Дәрігерлердің жалақысы өседі

Елімізде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өседі. Бұл туралы Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.

photo_251021.jpg

Бас дәрігер анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог пен педиатрлардың жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары болғанына қарамастан, оларға айтылар сынның молдығын жеткізді. Соның салдарынан олар әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікк жиі ұшырайды. Сондықтан сала мамандары ауыр халдегі науқастарды емдеу кезінде тәуекелге барудан тартынады.

«Олар үнемі қоғамдағы өздері туралы жағымсыз көзқарасты жиі айтады. Мұның жолын табу көп қиындық тудырады. Қоғам дәрігерлерді сынаған сайын олар жұмыстан кетіп жатады. Мүмкін, мәселе жалақының төмендігінде шығар. Менің әріптестерім жалақының аздығында емес, моральдық-психологиялық қысымда деп жиі айтады. Сондықтан бір арнайы жол картасын жасадық. Бұл жоба осы проблемаларды шешуге, медицина қызметкерлерін кәсіби тұрғыда қорғауға, әлеуметтік ынталандыруға бағытталған», – дейді министр.

Ол қазір министрлік анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог пен педиатрлардың жалақысын өсіру мүмкіндігі бойынша есептеулер жүргізіп жатқанын жеткізді. Ол келесі жылдың соңына дейін сала мамандарының жалақысын 110 пайызға, одан кейін тағы 150 пайызға көтеруді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бұл жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген.

Министрлік жетекшісі мемлекеттік мекемелердің 85 пайызында жалақы өсіруге мүмкіндік бар екенін, бұл емханалардың мүмкіндіктеріне, кірістеріне байланысты болатынын айтты. Медицина қызметкерлері Батыс Қазақстан мен Астанада ең жоғары жалақы алатын болса, Солтүстік Қазақстан облысы ең төменгі жалақы беретін аймақ көрінеді.

«Барлығы бас дәрігерлердің біліктігіне байланысты. Біз медициналық қызметтерді қаржыландыру тарифтерін мүмкіндігіне қарай жыл сайын көтереміз. Бұл арқылы әкімшілік шығындардан артылған ақшаны қызметкерлердің жалақысына қосуға болады. Осының барлығын қарастырудамыз», – деді министр Біртанов.

Министр осы басқосуда денсаулық сақтау саласында жетіспейтін мамандар - акушер-гинеколог, терапевт, психиатр, анестизиолог-реаниматологтар екеніне тоқталды. Олардың саны шамамен 2800 мөлшерінде. Мұның басты себебі, жекеменшік медицина орталықтарына кететін мамандар қатары мол. Еліміздегі жалпы дәрігерлердің 20 пайызы, ал мейірбикелердің 12 пайызы жекеменшік секторда қызмет етеді. Сондай-ақ, алыс ауылдарға медицина саласының білікті мамандары барғысы келмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті ЖОО-ларға білім грантын көбейтіп, оқу ақысын еңбекпен өтеу міндетін енгізбек.

Министрдің айтуынша, кадр жетіспеушілігі Алматы, Астана, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына тиесілі.



Ұқсас тақырыптар