«Қазір емхананың дәрігерлеріне қажетті гаджеттерді әзірлеп жатырмыз»

Дәрігер мамандығын таңдаған жастар неге дайын болуы керек? Еліміздің денсаулық сақтау саласын қайтсек дамытамыз? «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының медицина саласына берер пайдасы қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжановамен сұхбаттасып, пікірін білген едік.

даригер.JPG

– Жанат Кәкімсейітқызы, сіздің денсаулық саласында көп жыл қызмет еткеніңізді білеміз. Қазір бұл салаға қатысты көп сын-ескертпелер айтылады. Дегенмен жастар дәрігерлік мамандығын көп таңдайды, неліктен? 

– Біздің мамандықта бәрі өзімізге байланысты, осы мамандықты сүю керек, көп оқу керек. Бір кемшілігі отбасыңа көп көңіл бөле алмайсың. Сол жағын жастар алдын ала ойлауы керек. Аз ғана уақытың болса отбасыға арнайсың. Мейрам күндеріне қарамастан 60 пайыз әйелдер жұмысқа шығады. Күніне мыңдаған кісіні өлім аузынан алып қалады, оларға көмек көрсетеді. 

– Дәрігерлердің кәсіби біліктілігі қандай деңгейде?

– Дәрігерлер көп жұмыс жасайды, оның ішінде кәсіби деңгейі төмен дәрігерлер де бар. Кейде соларға қарап ұяласың, олардың өзінің намысы болу керек. Бір Алматыда мыңнан аса жеке клиникалар, емханалар бар,  бәсекелестік орта бар қайткенімен. Осы нарықта жаман мамандарды ешкім алмайды, халық сайттардан беделді, мықты дәрігерлерді қарап, біліп отырады. Сайттағы дәрігердің парақшасына пікір қалдыра алады, яғни мына дәрігер жақсы, мынау нашар деп, осылайша дәрігердің резюмесі жасалады. Жеке клиникалар әлеуметтік желі бойынша жақсы дәрігерлерді іздеп, оларға жақсы жалақы ұсынып жұмысқа тартып отырады. Жақсы дәрігерлер қашанда екі жұмыста істейді. Сағат 3-ке дейін бюджетте, одан кейін жеке клиникаларға барады. Қазір кәсібилігі төмен дәрігерді ешкім ешқайда шақырмайды. Тұрғындар бәрін біледі, кім қандай екенін. Сондықтан дәрігерлер ісіне салғырттықпен қарамай, ізденіп, тырысып оқып, білуі керек. 

– Өзіңіз бұл салада қанша жыл жұмыс істедіңіз, сол жайында айта отырсаңыз?

– Өзім жайында айтар болсам, Алматы қаласында денсулық саласында қырық жылдай  жұмыс істедім. Қазір де істеп жатырмын. Алматының медицина университетін бітірдім, содан бері дәрігерлік жолындамын. Ауруханада жас маман болып бастадым, содан бөлім меңгерушісі болдым. Жедел жәрдем ауруханасында он жылдай бас дәрігердің орынбасары болып істедім. №5 аурухананың емханасында бас дәрігердің орынбасары болып он жыл қызмет атқардым. Бес жыл университетте студенттерге сабақ бердім. Сол жылдары кандидаттық дисертациямды жазып, қорғадым, кейін докторантураға түстім. Бірақ докторлық жұмысымды қазір қолыма енді алып жатырмын. Алты жыл №5 аурухананың бас дәрігері болып басшылық еттім. Содан кейін үш жыл Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болдым. Сондықтан өзімді абыроймен зейнетке шықтым деп ойлаймын.

– Жақсы маман болу үшін не қажет? 

– Елбасының  «жас маман профессионалдық жолында бәрінен өтіп, барлық кезеңнен жүру керек», деп айтатыны бар ғой. Ол кісі дұрыс айтады. Мәселен, медицина саласының бір қырын жөнді білмей қалсаң, үлкен мекемені басқаруға кәсібилігің де, абыройың да жетпейді. Өйткені дәрігерлер, медбикелер саған баға береді. Өзің ол саланы дұрыс білмей тұрсаң басшы болып жұмыс істей алмайсың. Өз ісіңді жақсы білсең ғана ортаңда беделді боласың, ол саған үлкен көмек. Бұйрықтар түседі оның бәрін орындауың керек. Орындайтын профессионалды команда болу керек. Медицина саласында тәжірибесі бар адам сондайда кімге қандай жұмыс беру керектігін бірден аңғарып тұрады. Осы салада 40 жылдық тәжірибесі бар адам ретінде жас мамандарға айтатыным, медиицинаға барам дегенен-ақ жақсы ойлану керек. 

Біріншіден, осы профессияны сүю керек. Неге десеңіз жалақысы аз, түн емес, күн емес, отбасыңды да көрмейсің, мамандығыңды ұнатпасаң жұмыс істей алмайсың. Жалақым аз, неге келдім бұл салаға деп жатпас үшін дұрыстап ойлану керек. Бұл салада үлкен армия жұмыс істеп отыр, олардың барлығы өз  мамандығына  берілгендер. 

Екіншіден, университетке түскен кезден-ақ жақсы маман болам деп алдына мақсат қою керек. Жас маманның университетті бітіріп шыққанда тәжірибесі жоқ болады. Оған тәжірбиені игеру үшін тағы үш жыл керек. Сол үшін университет қабырғасында жүрген кезде тәжірибені де, теорияны да бірдей меңгеруге тырысу керек. Мәселен қаладағы емханаларға кезекшілікке қалып, ақысыз болса да жұмыс істеу керек. Біз солай өстік қой. Үлкен мамандармен бірге тәжірибе жинауға өзіміз өтініш жасап жүретінбіз. «Сізбен бүгін кезекшілікке қалайын, ем-дом жасауды үйренейінші», деп сұраушы едік. Қазыр ондай мамандар аз. 

– Осы мамандықты таңдағаныңызға өкініш білдірген кезіңіз болды ма?

– Денсаулық саласында қырық жыл істесем де өкінген күндерім болмады. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Үлкен отбасынан шықтым, жамандық көрмедім. Неге десеңіз осындай жағдайға жетіп отырмын, Алматы қаласының Денсаулық басқармасын басқардым және оны рейтинг бойынша екінші орынға жеткіздім. Қасымда жақсы командам болды. Мамандығыма адал болдым, сондықтан қазір де ауруханаға, емханаға барғанда дәрігерлердің барлығы құрметпен қарайды. Кейде жиналыстарда қаттырақ айтып, ұрсатын кездер болатын, дегенімен ол кісілер маған өкпелемепті. «Сізге үлкен рахмет, көп нәрсені үйрендік», деп айтып жатады,  бұл маған берген үлкен бағалары деп санаймын. 

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы денсаулық сақтау саласында қалай игеріліп жатыр? 

– Қазір зейнетке шықсам да бос жатқан жоқпын, ғылыми жұмыстармен жүрмін. Ресей-Қазақстан университетінде жұмыс істеп жүрмін. Ондағы креативті жас ректор Елбасының «Цифрлы Қазақстан»  бағдарламасын медицинаға енгізу керек деп арнайы бөлім ашты. Ол бөлімде дәрігерлер, ІТ-мамандар, инженерлер бірге жұмыс істейміз. Өте қызық жұмыс. Қазір емхананың дәрігерлеріне қажетті гаджеттерді әзірлеп жатырмыз. Оны біріге ақылдасып, кеңесіп жасаймыз. Бұл құрылғы дәрігерлер жұмысының тиімділігін  арттырады. Өйткені емхана дәрігерлерінің жұмысы өте қиын. Көбінде жас маман келеді, учаскедегі тұрғындарға барғанда қасында көмектесетін ешкім жоқ, яғни сұрайтын тәжірибелі мамандар жоқ. Мына гаджетте навигация болады. Учаскелік  дәрігердің нөмірлері, учаскелік навигациялық картасы болады. Оның ішінде хаттама болады. Диагноз қойғанда хаттама бойынша ем алу керек. Сондай хаттамамыз бар, ол да гаджеттің ішінде тұрады. Оның ішінде МБК, диагноздарды дұрыс қоятын формулировкасы бар МКБ 10 деген, сіз «созылмалы бронхит» деп диагноз  қоя салмайсыз, оның дұрыс диагнозы МКБ10 формасы бар, сол да гаджетте болады. ММС болады бізде, ауруға барғанда «РПН регистр прикрипленного население» деген бар, соның ауруханада бар-жоқтығын бірден гаджеттен көруге болады. Әлеуметтік код деген бар. Гаджетіміз ХҚКО, Egov-пен біріктірілген, дәрігерде олардың әлеуметтік кодтары болады. Әлеуметтік код арқылы науқастың жұмыс істейтін-істемейтіндігін, бұған дейін қандай аурумен ауырғандығын барлығын көріп отырасың.  Осы жобаны  жылдың аяғына дейін бітірсек деп отырмыз, бұл өз кезегінде жас мамандарға, емхананың дәрігерлеріне үлкен көмек болатын еді. 

– Кәсіби білікті дәрігер науқаспен қалай жұмыс істеуі керек?

– Науқастарды қарағанда біріншіден олар сізге сену керек. Бірінші байланыс ол – сөз. Жылы сөзіңмен қарап, сөйлесесің, дәрігер біріншіден психолог қой. Ауырған кісілер ол –характер. Бір палатада 20 адам жататын біз жас болғанда. Сонда жиырма адаммен тілдесесің, осының бәрінде психологиялық қабілеттеріңді көрсетуің керек. Жылы сөзіңді арнай білуге тиіссің. «Вера врача» деген бар, науқастар сізге сену керек. Емді тез-тез жасап, сөйлеспей қашып кетуге болмайды. Ол сізді күтіп отырады ғой. Сол кісілермен сөйлесіп, анализдерін айтып, емі қалай болады екен, жолдарын айтып беру керек, сонда ауру да тырысып, өзі сізбен бірге жұмыс істейді. Науқаста дәрігерге деген сенім болады, ал бұл сәтте дәрігер мықты болу керек. Екеуі бірігіп жұмыс жасаса, онда аурулар тез жазылады. 

Екіншіден дәрігерлер науқастарды бөліп жатады. Қазір қалталы, беделді адам түссе бәрі соның асты-үстіне түсіп, жүгіріп кетеді. Барлық науқасқа бірдей қарау керек. Барлық ауруға профессионалдық көзқараспен карау керек. Мен өзім терапевт болып істедім, кейін гастроэнтерология бөліміне ауыстым. Ол жақта бөлімді басқардым. Сонда сізге сенген науқастар әрдайым күтіп отырады. Кешке кезекшілікке келгенде қасына барып қалыңыз қалай, ем қалай болып жатыр деп сұрауға барғанда, бәрі сізді күтіп отырады, оларға уақыт бөлу керек, әңгімелесу керек, назар салу керек. Сонда нәтиже болады. Құр сөзбен ғана емдей алмайсыз, оны оқу керек, қазір науқастар интернеттен көріп, оқып алады. Дәрігерлерге көп сұрақ қояды, соған қарай дәрігер ол сұрақтарға дұрыс жауап бермесе, онда байланыс үзіліп калады. Ол кісі сізге сенбейді. 

– Қазір дәрігерлердің жалақысы аз деп айтып жатады. Сапалы қызмет көрсету үшін алдымен олардың ақшасын көтеру керек шығар?

– Иә, дәрігерлердің жалақысы аз деп қазір парламентте бәрі айтып жатады, Елбасы да мемлекеттік қызметкерлерге, дәрігер, мұғалімдерге базалық ставканы көтеру керек деп бұйрығын берді. Шынымен де жұмыстары қиын. Олардың отбасы бар, балалары бар. Олар да жылына бір рет демалу керек. Неге реаниматологтар көп жасамайды, себебі эмоционалдық соққы алады. Науқастар өмірден өткенде жүректерінен өткізіп, эмоционалды күйзеліске түседі, оның үстіне туыстарына бірдеңе ғып жеткізу керек. Көбіне науқастар сол бөлімде қайтыс болады. 

– Басшылық қызмет үлкен талапты, қаталдықты қажет етеді. Сондай кездерде қиындықтар болды ма? 

– Басшылықта отырғанда қатты ұрыстық, себебі біздің қолымызда ана, бала өмірі, адам өмірі тұрды. Соған жиналыстарда дәрігерлерге қатты-қатты батырып айтамыз, неге десек адам өмірі жолында бір қате жіберуге  болмайды. Оны ешкім кешірмейді. Біреудің баласы, біреудің анасы. Соны ұжымда қатаң ескерттім. Көбі қазір рахмет айтады бәрі, қайткенімен тәртіп болу керек. Кейбіреуіне қаталдығым ұнамайтын, жоғарыдағы ағаларына айтып қоңырау шалдыратын. 

Мен жұмыс істегенде сен жұмыстан кетесің деп ешкімге айта алмайтынмын. Дегенімен бала, ана өмірі кезінде ұжым жиналысында дұрыс істеген жоқсын, онда шығарамыз деп  дәлелге сүйенетінбіз. Денсаулық саласында әлі проблема көп, кәсібилік проблема көп. Соны дәрігерлерге айту керек. Жалпы жақсы мамандарды көтере білу керек, оларды қолдау қажет. Басшылыққа жас мамандарды тартуға тиіспіз. Үш жыл басшылықта отырғанда соны мен қолымнан келгенше жасадым. Жедел жәрдем медбикелерінің професионалдық біліктілігі өте жоғары. Олардың тәжірибелерін ескеріп үлкен клиникаларға қойдым. Науқастарды тексеру кезінде кейбір дәрігерлер карта бойынша аурулардың сипаттамасын мұқият көрсетеді сол кезде бірден мықты маманды біле қоясың. Біраз жастарды тәжірибе жинауға Германияға, басқа да шетелдерге жіберіп тұрдық. Шетелден мамандарды әкелдік. Талантты мамандардың өсуіне жағдай жасау керек. Бәрі шетінен талантты бола алмайды. Дегенмен дарындыны көре білу керек. 

– Жұмыс өтілін енді бастап жатқан жас дәрігер қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Әйел адам алдымен отбасында бақытты болу керек. Әйел баласымен әдемі. Отбасында сүйікті ана, сүйікті әже болу керек. Үйде көп болмасаң берекесі кетеді. Үйге келгенде қасыңызда сізді сүйетін, сізді түсінетін отбасы болу керек. Біріншіден отбасын ойлаған дұрыс, екінші ол жұмыс. Ата-анаға қамқорлық танытыңдар, оларға көмектесіңдер, қастарында болыңдар. Үлкен кісілерге өз рахметімізді айтуымыз қажет, осындай білім беріп, бізге жамандықты көрсетпегені үшін. Көзі тірісінде ата-анамызды сыйлайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Саягүл Әлімбекова

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар