән берген жоқ. Көп халық санының арқасында еңбек ресурстарының үлкен потенциалына ие боламыз, сол арқылы экономикамызды тез қарқынмен дамытып, күшті елге айналамыз деп санады.

Тек жетпісінші жылдары халық саны 800 миллионға жеткен соң ғана қытай басшылары мұншалықты өсімнен тіксініп, қатаң әлеуметтік және экономикалық шаралар қолдануға мәжбүр болды. Осылайша Дэн Сяопиннің «бір отбасы - бір бала» саясаты заңмен бекіп, мемлекет деңгейінде қадағаланып отырды. Сонымен бірге балалы болу жасын да өсіріп жіберді. Заңды бұзғандарға қомақты айыппұл төлетіп, белгілі шектеулер қоя бастады. Нәтижесінде өсімді тежегенімен, салдары одан да ауыр мәселелерге тап келді. Біріншіден, туу азайған соң балалар азайып, қартаю жеделдей түсті. Еңбек етуі тиіс адамдардың қатары сиреп, есесіне зейнеткерлердің үлесі басым болды. Төленуі тиіс зейнетақының мөлшері көбейді. Осылайша Қытай «кәрі мемлекеттердің» қатарына қосылды. Күн сайын қарттар үйінің саны артып, керісінше мектептердің саны қысқара берді. Екіншіден, тек бір балалы болуға ғана рұқсат етілген соң барлығы қыздан бас тартып, ұлды болуға тырысты. Оның ақыры ерлердің саны әйелдерге қарағанда артық болып, жігіттерге қалыңдық табу қиындады. Үшіншіден, жалғыз болған соң ерке өскен әрі бауырлары болмауына байланысты қалауына тез қол жеткізіп, бәсекелестік көрмген балалар өзімшіл, іске бейімсіз, масыл болып өсті. Осылайша «былай тартса өгіз өлетін, олай тартса арба сынатын» жағдайға тап болды.

Үндістан да халық саны жағынан Қытайдан кейінгі орынды иеленіп отырған алып мемлекет. Үндістанда халық санын шектеу Қытаймен салыстырғанда дабыралы бола алмады. Үндістанда «отбасын жоспарлау» саясатын Дж. Неру 1951 жылы бастаған болатын. Бұл үнділер мен мұсылмандардың үлкен наразылығын тудырады. Бұл бағдарламаны кейін Индира Ганди жалғастырды. Бірақ дегендей жетістікке жеткен жоқ. Болашақта адам саны жөнінен үнділер қытайларды артта қалдыруы мүмкін. Себебі, бүгінде 10 қытай әйеліне 18 баладан келсе, 10 үнді әйеліне 34 баладан келіп отыр. Үнді билігі ерте үйленумен де күресіп келеді. Өйткені ерте үйлену үнділер үшін таңғалатын іс емес.

Тіптен дамыған экономикасы мен технологиясы арқасында әлемнің алдыңғы легінде жүретін Жапонияда демографиялық мәселеден қашып құтыла алмай отырған жайы бар. Жапондардың басты бас ауруы қарттардың көбеюі. Медициналық қызметтің жақсаруы және дәстүрлі тағамдарының қуаттылығы мен пайдалылығының нәтижесінде алпыстан асқан қарттардың қатары артып келеді. Сонымен қоса, өмір сүру ұзақтығы жағынан еркектер 77 жасқа, ал әйелдер 84 жасқа дейін өсіп отыр. Бұл жағынан жапондарға теңесетін ешқандай ел жоқ. Демографтардың болжауынша, 2025 жылы халықтың 25%-ын қарттар құрап, әрбір төртінші адам зейнеткер болады. Ал жапон халқының тез қартаюына бала туу санының азюы себеп.

Бүгінгі қазақ елінің де демографиялық мәселесі шаш етектен. Өзгелер азая алмай отырғанда, біз көбеюдің жолын таппай жатқанымыз жасырын емес. Халықтың өсуі жағынан Оңтүстік өңірлеріміз бармақпен бағалайтын деңгей көрсетсе де, Солтүстіктің жағдайына еріксіз бас шайқаймыз. Әлемде тоғызыншы орын алатын кең-байтақ жерімізді толтыра алмай отырғанымыз өзгенің қызғанышын қоздырып, сілекейін шұбыртатыны тағы бар. Бүгінде он сегіз миллионға әзер жеткен халқымыздың ұлттық құрамы да ала-құла күйде. Әйтеуір, жартысынан астам бөлігін иеленгенімізге шүкір деп бас шұлғимыз. Осындайда Дж.Саймонның пікірі еріксіз ойға оралады. Көршілес Қытай көптігінің арқасында ертеден бері өзгелер санасып отыратын ұлы империялар құрды. Бүгінде де осал емес. Көптігінің арқасында гүлденген мәдениеттің ошағы болуымен қатар әлемдік экономиканың бағытын да белгілеп отыратын әлеуетке ие. Спорттық жарыстарда да алдыңғы қатардан түспейді. Үндістанда ежелгі ұлы мәдениеттердің бүгінгі мұрагері. Талай саңлақтарды тудырған ұлы халық. Ол да болса көптіктің әсері емес пе?! Мұндайда дана халқымыздың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейтінін аталы сөзіне иланбасқа шараң жоқ. Біздің де ұлы ел болуымыз үшін санымыздың артқаны лазым. Ал өсіміміздің артуы үшін не істеуіміз керек? Ол үшін салт-дәстүріміз бен бүгінгі жағдайға лайықталған тиімді демографиялық саяасатты ұштастыра білуіміз тиіс.

 0_a68ca_7aa8acec_XXL.jpeg

Көшпенділер қалай көбейді?

Тарихшылардың айтуынша, көшпенді еркектерінің өмір сүру ұзақтығы тым қысқа болған көрінеді. Оның басты себебі үйде өлгенді ар көріп, майданда өлуді даңқ санайтын көшпенділердің нағыз жауынгерлік түсінігі болса керек. Тоқтаусыз жортып, дамылсыз соғысатын әрі оны азаматтық парызы санайтын көшпенді еркегінің көпшілігіне қартайып өлуді тағдыр жазбапты. Осылайша тоқтаусыз соғыстан талай есіл ерлердің сүйегі далада қалып, қатын-баласы қайғы жұтыпты. Өлім-жітімнің көбеюі халықтың санын азайтып, ақырында демографиялық апатқа ұрындырары айтпаса да түсінікті. Ал осындай соғыстардан жойылып кетпей, артында ұрпақ қалдырып кету үшін не істу керек? Ұлы көшпенділер мұның шешімін оп-оңай тапқан. Бүгінгі күнмен салыстырғанда 18-30 жас аралығы «жастық кезең» есептеледі. Тіптен бұл жастағы еркектердің көп сандысы бойдақ болуы да мүмкін. Ал көшпенділер үшін 30 жас нағыз орда бұзар шақ. Сондықтан көшпенділер өсімнің жылдам болуы үшін балаларын ерте үйлендірген. Аталарымыздың «он үште – отау иесі» деген мақалының мәнін енді түсінген боларсыз. Қарапайым арифметикаға салар болсақ, 15 жасында үйленген еркек 30 жасына дейін арасына үш жылдан салғанның өзінде 5 баланың әкесі атанады. Бірақ, соғыспен бірге ауру-сырқау, табиғи апат секілді факторларды да ұмытпаған жөн. Осыдан келіп, өсімнің нәтижелі болуы үшін полигамияға жүгінген. Яғни, көп әйел алуды заңдастырған. Енді қайта есептеп көрейік. 15 жасында үйленген сол еркек 3 әйел алса, 30 жасқа келгенше әр әйелінен орта есеппен 3 балалы болғанның өзінде 9 баланың әкесі атанып үлгереді. Демек, өзі өлгенімен артында 9 бала қалады. Өзінің және үш әйелінің орнына 4 баланы шегеріп тастасақ та, халық саны 5 адамға артады. Бірақ, біздің бұл есебіміз тек жорамал ғана екенін ескертеміз. Шын өмірде бұдан әлдеқайда артық болғаны түсінікті.

Енді отағасы өлген соң артында қалған жас әйелдері мен шиеттей бала-шағасы не істемек? Оның да шешімі табылған. Мұндайда әмеңгерлік салты қолданылады. Яғни, отағасы қаза болған жағдайда оның әйелдерін бауырларына қосады. Мұнда ескере кетер үлкен бір мәселе бар. Ол әйелдің таңдау еркіндігі. Жесір әйел күйеуінің бауырларының ішінен тек өзі таңдаған біреуіне тие алады. Егер ерге тигісі келмесе өзі бөлек отау құрып, сол әулеттің бір мүшесі ретінде өмір сүре береді. Ал сіз еститін зорлап қосу дегеніміз – кейінгі кеңестік жүйенің қазақты ата салтынан жеріндіру үшін жасап берген негізсіз догмасы ғана.

Жаугершілік заманда қалыптасқан көшпенділердің өте қызық тағы бір салты бар. Ол салт жауларының баласын бауырына басу. Кез-келген рудың шежіресіне үңілсең найзаға шаншылып немесе күпіге оралып келген «сіңбелер» жетіп артылады. Олар құл ретінде емес, әкелген адамның өзге ұрпақтарымен тең құқылы баласы болып келеді. Оларда өзге балаларындай тең дәрежеде мейірімге бөленіп, өскенде тиісті еншіге ие болады. Ақырында сол әулеттің керегесін кеңейтеді.

Жылдар жылжып, ғасырлар алмасып, әлемнің дамуы басқа арнаға бұрылған қазіргі кезеңде аталған салттар ескінің қалдығы, тұрпайылық пен жабайылықтың сипаты ретінде көрінетін шығар. Бірақ тоқтаусыз жорықтар мен алапаттардан аман өткен ата-бабаларымыздың жойылмауының басты себебі осы салт-дәстүрлері болатын. Кемудің орнына кешегі Ахаңның аузымен «әлһәмдүлила, алты миллион болдық» дегізген жоқ па еді?! Көп әйел алу, әмеңгерлік, ерте үйлену сынды дәстүрлерімізді мансұқтап, оларды құбыжық көрсетуге тырысқан коммунистер ақырында ашаршылыққа ұрындырып тынды. Бірақ азайып қалсақ та, қайта қатарға қосылып егеменді ел бола білдік. Енді өткенімізді қайта жаңғыртуға кім кедергі? Ол үшін бүгінгі жағдайымызды да ескергеніміз абзал.

 58fbd7cb-5b7d-44b4-b471-60747f096deb.jpeg

Қазақтың санын қайтсек көбейтеміз?

Өзі құдайды жоққа шығарғанмен аузына «құдай салған» Маркс марқұмның бір сөзі бар. «Сананы тұрмыс билейді» деп санаған философтың осы бір сөзі уақыт өткен сайын ақиқаттығын дәлелдеп, Маркстың көрегендігін паш етуде. Бүгінде кез келген шаруаның іске асуына ақша деген алапат күштің араласпаған жері жоқ. Демек, демографиялық саясатта осы асудан айналып өтуге шарасыз.

Баланы топырлатып туу барда, оларды асырау деген бар. Санымыз көбею үшін көп балалы аналарды экономикалық жақтан ынталандыру, әсіресе баспана мәселесін шешіп беру басты назарға алынғаны жөн. Екінің бірі квартира жағалап, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген бүгінгі заманда көп баланы асырауға кім құлықты бола қойсын. Егер көп балалы аналарға кезексіз пәтер беріп, баспанамен қамтамасыз ету оңтайландырылса оның өзі халықтың өсіміне айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Бұдан бөлек тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсетіп, көп балалы отбасыларға жалақыны көтеру,  басқа да мемлекеттен бөлінетін жәрдемақылардың көлемін ұлғайту оң нәтижелерге жетуге өз ықпалын тигізбек. Сонымен бірге балабақшалардың санын арттыру мәселесін де ұмытпаған жөн.

Шеттен келген қандастар есебінен де демографиямызды көтере аламыз. Статистикалық мәлметтерге көз жүгіртсек, елге оралған қандастарымыздың 61,6%-ы Өзбекстаннан, 14,2%-ы Қытайдан, 9,2%-ы Моңғолиядан, 6,8%-ы Түркіменстаннан, 4,6%-ы Ресейден, ал қалған 3,6%-ы өзге елдерден қоныс аударған. Олардың 21,2%-ы Түркістан облысы аумағына, 16,3%-ы Алматы облысына, 13%-ы Маңғыстау облысына 9,4%-ы Жамбыл облысына, 40,1%-ы еліміздің басқа да өңірлеріне ірге теуіпті. Осы шеттен келген ағайынның есебінен аталған облыстардың халық саны біршама артқан. Бұл жетістікті Елбасы «Біз бір миллион ағайынды елге қайтардық!» деп мақтанышпен жеткізгені әлі есімізде. Ал тәуелсіздік жылдарынан бергі олардан тараған ұрпақпен қосып есептегенде қазақтың саны ең азы бір жарым миллион адамға көбейді деген сөз. Өкінішке орай, соңғы жылдары атажұртқа қоныс аударушылардың қатары сиреп, ұлы көштің тоқырауға ұшырағаны байқалады. Солтүстіктің халқын шеттен келген ағайындардың арқасында көбейтуге талпыныс жасалғанымен қазірше нәтижесі мардымсыз. Болашақта қандастарымызды бір тудың астына жинай алмасақ, енді аздаған жылда-ақ олардан да айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Оған мысал ретінде Қытай еліндегі қандастарымыздың басындағы жағдайын алсақ та жеткілікті.

Демографиялық өсімнің тұрақты болуы үшін тәрбиенің маңызы зор. Мұндағы тәрбиені мемлекеттік идеология деп түсінгеніміз дұрыс. Ана мен әке болудың қандай қасиетті де қастерлі ұғым екенін түсіндіріп, соған сай жауапкершілікті сезіндіретін идеология қалыптастыру бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Егер осы құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіре білгенде нәрестелеріміз қоқыс пен әжетхананың ішінде жатпас еді-ау деген ой келеді кейде.

Ал бұл тығырықтан алып шығатын төте жол – халықымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары. Ұлттың ұлылығын әйгілеп, санамызды сілкіндіретін ғажап ғұрыптарымызды ұрпақ жадында қайта жаңғыртсақ одан өткен игілікті іс болмас, сірә!

«Өтемістен туған он едік.

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік...», – деп Махамбет атамыз айтқандай, басқаға көптігімізбен мақтанбаушы ма едік. Бүгінде он баласы бар отбасына жат планеталықтарды көргендей таңырқайтынымыз өтірік емес.

Баласының көптігімен мақтанатын, аз болса намыстанатын күнге жетуіміз мемлекеттің де, сол мемлекетті құрап отырған біздің де басты мақсатымыз бен көздейтін нысанамыз болуы тиіс. Сонда ғана қазақтың қарасы көбейіп, дүбірі даланы сілкіндіретін болады. Сол кезде Ахмет атамыздың әруағы «әлһамдүлила, ұрпағым алпыс миллион болыпты» деп бір ауынап түсер, бәлкім. Оның бәрі болашақтың еншісінде десек те, сол болашақ бүгіннен басталатынын ұмытпайық.

20181001_092827.jpg

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар