"Қиындықсыз келген байлықтың қадірі болмайды"

 Адамзат тарихында талай алапат апаттар мен қанды қырғындар, әлемді түнекке ораған тауқыметке толы дүрбелеңдер болса да адам баласы әлі күнге аман келеді. Оның басты сыры адамның ақыл-ойы мен қайсарлығы, даналығы мен қажыр-қайраты ғана емес, кейбір қайырымды жандардың жүрегіндегі мейірімділік дәнегі. «Әлемді мейірімділік құтқарады» дейтін халық даналығы содан қалса керек. Бұл ғаламға мейрімділік, жомарттық, адалдық, тазалық дәнегі себілгеннен бастап, одан өніп шыққан бәйтеректі ешкімде құлата алмай келеді. Басқаға мейірімділік көрсетіп, адамгершілік танту тек жомарт адамдардың ғана қолынан келетін игі іс.

 «Жомарттың қолын жоқ байлайды» деген сөз бар емес пе еді. Рухани байлықтан гөрі материалдық байлықты артық санайтын бүгінгі қоғамда арамызда аз да болса Атымтай жомарттардың кездесіп жататыны көңілге қуаныш, жүрекке жылылық сыйлайтыны жасырын емес. Мейірімділігі жүрегіне, жомарттығы алақанына мекендеген адал жандардың іс-әрекеті өзгеге үлгі боларлық. Материалдық байлығын рухани кемелдену жолында халықтың игілігі үшін жұмсаған ізгілік пен кеңдіктің, жомарттық пен тазалықтың белгісі емес пе? Осындай жақсы адамдардың жанымызда жүргенін біле бермейтініміз өкінішті. Сондай ізгі жүректің иесі, талай жақсы істерге демеушілік жасап жүрген ақжарқын азаматтың бірі – Ақат Дүмшебайұлы Боқаншиев. Адалдық пен жомарттықты өмірінің мәні санайтын Ақат ағамызбен сұхбаттасудың да сәті түскен болатын. Сол сүбелі сұхбатымызды оқырмандармен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

 IMG_6633 (2).jpg

– Құрметті Ақат Дүмшебайұлы, ең бірінші оқырманға өзіңіз туралы жан-жақты ақпарат бере кетсеңіз.

– Мен 1959 жылы Қытайдың Шағантоғай деген жерінде дүниеге келіппін. Екі алып елдің ортасындағы сірескен мұз еріп, қазақтардың бері қоныс аударуына кеңшілік жасалған кезең басталған заманда саясаттың осы бір жылымық кезеңін пайдаланған әке-шешем 1961 жылы КСРО жеріне, яғни қазақ жеріне қоныс аударыпты. Балалық шағым бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында өтті. 13 жасқа келгенше осы ауылдың мектебінде білім алдым. Кейіннен әкемнің қайтыс болуына байланысты оның туыстарының демеуімен бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданының Қызылтаң совхозына (бүгінде Ойтоған ауылы деп аталады) көшіп бардық. Бұл 1971 жылы болған жағдай. Осылайша І.Жансүгіровтың жерлесі болдым. Осы ауылда мектепті бітіріп, жұмысқа араластым. Жұмыс дегенде галусток тағып, кастюм киетін жерде емес, кәдімгі қарапайым қойшылықтан бастадым. Ол жұмысты да жаман атқармадым. Әрбір қойдан бес килограмм жүн бергізіп, жүз қойдан 85 қозы ергіздім. Арада бір жылдан кейін менде ел қатарлы жоғары білімге қол жеткізу үшін қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Бейнелеу өнері» факультетіне тапсырып, студент атандым. Оқу бітіргеннен кейін Ақсу ауданының бұрынғы Көкжайдақ, қазіргі Қосағаш ауылының мектебінде сызу-сурет мұғалімі ретінде жұмысқа тұрдым. Осында істеген қызметім ел көзіне түсіп, көп өтпей мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мектеп директоры болдым. Бұл кезде жасым жиырма төртте болатын. Арада біраз уақыттан соң халықтың ұсынуымен ауылға әкім болып тағайындалдым. 3 жыл әкім болып істегеннен кейін аудандағылар мені шақырып алып, аудан орталығында орналасқан Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектепке директор етіп тағайындады. Осылайша ауылдан аудан орталығына ауыстым. Ол кезде ауылдан аудан орталығына келу дегеніңіз үлкен жетістік саналатын. Бұл мектеп 1700 оқушы білім алып, 170 мұғалім қызмет ететін аудандағы үлкен мекеменің бірі болатын.

Осылайша қызметте сатылап өсіп, ауданға таныла бастадым. Бірақ қаншама еңбектеніп, ел көзіне түскенімменен партия мүшесі емес едім. Еткен еңбегім басқалардан кем болмаса да мені партия қатарына өткізбеді. Оған себеп менің арғы беттен келгендігім болатын.

– Партия қатарында болмасаңыз да, бірталай белесті бағындырған екенсіз. Мұның өзі бір адам үшін аз жетістік емес. Бірақ осы жылы орныңызды суытып, үйреншікті қызметіңізден кетуіңізге не себеп болды?

– Әлемдегі алып елдердің бірі КСРО-ның керегесі сөгіліп, арада қиын кезең басталып кетті. Осындай қоғамның тынышсызданып, экономиканың теңселген кезінде мұғалімдердің жалақысын берудің өзі мұң болды. Тек бір жалақыға ғана қарап отырған мұғалімдер үшін бұл жағдай оңай тиген жоқ. Тіптен қатарынан сегіз айға дейін бір тиын алмаған кездері болды. Ал осындай жағдайда тұрған ұстаздардан оқушыға дұрыс білім беруді талап етудің өзі қиын еді. Ал талап пен тәртіп жоқ жерде қайдан білім болсын. Бұл мектептің білім деңгейінің нашарлауына әкеп соқтыратыны түсінікті. Оған ең бірінші басшы ретінде мен жауап беруім керек. Осыларды ескере келіп, өз арызым бойынша жұмыстан шығуыма тура келді. Өйткені, менде мұғалімдердің жалақсын бере алмасам оларға қалай басшы болып, бұйрық бере алам деген ой болды. Осылайша мемлекеттік қызметтен босап, қалған уақытымды жеке бизнеске арнадым.

Менің арғы аталарымнан тартып мал шаруашылығымен айналысып келе жатыр. Өзімнің үлкен ағам Тоғжан Қырманов та осы шаруашылықпен танымал болған кісі. Осы кәсіптің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «Октябрь Революциясы» орденінің кавалері атанған. Ағамыз сол кездегі бес жылдық жоспар бойынша әр қойдан 5 киллограмм жүн мен 100 қойдан 150 қозы алып отырған. Әулетіміздің мал шаруашылығы саласында осындай тәжірибесі болған соң мен де мал шаруашылығымен айналысып, бүгінде соның жемісін жеп отырған жағдайым бар.

– Талай жылыңызды бала оқытып, білім нұрын шашатын ұстаздыққа арнадым деп отырсыз. Кейіннен кәсіпкерлікке ауысып, мүлдем басқа саланың адамына айналдыңыз. Бұл сізге ауырлық түсірген жоқ па?

– Мұғалімдіктен қол үзіп, бірден бизнеске келу маған өте қиын болды. Біріншіден, бұған дейін мемлекет қызметінде болып, жеке кәсіппен айналысу туралы тәжірибем болмады. Сонымен бірге тек мемлекеттік меншікті қолдайтын кеңестік кезеңнің тәрбиесін алдық. Екіншіден, ол кезде қазақтар үшін сауда жасау ұят деген көзқарас болды. Бірақ Одақ ыдырап, еліміз нарықтық экономикаға өте бастаған соң бұл көзқарастың мәні жойылды. Жан бағу үшін қазақтар да базарды жағалауына тура келді. Осыдан болар, мен Алматыға келгенде мұнда сауда жасайтын қазақтар өте аз болатын. Мен сауда жасаған «Көк базарда» негізінен орыс, түрік, ұйғыр секілді халықтар болатын әрі базардағы ең жақсы орындар да соларға тиесілі еді. Сондықтан маған солармен қатар сауда жасап, бизнесімді құру бастабында қиынға соқты. Керек десеңіз, малшының баласымын әрі өзімде мал бақтым деген құр атағым болмаса, малдың жай-күйі, әсіресе еті туралы білетінім шамалы екен. Бұрын тек малды далада айдап бағып, алдағы қарамызды көбейтуді біліптік. Кейін сойысқа өткізіп, жоғарыдағылардың «әр қойдан мынша ет, мынша жүн алдың» дегеніне мәз болып жүре беріппіз. Ал жас қозының еті қандай, тоқтының еті қандай, тұсақтың еті қандай, әлде кәрі саулықтың еті қандай деп байқап, зерделемеппіз. Мұның қыр-сырын тек базарға келіп, сауда жасағаннан кейін ғана үйренуіме тура келді. Тағы бір айта кетерлігі, бірнеше жыл мұғалім болған соң біреуді алдап-арбау, пайдалану дегенді білмеппіз. Кең даланы мекендеп, табиғатпен үндесе тіршілік еткен қазақ халқы үшін де бұл әдеттер жат еді. Өзім таза қазақы тәрбие алып, сондай ортада өскен соң да бұл қылықтарды көп кездестірмеппін. Бірақ сауда жасап жүріп талай алдандым. Қаланың өмірі, әсіресе базар маңы үшін жиі кездесетінін кейін білдім. Сол кезде өзімнің оқушыларымдай балалар менің сеніміме кіріп, алдауға тырысатын. Оларды бала ғой деп сенім артып, талай аузым күйгені бар. «Сауда сақал сипағанша» десек те, мен кәсібімді адал істедім. Өзім алдансам да, басқаға қиянат жасағаным жоқ. Бүгінгі берекелі тірлігім соның арқасы деп ойлаймын. Алматыға отбасыммен қоныс аударған соң ел қатарлы пәтер жағалауыма тура келді. Әйелім де бастауыш мектептің мұғалімі болатын. Балаларымыз да жас болды. Талай қиындық көрсек те мойығамыз жоқ. Өйткені, қиындықсыз келген бақыт пен байлықтың қадірі болмайды. Қадірі болмаған соң, баяны да болмайды. Құдайға шүкір, бүгін заман оңалып, жағдайымыз түзелді. Кезінде көрген қиындықтар қазір бейне бір түс секілді сезіледі.

– Біз сізді тек кәсіпкер ретінде емес, демеуші ретінде де білеміз. Жақында ғана сіздің демеушілігіңізбен Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайназар ауылында үлкен мешіт ашылды. Сіздің осы мешітке демеушілік жасауыңызға не әсер етті? Яғни, басқа емес, неге мешіт салуға демеушілік жасадыңыз?

– Халықты ұйыстырып, берекесін сақтауда діннің орнын алмастыратын нәрсе жоқ. Мәселен, Рахат ауылы бірнеше ұлттан құралған ауыл болса да, діни сенімі жағынан біртұтас. Яғни, дені мұсылмандар. Ал осы көп құрамнан тұратын халықтың ынтымағын сақтау үшін сол дінді уағыздайтын орын керек қой. Ол орын, әрине, мешіт. Мұнда адамдар тек намаз оқу үшін емес, өздерінің рухани дүниесін байытып, ішкі әлемін қанағаттандыру үшін де келеді. Сол қарекеттің үдесінен шығу үшін ауылдың белді азаматтары жаңа әрі кең де сәулетті мешіт салуға көмектессеңіз деген тілек білдірді. Мен қарсы болған жоқпын. Тіптен отбасымда маған демеу болып, ниетіме қолдау білдірді. Ауылдың қамы үшін әрі өзім тұрған мекен болғандықтан бұл іске білек сыбана кірістім. Бұл бастамаға мен ғана емес, бүкіл ауыл болып атсалысты. «Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» демекші, жұмыс басталғаннан бастап, оны ұйымдастыру, жүргізу, іске асыру жағында ауыл ақсақалы Бақберген Әшімовтың еңбегі ерекше. Құдайдың үйін салғандықтан шығар, ең қызығы жұмыстың басталғанынан, аяқталғанына дейін ешқандай кедергі кездескен жоқ. Тіптен құжаттары да тез рәсімделді. Сәулетшіні арнайы Қырғызстаннан алдырдық. Мешіт біткенше өзім басы-қасында болдым. Осылайша 400 адамға арналған мешіт құрылысы бір жарым  жылдың көлемінде аяқталып, пайдаланылуға берілді.

– Жомарттық тек мешіт салумен ғана өлшенбейді. Көпір салу, жол жөндеу, жағдайы төмен жандарға қол ұшын созу секілді істер де сауабы мол, игілікті шаруа. Сондықтан айналаңыздағы халыққа мешіт салудан басқа қандай көмек көрсетіп келесіз? Егер бұдан кейін де басқа нәрселерге демеушілік жасауыңызды сұраса не істер едіңіз ?

– Діни аңыздарда айтылатын «Мұса мен Харунның» қисасы бар ғой. Қанша бай болса да, садақа беруге қимай, соңында жерге тірідей жұтылатын сараң бай Харун турасында. Құдай байлық берген екен, оның жауапкершілігі де бар. Яғни, өзгеден көмегіңді аямауға тырысу керек. Өйткені, «байлық қолдың кірі». Бүгін күлімдеп келеді, ертең сағым секілді қолға ұстатпай кетеді де қалады. Осылайша байлықты қуам деп өмірдің соңғы мәресіне келгеніңді байқамай қаласың. Ал өмірдің екі рет берілмейтіні тағы бар. Анадан үзіп, мынадан жұлып жинаған дүниеңді өзіңмен бірге әкете де алмайсың. Сенің бай екенің ертең-ақ ұмытылады. Тек елдің есінде жақсы атың мен істеген ісің ғана қалады. Ал жақсы атыңды қалдыруың үшін сол халықтың көңілінен шыға білуің керек.

 Қазақта «жаман бергенін айтады» деген мақал бар. Мен анаған көмектестім, мынаған көмектестім дей алмаймын. Енді сұраған соң айтайын, өзім педагог болған соң мектеп пен оқушыларға көп бүйрегім бұрып тұрады. Бала деген періште ғой. Әрі болашағымыз солардың қолында. Бүгінгі оларға бергеніміз болашаққа құйған инвестициямыз секілді. Сол себепті де жыл сайын жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларды киім-кешек, керек-жарқтармен қамтамасыз етіп тұрамын. Мектепке де талай демеушілік көрсетіп, жөндеу жұмыстарына көмектескенім бар. Десе де мен ананы істедім, мынаны істедім деп мақтанудан аулақпын. Егер халық жағынан көмектес деген игі тілек болса, мен неге бас тартам. Мен үшін маңыздысы ақша емес, жүректің тазалығы. Ал жүрек таза болу үшін жақсы істерді көп істеп, өзгеге көмектесуді бақыт санау керек.

– Бүгінде мемлекетіміз кәсіпкерлікпен айналысуды мейілінше құптап отыр. Әсіресе жастардың бұл салаға жаппай бет бұруын қолдайды. Ендеше ізіңізді басып келе жатқан жас ұрпаққа кәсіпкер ретінде айтар ақылыңыз бар ма?

– Америкалықтардың «ақылдысың ба, онда неге кедейсің?» деген жақсы бір мақалы бар. Енді америкалықтар ежелден капитализмнің жолымен жүріп, еңбек пен байлықтың қадірін жақсы түсінетін халық қой. Ал бізде ше?! Бізде де кезінде мыңды айдаған байлар мен анау Қытай, Орта Азия, Еуропа елдерін кезіп сауда жасаған көпестер болған. Олар тек байып қана қоймай, өз ауылы мен айналасын жұмыспен қамтып, өзгелердің де нәпақа табуына жағдай жасаған. Бірақ Кеңес Одағы орнағаннан кейін сол байлар мен кәсіпкерледің бар мал-мүлкін тәркілеп, өздерін тұқым-тұқиянымен қосып итжеккенге айдады. Онымен де қоймай, «бай деген адамның ең жаманы, залымы әрі халықтың қанын сорған масыл» деген догма қалыптастырды. Өз еңбегімен дүние құрап, кәсібін дөңгелеткен, сол арқылы баю жолына түскен адамдарды құбыжық етіп көрсетті. Бүгінде тәуелсіз ел атанып, нарықтық экономикаға қадам бассақ та, сол бұрынғы көзқарастан әлі толық арылмағанымыз байқалады. «Генарал болуды армандамаған сарбаз сарбаз емес» деген сөз бар ғой. Сол секілді кез келген адам бай болуға тырысу керек. Ал бай болу үшін еңбектену керек. Бірақ қанағатты да ұмытып кетпегенің жөн. Байыдым екен деп қолыңда барды өзгеге бұлдаудың зияны болмаса, ешқандай пайдасы да, жақсылығы да жоқ. Құдайға шүкір, бүгінде елімізде тыныштық пен татулық басты орында. Бұл дегеніңіз кәсіппен айналысу үшін таптырмас орай. Мемлекетіміз кәсіпкерлікпен айналысуға оң қабақ танытып, халықты байытудың бар жағдайын жасап жатыр. Тек сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, шаруаңды дөңгелетіп әкетсең болғаны.

– Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.



Ұқсас тақырыптар