Келешегі жоқ ауылдарды дамытудың қажеті жоқ - Елбасы

9.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында өңірлердің дамуын болжайтын схема әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа схема еліміздегі урбанизацияның жаңа басқару картасына айналады.

«Мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың құрылысын елді мекеннің даму жоспарымен сәйкестендіру қажет. Оған жеке инвесторларды тартуға жағдай жасау керек. Яғни, келешегі жоқ ауылдарды дамытудың қажеті жоқ. Себебі, «Адамдарға арналған инфрақұрылым» моделі ескірді, қазір «Инфрақұрылымға адамдардың келуі» үлгісіне өтуіміз керек. Бұл елді мекендердің үлкеюіне, бөлінетін қаражаттың тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, кішкентай ауылдан республикалық маңызы бар қалаларға дейін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Президент мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта  қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Олардың мектеп, аурухана сынды кез келген мекемеге баруы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек.

«2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аумақтық дамудың болжамдық схемасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл еліміздегі урбанизацияның жаңа басқару картасы болады. Мұнда қай ауылдарды дамыту қажеттігін анықтау керек. Елді мекендердің жойылуынан 1300 мектеп бос қалды. Яғни, қайда нысан тұрғызып, қайда жолды жүргізу керектігін білу қажет. Жаңа басқару картасы дегеніміз осы», - деп түсіндірді Президент.

Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мәтіндік трансляциясын таратты. Арнайы сілтеме арқылы Жолдаудың толық мәтінін оқуға болады.



Ұқсас тақырыптар